П.ғ.к., доцент Досанова А.Ж.

«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан

Түркі тектес халықтардың жазба ескерткіштерінде қолданылған әліпбилер

Орхон-енисей жазу ескерткіштері жазылған уақыт түркі тілдерінің даму тарихына Көне түркі дәуіріне сай келеді. Шығыс Түрік қағандығының құрамында өмір сүрген түріктер осы орхон жазуын қолданып, сол жазудың тілінде сөйлеген. Орхон-Енисей жазу ескерткіштерінің ең көп табылған жері – Орхон, Енисей, Селенга, Талас өзендерінің бойы болғандықтан бұл ескерткіштер Орхон-Енисей жазуы деп аталады. Бұл жазу ескерткіштері өзінің жазылу ерекшеліктеріне, қолданылу өрісіне қарай талас, енисей және орхон жазуы деп үш топқа бөлінеді.

Орхон әліпбиі шамамен Ү-ҮІІІ ғасырлардан бастап белгілі, оның 38 әрпі болған. Ол жоғарыдан төмен, оңнан солға қарай жазылады. Орхон жазуында ұйғыр, араб жазулары секілді жіңішке және жуан дауысты дыбыстар бір таңбамен ғана беріледі. Мысалы, а және ә дыбыстарының таңбалары бір ғана а таңбасы алынатыны сияқты. Басқа түркі халықтары секілді қазақ халқының да арғы ата тегі ғылымда Орхон-енисей деген атпен белгілі руна жазуын қолданған. Бұл жазу ескерткіштері бұдан үш жүз жылдай бұрын табылған. Зерттеуші-ғалымдардың пікірінше жазудың оқылуы осыдан мың жарым жылдай уақыт бұрынғы ата-бабаларымыз сөйлеген тілге жақын екендігі дәлелденді.

Орхон жазуын Ү-Х ғасырларда Қазақстан жеріндегі кейіннен қазақ этносының құрамына кірген түркі тайпалары қолданды. ХІІ ғасырларда монғол шапқыншылығы тұсында орхон жазуын араб жазуы ығыстыра бастайды. «Бұл әліппемен (орхон) жазылған бір де бір бұқараға байланысты документтің (қол жазбаның) жоқтығы және бұл әліппемен (әліпбимен) жазылған бірде-бір, ұлы болсын, ия кіші болсын, ерекше шығарманың, ия фольклордың жоқтығы» – дейді С.Аманжолов [1]. Бұл – ғалымның 1930 жылдары айтқан ойы. Ал соңғы жылдары ғылымда бұрындары белгісіз болып келген көптеген жазбалардың табылғаны белгілі болып отыр.

Орта ғасырларда өмір сүрген ата-бабаларымыз қалдырып кеткен түркіше және қытай тілінде жазылған Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк, Онгин, Суджа, Кули-шор, Мойын-Шор ескерткіштері де осы орхон жазуымен жазылған.

Қараханид династиясының тұсында жазу-сызу өнері қатты дамып, көптеген әдеби туындылар мен ғылыми шығармалар жазыла бастаған. Енді осы жазба ескерткіштеріне қысқаша сипаттама беріп кетуімізге болады.

Ж.Баласағұнның «Құтадғу білік» шығармасының түпнұсқасы белгісіз, бірінші қолжазбасы Герат қаласында 1439 жылы (қазір Венада) ұйғыр әліпбиімен, екінші қолжазбасы араб әрпімен Мысырда ХІҮ ғасырдың бірінші жартысында көшірілген. 1914 жылы Наманганда табылған үшінші нұсқасы - мазмұны дидактикалық сарында жазылған екі жолды өлеңдер жинағы Ташкент қаласында сақталғандықтан «Ташкент нұсқасы» деп аталады. Ал 1072 жылдың 25 қаңтарынан 1074 жылдың 10 ақпанына дейінгі аралықта жазылған М.Қашқаридың «Диуани лұғат ит-түркі» араб әрпімен жазылған. Бізге еңбектің Мұхамед ибн Ебибекир ибни Ебилфетих деген кісі көшірген жалғыз көшірмесі жеткен, онда грамматикалық ережелер, халық ауыз әдебиетінің үлгілері, өлеңдер мен жырлар, термелер, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, тарихи құнды материалдар бар. Қазақ ғалымдары Н.Т.Сауранбаев, С.А.Аманжолов, А.М.Ысқақов, І.Кеңесбаев, Ғ.Ғ.Мұсабаев, т.б. «Диуани лұғат ит-түрк» жөнінде аз да болса пікірлер айтқан [2].

Қашқар тілінде жазылған «Һибатул-хақайықтың» (авторы А.Жүгнеки) 1480 жылы ұйғыр әрпімен жазылып, жолма-жол араб жазуымен қайталанып отырған қолжазбасының нұсқасы Стамбулда. Екінші нұсқасы тек араб алфавитімен жазылған, жылы белгісіз. Ал Самарқант нұсқасы 1444 жылы ұйғыр жазуымен көшірілген [3]. Байқап отырсақ, аталған еңбектердің көпшілігі ұйғыр, араб әліпбиінде жазылған. Бұдан ата-бабаларымыздың осы әліпбиді кеңінен қолданғандығы көрінеді.

Куман қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштерге жататын дүние жүзіне әйгілі «Codex Cumanicus» (Кодекс Куманикус) латын-парсы-құман сөздігі осы күні Венециядағы Марк әулиенің шіркеуінде сақтаулы. 82 парақтан (164 беттен) тұратын шығарманың алғашқы бетінде «1303 жыл, 11 шілде» деген жазу бар. Бірінші бөлімінде тіл үйрену, сол үшін жарамды оқулық жасау қарастырылған. Екінші бөлім кумандар арасында христиан дінін уағыздау үшін діни кітаптардан әртүрлі үзінділер куман тіліне аударылып берілген. Мұнан басқа бұл бөлімде жеке сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдер, 50-ге тарта жұмбақ, дін басыларының өмірі мен істері жайында хикаялар бар. Оны ғылымда қыпшақ-латын әліпбиімен жазылған ескерткішке жатқызады. Бұл әліпбимен Қырымда католик миссионерлері қыпшақ тіліндегі діни әдебиеттерді де шығарып отырды [4].

Бұл қолжазба ескерткіштің алғашқы нұсқасы 1362 жылы Италияның қайта өрлеу кезеңінің әйгілі ақыны Ф.Петрарконың библиограф Я.Ф.Томасиниге сыйлыққа берген кітаптарының (Венециан кітапханасы) тізімінде болғандығы анықталды. Онда қолжазбаның атауы өзінің түпнұсқалық атауымен былайша берілген: Alfabetum Persicum, Comanicum et Latinum Anonymi scriptum Anno 1303 Die 11 julii (Kuun 1880: II,YI) [5]. Түпнұсқалық атауына қарап отырып, «Codex Cumanicus» еңбегінің 1303 жылы жазылғанын білуге болады. Демек, түркі халықтары латын әліпбиін сонау ХІІІ-ХІҮ ғасырларда ғылыми, діни еңбек жазуда қолданса, 1929-40 жылдары сауат ашуда пайдаланған. Бүгінгі күн талабы да латын әліпбиіне деген қажеттілікті қайта туғызып отыр.

1245 жылы Мәмлүк қыпшақтарының тілінде жазылған авторы белгісіз, «Терджуман турки уа араби» атты қолжазбада 2,5 мыңдай түркі сөздері жинақталған, қалғаны монғол-парсыша, арабша-монғолша сөздіктер болған.

Половец қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштерде кирилл алфавитімен жазылып қалған дүниелерде куман тілінің элементтері, адам аттары, географиялық атаулар өте жиі ұшырайды. Әйгілі «Игорь полкі туралы сөз» (ХІ ғ.) сияқты эпостық дастандар мен А.Никитиннің «Үш теңізді көктей өтіп» (ХІІІ ғ.) тәрізді жол жазбаларынан, әр алуан шежірелері мен деректі-хроникалық мәліметтерінен, куман тілін оқып үйрену үшін әдейі түзілген сөздіктер мен тарихи еңбектерден көне қыпшақ тілінің сан-қилы сөздерін ұшыратуға болады.

Орта Азия қыпшақтарының тілінде жазылған А.Ясауидің «Хикметі», «Мұқадимат ал-адаб», «Китаб тарджуман фарси уа түрки уа моғоли» сияқты еңбектері көне қыпшақ тілдерінің қатысы бар. Алтын Орда қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштер «Хұсрау уа Шырын», «Мұхаббатнама», «Гулистан бит-Турки», «Оғызнама» осы аталған аймақтардың бірінде туып, таралған көпшілік түркі халықтарының ортақ рухани азығы болып табылады.

Әдебиеттер:

1 Аманжолов С. Алфавит тарихынан кейбір мәлімет. – Алматы, 1940. -17 б.

2  Досанова А.Ж. Қазақ әліпбиінің тарихы. –Астана, 2011. -20 б.

3 Айдаров Ғ., Құрышжанов Ә., Томанов М. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі.  - Алматы: Мектеп, 1971. - 272 б.

4 Лигети И. Пролегомены к «Codex Cumanicus» // Сборник Обшеств. Наук. Литература. 1985, №21. - с. 58.

5 Гаркавец А.Н. Кыпчакские языки: Куманский и армяно-кыпчакский. – Алматы: Наука, 1987.