ГЕНДЕР ҰҒЫМЫ  ЖӘНЕ  ИСЛАМДАҒЫ  ӘЙЕЛДІҢ  ОРНЫ

 

Таңат А.С. – Ш.Есенов атындағы КМТжИУ «Тарих және философия» кафедрасының оқытушысы

 

Әйелдер мен ерлер арасындағы айырмашылық күрделі сипатқа ие. Қоғамда әйелдер мен ерлердің мәртебесі үнемі өзгеріп тұрады және бұл үрдіс сақталып қалады.

Теңсіздік теориясын зерттемес  бұрын «гендер» ұғымына тоқталу қажет.

Феминистік әдебиеттерде гендер ұғымының бірнеше концепциялары бар. Бұл гендерлік түсініктің, жалпы ұғымның кеш қалыптасуына байланысты болуы мүмкін. Олардың барлығының негізі жыныс (sex) пен гендер (gender) түсінігін ажыратудан басталады. Жыныс – бұл адамдардың анатомиялық-биологиялық ерекшеліктерін анықтайтын ұғым, яғни оның негізінде адамдарды еркек және әйел деп бөледі. Гендер – бұл өте күрделі әлеуметтік – мәдени құрылым, яғни қоғам қалыптастыратын еркектер мен әйелдер арасындағы ролдер, іс-әрекеттер, мінез-құлықтар, менталдық, сезімдік сипаттамалар.

Осы жүйенің шеңберінде гендер ұғымы еркектер мен әйелдер арасындағы тұлғаралық байланысты, отбасындағы өзара іс - әрекетті ғана емес, қоғамның негізгі құрылымдары салаларындағы олардың  әлеуметтік қатынастарын анықтайтын әлеуметтік байланыстардың  ұйымдасқан үлгісі болып табылады. Осылайша гендер басқа да әлеуметтік – демографиялық және мәдени сипаттамаларымен (нәсіл, тап, жас) қатар әлеуметтік жүйені құрайтын қоғамның әлеуметтік құрылымының негізгі өлшемдерінің бірі болып табылады.

Гендер әлеуметтенудің, еңбек бөлінісінің және қоғамда қалыптасқан белгілі бір мәдени нормалар, рольдер, стеоротиптердің белгілі бір жүйесі арқылы қалыптасады. Қоғамда қабылданған гендерлік нормалар белгілі бір тұрғыда адамдардың биологиялық жынысына қарай психологиялық сапасын, мүмкіндіктерін, іс-әрекетін, мамандығын анықтайды.

Гендер түсінігі зат немесе нәрсені емес, қатынастар мен процестердің комплексті қиылысуын көрсетеді.

Феминдік пен маскулиндік түсінігі гендер ұғымын зерттеу барысында кең қолданыла  бастады. Гендер (gender) 1. Еркек пен әйелдің анатомиялық жынысына қарай бөлінуі. 2. Анатомиялық жынысына қарай әлеуметтік бөлу.

Антропологтар, мысалы Маргарет Мид,(1) психологтар мен әлеуметтанушылар гендерді биологиялық емес, әлеуметтік деп көрсетіп, мәдениет пен тарихқа қатыстылығын дәлелдеді. Оның мәні, араласуы, көрінуі іштей және мәдениеттер арасында өзгереді. Тап, жас, нәсіл, этнос – сияқты әлеуметтік таптар гендердің көрінуі және тәжірибесі болып табылады. (Мид Маргарет. Культура и мир детства. М.1988г.С.54)  

Гендерлік теңдік – бұл әйелдер мен еркектер арасындағы ұқсастық пен айырмашылықтарға қоғамның тең беретін бағасы.

Еркектер мен әйелдер арасындағы теңдіктің мәнін түсіну үшін ең алдымен  мынадай екі құрылымның  маңызы зор:

1.     жыныстың әлеуметтік құрылымы (әйелдік және еркектік)

2.     жыныстар арасындағы қарым - қатынас

Саясат пен қоғамдық - саяси құрылым өмір жағдайын үйлестіруде басты орын алады. Осылайша екі жыныстың да мәртебесінің сақталуы мен өңделуіне жағдай жасайды.

Гендерлік әділеттілік – бұл әйелдер мен еркектерге деген бірдей көзқарас, яғни олардың бірдей позицияны ұстауға кедергі келтіретін тарихи және әлеуметтік себептерді жоюға бағытталған арнайы шараларды жүзеге асыру.

Сонымен қатар барлық әйелдер мен барлық еркектер бірдей емес, яғни, әлеуметтік стратификация әйелдер социумының ішінде еркектер мен әйелдер арасындағы айырмашылыққа қарағанда тереңдеу болуы мүмкін.

Көптеген уақыттар бойы стратификацияны зерттеушілер жыныстық әрүрліліктің ролін дұрыс түсінбей келді. Авторлар өз еңбектерінде әйелдерді тіпті болмағандай немесе билік, байлық, атақ-даңққа бөленудегі әйелдердің ролін жоққа шығарды. Бірақ гендер стратификацияның ең жарқын мысалы болып табылады.

Қазіргі  гендер мен стратификацияны зерттеушілердің алдындағы басты мәселелердің бірі таптық бөлінуде гендерлік айырмашылық қалай түсіндіріледі? Гендерлік айырмашылықтың терең тарихи тамыры бар: еркектер ежелгі аңшылар мен терімшілер кезінде, яғни тапсыздық қоғамында да алдыңғы орында болды.

Әйелдердің «жеке өмірін» шектелген салада көрсету орын алған, олардың үлесі – отбасы, үй және балалар. Бір жағынан еркектер көп жағдайда «қоғамдық өмірге» араласады деген түсінік бар. Олардың саласы – еңбек ету, өндіріс, саясат. Көптеген әйелдер толық емес еңбек күнін иеленеді және бала күтіміне байланысты ұзақ уақытқа еңбектен қол үзіп қалады. Сонымен қатар көптеген әйелдер күйеуіне экономикалық тәуелділікте болады да, оның таптық жағдайы күйеуінің таптық жағдайымен анықталады.

Бірақ мұндай пікірлер мынадай бағыттардағы сыни пікірлерге ұшырауы мүмкін:

1.     көптеген отбасыларда әйелдердің жалақысы отбасындағы экономикалық тұрақтылықты сақтауға біршама үлес қосады;

2.     әйелдің еңбек етуі күйеуінің жағдайына немесе керісінше ықпал етуі мүмкін. Әйелдердің күйеулерінен көптеу табыс табуы сирек жағдай, сондықтан әйелдің жұмысы күйеуінің таптық жағдайын сипаттауда «жетекші» фактор болуы мүмкін;

3.     Асыраушысы тек қана әйел болып табылатын отбасылар саны арта түсуде. Алимент есебінен әйел өзінің экономикалық  жағдайын бұрынғы күйеуінің табысымен теңестіре алады.

Көптеген отбасыларда адамдар таптық позицияларды ішкі отбасылық қатынастарға енгізуге тырысады. 

Қазақстан Республикасындағы гендерлік саясат стратегиясы  2005-2015 жылдарға арналған «Әйелдер мен еркектер арасындағы құқықтар мен мүмкіндіктердің теңдігі – саналанған қажеттілік» атты бағдарламада нақты көрсетілді. Стратегия бағдарламасында гендерлік ұғымның түсінігі, мәні, мақсаты, жағдайды талқылау, басым бағыттары мен әлсіз тұстары, мүмкіндіктері көрсетілген  және саяси өмірдегі, экономикалық өмірдегі, қоғамдық өмірдегі гендерлік теңдікке жету жолдарының стратегиясын көрсеткен.  

Еркектер мен әйелдердің мүмкіндіктерін қамтамассыз етуде мемлекет басшысының Жарлығымен 1998 жылы Қазақстан Республикасы жанынан отбасы және әйелдер мәселесі жөніндегі Ұлттық комиссия құрылды. 1999 жылы Үкімет Қазақстан Республикасындағы әйелдердің жағдайын жақсарту мақсатында Ұлттық жоспар құрды. Бүгінгі таңда оның 80 пайызы орындалған.

Қазақстан әйелдерінің 4 форумында ел Басшысы мемлекеттің өркендеуі әйелдердің қатысынсыз мүмкін еместігін атап өтіп, мынадай міндеттер жүктеді:

-         2005-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы  гендерлік теңдіктің стратегиясын дайындау;

-         Бұл шешімді қабылдауда әйел қауымының үлес салмағының көп болуына баса назар аудару қажеттігі,

-         Гендерлік теңдікті қамтамассыз ететін құрылымдар мен заңнамаларды жетілдіру және «Еркектер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктері» атты заңды тездету:

-         әйелдердің экономикалық өмірге белсене араласуына жағдай жасау; әйелдердің құқықтық, әлеуметтік кепілдігін арттыру мен ана мен бала денсаулығын жақсарту мақсатында шаралар ұйымдастыру:

-         адамгершілік құндылықтарды жетілдіру:

Қазақстан адам құқықтары жөніндегі 60 халықаралық ұйымдарға қатысушы болып табылады. Солардың арасында әйелдерге қатысты қысымның барлық түрлерін жою туралы Конвенция да бар.(СИДО)

Әйелдердің азаматтық белсенділігінің артуымен әйелдердің үкіметтік емес ұйымдары көбеюде. Парламентте «Отбасы» депутаттық тобы құрылды. 

Жоғарыда аталғанның барлығы да әйелдердің қазіргі таңдағы қоғамдағы орнын сипаттады. Ал исламдағы, яғни мұсылман дініндегі әйел мен еркектің  арасында теңдік болды ма әлде басқаша көзқарас болды ма деген  мәселеде бірнеше қарама – қарсы пікірлер бар.

Ислам пайда болғанға дейін әйелдердің өмірі өте ауыр жағдайда болған. Әйелдің ешқандай құқы болмады және оның пікірімен ешкім санаспады. Ислам осы жағдайдан азат етіп, өзін тең құқылы адам ретінде сезінуге жағдай жасап, бүкіл күнәдан арылтты. Адам Ата мен Хауа Ананы жолдан тайдырған шайтанды ислам жазғырады. «Шайтанның азғыруымен олар (Адам мен Хауа) күнә жасады, сондықтан оларды жұмақтан қуып жіберді» («Әл- Бақара» сүресі,аят 36).

Ислам барлық адамдар, яғни әйелдер мен еркектер бір жаннан пайда болған. Алла Тағала «О, Адамдар! Сендерді бір жаннан пайда қылған Құдайдан қорқыңдар» («ан-Нисса» сүресі (Әйелдер), аят 1). Яғни, еркектер мен әйелдердің адам ретінде тең құқықты екендіктерін айтады.

Әйелдер мен ерлердің арақатынасын сипаттағанда ғ.с.с. Пайғамбар олардың екеуінің де Алланың алдында тең екенін атап көрсетеді. 

Исламда әйел еркектен экономикалық жағынан тәуелсіз болды, яғни толық еркіндікке ие болды және өз мүлкіне құқы болды.Оның күйеуі немесе басқа да ағайындары оның рұқсатынсыз мүлкіне тиіспейтін болған. Еркек әйелді (тіпті оның әкесі болса да) сүймейтін кісіге еріксіз қоса алмайды.

Исламға дейін әйелдер мұрагерлікке қандай да бір құқы болмады. Бірақ ислам  тек еркектер ғана мұрагерлікке ие болуы керек, себебі олар жаулармен соғысады деген түсініктегі арабтардың  наразылығына қарамастан, әйелдерге мұрагерлік теңдік берді. Ислам көптеген жағдайларда екі әйелдің үлесіне тең үлесті еркекке берген. Ол Қасиетті Құранның «Алла сіздердің балаларыңызға қатысты: ұлдарыңызға екі қыздың үлесіне тең үлес бөледі» деп көрсетіледі («ан – Ниса сүресі»(Әйелдер), аят 11).

Ислам еркекті өз отбасының мүшелері мен әйелін қамтамассыз етуді міндеттейді. Сонымен қатар ол әйелдің өз мүлкін басқалары үшін шығындауын міндеттемейді. Әйелі бай болса да күйеуі оны асырап бағуы қажет болатын.

Исламда ер адамның куәгерлігі екі әйелдің куәгерлігімен  барлық жағдайда бірдей болмайды. Кейбір мәселелерде әйелдердің ғана куәгерлігі қабылданып, еркектің куәгерлігі қабылданбады. Көптеген ислам ғалымдары әйелдің қоғамдық жұмыстағы роліне прогрессивті деңгейде қарады. Егер де әйелдің қоғамдық жұмысы оның үйдегі балалары, күйеуі, отбасы алдындағы міндеттеріне кедергі келтірмесе, ислам әйелдерге мемлекеттегі жоғары орындарға отыруына тыйым салмайды. Себебі, отбасы – қоғамның ядросы. Егер де ол бұзылатын болса, қоғам да бұзылады деген түсінік болды.

Исламдағы әйел хиджабы жалпы алғанда оның сыртқы бет-бейнесін бөтен ер адамнан қорғау мақсатында қабылданған киім үлгісі. Хиджаб – бетін немесе қолын жабу емес. Бұл исламның үйретуі емес, кейбір қоғамдардағы қалыптасқан салт-дәстүрлермен байланысты болып табылатын үлгі. Мысалы, христиан дініндегі тақуа әйелдердің денесін, шашын, беті мен қолының ұштарын жауып жүруі исламдағы хиджабқа ұқсас.

Европа әйеледері жиырмасыншы ғасырдың басына дейін көп жағдайда шаштарын жауып, ұзын киім киіп жүрді және оны ешкім де жазғырмады. Бірақ батыстағы сән дамып, қазіргі жағдайға дейін дамыды.  

Ислам әйелдің білім алуға құқын жоққа шығармайды, керісінше еркектермен қатар әйелдердің білім алуын міндеттейді. Пайғамбардың хадистерінде «Білім алу- әрбір мұсылман еркек пен мұсылман әйелдің міндеті» (бұл хадисті Ибн Маджа «Кіріспеде» келтірген).

Әрбір ұлттың өзіндік сипаты, салт-дәстүрі бар. Осылардың барлығы ұлттың мәдениетін, өркениетін, діни сенімін көрсетеді. Алла адамдарды бір-бірінен ереше етіп жаратты.

Ислам көп әйел алушылыққа рұқсат еткен алғашқы дін емес және оны ойлап тапқан жоқ. Керісінше, ислам – некені қалыптастырып, көп әйел алушылықты қатаң шектеген алғашқы діндердің бірі. Ол әйелдердің санын шектеді, Қасиетті Құранда «Өздеріңе ұнаған екі, үш, төрт әйелге үйленіңдер» («ан Ниса сүресі (Әйелдер), аят 3).Әйелдермен қандай да бір қатынас түрлері тең дәрежеде болуы тиіс.

Әйелдердің мәртебесінің біршама жақсарғанына қарамастан бұл прогреске кедергі болатын біраз себептердің бар екеніне көз жеткіздік. Бұл әрекеттер өз биліктері мен байлығын, мүдделерін сақтап қалуға тырысатын ерлердің әйелдерді белсенді дискриминацияға ұшыратуымен түсіндіруге болады. Біздің көптеген әлеуметтік мәдени ортамызда ерлер мен әйелдер арасындағы теңсіздік терең сақталып қалды. Бұл бағыттағы сапарды ары қарай жалғастыру үшін Н.Смелзер келтірген түрлі деңгейдегі бірнеше әрекеттер жасауға болады:

-         әйелдің бағыныштылық жағдайын өзгертуде әлеуметтендірудің үлгілерін өзгерту; 

-         Ер – әкелердің отбасылық міндеттерге қатынасын өзгерту, балаларды бірге тәрбиелеуге дайындау;  

-         мекемелер мен жұмыс орындарындағы еңбек ету мен оқу бағдарламасының кестелерін тез арада шешілуі тиіс отбасылық мәселелермен қатар алып жүруге ыңғайлы жағдайда құру т.б.

                            

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                  Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

 

1. Н.Смелзер. Социология М.,1994.С.145-148

2. Жан Бодрияр. Система вещей М.,1997. С.89-95  

3. Мид Маргарет. Культура и мир детства М.,1988.С.75-78

4. Фрейд Зигмунд. Собр.соч. том 8 С – пб.,1998

5. Н.Чодорова. «Материнство» С- пб., 1998.С.122-123

6. Стратегия гендерного равенства Республики Казахстан на 2005-2015 годы