Экономические науки/ 13. Региональная экономика

Утебалиева Д.Б.

Каспийский государственный университет технологий и инжиниринга им.Ш.Есенова, Казахстан.

Кәсіпкерлікті ұйымдастырудың экономикалық жағдайы

 XXI ғасыр жүзжылдық ғаламдық инновацияның өркендеу ғасырына айналатынын қазіргі әлем елдерінің    тәжірибесі көрсетіп отыр.

Қазіргі кезеңде кәсіпкерлікті дамытудың әлсіз жақтары оны жетілдірудің нарықтық механизмдерінің инновациялық түрлерінің одан ары жақсартуды қажет етіп отыр.

Дамыған елдерде инновациялық (ноу-хау) өнімдер мен технологиялар  ЖІӨ өсімінің 70-85% беріп отыр. Инновациялық сфераның белгілі дәрежеде ұйымдастырылмауы Қазақстанның 50 дамыған елдер қатарына қосылуға кедергі болуы мүмкін. Өйткені соңғы жылдары осы сферада Қазақстанның рейтингі 65 орыннан 75 орынға төмендеп кетті. Мұндай жағдайдан шығудың бірден бір жолы кәсіпкерліктің түрлі инновациялық нарықтық құралдарын одан ары дамыту болып табылады.

Инновацияның дамуына қозғаушы тетік - бірінші кезекте нарықтық бәсекелестік болып табылады. Нарық жағдайында өнім өндірушілер немесе қызмет көрсетушілер әрдайым өндірістік дағдарысты болдырмаудың жолдары мен тауарын өткізетін жаңа нарықтарды іздестірумен болады. Сондықтан, инновацияны бірінші болып тиімді игерген кәсіпорындар өз бәсекелестіктері алдында басымдылыққа иеленеді. Қазіргі кезеңде жаңа тауарлар түрлері өсіп, тұтынушы талғамы артып отырған уақытта, әсіресе шағын кәсіпорындардың икемділік қабілеттерін күшейту аса тиімді саналады.

 

ҚР инновациялық қызметті қаржыландырудың көздері ретінде кәсіпорындардың өз қаржысы, республикалық және жергілікті бюджет қаражаттары, инновациялық қорлар қаражаты, мемлекеттік гранттар және заңға қайшы емес қаржыландырудың басқа да түрлері жатады. Қаржыландыру инфрақұрылымы ретінде даму инситуттары, венчурлік қорлар, кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер, екінші деңгейлі банктер және т.б. жатады.

Қазақстан тәжірибесі көрсетіп отырғандай, көбінесе қарапайым қаржыландыру көздері, яғни банктер немесе басқа да қорлар инновациялық ғылыми-техникалық жобаларды қаржыландырудан бас  тартады. Өйткені онда тәуекелділік жоғары болады. Сондықтан бұл жағдайда арнайы осындай көп тәуекелі бар жобаларды қаржыландыру үшін әлемдік тәжірибеде венчурлік қорлар құрылады.

Қазіргі таңда Қазақстан венчурлік капиталы және тікелей инвестициялау ассоциациясы құрылып, оған 9 венчурлік қор кіреді, оның біреуі ҰИҚ. Қазіргі таңда 5 венчурлік қор 5,6 млрд теңге құрайтын 13 жобаны қолдап отыр. Жобалар негізінен биотехнология, фармацевтика және ақпараттық технологиялар салалары бойынша. Бірақ инновациялық белсенділік өте төмен, венчурлік қорларға ұсыныс берушілердің тек 20% ғалымдар, қалғандары бұрын ғылымға қатысы болған бизнесмендер және ірі холдингтер.

Кәсіпкерлікті дамытудың негізгі жолдарының бірі - концессиялық келісім.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, концессия мемлекеттің жекеменшік инвестицияға қызығушылығынан қолданылады. Қазақстанда концессияға қызығушылық артуда. Әсіресе ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда: көлік және телекоммуникация салаларында, жол салуда, т.б. Қазіргі таңда 212 млрд. теңге көлемінде 7 концессиялық жоба іске асуда.

Кәсіпкерліктің инновациялық түрлерін дамытуда лизингтің маңызы зор. Өйткені кез келген инновациялық кәсіпорын ашу үшін алдымен кәсіпорынға толық технологиялық циклді қамтамасыз ететін құрал-жабдықтар қажет. Ал жаңа технологиялар қымбат тұрады және оны кез келген кәсіпкер сатып ала алмайды. Бұл мәселені шешудің бірден-бір жолы қажетті құрал-жабдықтарды лизингке алу болып табылады.

Франчайзинг кәсіпорынның өз өнімін сату нарығын шұғыл кеңейтуге кәсіпорында жоқ елеулі қаржылық салымдарсыз мүмкіндік береді. Қазақстанда 2008 жылы франчайзинг айналымы 500 млн. АҚШ долларын құрады. ҚР «Франчайзинг туралы заң» (2002ж.) қабылданды, 150 франчайзинг жүйесі және 1000-нан аса франчайзинг пункттері жұмыс істейді. Франчайзинг жүйесінде жұмыс істейтіндер саны 14000 адамды құрайды. Бірақ франчайзингтің одан ары дамуына келесі факторлар кері әсер етуде: франчайзинг секторына мемлекеттік жеңілдіктердің қарастырылмағандығы, интеллектуалды меншіктің нашар қорғалуы, кәсіпкерлердің «ұзын» ақшаны алуға шектеулігі, франчайзинг туралы ақпараттың жетіспеушілігі.

Әлемдік тәжірибеде франчайзинг кеңінен қолданылып отыр. Ал ҚР шетел франшизасының үлесі үлкен. Қазақстанада негізінен дистрибьютивтік/саудалық франчайзинг ғана дамып отыр, ал шет елде керісінше, кәсіпкерлік франчайзингінің үлесі саудалық франчайзингтен жоғары.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың нәтижесінде ұсақ және орта сериялы өндірістер негізінде нарықты тауар және қызметтермен толтыру, жергілікті шикізат ресурстары мен өндіріс қалдықтарын кеңінен пайдалану, қоғамның «орта сыныбын» қалыптастыру және халықты жұмыспен қамту мақсатында қосымша еңбек салаларын және жұмыс орындарын көбейту мәселелері тез арада шешімін табады. Әсіресе, жұмыссыздық деңгейі елеулі белең алған кезеңде кәсіпкерліктің қосымша еңбек салаларын және жұмыс орындарын көбейтуге ықпал етуі оның маңыздылығы мен артықшылығын елеулі дәрежеде арттырады. Инновациялық кәсіпкерлік қызметпен айналысатын құрылымдарда жоғары қарқынмен жұмыс орындарын құру және осының негізінде халықты мүмкіндігінше толық жұмыспен қамтамасыз ету елімізде және оның жекелеген аймақтарында жұмыссыздықтың салдарынан туындаған әлеуметтік шиеленістерді азайтады.

Қазақстан еліндегі қалыптасушы нарықтық экономикаға қажетті масштабтарда кәсіпкерлік қызмет еркіндігін және оның пайда болуы мен сәтті дамуын қамтамасыз ететін, шағын бизнестің берік құқықтық негізі құрылды. Осыған байланысты соңғы жылдары елімізде кәсіпкерлік қызметпен айналысатын субъектілер санының тұрақты өсіп келе жатқандығы байқалады.

 

Әдебиеттер:

 

1.     Статистика бойынша әдіснамалық ережелер, 3-басылым, толықтыру, Жалпы редакциясын басқарған Ә. Смайылов. – Астана, 2009, 574б.

2.      «Жеке кәсіпкерлік туралы» 2006 жылғы 31 қаңтардағы №124-111 Қазақстан Республикасы Заңына  N188-IV 17.07.2009 N188-IV Қазақстан Республикасының Заңымен енгізілген өзгерістермен.

3.                 Статистика теориясы: Оқулық / Р.А. Шмойлова, В.Г. Минашкин, Н.А. Садовникова, Е.Б. Шувалова. Редакторы Р.А. Шмойлова. – 4-басылым, қайта өңделген және толықтырылған - М.: Қаржы және статистика , 2004. – 656б.