Право /7.Экологическое, земельное и аграрное право.

Оқытушы Сайдахмет Э

Қ.А.Ясауи  атындағы Халықаралық қазақ-түрік университет. Қазақстан    

Қазіргі таңда Қазақстандағы экологиялық проблемалар

Қазіргі таңда Қазақстандағы экологиялық проблемалар қатарына Арал, Балқаш, Каспий, Семей аймағын жатқызуымызға болады. Ендеше осы аталған жерлерге тоқтала кетсек:

            Арал өңірінде туындап отырған қазіргі экологиялық апаттар нышаны жыл өткен сайын теңіз суын таратуда. Оның фаунасы мен флорасы жойылып бітуге жақын. Топырақтың тұздануы өте жылдам жүруде. Арал теңізінде балық өсіру шаруашылығы тоқталып, соңғы 1-2 жылда ғана қайта қолға алынды. Ондағы тұрғындардың әлеуметтік жағдайы төмендеп кетті. Теңіз түбінен көтерілген улы тұздардың мөлшері жылына 13-20 млн. тонна деп есептеледі. Тіптен, тұзды шаңдар әсері сонау Орта Азия республикалары аумағына жетіп, ауылшаруашылығына зардабын тигізуде. Арал өңіріндегі климаттың өзгеруі шөл белдеменің табиғи ландшафтарын бірте-бірте күрделі әрі қайтымсыз атропогендік экожүйелерге қарай ығыстыруда.

            Қазіргі Арал өңірінде адамдардың денсаулығы күрт төмендеп кетті. Бұл өңірде соңғы мәліметтер бойынша туберкулез, бүйрекке тас байлану, сары су, өкпе-тыныс жолдарының қабынуы, жұқпалы ауралар республиканың басқа өңірімен салыстырғанда жоғары көрсеткішті беріп отыр.

            Арал теңізінің болашағы дүниежүзі халықтарының толғандыруда. Оның біржола жойылып кетуі Орта Азия мен Қазақстанды ғана емес көптеген Шығыс елдерінің тыныс-тіршілігіне өзгерістер әкелмек. Ал ауытқушылықтар антропогендік экожүйелердің тұрақсыздығын тудырады. Арал мәселесі соңғы 10 шақты жылда географ және эколог ғалымдар арасында жиі-жиі пікір таластар туғызады. Арал мәселесі туралы халықаралық конференциялар ұйымдастырылды. Өркениетті елдер қаржылай көмек көрсетуде. Олар негізінен Орта Азия республикалар, Ресей, АҚШ, Жапония, т.б. мемлекеттер.

 Қазақстан Республикасының табиғи байлық қоры өте мол. Осы байлықты заңды, әрі тиімді түрде, аса зор қамқорлықпен пайдалануымыз керек. Су қорларын, қоймаларды сақтау-экологиялық проблеманың ең күрделі саласы екені барамызға мәлім. Бұл әсіресе Арал теңізінің тағдырымен байланысты.  

Каспий теңізінің алып жатқан географиялық орнына байланысты (шөл зонасы) еліміздің шаруашылық саласында атқаратын маңызы өте зор. Сонымен қатар сол маңдағы шөлді алапқа ылғал әкелуші су айдыны ретінде де үлкен рөлі бар. Солтүстігіне құятын Еділ өзенінде бөгендердің салынуы, мұнай кәсіпшілігінің өркендеуі теңіздің экологиялық жағдайын нашарлатты. Соңғы жылдары бұл аймақ мұнай мен газды өндірудің маңызды экономикалық ауданына айналды. Теңіз деңгейінің көтерілуіне байланысты бұл аймақ табиғи апат жағдайына ұшырады [1, 2 б.].

Табиғи қорларын игеруде де, бұл аудандағы табиғат компоненттерінің өзгеруіне байланысты мынадай проблемалар туындауда:

- экологиялық апатты аймаққа жататындықтан, негізгі әрекет етуші Капустин Яр, Азғыр полигонының ұзақ уақыт бойы жұмыс істеуіне байланысты тұрғын халықтардың денсаулығының күрт нашарлауы;

- мұнай мен газдың өндірілуіне байланысты тіршілік дүниесінің өзгеруі, балықтардың (бекіре) қырылуы, уылдырық шашатын көксерке балықтарының кеміп кетуі;

- осы теңізге ғана тән (эндемикалық) итбалықтың мезгіл-мезгіл қырылуы;

- аңызақ жерлердің шаруашылыққа тигізетін кері әсері (жел эрозиясы) [2, 1 б.].

Балқаш көлі алабында да қүрделі экологиялық жағдай қалыптасып отыр. 1970 жылы Балқашқа құятын Іле өзенінде Қапшағай бөгені мен су электр станциясының (СЭС) салынуы Іле-Балқаш су шаруашылығы кешенінде бетбұрыс кезең болды. Іле өзенінің гидрологиялық режимі өзгеріп, жалпы Іле-Балқаш алабындағы экологиялық жағдай өзгере бастады. Қапшағай су торабын жобалау кезінде Іле өзенінің атырауындағы табиғат кешенінің жағдайы ескерілмеді. Соның нәтижесінде онда тіршілік ететін жануар дүниесіне (ондатр, балық, т.б.) және ауыл шаруашылығына көп зиян келеді. Ақдала алқабын суландырып, күріш егу жобасы да толық жүзеге аспай қалды. Қыруар қаржы текке жұмсалды. Іле өзенінің атырауы кеуіп, оның кері әсері Балқаш көліне тиді. Суармалы алқаптардың көлемінің есепсіз кеңейтілуі, төменгі Іле қоңыр көмір кен орнын игеруді бастау көлдің болашағы үшін қауіпті. Болжау бойынша, XXI ғасырдың басында, көлдің батыс бөлігінің мүлде кеуіп, шығысының тұзды шалшыққа айналуы мүмкін. Бұл өз кезегінде Балқаш маңындағы ландшафтылар мен экологиялық жағдайларды түбірімен өзгертіп, тіршіліксіз шөлге айналдырады. Көл деңгейінің төмендеуі оның суының шамадан тыс минералдануына әкеп соғуда. Бұл, бір жағынан, егістік далалардан көлге қайта келіп құятын су құрамында әр түрлі тұздардың көп болуына байланысты. Сонымен қатар алаптағы өзгерістер Балқаш маңы аймағының климат жағдайларына да әсерін тигізеді. Су айдынының тәуліктік температураны, ауа ылғалдылығын реттеуші ретіндегі әсері өз күшін жояды. Ғалымдардың болжауынша, Балқаштың тартылуы Батыс Сібір мен Қазақстандағы географиялық зоналардың шекараларын өзгертуі мүмкін. Ауаға шығатын улы заттардың концентрациясы (ауыр металдар, шаң-тозаң, күкірт тотығы, көмірқышқыл газы және т.б.) белгіленген мөлшерден он есе артық. Ең ауыр жағдай Тараз, Теміртау, Алматы, Шымкент, Балқаш, Риддер, Өскемен және басқа да қалаларда қалыптасқан. Осы қалаларда лас заттардың концентрациясы жыл бойынша белгіленген мөлшерден 5-10 есе артады. Ауа кеңістігінің ластануы пайдалы қазбалар өндіретін аудандарда да байқалады. Атмосфераның ластануы Байқоңыр космодромында ғарыш кемелерін ұшыру кезінде де байқалады. Өнеркәсіпті аудандарда ауа кеңістігінің ластануымен катар ластану сол жердегі су көздерін қамтиды. Сырдария өзені ағысының 35-40%-ы өндіріс орындарының қалдық суларынан түрады. Өзен суында дизентерия, паратиф, гепатит, сүзек ауруы қоздырғыштары мен өте қатерлі гексахлоран кездеседі. Өнеркәсіп орындарының ластаушы заттарына жер игеру нотижесінде пайда болған масштабы химиялық ластанудың көлемдері ұлғаюда. Өсімдік жамылғысын қорғайтын әр түрлі химиялық заттар, дефолианттар, пестицидтер, мөлшерден артық қолданған тыңайтқыштар, тек қана қоршаған ортаны емес, тамақ өнімдерін де ластауда. Адам әрекеті нәтижесінде табиғи кешендердің өзгеруі Адамның шаруашылық әрекеті табиғаттың өзгеруіне әсер ететін ерекше фактор [3, 25 б.].

Адам еңбек пен ақыл ойдың арқасында қоршаған ортаға бейімделумен қатар, оны өзгертеді де. Сондықтан табиғатты өзгерту барысында адамзат оның кейінгі зардаптарын да ескеруі қажет. Табиғат кешендеріне кері әсер ететін озық ғылыми-техниканың тікелей қатысы жоқ. Ол өзгерістерге кінәлы прогресс емес, техникалық жобаларда адамның шаруашылық әрекетінің әсері есепке алынбаған. Жауын-шашын мөлшерін, топырақ ылғалдығын ескерместен топыраққа минералды тыңайткыштар енгізу, ол заттардың шайылып, өзендер мен бөгендердің ластануын туғызды. Мұның бәрі қаншама еңбек пен шикізатты зая кетірумен бірге, қоршаған ортаның жағдайын нашарлатады. Ірі бөгендер салуда аумақтың табиғат ерекшеліктерін ескермеу мезгілсіз батпақтануға, топырак, өсімдік жамылғысы мен сол жердің микроклиматының өзгеруіне әкеп соғады. Қазіргі кезде антропогендік ландшафтар басым. Ландшафтарды жақсарту үшін оларды өзгертетін шаралар жүргізеді. Соның бірі – мелиорация. Мелиорация жердің жағдайын жақсарту мен оны пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталған шаралардың жиынтығы болып табылады. Табиғатты тиімді пайдалану, көркейту және қорғау кешенді түрде қарастырылуы қажет.

Рио-де-Жанейро декларациясының қағидаларын есепке ала отырып Қазақстанның экологиялық қауіпсіздігі проблемалары және қоршаған ортасының жағдайына ғаламдық, ұлттық және жергілікті деңгейде қаралуын қарастырады.

Ғаламдық экологиялық проблемаларға климаттың өзгеруі, озон қабатының бұзылуы, биоәртүрліліктің азаюы, шөлейттену және жердің құлдырауы (деградация) жатады. Ұлттық экологиялық проблемаларға экологиялық апатты аймақтар; Каспий теңізі қайраңы ресурстарын белсенді игерумен байланысты проблемалар; тарихи ластану; трансшекаралық мәселелер; әскери ғарыштық және тәжірибелік кешендер полигондарының әсерін жатқызуға болады. Жергілікті экологиялық проблемаларға ауа бассейнінің ластануын, радиоактивті, тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтары, табиғи және техногендік төтенше жағдайларды жаткызуға болады. Адам әрекетінен Қазақстан жерінде тез шешуді қажет ететін проблемалар бар [4, 6 б.].

Еліміздің тарихындағы ең қайғылы парақтардың бірі - Семей ядролық сынақ полигонының өмірге келуі Алғашқы атомдық жарылыс дауысы 1949 жылы 29 тамызда болды. Семей ядролық полигоны ауданында 450-ден астам жер үсті және жер асты сынақтары жүргізілді. Ядролық қару-жарақтарды сынау аймақтың табиғи ортасына және халықтың денсаулығына кері әсерін тигізді. Республика көлемінде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жұмыстар жоспарлы түрде іске асуда. Олар: жер қойнауын тиімді пайдалану (минералды шикізаттарды кешенді пайдалану, игерілген жерді рекультивациялау және көгалдандыру) ядролық сынақтарының өткізілуі нәтижесінде атмосфераға, гидросфераға және литосфераға өте үлкен мөлшерде радиоактивті материалдар шығарылды. Тек Семей ядролық полигонының ғана емес, соған жақын жатқан орасан үлкен аумақтар да (Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жезқазған облыстары және Ресей Федерациясының Алтай өлкесі) радиоактивті ластануға ұшырады. Соның нәтижесінде сол аумақтағы көптеген тірі ағзалар және тұрғын халықтар зардап шекті. Ядролық техниканы сынаудың  салдары: рак, катаракта, туберкулез, аллергия, глаукома, жүрек, тері және нерв-жүйке, психикалық аурулар, екі басты, қолы жоқ, бүйрексіз балалардың өмірге келді. Мұндай аурулар әрбір отбасын дерлік қамтыды.

            Осы жоғарыда көрсетілген қазіргі Қазақстан Республикасындағы өзекті мәселелердің шешімін табу үшін Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өзінің жылдағы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауларында, Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауiпсiздiк тұжырымдамасында, Ќазаќстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған ќұќыќтыќ саясат тұжырымдамасында, конференциялар мен саммиттерде күрделі тақырыптардың бірі ретінде айтылып жүргені бәрімізге белгілі. Солардың бір дәлелі 2011 жылдың қыркүйек айының 22 жұлдызы күні Астана қаласында «Еуропа үшін қоршаған орта атты 7-ші министрлер конференциясы өткен болатын. Бұл конференцияда қоршаған орта және оны дамыту жөніндегі декларация, сондай-ақ Астананың «Жасыл көпір» атты бастамасы қабылданған болатын. Бұл бастаманың негізгі мақсаты, экономикада «Жасыл даму» саясатын алға жылжытуда Еуропа, Азия және Тынық мұхиты елдеріне қолдау көрсету болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «ЕЛІМІЗДІҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ПРОБЛЕМАЛАРЫ»

 www.zhastar.biz/index.php?name=files&op=view&id=699

  1. «Егенмен Қазақстан» газеті. 22.09.2011 ж. №449-450 (26843).
  2. Қазақстандағы экологиялық проблемалар www.kitaphana.kz/ru/...na.../3017-ekologialik-problemalar-.htm
  3. Адам әрекеті нәтижесінде табиғи кешендердің өзгеруі.

 www.kazembassy.gr/index.php?option=com_content... - Cached - Similar