Уразгалиева Салтанат Бекежанқызы

аға оқытушы, филология магистрі

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Қазақстан, Қостанай қ.

 

ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ АНА БЕЙНЕСІ

 

Еліміздің ірі қоғам қайраткері, ХХ ғасыр қазақ әдебиетінің көрнекті өкілінің бірі – Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов. Жазушының шығармашылық жолы өте бай, туындылары әдебиет тектерін толық қамтыған. Қай туындысын алсақ та Ғ.Мүсіреповтің қаламгерлік ерекшелігін қыр-сырынан тани аламыз. Ол қазақ әдебиетінің барлық жанрын дамытуда аянбай еңбек еткен академик-классик жазушы. Ғабит Мүсірепов өзінің қоғамдық, публицистік, журналистік, сыншылдық қызметімен де туған халқының мәдениетінің дамуына зор еңбек сіңірді. Алайда қазақ халқы оны үлкен суреткер жазушы деп таниды, көркем сөздің хас шебері деп біледі, құрмет тұтады.

   XX ғасырдың басындағы қазақ прозасында әйел теңсіздігі тақырыбы ерекше орын алғанын білеміз. Қазақ әдебиетіндегі ірі, орта эпикалық туындылардың алғашқыларының -«Бақытсыз Жамал», «Қалың мал», «Шұғаның белгісі» атауларынан-ақ олардың тақырыптық-идеялық сипатын  айқын аңғарамыз.

Жалпы осы тақырыпта да қазақ әдебиетінің кемеңгері Ғ. Махмұтұлы Мүсірепов ана бейнесін ашуда үлкен үлес қосты. Әйел-Ана тұлғасын сомдауда бүкіләлемдік аналар галереясын байыта түсті. Сонымен қатар сөз өнеріне де тақырыптық-идеялық сипатта зор үлес қосты. Жазушының әдеби-шығармашылық еңбегіне үлгі болған Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Крылов, Чехов, Толстой, Салтыков-Щедрин сияқты орыс классиктері және батыс классиктері болды. Отызыншы жылдардың орта шенінде жазушыны М. Горькийдің ана тақырыбына жазған романтикалық әңгімелері қызықтырады. Гуманист жазушы М. Горькийдің адам деген ардақты атты жоғары бағалауы, өмірге рух себуші, тіршілік иесі аналардың қоғамдағы рөлі Ғ. Мүсіреповке үлкен ой салады. Ол М. Горькийдің «Адамның анасы» және «Өлімді жеңген ана» атты екі новелласын аударып, өзі де «Ақлима», «Ананың анасы», «Әмина», «Ананың арашасы», «Ашынған ана», «Ана жыры», «Ер ана», «Атақты әнші Майра», «Айгүл қойшының күндері», «Айжан қойшының түндері» атты әңгімелерін жазады. Жазушының «Ана» тақырыбындағы шығармаларының жиынтығы ретінде 1974 жылы «Ұлпан» атты ірі эпикалық туындысы дүниеге келді. «Ұлпан» - бүкіл аналардың жиынтық бейнесі, «Ұлпан» - тарихи ел шежіресінің мазмұнында құрылған роман, ана тақырыбына жазылған шығармаларының ішіндегі ең көлемдісі. Романда қазақ ауылының жүз жылдық тұрмысы, әдет-ғұрпы, барымта, қалыңмал беріп, қыз айттыру, бай мен кедей арасындағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы кең көлемде сөз болады. Бір уез елді билеп билік айтушы, дүйім елдің үлкен-кішісіне басшы, ақылгөй болу - Ұлпан сияқты дана әйелдерге ғана тән қасиет. Жазушы жасаған Ұлпан – аналардың анасы, ел билеген көсем, сөз бастаған шешен.

Ғ.М. әңгімелеріндегі қазақ әйелдерінің өршіл де өжет, қажырлы да сабырлы, пайымды да ақылды қасиеттері барынша жарқын суреттелген. Жазушы әңгімелерінің көркем идеясы, сюжеттік құрылымымен тамаша сабақтасқан озық туындылар ретінде бағаланады. Әңгімелерінің бір ерекшелігі - адам психологиясына терең бойлататын қайсарлық, өжеттік, адалдық қасиеттерді ішкі күрделі көңіл-күймен шебер танытады.

Қаламгер әңгімелерін мазмұны мен пішіні, тақырыбы мен идеясы, сюжеті мен композициясы, көркемділік ерекшелігі, тілі мен стилі, жанрлық ерекшелігі, образдар жүйесін жан жақты түрлі тәсілдермен талдаулар арқылы шығармаларының мән-мағынасын терең де толық қамти аламыз. Жазушының ана тақырыбына жазған әңгімелерінде ананы ардақтау, оның ұлылығы алдында бас ию басым болып келеді. Жазушы суреттеген әйелдер өз балаларының  ғана емес, жалпы адамзаттың асыл анасы ретінде асқақ ардақталады. Өйткені, ол – адамға өмір сыйлаушы, қоғамдық өмірдің тірегі, қайнар көзіндей мәңгілік махаббаттың иесі. Жазушының ана әңгімелері оқырмандарын адамгершілікке үндейді, үлкенді сыйлауға, адамға мейірбан болуға тәрбиелейтін танымдық-тәлімдік, тәрбиелік маңызы жоғары туындылар.

Жалпы әдебиеттің мақсаты – адамгершілікке, адамдық, адалдық қасиеттерге баулу. Жазушы туындыларының қайсысын алсақ та, олар - үлкен көркем рухани дүниелер. Сондықтан да аналар образындағы әңгімелерін оқығанның өзінен-ақ жан тебіреніп асқақ армандарға жетелейді, адамдық ұлы қасиеттерді бойға сіңіруге зор септігін тигізеді.

 

Әдебиеттер тізімі

1.Әуезов М. Әдебиет тарихы.А.,1991.

2.Қазақ әдебиетінің тарихы. ІІ том, ІІ кітап. А.,1965.

3.Қаратаев М.,Нұртазин Т., Қирабаев С. Қазақ совет әдебиеті.Алматы:Мектеп,1971.

4.Нұрғали  Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. Ас.,2002.