Құс
атауларының концептуалдық өрісі
Тірек сөздер: фразеологиялық тіркес, құс
атаулары, зооморфизм.
Тілдің
табиғатын танымдық тұрғыдан анықтау, оның
лексикалық бірліктерін когнитивтік ұғымдармен бірлікте
сұрыптау, сөйлеу әрекетіндегі когнитивтік модельдерді
жүйелеу, олардың онтогенетикалық сипатын тәжірибе
жүзінде дәйектеу, қазіргі қазақстандық
лингвоқоғамның әлемді танудағы тілдік бейнесін
айқындау, лингвистикалық таңбалардың
ассиметриялық сипатын танымдық негізде талдап көрсету,
ғылыми метафоралар мен тілдік бейне байланысын зерделеу, этномәдени
танымның ұстанымдарына зер салу, тілдік қолданыстың
когнитивтік негіздерін айқындайтын эмоция, символ, тілдік сана
ұғымдарын пайымдап түсіндіру сынды мәселелерді шешу
мақсатында қазақстандық тіл білімінде арнайы ғылыми
зерттеулер дүниеге келді. Ғалымдардың зерттеу бағыты да
сөйлеу әрекетіндегі когнитивтік модельдердің
антропоөзекті ерекшелігін анықтауға, тілдік тұлға
табиғатын тілдің мәдени-танымдық кеңістігімен
байланыстыра айқындауға, ассоциативті тәжірибелердің
көмегімен концептуалды жүйенің прототип пен бейнелі
көзқарасқа сүйенген болмысын сипаттауға, сол
арқылы когнитивтік модельдердің өзіндік табиғатын
саралауға негізделеді.
Құс
атауларының тіл білімінде қолдану ерекшеліктері қандай?
Үй құстары
мен жабайы құстардың атауларын орнитоморфизмдер деп атайды. Мысалы, қазақ тілінде: қыран, сұқсыр,
сұңқар, ақ иық, бүркіт,
қаршыға, лашын, тұйғын, ителгі, қырғи,
тұрымтай, аққу, тоты, қаз, кептер,
қарлығаш, шағала, үкі, бұлбұл,
сандуғаш, қарға, қарақұс,
құзғын, жапалақ, торғай, үйрек, тырна,
қызғыш, шіл, дуадақ, құр, ұлар,
қасқалдақ, бөдене, тауық, қораз, балапан.
Үй
құстарының атауларына қатысты мынандай тіркестер
кездеседі: қырғидай
тию; аққудың мамығындай– «жұмсақ» деген
мағынада қоладнылады;
ұлардай шулау; ителгінің тамағындай; қырғи
қуған бөденедей; сұқсыр көрген
қырандай; қаршыға бой – бойы кішкентай, яғни
қаршыға құстың бойындай; сандуғаш дауыс – әдемі, тыңдағанға
жағымды дауыс туралы;
қызғыштай қору – қарауылдау; жабайы
қаздан үй қазы туылмайды; қаз қазбен, әйел әйелмен
бірге; құсты сайрағанынан тануға болады; бірдей
қауырсынданатын құстар бірге жиналады; кәрі
торғай топанға алданбас; ертең болатын тауықтан,
бүгінгі жұмыртқа
жақсы; балапандарды
көктемде санайды және т.б.
Қазақ халқында құс атаулары
дегенде ең бірінші көз алдымызға келетіні, әрине,
аққу.
Аққуды
қазақ халқы ежелден қастерлеп, бақыттың
бастамасы, жақсылықтың жаршысы, пәктіктің,
сұлулықтың белгісі деп есептейді, әрі киелі
құс төресі санап, оған ешуақытта оқ
атпайды. Аққуға қатысты мынандай тіркестер
қолданылады: аққудың
мамығындай– «жұмсақ» деген мағынада қолданылады.
Аққудай
сылану – «Әр жақтан, алыстан келіп, өзінің
үйреншікті көліне қонған аққудай сыланып, отыз қыз өзіміздің
отыз үшінші аудиторияға жиналды» (Ә.Нұршайықов). Халқымыздың
ауыз әдебиетінде аққуға байланысты даналық
ұғымдар, аңыз-әңгімелер,
мақал-мәтелдер, теңеулер жиі кездеседі. Аққу әдемі болғандықтан сұлулықпен
ассоциацияланған. Оның әдеміліктің,
тектіліктің, махаббатқа адалдықтың символы
екендігін М.Мақатаевтың «Аққулар
ұйықтағанда» поэмасындағы аққу образынан көре аламыз:
Аққулар…
Аққу мойын, сүмбе қанат,
Алаңсыз тарануда күнге қарап.
Айдынның еркелері, білмей тұрмын,
Етермін тағдырыңды кімге аманат?!
Жаны сұлу ақ еркем, ары сұлу! (М. Мақатаев).
Бұлбұл – ән айту талантының, қызыл тіл және
шешендік өнердің символы. Сөздіктерде көрсетілген
барлық метафоралық мағыналар фразеологиялық
жағынан байланысты және бұлбұл лексемасы
қолданылатын тұрақты контекстерде айқын көрінеді.
Қазақ тіліндегі бұлбұлша сайрау тіркесі, орыс тілінде
де «ән айту» – «сайрау» –
«қызықтырып сөйлеу» – «шешен сөйлеу» деген
мағынада ассоциацияланады. Бұлбұлға қатысты
мынандай тіркестер кездеседі: көзден
бұлбұл ұшты, бұлбұл көмей,
бұбұл үнді, бұлбұлдай сайрау,
бұлбұлдай боп тілден бал тамызу.
«Бұлбұл қағып жүргізді» -
кісінің көңілінң шат қылып, көңілін
тасытып шаттандырады, риза етті. Аяңы тымақты алшы кигізгендей,
Кісіні бұлбұл
қағып жүргізгендей. Шапқан атқа жеткізбес
бөкен желіс, Ыза қылды қолыма бір тигізбей (Абай).
Қарлығаш
та қазақ халқының киелі құстарынынң бірі.
Қарлығашқа қатысты тіркестер: қарлығаштың қанатындай қап-қара тіркесі
түске қатысты айтылса,
қарлығаштай қанатымен су себу тіркесі жәрдем,
көмек көрсету мағынасында. «Енді мен де адам болғанымды
көрсетіп, қарлығаштай
қанатыммен су сеуіп, әлім келгенше жәрдем
көрсетейін» (С.Мұқанов) [1; 47].
Қаз атауына
байланысты қаз кеуде, қаз
мойын, қаз табан, адасқан қаздай, еркек қаздай
қоқилану, қаздай майпаңдау тіркестер бар. Қаздай қалқыды
тіркесі сап түзеп ұшты, емін-еркін
жүзді. Луганский мен Дигелдинов бастаған ұшқыштар қаздай қалқып Днепрге
бет алды (С.Бақбергенов).
Қазақ
халқы бүркітті биіктіктің, күштің,
тектіліктің символы ретінде жағымды бағалайды. Оған
ажалды қарға бүркітпен ойнайды деген мақал немесе « –
Кімде – кім бізге соқтықса, бүркітпен ойнаған ажалды
қарғаның кебін киеді» (С. Адамбеков) т.б. тәрізді
көркем шығармаларда кездесетін метафоралық қолданыс
мысал бола алады.
Тотықұс – өзіндік ойының болмай, басқаның ойын,
сөздерін қайталайтын адам [МАС, т.3: 298].
Метафоралық
ауысудың негізі «қайталау» семасы болып табылады, ол
төмендегдей ассоциацияланады: «қайталау» – «бір айтқанын
бірнеше рет қайталау» – «өз ойының болмауы».
Тотықұс бейнесін
қабылдау үшін доминанттық сипаттама және оның
адамға берілу жобасының белгілері алабажақ, көп
сөйлейтін, бір атқан сөзін мағынасыз қайталау. Орыс
халқының менталитетінде тотықұс – біреудің
сөздерін бұлтартпай қайталайтын, ойсыз еліктеудің
символы.
Қаршыға
құс атауын естігенде, қаршыға төс, қаршыға
көзді, қаршыға тұмсық, қаршығадай
алғыр кескінді, қаршығадай шағын ғана бой,
қаршығадай бейне, қызыл көрген қаршығадай
тіркестер ойымызға келеді. «Сұлу ұрғашы көрсе, қызыл көрген
қаршығадай мойны қылқылдай қалатын»
(С.Мұқанов).
Ал қораз зооморфизмі аксиологиялық
тұрғыдан жағымсыз мағынада қолданылады. Қораз – жаңа күн
басының, сонымен қатар, айқай мен менменшілдіктік символы.
Қораздай
(қоразша) өзін қораз секілді ұстау,
қораздың қылықтарын еске салу. «Ақыным
тоқтайтын емес, бала қоразша шақыратынды шығарды»
(Қ. Қайымов). Есалаң қоразша қоқыраю –
адыраңдау, қызбаланып кету, шыдамы таусылу. «Бұлар
«Алашордамын» деп, есалаң қоразша қоқырайып алыпты»
(С. Сейфуллин). Жүнін жұлдырған қораздай –
ашушаң, күйгелек адам туралы. «Бізді де бір жүнін
жұлдырған қораздай көріп, өзіңіз де
тайталаспайтын болыңыз» (Ғ. Мүсірепов). Қораздай қырқыстыру – біреулердің арасына
от салу , ұрыстыру, бір-біріне қарсы қою.
«Құтыртып қораздайын қырқыстырып, Дағдырын
қос аусардың солай шешті» (І. Жансүгіров) [2; 87].
Қазақ
халқы аксиологиялық тұрғыдан қарға зоонимін
жағымсыздықпен байланыстырады. Қарға – көп
сөйлейтін, өсекші адам туралы. Әйел адам туралы [МАС, т.4:
203]. Қазақ халқында қарға адым деген өлшем
бар, яғни өте жақын жер дегенн мағынада. Сонымен
қатар, қарға бойлы,
қарғадай шулау (барқылдау), қарға саусақ,
қарға тамырлы, қарға тұмсық. Қарға жүнді қаттас,
үйрек жүнді оттас – өкшелес бауыр, тума-туыс. Онан
әрі өткенде, Малға таман жеткенде, Қарға жүнді қаттасым, үйрек жүнді
оттасым, таласып емшек еміскен... («Қыз Жібек»).
Метафоралық
ауысудың негізі «шиқылдау» семасы болып табылады, ол
төмендегдей ассоциацияланады: «шиқылдау» – «мылжыңдау» –
«өсектеу» – «әңгімелерімен мазаны алу». Қарға
бейнесін қабылдау үшін доминанттық сипаттама және
оның адамға берілу жобасы бір орында тұрмау, жан-жағына
алақтау және көп сөйлеу.
Жапалақ атауына
байланысты тіркестер: жапалақ көз, жапалақтай жарбию. «Жапалақ ұшпас жапан
фразеологиялық тіркесі айдала, мидай дала, құла дұз
дала. Жапалақ ұшпас жапаннан,
жалғыз кетіп барады, Жері сортаң оты ащы, Ащы көл мен
тұщы көл, Онан да татып барады» («Мұңлы-Зарлық»).
Адамның мінез-құлқы мен сырт
тұлғасын, сапалық қасиеттерін білдіретін құс
атаулары өрісінде өз ішінде семантикалық
қатарларға бөлінетін төмендегідей микроөрістер
жинақталған:
1. сыртқы тұлға, бет-пішіні: аққу мойын; т.б.
2. мақтаншақ: екі
иығына екі үкі, басына бір үкі тағу; аузымен
құс ұстау, т.б.
3. қасиетсіздік, қадірсіздік
ұғымдары: қара
жүнді қарға;
2. Адамның ішкі және сыртқы
жағдайын сипаттайтын топқа «психикалық жағдай»
және «физикалық жағдай» микроөрістері жатады.
А) «психикалық
жағдай» микроөрісі
жағымсыз эмоциялар, жалғыздық: қоң
торғай; көлінен құсы ұшу; жүнін
жұлған тырнадай; т.б.
Ә) «физикалық жағдай» микроөрісіне келесі
семантикалық қатарларды жатқызамыз:
әлсіз, аурушаң: құр шыбыны ғана бар,
қоң торғай, т.б.
адам өліміне байланысты: ит пен
құсқа жем болу;
қарға-құзғынға жем болу, т.б.
3. Процессуалдық, адамның түрлі
іс-қимыл, әрекетін сипаттайтын метафора-зооморфизмдер
төмендегідей қатарлардан тұрады:
кеңістікте қозғалу: құстай
ұшу; құлан бүлкілге басу; бұлбұл
қағып жүргізу; т.б.
коммуникация, сөйлеу әрекеті: бұлбұлша
сайрау; сауысқандай саңқылдау; ұзақтай шулау; т.б. [3; 8].
Қазақ
тіліндегі құс атауларының жан-жақты таралуы ежелгі
малшылық кәсіптің халықтың өмір
тіршілігіндегі мәнінің зор болғандығының
куәсі іспеттес. Құстар санының молдығына орай
семантикасы, құрылымы, эмоционалды-экспрессивті бояуы, шығу
төркіні, жасалу жолдары да сан алуан.
Құс
атауларын зерттеу нәтижесінде жалпы санына, кездесу жиілігіне,
қолданыс аясына, құрамы мен құрылымына,
фразажасамдағы ұйытқы сөз ретіндегі қызметіне
қатысты бірқатар ерекшеліктері анықталып, нақты тілдік
деректердің негізінде дәйектеледі.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.
Сансызбаева С.К. Казахско-русский словарь зооморфных характеристик
человека. Адамның зооморфтық мінездемелерінің
қазақша-орысша сөздігі. – Алматы, 2000 – 87 с.
2.
Телия В.Н. Метафора в языке и тексте. – М.: Наука, 1988. – 175 с.
3.
Қайдар Ә.Т. Қазақ этнолингвистикасы //
Қазақ тілінің өзекті мәселелері. – Алматы, 1998.
– 160 бб