Бұлдыбай А. С.

Әл Фараби атындағы  Қазақ ұлттық университеті

Шәкәрім шығармашылығындағы фольклорлық  дәстүрлер.

           Екі ғасырдың тоғысында ғұмыр кешіп, қалам тербеген, ұлттық сөз өнерінің өркендеу жылнамасынан өзіндік өрнегі айқын, терең де өрелі ойға суарылған көркем мұралары арқылы лайықты орын алатын Шәкәрім  ақынның бүкіл поэтикалық әлемі қаншалықты бай болса, оның шалқар шабытына күш-қуат сіңіріп, қасиет дарытқан нәрлі бастаулар да соншалықты мол әрі жомарт еді. Ал осынау берекелі бастаулардың әрбір қайнар көзіне тереңірек үңіліп, әдеби-көркем ой керуенінің әр кезеңінен суыртпақтап сыр тартар болсақ, Шәкәрімнің ойшыл, суреткер, ақын ретінде қалыптасуына ең бірінші кезекте қазақтың ежелден келе жатқан аса бай фольклорлық мұрасы ықпал еткенін көреміз. Шәкәрім ақынның шығармашылығы мен халықтық фольклор дәстүрлерінің сабақтастығы туралы мәселе төңірегінде талқыға түсер тұжырымдардың тамыр-тармақтары сан салалы. Ол заңды. Өйткені фольклор халықтың өзімен бірге жасасып келе жатқан, адамдар жадында сақталып қалған ауызша мұра ғана емес, әрбір кезең әдебиетінің көркемдік-эстетикалық бастау көзі болатын рухани қазына. Сондықтан да «Өзінің ауыз әдебиетін негіз қылмай ешбір елдің жазба әдебиеті өркендемек емес. Біздің де жазба әдебиетіміз ауыз әдебиетін негіз қылуға міндетті. Алдымен сабақты шеттен емес, өзінен алуға міндетті. Жазба әдебиетіміз негізді, берік еліміздің әдебиеті боламын десе, өзіміздің ауыз әдебиетімізге қайтуға міндетті». [1,340-341]

       Шәкәрімнің фольклорға қатысы, фольклорлық дәстүрді үлгі тұту, одан үйрену тәжірибесі алуан қырлы. Ақын туған халқының осынау бай рухани қазынасына жастайынан аса қанық болды. Бұл табиғи құбылыс еді. Өйткені қазақ  халқы өмір бойы кең далада еркін өмір сүріп, өзінің мәдени жауһарларын ауызша тудырды. Ұлттық әдебиет көбіне-көп ауызша өмір сүріп келді. Бір ұрпақтан екінші ұрпаққа есте сақтау, мәнерлеп айту арқылы жалғасты. Оның бойында эпикалық поэзияның ықпалы күшті болды. Одан кейінгі әдебиет пен өнердің туындылары көбіне-көп фольклордағы эпикалық аңыздардан нәр алды. Сол арқылы әрбір дәуірдің күрделі шындығы бейнеленді. Шәкәрім де осы ықпалдың күшінен алшақ болған жоқ. Эпикалык мұралар, ауызша тарап келген аңыз-әпсаналар оның табиғатына жақын еді. Соның нәтижесінде ақын өзінің төл туындыларын сомдаған сәттерде фольклордағы көркемдеу жүйелері мен бейнелеу құралдарына, өлең өрнегіне, сюжеттік, композициялық элементтерге көбірек назар аударды. Солардан үйрену арқылы ол өз шығармаларында фольклорға тән ұғым-түсінікті, ұлттық, этнографиялық детальдарды, эстетикалық бейнелеу тәсілдерін, сөз мәйегін, аңыздық-мифтік сюжеттер мен желілерді шебер пайдаланады. Сондай-ақ, Шәкәрім таза фольклорлық жанрларға, оның ішінде шағын жанрларға қалам тартты, яғни жұмбақтар, мысалдар түрінде шығармалар тудырды. Өз туындыларына ақын халықтық фольклордың аса нәрлі бояуларын, тілдік қазыналарды, мақал-мәтелдерді, шешендік сөз мәйегін, афоризмдерді кеңінен қолданды.

     Қазақ өлеңінің осынау дәстүрлі түрлеріне жақындық таныту Шәкәрімнің поэзиясына ғана тән ерекшелік емес еді. Бұл Абайдан кейінгі жаңа дәстүрдегі әдебиет өкілдеріне, XX ғасыр басындағы әдебиетке тұтастай қатысы бар құбылыс болды. Түптеп келгенде, қазақтың өзімен бірге өмір сүретін, ежелден келе жатқан дәстүрлі қара өлең, қайым өлең үлгісі, төгілмелі жыр, толғау өрнегі Шәкәрімнің тұсында жаңаша қырынан көрінді. Әр ақын бұл дәстүрлі сөз өрімін өз дарын-қабілеттерінің дәрежесіне сәйкес байытты, жаңартты, түрлендірді. Бірақ қалай болғанда да, қаншалықты түрленсе де, олардың түп-төркінінде, дәстүрлік негізінде ежелгі фольклорлық жыр нұсқалары жатқаны аңғарылып тұрды.

            Өз заманындағы өзге де ақындар сияқты Шәкәрім  де аталған жыр формасының мүмкіндігін мейлінше мол пайдаланды. Жеті-сегіз буыннан құрылған  оның көп өлеңінде ақын негізінен замана толғаныстарын, көңілдің күйлерін, өмір философиясын  қозғайды.     Тақырыбы  жаңа болғанмен әр өлең шумағының өрнегінде, бейнелеу тәсілінде, тілдік кестесінде эпостық жыр үлгісінің, фольклорлық дәстүр нышандарының ізі сайрап жатыр. Ақын өлеңдерінің ырғақ, буын, бунақ, ұйқас түрлері де фольклорлық жырлардағыдай  әр алуан. Жай ғана ұйқас қуып, ырғақ әуеніне ілесіп кету емес, ақын жырларының сезімдік, көркемдік-эстетикалық нәрі, бояуы айрықша көңіл аудартады.

Өзінің алдында бай фольклорлық қазынасы бар шынайы көркем әдебиеттің қалыптасып дамуына фольклордың ықпал ету құбылысы жөнінде сөз қозғағанда оны екі тұрғыда қарастырамыз. Оның біріншісі-әдебиеттің кеиінгі даму үрдістерімен сәйкес келе бермейтін үлгі-қағидаларды жалаң қайталау.

Бірақ бұл саланың өрісі тар.  Ал екінші - шын мәніндегі нағыз халықтық дәстүрді шығармашылықпен   игеру, әрі оны пайдалану. Шәкәрімнің шығармашылығына негіз болған фольклорлық дәстүр, міне, осы екінші арнада. Дәстүр үлгілерін пайдалануда да ол жаңаша мінез танытты. Ал жаңалықтың өзі академик З. Қабдоловтың сөзімен айтсақ, «дәстүрді жалғастыра алса ғана жаңалық»  болмақ. [2. 270]

      Кейіпкер бейнесін сомдауда да, образ жасауда да Шәкәрім фольклорлық дәстүрлерге ат ізін салмай өтпейді. Рас, Шәкәрімнің кейіпкерлері батырлар жырларындағы тәрізді айрықша қабілеті бар, жұрттан асқан немесе ай десе ауызы, күн десе көзі бар хас сұлу емес, күнделікті қарапайым тіршіліктегі адам. Өз жанының сұлулығы, әр-көркі бар жан. Әйтсе де Шәкәрімнің кейіпкерлері мен фольклорлық қаһармандар арасында ұқсастықтар да байқалып қалады.Әсіресе ақынның бозбала шағында жазған өлеңдерінде сұлу қыздарды суреттеуде фольклорлық дәстүр нышандары байқалады.     

          Шәкәрімнің  шығармашылығы мен оның дәстүрлік, көркемдік негізі бола алатын  фольклорлық заңдылықтардың  арақатынасы жайына келгенде,  міне, осы екі мәселенің тығыз бірлігіне куә боламыз. Ақын фольклорлық дәстүрден үйрене отырып шыңдалады, шеберлігін ұштай түседі.  Көп жағдайда Шәкәрім фольклорлық ұғым-түсініктерді, деректік өлшемдерді сақтауға тырысады. Солардың бірі - фольклорлық кейіпкерлердің жас мөлшерлері, батырлығы, сұлулығы төңірегіндегі шартты заңдылықтың сақталуы.

        Фольклорлық мұраларға тән дәстүрлі баяндау түрлерінің ішінде алдағы оқиғаларды тұспалдау, болжау, айтылар ойды жұмбақтап жеткізу сияқты кең қолданылған әдістер бар. Бұл тәсілдер шығарманың ішкі динамикасын ширатып, сюжеттің өрістеу табиғатын жандандыра түседі.

       Халықтың ауызша мұраларынан бастау алатын дәстүрлі баяндау тәсілдерінің бірқатары Шәкәрім поэмасына қатысты. Әдетте фольклорлық дүниелердің өзіне тән құрылымдық ерекшеліктері, белгілі бір жүйесі, тәртібі бар.

       Бұл - фольклорлық шығармаларға тән қалыптасқан дәстүрлі  формалардың бірі. Қазақ әдебиеті дамуының одан кейінгі дәуірлерінде туған жыр-дастандарда, әсіресе  тарихи жырларда бұл дәстүр молынан кездеседі.         Абайдан кейінгі әдебиет өкілдері, ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүріп, қалам тербеген ақындар шығармашылығы да бұл дәстүрге етене жақын болды. 

       Шәкәрімнің дастан түрінде жазылған шығармаларының бәрі дерлік осы дәстүрді сақтаған. «Еңлік - Кебек», «Нартайлақ - Айсұлу» және «Ләйлі-Мәжнүн» дастандарының,  «Дубровский әңгімесінің»  оқиғасын баяндауды ақын  терең толғау түріндегі кіріспе сөзден бастайды. [3.]

 Бұл кіріспелерді автордың ой-мақсатынан хабар беретін жай ғана  мәлімет көзі деп қарауға болмайды. Шәкәрімнің ерекшелігі- ата дәстүрін басшылыққа ала отырып, өз өрнегін жеткізуі. Кіріспе ретінде берілген бұл шумақтарды жеке, дербес туынды ретінде де әбден қабылдауға болады. Олай дейтініміз, олардың әрқайсысында терең философия тұнған,  тағлымды, ғибратты ойлар ұсынылған.

 

Әдебиеттер

1. Әуезов М .  20 томдық шығырмалар жинағы. Алматы. Жазушы 1998-480б

2. Қабдолов З. Таңдамалы шығармалар(екі томдық)  Алматы. Жазушы 1983 -456б.

3. Шәкәрім Жолсыз жаза. Өлеңдер мен поэмалар Алматы. Жалын 1988-256б.