*112914*

         Утебаева  А.Қ.

Филология ғылымдарының магистрі, оқытушы

             А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті,

                                               Қазақстан, Қостанай қ.

Ә.Кекілбаев шығармаларындағы фразеологизмдер

     Фразеологизмдер – тіліміздің бөлінбес бір бөлшегі болып саналады. Өзінің көнелену жағынан да, тұлға, мағына тұрақтылығы жағынан да, стиль  жағынан да оларға тән ерекшеліктер бар.

     Түркітануда фразеологизм зерттеуінің алғашқы кезеңінде әр ұлттың өз тіліндегі тұрақты сөз тіркестерінің негізін айқындау, саралау бағыты тұрды. Тілші ғалымдардың әр жылдары жарық көрген зерттеулері осының айғағы. Қазақ фразеологиясының көш бастауынан кейін-ақ (І.Кеңесбаев), ұйғыр тіліндегі тұрақты сөз тіркестері – Ч.Сайфуллин, әзірбайжан фразеологиясы – А.Байрамов, өзбек фразеологиясының мәселелері – Ш.Рахматуллаев, түркі тіліндегі идиомалар – А. Долганов, түркімен тіліндегі идиомалар – К.Бабаев, қырғыз тіліндегі идиомалар – Ж.Османова, қарашай-балқар тіліндегі фразеология – З. Ураксин, чуваш тіліндегі фразеологизмдер – М.Черновтардың т.б. зерттеуімен жарық көрді [1,8 б.].

     Бұл саладағы ғылыми еңбектердің тіл-тілдегі фразеологизмдердің тұлғалық, мағыналық жақтарының күрделігіне қарай, зертеу әдістерінің бағыт-бағдары әр алуан. Елуінші жылдардан кейін түркітануда фразеологизмнің тіл білімінде жеке пән ретінде қалыптасу жолында көптеген мәселелерді ғылыми тұрғыда шешуде үлкен ізденістер басталды. Бұл ретте баспа бетіне жарияланған жалпы фразеологизм туралы еңбектерге шолу жасасақ, түркітануда айтарлықтай нәтижелер бар екені байқалады.

          Фразеологизмдер ең алғаш сөйлеу тілінде не жазба тілде қолданылып, халыққа танылады. Қазақ тілінде фразеологизмдердің көбісі жазба тіл дамымай тұрып, сөйлеу тілінің негізінде қалыптасқан.

          Тіл қазынасына жататын қат-қабат тіркес, тізбектерді халық орынды пайдалана білген. Тұрақты тіркестерді мақал-мәтелдермен барабар жоғары бағалап, оларды қастерлеп ұрпақтан-ұрпаққа мұра қылып қалдырған. Сол сан-салалы тізбек, қалыптасқан сөз топтарын жинау, бір ізге түсірудің мәні өзінен өзі түсінікті.

     Қазақ тіліндегі тиянақты тіркестер( фразеологизмдер) – тіл ішінде өз заңдылықтарына сәйкес өмір сүретін айрықша категория. Олардың әр алуан ірілі-ұсақты ерекшеліктері мен айырым белгілерін саралай зерттейтін дербес пән – фразеология [2,591].

     Фразеология деген термин негізінен екі түрлі мағынада қолданылады. Бірінші мағынасы тілдегі тұрақты тіркестерді зерттейтін тіл білімінің саласы деген ұғымда қолданылады. Екіншіден – бір тілдегі фразеологизмдердің тұтас жиынтығы дегенді білдіреді.

     Тіліміздегі әр алуан фразеологизмдер бір текті, бірыңғай қолданыла бермейді. Мәселен, сөйлеу тіліндегі тұрақты сөз тіркестері күнделікті тұрмыста ауызекі сөйлеуде қолданылып, эмоционалды-экспрессивті жағы басым келеді. Ал кітаби, яғни жазба тілдегі тұрақты сөз тіркестерінде поэтикалық сипаты басым [3,94 б.].

     Өмірде күллі тіршілік атаулының бар саласын қамтитын әр ұлттың тілінде өзіне тән, бейнелі сөз орамдары, тұрақты сөз тіркестері – фразеологизмдер көптеп кездеседі.

          Зерттеушілер В.В.Виноградовтың жүйелі топтауын басшылыққа ала отырып, қазақ тіліндегі фразеологизмдерді мынадай үш топқа бөліп қарастырады. Олар: фразеологиялық тұтастық, фразеологиялық бірлік, фразеологиялық тізбек.

          Фразеологизмдерге тән үш ортақ белгі болғанымен, бұлар бір-бірінен әрдайым анық ажыратыла бермейді. Кейбір белгілері, әсіресе, мағына тұтастығы бірінде анық, айқын көрінсе, екіншісінде көмескі, үшіншісінде мүлде солғындау байқалады. Сондықтан да фразеологизмдерді түр-түрге бөліп топтастыру тіл білімінің ең күрделі  мәселелерінің бірі болып саналады.

     Фразеологизмнің бірінші түрі – фразеологиялық тұтастық. Бұған құрамыңдағы сөздер бір-бірінен ажырамастай болып жымдасқан, өздерінің лексикалық мағыналарын толығымен жоғалтқан, семантикалық жағынан біртұтас фразеологизмдер жатады. Мұндай фразеологизмдердің мағынасы уәжділігінен айырылған, мағыналарының неге солай болып қалыптасқанын дәлелдеу мүмкін емес. Әбіш Кекілбаев шығармасынан  мысал  келтірейік:

Аттары әбден титықтап болдырды; жұрт көздеріне құм құйылып, желге қарай жүре алмай, ит зықылары шықты[4,6 б.].

Бұл сөйлемде берілген «ит зықылары шықты.» фразеологизмі берекесі кетті, сорлады деген мағынада қолданылған. Бұл мағына осындай үш сөздің тұтас жиынтығынан келіп шығады. Түйдек ішіндегі сөздерді бірінен бірін ажыратып қарауға болмайды. Бұл мағынаның жасалуына ит, зықы, шықты сөздерінің тікелей қатысы жоқ, бұл сөздерді бірінен соң бірін тіркеп, жұбын жазбай қолдану арқылы пайда болған.

Кей кезде тұрақты тіркестердің беретін мағынасы өзінен кейін келіп, жазушы ойын нақтылап тұрады, «қолтығына су бүрікті» - желіктірді, қайрады жел берді болып айтылатын халықтық қолданыстағы тұрақты тіркестердің мағынасы да өзінен кейін келіп (желіктіріп), құрамындағы сөздер лексикасына жанаспайтын, жаңа мән беріп тұр.

     Мысалы: «Алдыңа келгенде амандық-саулық сұраспай , әуелі тап осылай бір тінтіп шықсаң, небір жүрегінде жүні бар деп жүрген ерлердің өзі арбалған торғайдай абдырап сала береді.»[4,16 б.]

     Мұнда «жүрегінің түгі бар» деген халықтық тұрақты тіркестің бір компоненті «түгі» синоним сөзімен алмастырылып сәл өзгертіліп қолданылған. «Ер, батыр, батыл кісі, еш нәрседен таймайтын, қаймықпай бетіне айтатын адам» деген мағына, тұрақты тіркестер  құрамындағы сөздерге байланысты шығып тұрған жоқ.

«Одан бері айтқаны болып, атқаны тиіп, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ сайран салып келе жатқанымен, ... » [4,17 б.]

«Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ» - уайымсыз, мәз-мейрам, көл-көсір – мұнда  құрастырушы компоненттердің мағынасы үйлеспейді.

     Сөйтіп, фразеологиялық тұтacтықтapды ажырататын белгі: олар семантикалық жағынан ажыратылмай бір бүтін единица болып тұтасып келеді, фразеологизмдердің біртұтас мағынасы құрамындағы жеке сөздердің лексикалық мағыналарынан мүлде бөлек, олардың қалай қалыптасқанын, қандай уәж себеп болғанын айту қиын. Фразеологизмдердің бұл түрі тіл білімінде идиомалар деп аталады, бұлар І.Кеңесбаевтың топтастыруында фразеологиялық түйдек деп берілген.

     Фразеологизмнің екінші түрі – фразеологиялық бірлік. Бұған фразеологизмді құрастырушы сыңарларының біртұтас ауыс мағынаға ұласуынан туған, бірақ ішкі формасының айқындылығын сақтаған фразеологизмдер жатады. Бұлар фразеологиялық тұтacтықтap сияқты семантикалық жағынан ажырамайтын, құрамы тұрақты, идиомалар сияқты біртұтас тіл бірліктері болып табылады.

     Басқаша айтқанда, фразеологиялық бірліктердің негізінде еркін сөз тіркестері жатыр, еркін сөз тіркестерінің ауыс мағынада айтылyынан туған бейнелі мағыналардан фразеологиялық бірліктер жасалған.

     Фразеологиялық бірліктердің қалыптасуындағы осы ерекшелік біртұтас мағына сыңарларының мағыналарына жуыспайтын фразеологиялық тұтacтықтapдaн негізгі айырмасын көрсетеді.

     Мысалы; Патшайым әлгі айтылып отырған өлкелердің әйтеуір шығыста, әйтеуір ит арқасы қиянда екенін біледі [5,12 б.].

     Алдын ала байбаламды су қаны сүймейтін; не істесе де, құлды бір құдайдың  өзі жіберген зұлматтай тосыннан, тұтқиылдан тап болып, ес жиғызбай, есеңгіретіп тастағанды қалайды[5,21 б.]

  Қазір құмардан шыққанша қарап қалмаса, көзінен бұлбұл ұшатындай [6,10 б.]

     Бұл екі сөйлемнің біріншісінде «ит  арқасы қиянда»  деген фраза өте алыс деген мағынаны берсе, екінші сөйлемдегі «көзінен бұлбұл ұшатындай»тіркесі ғайып болды болды деген мағынада жұмсалған, үшінші сөйлемдегі «суқаны сүймейтін» тұрақты тіркесі  ұнатпау, жақтырмау деген мағынаны үстейді.

     Үшінші түрі-бұл – фразеологиялық  тізбек. Бұл да фразеологиялық бірлік сияқты еркін тіркесті ауыспалы мағынада қолданудан келіп шығады. Тұрақты тіркес сыңарларының бастапқы лексикалық мағынасы бүтіндей жойылмағанымен, жойылуға жақындап, күңгірт тарта бастаған. Фразеологиялық бірлікке құрамындағы ерікті мағынасындағы сөз бен байлаулы мағынасындағы сөздің тіркесуінен жасалып, даяр қалпында қолданылатын фразеологизмдер жатады.

     Мысалы, «қолаң шаш» фразеологизмінің құрамынадағы шаш сөзі ерікті мағыналы сөз, себебі ол басқа да бірқатар сөзбен тіркесе береді: сүмбіл шаш, сұлу шаш, бурыл шаш, қара шаш, бұйра шаш әдемі шаш т.б. ал, «қолаң» сөзі кез келген сөзбен тіркесе бермейтін, осы мағынасында тек шаш сөзімен тіркесетін мағынасы байлаулы сөз.

   Фразеологизмді түр-түрге бөлу қазақ фразеологиясының басты мәселесі болғанына тоқтала отырып, оны  Ә.Кекілбаев шығармаларындағы мысалдармен дәлелдеуге тырыстық.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Смағұлова Г. Фразеологизмдердің варианттылығы. Алматы,1996, 128 б.

2. Кеңесбаев.І.  Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. 1977 ж. 712 б.

3. Болғанбайұлы,Ә., Қалиұлы Ғ. Қазіргі  қазақ  тілінің   лексикологиясы  мен фразеологиясы Аламты,1997, 256 б.

4. Кекілбаев Ә. Елең-алаң. – Алматы, «Санат», 1996. – 128 бет.

5. Кекілбаев Ә. Шыңырау. Алматы, 1982, 456 бет.