Қабул О. Қ.

аға оқытушы, гуманитарлық ғылымдар магистрі

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті

Қазақстан, Қостанай қ.

 

АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ ЖӘНЕ АДАМ ТӘРБИЕСІ

 

Абай – халқымыздың ұлы ұстазы, тәлімгер педагогі. Оның өлеңдері мен қарасөздерінің ең басты обьектісі – АДАМ, басты мақсаты – АДАМ тәрбиесі. АДАМ болғанда да «өзі үшін оттаған хайуанның» бірі емес, адамдар үшін еңбек ететін, «ақыл, қайрат, нұрлы жүректі тең ұстайтын», жан-жақты жетілген АДАМ. Абайша айтқанда, «толық адам». Ал «толық адам», «жетілген адам» дегендердің мағынасы – терең философиялық ұғымдар. Адамды адамгершілік тұрғысынан жетілдіруді көздейтін үлкен даналық ойлармен ұштасып жатқан күрделі мәселе.

//Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,// //Сонда толық боласың елден бөлек.// //Жеке-жеке біреуі жарытпайды,// //Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек,// [1,12] – деп ұлы ойшыл бүгінгі педагогиканың алдында тұрған ең өзекті мәселе – адамгершілік принципке негізделген тәрбие болуы керектігін айқындап берген.

Абайдың мұраты – адамды адамгершілік, кісілік жағынан жетілдіру арқылы қоғамды жетілдіру, қазақ қоғамын ілгері дамыған мәдениетті елдер қатарына қосу. Оның өлеңдері мен қара сөздері дүниетанымдық, философиялық, әлеуметтік, қоғамдық, этникалық, педагогикалық, психологиялық ой-пікірлері осыны дәлелдейді. Ол сомдаған, бірін-бірі толықтырып отыратын ұлттық бейнелер халқын бірлікке, еңбек етуге, өнер-білім үйренуге шақырған ұлттық мүддеден туған [2].

Бұл ретте Абай, ең алдымен, білімнің, ғылымның қоғамдағы орнын, адамды кісілікке тәрбиелеудегі маңызын жақсы түсінді. Абай ғылым, білімді адам бойындағы рухани қазынаның үлкені және әрбір жігерлі жастың талпынатын мұраты болу керектігін көрсетеді. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңін алып қарайық.

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ер жеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы,

Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім? [1,72].

Бір қарағанда бәрімізге онда айтылған ой-пікір етене таныс, құлағымызға әбден сіңісті дүниедей көрінеді. Алайда қайтадан бір зер салып оқып, көкірек көзімен түбіне жете үңілсек, бүгінгі проблемаларды көрмейміз бе?

//Атымды адам қойған соң,// //Қайтып надан болайын.// //Халқым надан болған соң,// //Қайда барып оңайын,// деп күрсінеді Абай. Әрине, Абай заманынан бері көп дүние өзгерді. Жаппай сауаттылыққа қол жетті. Жастарымыз бірнеше тілді меңгеріп жатыр. Дегенмен, мәдениеттіліктің шыңына шықтық деп те айта алмаймыз. Дарақылық, мақтаншақтық, бәдіктік, дөрекілік, бойкүйездік бізден әлі кеткен жоқ. Ал ішімдік жағынан оны бізге үйреткен ағайындар жолда қалды. Қалада да, ауылда да өтетін тойларды қараңыз: атасы мен келіні, ағасы мен қарындасы қағыстырып, қағып салып жатқаны. Осылай кете бере, өзімізден- өзіміз жоқ болармыз.

Абайдың ойшыл, дана ретінде негізгі этикалық принципі – «Адам бол». Бұл ретте Абай еңбектің рөлін жоғары қояды. Абайдың түсінігінше, еңбек – адамның ақыл-ойының тереңдігін, сезім дүниесінің сұлулығын, ерік-жігердің тәртіптілігін реттестіретін, бойдағы енжарлықты, бойкүйезділікті, еріншектікті, тіпті, қайғы-қасіретті жоятын, адамды жігерлендіретін теңдесі жоқ шипа.

«Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратына сүйеніп, еңбекіңді сау, еңбек қылсаң қара жер де береді, құр тастамайды» деген дәл бүгінгі күнімізді көріп тұрғандай. «Аштан өліп, көштен қалмаспыз» деген психологиядан арылу керек. Мемелекет ждас бала мен қарттарға ғана көмектеседі. Жастарды тіршілік көзін табуға баулу керек. Ендігі жерде: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, содан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық... Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниенің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, кедейлік бәрі осыдан шығады», [1, 469] – дейді бұдан әрі 38-қара сөзінде. Бала жүрегінде адамгершілік, адамдық пен имандылық тағылымдарын ұялатып, Абай: «Кімде- кімнің әділеті жоқ болса, оның ұяты да жоқ. Ұяты жоқтың иманы жоқ» - дейді. Адам болам деген кісіге қажет бес дұшпан мен бес досты ажыратуды міндет етіп қояды.

//Ғылым таппай мақтанба,// //Орын таппай баптанба,// //Құмарланып шаттанба// //Ойнап босқа күлуге,// //Бес нәрседен қашық бол,// //Бес нәрсеге асық бол,// //Адам болам десеңіз.// //Тілеуің, өмірің алдында,// //Өсек, өтірік, мақтаншақ,// //Еріншек, бекер мал шашпақ-// //Бес дұшпаның білсеңіз,// //Талап, еңбек, терең ой,// //Қанағат, рақым, ойлап қой-// //Бес асыл іс көнсеңіз// [1,92].

Абай даналығы, ұлылығы осы сабақтастыққа құрылған: надандық шеңгеліндегі босқа өткен халық өмірі, оған налыған, қиналған жүрек, ақыры одан құтқарған ақиқат жолды көрсету.

Ақынның қай туындысы болмасын, оның алтын арқауы болып Адам тұрады, адамға деген махаббат тұрады. Ұлы ақын нағыз адам, толық Адам қандай болу керек деген ұлы сұраққа жауап іздейді, әрі оған жауап та береді. Абай поэзиясын тақырып- тақырыпқа бөлшектемей, тұтастай қарастырсақ мынадай үш баға жетпес асыл қазыналарды бөліп алар едік.

1. Адамды, бүкіл адамзатты сүю. Оны жай сүю емес, хақтың жолы деп сүю, алла махаббатпен жаратқан Адамды сүю.

2. Алланы сүю, оның «хикметін сезіну», тәңірі үшін «махаббат қыла» сүю, «алланы жаннан тәтті» сүю.

3. Бір-біріңді сүю, адамдық, адамгершіліктің басты қасиетті достықпен сүю.

«Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп деп тахқиқ біл.

Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ

Басты байла жолыңа, малың түгіл»-

деген өлең жолдарының өзі-ақ бізге сара жол ашып тұрған жоқ па? Абайды оқытуды осы үш сүюден бастауымыз керек [3,37].

 

Әдебиеттер тізімі

1. Абай. Шығармаларының бір томдық жинағы // Ред. Жиреншин Ә. Алматы., 1961.

2. Егеубаев А. Адамшылықтың алды-ар, ақыл. //Егемен Қазақстан, 19 желтоқсан, 1992, 5-бет.

3. Дайырова Ә., Құрманбаева Г. Абайдың тәлімгерлік тағылымы.  А., Рауан, 1996, 136 б.