Құлабаев Н.Ж.

аға оқытушы

А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, Қазақстан, Қостанай қ.

 

ПОЭЗИЯ БАҒБАНЫ

 

Академик Т. Кәкішев Абай шығармашылығындағы сыни ойларды тарата талдай келіп: «Данышпан Абай ақындық сөздің әлеуметтік мағынасына және ақын-жазушының қоғам алдындағы міндеті мен парызына айрықша мән берді. Көркем сөздің зор әлеуметтік-қоғамдық маңызын ұққан кемеңгер ақын өзіне де, өзгеге де өрелі талап қойды» [1,46] – деп түйіндейді. Ғалымның бұл пікірі Мұқағалидың ақындық ұстанымына да құйып қойғандай шақ келіп, жарасып тұр. Мұқағалидың «Әдебиетімізді арамшөптерден тазартатын күн туар ма екен?! Қайдам? Осы күнгі әдебиет нағыз таланттардың әдебиеті емес, пысықтардың, жерлестер мен достардың, жағымпаздар мен қорқақтардың шатпағы. ...Қашанғы осылай созыла бермек? Арамшөптерді түп-тамырымен жұлып тастауға әлдекімнің батылы жете ме? Менің ойымша, ол бір ғана кісінің қолынан келетін іс емес. Сондықтан мен әдебиетіміздің тазалығы үшін қиналатындарды, азшылық таланттарды мынаған шақырам: Достар, таланттар! Бірігіңдер!» [2,31] деген ақындық-азаматтық үндеуі Абайдың эстетикалық өресімен, өлең өнеріне деген талап-талғамымен тамырласа сабақтасып жатыр.

М. Мақатаевтың «Рух және сезім», «Сезім найзағайы», «1969 жылғы қазақ поэзиясы», «Қазақ жырының бір жылы» атты мақалалары қазақ әдебиеті сынының тарихындағы өзіндік орны  бар еңбектер. Аталмыш мақалаларда әдебиет пен әдеби тұлғаның шығармашылық әлемі, қаламгерлік шеберлігі  жайындағы парасатты ой-толғамдар, толымды пікірлер көрініс беріп, ақынның әдеби ортада көп айтыла қоймайтын сыншылық қыры ашыла, айқындала түседі.

«Рух және сезім» атты мақалада ақын О. Сүлейменовтың кеңестік әдебиет сынында ең шоқтығы биік туындылар қатарына енгізілген туындыларының бірі – «Адамға табын, Жер, енді!» поэмасы мен Е. Ибраһимнің «Өмір өлмейді» дастаны төңірегінде ой өрбітеді. «1961 жылы сәуірдің 12-сінде КСРО-ның айбынын асырған Юрий Гагаринге социалистік елдер батыр атағын бірінен кейін бірі жарыса тапсырып, тіпті Айдың арғы бетіндегі кратерге дейін есімін беріп жатқанда – Олжас Сүлейменовтің арнау өлеңі арнайы қағазға басылып, Алматының төбесінен ұшақпен шашылды. Адам баласының ғарышқа тұңғыш ұшуын жырлаған Олжас Сүлейменов небәрі бір айдың ішінде кеңес еліндегі ең танымал ақындардың біріне айналды» [3]. Мақала авторы поэманың тіліне, тақырыптық ерекшелігіне, кеңістігіне тоқталып, толымды талдап, баға береді. Мұқағали әуелі «Ал енді осыдан бірер жыл бұрын әлі жұрт көзіне түсе қоймаған балаң ақын Олжас: «Жер, Адамға табын!» - деп жар салып еді, адамдар құлақ түріп, елең ете қалды. Алайда, Жер-Ананы тізе бүктіретіндей Олжаста қандай күш бар? Алып жерге айғай салатындай қандай құқығы бар оның?»  [4, 248] – деп, авторлық өктемдікке қатысты мәселені төтесінен қойып алады да, кезең талабы тудырған өршіл үннің сырын былайша түсіндіреді: «Бұлай деп жар салмаса, Олжас Олжас болмас еді! Ғарышқа жол тартқан ұлы көшке ұлағатты сөз керек болды. Ғасырдың құдіретін, адамның құдіретін айқындайтын жыр керек болды жұртқа» [4, 248]. Сыншы поэманың тақырыптық ерекшелігін, жағашылдығын даралап көрсетіп, композициялық құрылысына, логикалық дамуына, ақындық шеберлік мәселесіне тоқталады. «Ғажап жері, поэмада ақын қанша бұлтарыстар, кілт шегіністер жасағанымен, біздің сезімде бүгінгі күннің, дәуіріміздің тынысы тұрады да қояды. Бақсақ, ақынның өзі айтқандай, дүние осы өзгерісті, осы ғажайыпты баяғыдан күткен екен.» [4, 248] – деп туындының тарихи маңызының салмақтылығына назар аударады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы (Оқу құралы). Алматы: «Санат», 1994. – 448 бет.

2.     Мақатаев М. Күнделік. Алматы: Жалын, ТПИК «Жеті», 1991. – 48 бет.