МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ АҚПАРАТТЫЛЫҒЫН ДАМЫТУДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ

Шаханова Розалинда Аширбаевна

Зав.кафедрой филологических специальностей

Института магистратуры и докторантуры PhD,

доктор педагогических наук, профессор

 

     Қазіргі қоғамның дамуы жаһандану үдерісімен анықталады.  Барған сайын экономикалық қатынастар дүниежүзілік халықтардың өзара тәуелділігін арттырып келеді, өйткені ғаламдық бірыңғай экономикалық кеңістіктің қалыптасу үдерісі қарқынды жүріп жатыр. Сол сияқты мәдени және саяси қатынастардың өзара тығыз әрекеттестігі демократиялық, жалпы адамзаттық құндылықтардың кең таралуына мүмкіндік берді. Бұл үдерісті барынша үдемелі таралуына зор ықпал еткен байланыс құралдарының дамуы. Ақпараттық технологиялар – мобилді телефон, телехабар, факс, электронды пошта және Интернет торы кеңістік пен уақытты “тығыздады”: адамдар бір сәтте араларында он мың шақырым жатқанына қарамай бір-бірімен хабар-ласады және қажетті құжаттарды жібере алады. Бірыңғай ақпараттық кеңістіктің қалыптасуы ақпараттық экономиканың үстемдігін орнатуға жол ашты.  

     Қазақстанның жаңару кезеңінде тұрған басты мақсаты – ол мемлекеттігін нығайту, соның негізінде жаңа әлеуметтік экономикалық және әлеуметтік-саяси қатынастары қалыптастырылады. Ал ол үшін қазақ халқының дәстүрлі қоғамымен сабақтастығын қалпына келтіру, қазіргі өркениеттің талаптарына бейімдеп сәйкестендіру, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту арқылы әлеуметтік, ұлтаралық шиеленістердің оңтайлы шешімдерінің негізін жасау қажет.

     Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытудың әлеуметтік маңызы ретінде қоғаммен және оның негізгі элементтерімен өзара әрекеттесуін қарастыруға болады: мысалы, қоғамдық өндіріс элементтері, экономикалық қатынастар элементтері, саяси жүйе элементтері, рухани өмір элементтері.

 Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытудың әлеуметтік маңызы:

·        тілді үйренудегі  қажеттілікті зерттеу, қоғам өмірі мен жеке өмірдегі оның рөлін, түсініп, бағалау;

·        тілдің әлеуметтік маңыздылығы арқылы білім сапасын және деңгейін бағалау;

·        қоғам мен білім алушылардың тілді үйренуге деген көзқарасы,  оның әлеуметтік құндылықтарын зерттеу;

·        әлеуметтік мәртебенің факторы ретінде қазақ тілінің  рөлін көрсету;

·        рухани қажеттіліктер мен мүдделер серпініне қазақ тілінің әсер ету деңгейін анықтау.

     Экономикалық ғылымдар қоғамдағы өмірге қажетті материалдық құрал-дарды өндіру мен  айырбастау, бөлу мен тұтыну саласында билейтін заңдарды зерттейді. Экономика пәні адамдардың өндірістік қатынастары мен оның негізінде қалыптатасатын экономикалық қызметтердің түрін зерттейді. Бұл қоғамдық қатынастардың айқындаушысы болғанымен бір түрі ғана. Ал социология экономикадан ауқымдылау тұтастық туралы білім беретіндіктен, экономикалық  ғылымдар оған сүйенуге тиісті. Олар өндірістік дамуды дара адамның әлеуметтік дамуымен ұштастыруға жете көңіл бөле алмайды. Әлеуметтану экономиканың ұйымдық, техникалық, басқару т.с.с. мақсаттарды шешудегі қызметкерлердің мінез-құлқын талдайды.

     Егер әлеуметтану өзінің пәні ретінде тұтас қоғамды зерттеуге және оның неғұрлым жалпыға ортақ заңдарын ашуға тырысатын болса, психология психикалық құбылыстарды, яғни мінез-құлықтың белгілі бір түрі тудыратын ішкі субъективті күйзелісті зерделейді. Психологияның пәні болып табылатындар - адамның мінез-құлқының ішкі қырлары, оның субъективті күйзелістері. Дей тұрғанмен де, адамдар арасындағы қарым-қатынастарда, олардың бір-біріне қатысты мінез-құлықтарын­да бұл қатынастардың құрамдас бөлігі болып табылатын психологиялық элемент те бар. Сондықтан да әлеуметтану қоғамдық қатынастарды зерделей отырып, адамдардың мінез-құлықтарын себептерінің, сезімдері­нің және көңіл-күйлерінің психикалық элементтерін назарға алуы тиіс. Бірақ та қоғамдық құбылыстарды тек қана психикалық құбылыстарға телу дұрыс болмас еді. Сөйтіп, әлеуметтану мен психологияның байланысы олардың пәндерінің байланысынан туындайды. Ал олардың пәндерінің байланысы қоғамдық құбылыстарды зерделеген кезде психикалық элементтерді назарға алу қажеттігін ғана емес, психикалық құбылыстарды зерделеген кезде олардың әлеуметтік шарттылықтарын, әлеуметтік ортамен байланысын ескеру қажеттігін де көрсететіндігінде.

Әлеуметтану да, психология да адамды және оның мінез-құлқын зерделейді. Алайда олар мұны өз пәндерінің ерекшеліктері тұрғысынан әр түрлі жасайды. Дегенмен де олар өз пәндерін зерделеген кезде үйлесімді бағыт ұстанады және олардың арасында ынтымақтастық қарым-қатынас бар деп айтуға болады.

Экономика ғылымы өз күш-жігерін материалдық өндірісті, адамдардың экономикалық қызметін зерттеуге шоғырландырады, экономикалық өзгерістер әлеуметтік процестерге әсерін тигізеді. Сондықтан әлеуметтану экономикалық теорияға сүйенбей, онымен өзара әрекетке бармай тұра алмайды. Екінші жағынан алғанда, өмір көрсетіп отырғанындай, экономикалық процестердің өзі өндірісте, бөлуде, алмасуда және тұтынуда әлеуметтік шарттар мен факторлардың және оларды пайдаланудың ықпалына барған сайын тәуелді бола түседі. Бұл да экономикалық және әлеуметтік ғылымдардың өзара әрекетін нығайта түсуді талап етеді.

Егер де экономика ғылымы қоғамдық өмірдің бір ғана, мейлі өте маңызды саласының заңдылықтарын зерттейтін болса, әлеуметтану қоғамның тұтас дамуының негізінде жататын және оның барлық, соның ішінде экономика салаларында ерекше көрініс табатын неғұрлым жалпы және кең ауқымды заңдылықтарын зерттейді.

Сондықтан тілді үйрету мәселесін зерттегенде оның қоғамдық өмірде алатын рөлін, әлеуметтік қызметін қарастыру маңызды.

     Әрбір ғылымның атқаратын қызметі қоғамның күнделікті өмірімен өзара әрекеті және байланыстарының сан қырлылығын көрсетеді. Мұнда қоғамның сол ғылымның нақты танымдық немесе түрлендіруші әрекеттеріне деген сұранысы қамтылады. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде үйретуде оның қоғам өмірімен байланысының алуан түрлілігі, қоғамдық мақсаты, атқаратын қызметімен айқындалады. Біріншіден, тілді үйретудің әлеуметтік маңызын зерделей отырып, тілдің әлеуметтік дамуын сипаттаумен, түсіндірумен және ұғынумен байланысты мәселелерді шешуге бағытталады. Екіншіден, тілдің әлеуметтік маңызын түрлендірумен, оның әлеуметтік процестерге жоспарлы түрде, мақсат көздей отырып, ықпал етудің жолдары мен құралдарын талдаумен байланысты проблемаларды зерделейді. Ақпараттық оқыту технологиясы арқылы тілді оқытудың танымдық-әлеуметтік және тәжірибелік-әлеуметтік маңызын бөліп қарауға болады.

Танымдық-әлеуметтік маңызы ең алдымен, қазақ тілінің әлеуметтік даму заңдылықтарын зерттеумен, әр түрлі әлеуметтік құбылыстар мен процестердің өзгеру үрдістерімен байланысты.

 Тілдің танымдық-әлеуметтік маңызын  жүзеге асыру арқылы қоғамның мәні, оның құрылымы, заңдылықтары, негізгі бағыттары мен үрдістері, жолдары, оның қызмет атқаруының және дамуының нысандары мен тетіктері туралы білімді кеңейтуге және нақтылауға мүмкіндік береді. Тілдің танымдық қызметі тілді үйретудің барлық деңгейінде жүзеге асырылады. Адамзат қоғамының әлеуметтік дамуының заңдылықтары мен келешегін ашып көрсету мемлекеттік тілдің қызметімен тығыз сабақтасады.

Қазақ тілінің тәжірибелік-әлеуметтік маңызы әр түрлі әлеуметтік үдерістерді басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі тәжірибелік ұсынымдар мен ұсыныстар жасауға ат салысуымен айқындалады.

Тілдің тәжірибелік-әлеуметтік қызметі оның танымдық-әлеуметтік қызметімен тығыз байланысты.  Ақпараттық оқыту технологиясы қоғамның түрлі салаларының даму заңдылықтарын ашып көрсете отырып, әлеуметтік үдерістерге қажетті нақты ақпарат береді. Тілдің тәжірибелік-әлеуметтік қызметі ең алдымен қоғамның болашақ дамуына қатысты ғылыми негізделген болжамдар ұсынатындығынан көрініс табады. Қазақ тілін ақпараттық оқыту технологиясы арқылы үйретудің танымдық-әлеуметтік маңызы  мен тәжірибелік-әлеуметтік маңызының орны ерекше.