*112303*
Миркемелова
Айнұр Білісбайқызы
А.Байтұрсынов
атындағы Қостанай мемлекеттік университеті
Практикалық
лингвистика кафедрасының
аға
оқытушысы, филология магистрі
ПОЭЗИЯДАҒЫ
ТеңеуЛЕРДІҢ ҚОЛДАНЫСЫ
«Шығарманың
көркемдігін белгілейтін шарттар дәлдік, ықшамдылық,
қарапайымдылық, сөз сұлулығы, олар арқылы
берілетін мазмұн байлығы, мағына тереңдігі болса,
жазушы, ақын өрісін танытар меже – тіл байлығы, сөз төркінін,
оның күллі қырын терең де нәзік түсіне
білуі, оны өз творчествосында орын тауып қолдана білуі», - деп Т.
Әбдірахманова тұжырым жасаған [1, 234]. Дәл осындай
пікірді Л. А. Новиков та айтқан болатын [2, с.60)]
Ақын өз ойын барынша
көрнекті, мейлінше мәнерлі түрде беру жағын
көздейді, сол үшін де ол шығармаларында
көркемдіктің тамырына терең байлап, оның неше
түрлі амал-тәсілін меңгеруі қажет.
Ағартушы педагог, профессор А.
Байтұрсынов былай деген: «Ақын жазушы сөз өнерін
терең меңгеруі қажет. Ол адам санасының үш
негізінде жасалады. 1) Ақылға;
2) Қиялға; 3) Көңілге. Тіл көрнекті болу үшін
дерексіз нәрсе деректі нәрседей, жансыз нәрсе жанды
нәрседей суреттеліп, адамның сана-саңылауына келіп
түсерлік дәрежеге жетуі керек. Қалыпты түріндегі
сөз ондай дәрежеге жетуі үшін түрлі әдістер
істеледі.
1)
Көріктеу; 2) Меңзеу; 3) Әсерлеу» [3, 214 б]
Поэтикалық тілді зерттеуші
лингвист Л. А. Новиков: «Троп арқылы біз сөздерді ауыспалы
мағынада түсінеміз, ол біздің ой, сезім сарайымызды
кеңейтеді, жаңа мазмұнмен, өрнегімен біздің
поэтикалық ойымызды байытады. Ал фигура – керісінше, ол тілдік форма, еш
жаңалық енгізбегенімен, біздің әсерімізді ерекше
айқындап, айшықтап, күшейтіп отырады», – дей келіп, теңеуді троптардың алғашқы
түріне жатқызады [2, с. 75].
Ғалым М. Серғалиев
«Теңеудің стилистиалық қызметі әр алуан. Бір
ыңғайда, негізінен аз сөзге көп мағына
сыйғызуды мақсат етсе, тағы бір жағдайда автордың
астарлап сөйлеуіне мүмкіндік береді. Сол астарлап
сөйлеудің өзі жинақылықтың арқасында
болып отырады», - десе [4,42], С. Негимов «Көркем теңеулер –
көркемдік қиялдың жемісі. Қоршаған ортаны,
табиғатты, тұрмыс – тіршілікті, шаруашылықты жетік білуде
поэзия тілінің құлпыра түсуіне, оюлы, өрнекті
сөздің, сырлы суретінің молая беруіне жойқын әсер
етеді», - деп түйіндеген [5,30].
«Сонымен, теңеу дегеніміз –
ұқсас, ортақ белгілердің негізінде бір затты екінші
затқа салыстыру арқылы сипатталушы нәрсенің бейнелілік,
көркемдік, эмоционалды-экспрессивтік сапасын күшейтетін, сол
нәрсені жаңы қырынан, поэтикалық қырынан
танытатын әрі стильдік тәсіл, әрі таным құралы»,
- деп ғылыми анықтама бере отырып, теңеу мен
метафораның арасындағы үш үлкен айырмашылықты
ашып көрсеткен: 1) формалық, 2) структуралық, 3)
семантикалық [6,7].
Орыс ғалымы А. Т. Рубайло
«Художественные средства языка» еңбегінде теңеуді жан-жақты
зерттеп: «Түр-түсі, қасиеті, мән-мағынасы
жағынан бір-біріне ұқсас құбылыстарды
біріне-бірін тікелей салыстыруды теңеу дейді» дей келіп [7,56], 1) жай
теңеу, 2) шырайлы теңеу,
3) ұлғайған теңеу, 4) шендестірілген теңеу деп бөледі. Ал теңеу терминін қазақ
филологиясында алғаш қолданып, ғылыми анықтама берген
қазақ тіл білімінің, әдебиеттану
ғылымының негізін салушы
ғалым А.Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» еңбегінде:
«Теңеу екі түрлі; 1) әншейін теңеу, 2) әдейі
теңеу» деп бөлген [8, 357].
Ғалымдардың барлығы
да теңеудің семантикалық мәні, поэтикалық ерекшелігі
бір затты немесе құбылысты екінші бір затқа немесе
құбылысқа салыстыру екенін атап көрсетеді.
Өзінің «Өлең
сөздің теориясы» еңбегінде академик З. Ахметов бейнелі
сөздер туралы айта келіп, теңеуге тоқталады да:
«Поэзиялық шығармадағы теңеуді алсақ, мұнда
мәселе салыстырылып отырған нәрселердің белгісіз немесе
белгілілігінде емес, сол айтылған өзгешелік бұлардың
бірінен екіншісінде айқынырақ, көрнектілеу екендігінде,
салыстырудың өзінен көп мағына туатындығында»
дейді [9, 189]. Ғалым поэзиялық шығармада теңеуді
қолданудағы негізгі мақсат тұрғысынан келіп
анықтама береді.
Теңеуді шығу тегінен
бастап, стильдік қызметіне дейін зерттеп, тіл біліміне мол үлес
қосқан Қ. Жұмалиев, Т. Қоңыров, З. Ахметов,
З. Қабдолов,
М. Серғалиев, орыс ғалымдары А. Т. Рубайло, А. Н.
Веселовский, А. А. Потебня, Б. В.
Томашевский т.б. еңбектерінің ғылыми маңыздылығы
ерекше.
Теңеу өзінің
семантикалық-құрылымдық ерекшеліктері арқылы
троптың басқа түрлерінен ажыратылады. Мағыналық
тұрғыдан қарағанда, теңеу әрқашан
тура мағынада жұмсалады да, метафора, синекдоха, метонимия ауыспалы
мағынада келеді.
Семантикалық тұрғыдан
қарағанда троптың басқа түрлерінен метафора
теңеуге бір табан болса да, жақын. Дәлірек айтсақ,
теңеуге де, матафораға да екі заттың бойындағы
ұқсас, ортақ құбылыстар негіз болады.
Айырмашылығы сол: теңеулік құрылымда
теңеудің негізі болатын ұқсас белгі жеке аталады да,
соның нәтижесінде теңеудің образы болып
тұрған сөз тура мағынасында қалады,
метафоралық құрылымда ұқсастық белгі жеке
аталмай, метафора болып тұрған сөздің мағына
құрылымына еніп, оның ауыспалы мағынада жасалуына
себепші болады.
А. Шаяхмет, С. Оспанов, Н.
Мұқатов шығармаларында көркемдеудің ең бір
көп тараған түрі – теңеуді көріктеу
құралы ретінде молынан қолданған. Оның өзі кездейсоқ
емес, себебі теңеу – ауыз әдебиетінде де, жазба әдебиетінде
де жиі кездесетін әдіс болып саналатыны белгілі. Ақындар бұл
тәсілді өмір шындығына сәйкес келетіндей етіп
қолданудың үлгісін көрсетті. Өмірдегі не
нәрсе болмасын, мейлі ол адам болсын, мейлі ол құбылыс не зат
болсын тек салыстыру, теңеу арқылы айқындалады,
анықталады, ол үшін суреткердің поэтикалық шеберлігі,
тапқырлығы, ой ұшқырлығы, дәлдігі ауадай
қажет. Ақын поэзиясында осы тәсілдердің бәрін ұлғайған
түрін де қиыннан қиыстырып қолданған. Осындай
қорытындыға келу себебімізді көрсету үшін бірнеше
өлең шумақтарынан мысалдар келтіреміз.
Таза жаным шыңғырады құлындай,
Құшағында
айла менен амалдың.
[10, 18].
Ол күндері ұшқан құстай
еркінбіз,
Бір топ бала жиылып ап кей
күн біз...
[11, 36].
Көктеген
жапырақ балбөбектердей,
Күн анасының қасында өскен.
[12, 6].
Алғашқы өлеңде
ақын өзінің жанын шыңғырған
құлынға, екінші өлеңде бақытты
балалық шағын еркін ұшқан құсқа,
үшінші өлеңде жапырақты балбөбекке, яғни сәбиге
теңеген.
«Сезім мүшелерімен қарым-қатынасына
қарай қазақ теңеулері бірнеше семантикалық
топтарға бөлінеді. Бұл топтар теңеулердің
нақты мағынасынан, олардың сыртқы дүниемен
қарым-қатынасынан келіп туады. Міне осы тұрғыдан келіп,
біз қазақ теңеулерін төмендегідей топтарға жіктеп
қарастырдық: 1) Көру теңеулері, 2) Есту
теңеулері, 3) Дәм сезімі
теңеулері, 4) Тері сезімі теңеулері, 5) Иіс сезімі теңеулері,
6) Сезім-күй теңеулері. Теңеулерді бұлайша топтау
жаңалық емес. Бұл әдіс совет филологтары мен шетел
ғалымдары еңбектерінде едәуір мөлшерде көрініс
тапқан» [6, 41]. А. Шаяхмет, С.
Оспанов, Н. Мұқатов шығармаларында Т.
Қоңыровтың осы
түрлері де кездеседі. Мысалы:
Көру теңеулері:
Жар шетіне жармасады
шыға алмай,
Түсіп кеткен ақ тышқандай
табаққа.
[10, 7].
Қарт ана шықты
алдымнан
Кешегі күннің көзіндей.
[11, 13].
Есту теңеулері:
«А, Наурызбай!
Дауысың қоңыр қаздай,
Жолыға алмай
жүр едік ала жаздай...»
[11, 65].
Дәм сезімі
теңеулері:
Балдай тәтті байқасаң бала-балғын,
Қимастай
қызығына қарап қалғын.
[12,
83].
Тері сезімі теңеулері:
Кісілер бар жаны – жаз,
жарқылдаған,
Кісілер бар құдық суындай салқындаған.
[12, 8].
Қорыта келгенде, А. Шаяхмет, С.
Оспанов, Н. Мұқатов өз шығармаларында қазақ
тіліндегі теңеу жасаудың барлық тәсілін дерлік пайдалана отырып, өрнекті,
көрнекті теңеулер қатарын шебер, білімді, тапқыр,
суреткерлікпен қолданған.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1. Әбдірахманова Т. Қасым
Аманжолов поэтикасы. – Алматы: Қазақ ССР-нің «Ғылым»
баспасы, 1976.-298 б.
2. Новиков Л. А. Исскуство слова. Москва:
Педагогика, 1991. -141 с.
3. Байтұрсынов А. Ақ жол. –
Алматы, 1991. – 464 б.
4. Серғалиев М. Көркем
әдебиет тілі. – Алматы: Мектеп, 1965. – 212 б.
5. Негимов С. Ақын-жыраулар
поэзиясының бейнелілігі. – Алматы: Ғылым, 1991. – 199 б.
6. Қоңыров Т. Қазақ
теңеулері. Алматы: Мектеп, 1981. – 331 б.
7.
Рубайло А.Т. Художественные средства языка. Москва: учпедгиз, 1961. –
376 с.
8. Байтұрсынов А. Әдебиет
танытқыш. – Алматы, 2003. – 208 б.
9. Ахметов З. Өлең сөздің
теориясы. Алматы: 1973. – 212 б.
10. Оспанов С. Қараторғай. –
Алматы: Жазушы, 2004 – 232 б.
11. Шаяхмет А. Жер – Бесік. –Астана: Фолиант,
2004 – 240 б.
12. Мұқатов Н. Жанымның
жасыл жапырақтары. – Алматы: Жазушы,
2004 – 200 б.