ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРМИНДЕРДІ МЕҢГЕРТУ АРҚЫЛЫ ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕТУ

                                  

                                     Серғазина Қарашаш Жәкенқызы

                                 С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ                    

                                                   қазақ тілі кафедрасының аға оқытушысы

 

 

          Бүгінгі таңда тіл үйретудің ең жоғарғы нәтижесі – студентті кәсіби маман ретінде тілдесімге шыға алатындай мақсатқа бағытталған. Осы арқылы жоғары білікті, кәсіби құзыретті маман дайындау көзделіп отыр. Өйткені қазақ тілін кәсіби салада оқыту мәселесін де қоғам өміріндегі қажеттіліктердің өзі туындатып отыр. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесі нығая түскен сайын, түрлі салалардағы кәсіби қазақ тілінің маңызы арта түсері сөзсіз. Себебі жақсы маман болумен қатар, тілдік білімі жоғары, мемлекеттік тілде кәсіби сөйлей алатын маманның компания, мекеме, мемлекеттік қызмет және қоғам үшін де алар орны, көтерер абыройы бөлек.

       Қазақ тілін өзге тілді дәрісханада мамандық тілінде оқьпу — үлкен өзекті мәселе. Себебі, әр мамандық бойынша тілдік құрылымдар, қолданылатын сөздер, тілдік оралымдар (сөйлемдер мен сөйлемшелер) көп жағдайда қиындық туғызып жатады.

       Экономикалық терминдерді оқытудың басты мақсаты — болашақ мамандарды өздері қолданатын лексиканың мағынасын түсініп, қызмет барысында қолданылу аясын кеңейту. Мамандардың ғылыми біліктілігін, осы бағытта жазу, сөйлеу, оқу дағдыларын қалыптастыру. Экономикалық терминдерді үйрену, оны сөздік қорда белсенділендіру  оған байланысты тапсырмалар мен жаттығу жұмыстарын орындату арқылы жүзеге асады. Мәтіндегі экономикалық терминдерге түсінік берудің өзіндік пайдасы бар. Мысалы, экономика саласы тақырыптары бойынша берілген мәтіндерде кездесетін «экономика, нарық, сауда, салық, сатып алу, сұраныс, ұсыныс, несие, ақша, баға, табыс, пайда, кіріс, менеджмент, маркетинг» сияқты тағы басқа экономикалық терминдердің мағынасьн түсіндіру керек. Осы сөздерді студенттердің қалай түсінетінін бақылап, оларды қалай қолданатыңдығын байқау керек. Терминдердің ерекшелігі - олардың синонимдерінің болмауы. Мысалы: "кіріс" сөзінің мағыналық ерекшеліктерін: а) кез келген қызметтің нәтижесінде алынатын ақшалай табыс; ә) өткізілген өнім мен көрсетілген қызметтің құны мен жұмсалған шығынның арасындағы айырмашылық; б) иеленушілерге төленетін үлес пайда немесе пайыздар деп түсіндіріп берудің пайдасы зор.

Экономикалық терминдердің мағынасын ашу үшін ол сөздің  мағыналық жағынан тіркесе алатын сөздермен байланысу жолдарын қарастыра отырып, мысалдар арқылы дәлелдеп беру керек. Сонымен қатар, қарама-қарсы мағынада немесе мағыналас сөздердің де бар екенін естен шығармауымыз керек. Мамандыққа негіздеп оқытуда көбіне  мәтін қолданамыз. Өйткені мәтінмен жұмыс істеудің де өзіндік пайдасы бар. Мәтінді оқыта отырып, мәтінде кездесетін терминдермен жан-жақты жұмыс істеудің маңызы зор. Терминдердің мағынасын дұрыс түсінбесе мәтіннің мағынасын түсінуге қиындық туғызады. Сондықтан экономикалық терминдердің жасалуы мен түпкі мағынасын түсіндірудің маңызы ерекше.

Мамандыққа байланысты терминдерді үйгертуде сөйлесу үлгісі арқылы меңгерту әдісін қолданамыз. Сөйлесу үлгілері болашақ маманның ұжымда, өзі істейтін ортада қарым-қатынас жүргізу мақсатын көздейді. Мысалы, экономистердің бір бөлігі банкирлер, банкте жұмыс істейтіңдер немесе банкке несие алу үшін келгендер, салым салуға келгеңдер. Олар бір-бірімен банк тілі арқылы түсінісе алады. Сөйлесу үлгілерінің бір тармағы — банк кызметіне байланысты сөздер мен сөз тіркестері. Сөйлесу үлгілерінің бір түрі - іскер адамдар. Олар іскерлік кездесу жүргізеді. Келісімшарт туралы әңгімелеседі. Кәсіпорынның негізгі жұмыстары, құжаттары, келісімге келу, шарт жасасу, мәмілеге келу туралы сөйлеседі.

Жағдаяттық тапсырмалар беру арқылы да терминдік сөздердің қолданылу аясын кеңейтуге болады. Мысалы, Сіз журналист ретінде банкке қатысты кімнен сұхбат  алғыңыз келеді? Қазақша қалай сұхбаттасар едіңіз?

Осы кезде студент экономикалық терминдерді қолдана отырып, сұбхат құрастырады. Қазақстанда қандай банктер жұмыс істейді? Банктің филиалдары бар ма? Банктің клиенттері кімдер? Банктер қандай қызмет атқарады? Банк кепілдеме бере ме? деген сауалдарға жауап алады.

     Жалпы, қазақ тілін экономика мамандығына бағыттай окытудың өзіндік ерекшелігі өте көп. Бұл - бір қыры ғана. Осы ерекшеліктер мен мүмкіндіктерді дұрыс әрі тиімді пайдалана білсек, тигізер көмегі көп деп ойлаймын.

Терминдерді түсіндіргенде тек ереже айту жеткіліксіз. Мысалы нарық экономикасы деген терминді түсіндіргенде экономикалық сөздікте берілген «нарық экономикасы – кәсіпкерлік қызметке, шаруашылық есепке тауарлар  мен қызметтерді баламалы  айырбастауға сұраным мен ұсынымның реттелген ара салмағына негізделген экономика» дейтін ережеге сүйеніп түсіндірсек, студенттің бірден түсінуі қиын . Сондықтан оны түсіндіру үшін қазақ халқында «Үйдегі бағаны базардағы нарық бұзады», «Арзан мен қымбаттың базар берер нарқы бар, жақсы менен жаманның адам берер парқы бар», «Малдың нарқын иесі емес, базар айтар», «Құдығына қарай –қауғасы, базарына қарай – саудасы» т.б. секілді  мақал-мәтелдерді қолдану арқылы нарық сөзінің  мағынасын түсінуіне көмектесеміз. Сонда нарық дегеніміз – базардың бағасы, жеке тұлғаның  мүддесін көздейтін баға, тауардың түрлі амалдар арқылы құбылатын бағасы, яғни мемлекет тарапынан белгіленбеген еркін баға. Жеке меншік кәсіпкерлік жолмен дамыса, нарық экономикасына белсенді ықпал етіп, елдің әлеуметтік жағдайының жақсаруына мүмкіндік туғызады. Өндірілген өнім көп болып, оны өндіруші өзі саудаға салса, әрине, базардың нарқы төмендейді. Базарына қарай саудасы жүреді. Қазақ мақалындағы экономикалық ұғымдар кез келген экономикалық терминдердің мағыналық баламасын /синонимдіктен де жақын/ дәл бере алатындығын түсіндіреміз. Мысалы: нарық экономикасы өзімен бірге делдал терминін ілестіре келді. Яғни екі тұлғаның арасында тауар саудасына қатысты қызмет жасап, өзіне тиісті пайда табушы. Әлемдік деңгейде маклер, брокер секілді «сыпайы» атаулары бар. Сауда  саласында біреудің өнімін /еңбек етпей-ақ/ екінші біреуге ешбір қиындықсыз өткізу арқылы пайда табушы-делдалды ел жағымды қызметкер ретінде қабылдамаған. Сондықтан болар «Делдалды базарда көр,  молданы мазарда көр» дейді. Сол сияқты қарыз, кепіл, гарант, құн, сапа, есептеу, үнемдеу, сауда, саудагер, демеуші, табыс, шығын сөздерін  түсіндергенде төмендегі мақал-мәтелдерді қолданудың тигізер септігі мол. Мысалға «Қарыз күліп келеді, жылап шығады. Біреуге кепіл тұрғанша, уысыңмен шоқ ұста. Қолдағының құны жоқ. Арзанның сорпасы татымас.  Ақша кетуге тырысады, есеп ұстауға тырысады. Үзіп жеген үнем болмайды. Береке – бір тиыннан. Бай бауырын танымас, сауда досқа қарамас. Саудагер алдымен досын алдайды, өзгелерін сосын алдайды. Өле жегенше бөле же. Шығын шықпай, кіріс кірмейді. Алмақтың да салмағы бар. Жақсы көреді екен деп бара берме, береді екен деп ала берме» деген мақалдарды қолдансақ ой түйіндеуде ұтарымыз көп. Ал мақал-мәтелдердің мағынасына терең үңілсек, халықты экономикалық күйзелістен сақтандырудың алғы шарттарын ұсынуды  мақсат тұтқанын байқаймыз. 

Студенттерге экономикалық терминдерді түсіндіру кезінде біздер ең алдымен ана тіліміздің өз мүмкіндігін, төл байлығын, оның ішінде жалпы халықтық сөздерді, кәсіби сөздерді,  мақал-мәтелдерді  сарқа пайдаланғанымыз жөн.  

    Сонымен қорыта келгенде студеттердің мамандықтарына байланысты ой-пікірлерін сенімді және нақты жеткізу дағдыларын қалыптастыру үшін қолданып жүрген  сабақ үлгілерінің бірін ұнысынуды  жөн көріп отырмын. Сабақтың тақырыбы: Банк қызметі .Сөйлемнің бірыңғай мүшелері

I.       Ой қозғау.

1. Қаржы жинайтын, ссуда беретін, ақша есебін жүргізетін мекеме қалай аталады?

2. Қазақстанда қандай банктер жұмыс істейді?

3. Банктің филиалдары бар ма?

4. Банктің клиенттері кімдер?

5. Банктер қандай қызмет атқарады?

    II.  Сөздікпен жұмыс,

2-тапсырма. Төмендегі сөздердің орысша аудармасын айтқызу.

Заңды тұлға, жеке тұлға, жеке адам, өнеркәсіп, мекеме, ұйым, банк жүйесі, банктік қызмет, ақша саясаты, салымдар, кепілдеме беру, несие беру.

    III. Лексикалық тапқырыпты грамматикамен байланыстыру.

3-тапсырма. Берілген сөйлемдерді қажетті сөздермен толықтырып, бірыңғай мүшелерін тауып, астын сызыңыз.

Банктер ..., ..., ... саясатты жүзеге асырады. Банк клиенттеріне ..., ..., ..., ... жатады. Банк қаржы ..., ссуда ..., ақша есебін ... .

4-тапсырма. Жұмыс кестесін толықтырыңыз.

 

Банктер қандай қызмет жасайды?

 

 

 

 

 

 

 

 

       IV.  Мәтінмен жұмыс.

5-тапсырма. Мәтінді мұқият тыңдаудар.

Банк қызметі

      Банк – қаржы жиналатын, ссуда беретін, ақша есебін жүргізетін мекеме. Банк бос капиталды өзіне жинап, оны мұқтаж болып отырған кәсіпорындар мен адамдарға қарызға береді.

      Қазақстанда банктік жүйе екі деңгейлі. Біріншісі – мемлекеттік, екіншісі – коммерциялық.

      Коммерциялық банктер әр түрлі банктік операциялар арқылы кредит – есептік қызмет атқарады. Сонымен қатар коммерциялық банктер өнеркәсіппен ұйымдарға есеп-кассалық  қызмет көрсетеді, азаматтар мен заңды тұлғаларға несие береді, ұйымдар мен жеке   адамдардан салымдар қабылдайды, банктік қызмет мәселелері бойынша  салымдар қабылдайды.  Коммерциялық банктер негізінен халыққа қызмет етеді.

      Коммерциялық банктер жеке де, акционерлік те болады. Ұлттық банк коммерциялық банктегі ақша айналымын үнемі тексеріп отырады. Банктер ақша, кредит, валюталық саясатты жүзеге асырады. Валюталық саясат – ол теңгенің күшті болуын қарайды. Шетелден әкелінген ақшаның заңсыз айналмауын бақылайды.

Түйіндеп айтатын болсақ, банк – қарыз беруші мен қарыз алушының арасында делдалдық жасайтын, сөйтіп ақша капиталымен сауда жүргізетін мекеме.

Мәтінді қаншалықты түсінгенін бақылау үшін тест сұрақтарын қоюға болады. 

       V. Мәтін бойынша тест сұрақтарына жауап  беру.

1. Банк дегеніміз не?

а) қаржы жинайтын мекеме в) ссуда беретін мекеме

с) ақша есебін жүргізетін мекеме д) мұқтаж адамдарға қарызға беретін мекеме    е) аталғандардың барлығы

2. Қазақстанда банктік жүйе неше деңгейлі?

а) 2      в) 3     с) 4     д) 5     е) 6

3. Банк қандай қызмет атқарады?

а) есеп-кассалық қызмет көрсетеді  в)несие береді с)салымдар қабылдайды  д) ақша, кредит, валюталық саясатты жүзеге асырады

е) аталғандардың барлығы

4. Коммерциялық банктер негізінен кімге қызмет етеді?

а) мемлекетке   в) қоғамға  с) бірлестікке  д) халыққа   е) ұйымға

5. Қарыз беруші мен қарыз алушының арасында делдалдық жасайтын не?

а) мекеме   в) банк   с) сауда үйі     д) мектеп   е) сот үйі

    VI. Жаттығу жұмысы.

 7-тапсырма. Сөйлемдерді көшіріп, сөйлемнің бірыңғай мүшелерін тауып, астын сызу.

Ұлттық банктер бірінші, екінші деңгейдегі банктерді тексереді, тіркейді, лицензия береді. Банк нашар жұмыс жасаса, лицензияны қайтарып алады, жабады. Темір банк, Туран Әлем банк, БТА банк, Альянс банктері – екінші деңгейдегі банктерге жатады. Банктер ақша, кредит, валюталық саясатты жүзеге асырады. Банк жеке адамдарға да, кәсіпкерлерге де кредит бере алады. 

  VII. Берілген мақалдардың мағынасын ашу.

1. Алаған қолым, береген.

2.  Оң қолыңмен алсаң, сол қолыңмен бер.

VIII.  Банк тақырыбына сұхбат құрастыру.

IX .. Сөз жұмбақты шешу.

1) «Ту» сөзінің синонимы.

2) «Патриотизм» сөзінің қазақша

 баламасы.

3) Мемлекеттің басты әні.

4) «Цивилизация» сөзінің қазақша

баламасы.

 

 

Б

 

 

 

 

 

 

 

 

А

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Н

 

 

 

 

 

 

 

К

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Терминологиялық сөздік: экономика және қаржы А., «Рауан» 2000, 28т.

2. Ақылдың көзі «Мақал-мәтелдер» А., Жазушы, 1990

3.Құрман Н.Ж. Қазақ тілін оқытудың әдіснамалық негіздері. Астана, 2008

4. Ақаев С.Т. Терминнің тілдік және танымдық сипаты. ДД. Алматы, 2002

 

Мақалада экономикалық терминдерді меңгерту арқылы  қазақ тілін үйрету мәселесі қарастырылады.

       В статье рассматриваются вопросы обучения студентов экономи -

ческой  терминологии  на уроках  казахского  языка в русскоязычной аудитории.

       The problems of professionl economic terminology teaching at Kazakh lessons ares examined in this article.