Жанат Дәулетбекова
Доктор педагогических наук,
Ассоциотивный профессор
Казахстанского-Британского технического университета
(Казахстан, г.Алматы)
Мектепте әдеби тіл нормаларын меңгерту – тілдік
сауаттылықты қалыптастырудың басты шарты
Оқушыны сөз
мәдениетіне төселдіру, ең алдымен, әдеби тілдің
нормаларын дұрыс меңгеруден бастау алады. Ғалым Н.Уәлиев зерттеу еңбегінде сөз
мәдениетінің нормативтік аспектісі мен қатысымдық
қырының өзара бірлігін былайша тұжырымдайды: “Сөз
мәдениеті, алдымен, әдеби тілдің грамматикалық,
лексикалық, стилистикалық, орфоэпиялық, орфографиялық
нормаларын меңгеру, сонымен бірге бейнелеуіш, көріктеуіш
амал-тәсілдерді қарым-қатынас жасаудың мақсаты
мен мазмұнына сай етіп қолдана білу дегенді білдіреді” [1, 6].
Яғни сөз мәдениеті, бірінші кезекте, әдеби тіл
нормаларын қамтиды да, екінші кезекте, сөйлеу шеберлігі
деңгейіне қатысты мәселелерді қарастырады. Осы
тұрғыдан алғанда, сөз мәдениетінің бірінші
аспектісі сөз дұрыстығы болуы тиіс екендігі дау
туғызбайды.
Тілдік нормалар сөз дұрыстығы деген ұғыммен
барабар келеді. Балаға тіл үйрету де дұрыс
сөйлеудің жолдарын таныту арқылы жүзеге асырылады.
Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінде сөзді
талғап жұмсаудың басты шарты былай көрсетіледі:
“Сөз дұрыстығы – әр сөздің, әр
сөйлемнің дұрыс күйінде жұмсалуы. Ол үшін
сөз мағынасын, тұлғасын өзгертетін жалғау,
жұрнақтарды дұрыс тұтыну керек; сөйлем ішінде
сөздерді дұрыс септеп, дұрыс көптеп, дұрыс
ымыраластыру керек; сөйлемдерді бір-біріне дұрыс орайластырып,
дұрыс құрмаластыру, дұрыс орналастыру керек” [2,48 б.].
Тіл мен норманың арақатынасы туралы
А.Байтұрсынұлының бұл пікірі оқыту
үрдісінде үнемі ескеріп отыруды қажет етеді. Өйткені
әдеби тіл нормасы тіл тазалығын қамтамасыз етеді: біріншіден,
ол оқушыға сол қоғамда әбден орныққан
ортақ заңдылықтарды қолдануды міндеттейді, орынсыз
ауытқушылыққа жол бермейді; екіншіден, тілді
қарабайырлықтан сақтайды, диалектілер мен жаргондардың
орынсыз қолданылуына тосқауыл қояды; үшіншіден, баланы
сөзді талғап жұмсауға төселдіреді. Сол себепті
қазақ әдеби тілінің нормаларын меңгерту жалпы
білім беретін мектептің бастауыш және негізгі мектеп
сатыларындағы білімнің өзегі етіп алынады. Бастауышта ол
практикалық тұрғыдан меңгертілсе, негізгі сатыда әрі
теориялық, әрі практикалық жағынан қатар
игеріледі. Бұл сатыда оқушы тілдің әр саласына
қатысты әдеби тіл нормаларынан хабардар болады. Мәселен, ол
фонетиканы оқу барысында қазақ тілінің ең басты
заңы Үндестік заңы екенін білу арқылы оның
әдеби тіл нормасы екенін де саналы түсініп, сөйлеу тілінде
оны қолданудың міндеттілігін ескеруі тиіс.
Сөз дұрыстығымен сабақтас қаралатын
мәселенің бірі – сөз қолданым. Себебі “сөз қолданым –
сөйлеу не жазу үдерісінде сөз таңдау, қолдану
принципі, сондай-ақ әдеби тіл нормалары тұрғысынан
сөз жұмсаудың ережелері мен заңдылықтары” деп саналады
[3,360 б.]. Ойды мүлтіксіз жеткізуде грамматикалық
тұлғалардың сөз мазмұнын анық та
нақты, түсінікті жеткізуде рөлі ерекше, сондықтан
сөйлеушіден тұлға мен мазмұнның сәйкестігін
сақтау талап етіледі. Олай болса, сөз қолданым мәселесі
тіл мәдениетімен тікелей байланысты екендігі дау тудырмайды.
Егер сөз мәдениеті, алдымен, әдеби тілдің
лексикалық, грамматикалық, стилистикалық, орфоэпиялық,
орфографиялық нормаларын меңгеру, сонымен бірге бейнелеуіш,
көріктеуіш амал-тәсілдерді қарым-қатынас жасаудың
мақсаты мен мазмұнына сай етіп қолдана білу дегенді білдіреді
деп тұжырымдалса, онда бұл тұжырым сөз мәдениеті
ұғымының аясына енетін бір-бірімен тығыз
сабақтасып жатқан тілдік мәселелердің нақты екі
бөліктен тұратынын пайымдауға негіз болады. Яғни
сөз мәдениеті, бірінші кезекте, әдеби тіл нормаларын
қамтиды да, екінші кезекте, сөйлеушінің сөз
табиғатын шеберлікпен игеру деңгейіне қатысты
мәселелерді қарастырады. Егер сөз шеберлігінің сөз
дұрыстығы сатысынан кейін қалыптасатынын ескерсек, онда
қазақ тілі пәні мазмұнының да осындай
сатылы-сабақтастық ұстаным негізінде өзара бірлікте
жүруі заңды. Оқытудың жүйелілік,
сабақтастық, қарапайымнан күрделіге қарай немесе жеңілден
ауырға қарай секілді дидактикалық ұстанымдарына
сүйене түзілуі тиіс білім мазмұны да қазақ тілін
меңгертуде сөз дұрыстығы мен сөз шеберлігі
аясындағы білім көлемін нақтылау қажеттігін
көрсетеді.
Әдеби тіл нормаларына “тұрақтылық, қолданыс
аясының кеңдігі, жалпылама қолданымдық, жалпыға
ортақтық, тілдік жүйенің өзіндік
дәстүрі мен мүмкіндіктеріне сәйкестік тән” [3,72
б.]. Қолданушылары шетсіз де шексіз ұлы даланың, кең
байтақ өлкенің қай жерін мекендесе де,
айтарлықтай тілдік айырмашылығы болмаған, жалпы жаратылысы әу
бастан-ақ текті де таза қазақ тілінің нормалары
оның табиғи болмысымен тығыз тұтасып
жатқандықтан, оны үйрету де қиынға
соқпайды. Тек тілді оқытуда
оны өзге тілдің қалыбына салып қоймай, “біріншіден, оны
өз табиғатына сүйене отырып жүргізуге, екіншіден, сол
білімді баланың ұғыну психологиясынан туындатып
үйретуге” [4,5 б.] басымдылық берілуі шарт.
Әлбетте, тіл үнемі даму
үстіндегі құбылыс болғандықтан, оның
әдеби тілдік нормалары да ішінара өзгеріп, жетіліп отыратыны
заңды. Ондай өзгерістер, әсіресе, сөз мағынасына,
сөз тұлғасына, сөз құрамына қатысты
болып отырады. Тілде жаңа сөздердің, оралымдардың
тууымен байланысты екі не одан да көп нұсқалардың
қатар қолданылатын кезеңдері болады. Сондықтан
әдеби тіл нормасында да екіұдай қалыпта қолданылатын
сөздер ұшырасып жатады. Ол бала тіліне де әсер етпей
қоймайды. Сол себепті ғалымдар тілдің нормалануының
үш деңгейін саралап көрсетеді:
1-деңгейдегі норма - қатаң норма - міндетті түрде
сақталуы керек, өзгертілмейтін, басқа
нұсқаның қолданылуына жол бермейтін норма. (Мысалы:
ауызша тілде шегара деп айтылғанмен, жазбаша нұсқада тек шекара
деп қолданылады).
2-деңгейдегі норма - босаң норма - екі
нұсқаның қатар қолданылуына шек қоймайтын,
еркіндікке ыңғайлы норма. (Мысалы: мақрұм
сөзінің махрұм, рақмет сөзінің рахмет
нұсқасы тілде қатар қолданыла береді).
3-деңгейдегі норма -
өзгермелі норма - ауызекі тілдегі көнерген формалардың
қолданылуына шек қоймайтын норма” [5,77 б.]. Біздіңше,
алдыңғы екеуі нормалану деңгейіне жатқанымен,
соңғы деңгей норманың талабына жауап бере алмайды.
Өйткені нормалаудың басты кртерийі – оның
тұрақтылығы. Ал осында көрсетілген үшінші
деңгейде ол талап мүлде ескерілмейтіндіктен және тілді
қарабайырландырып жіберетіндіктен, оны норманың деңгейіне
жатқызу ойға сыйымсыз.
Сөз мәдениетінің нормалық сапасының
сақталуы әр сөздің мағынасын дұрыс
ажыратып, орынды қолданумен тығыз байланысты. Яғни
мұнда лексикалық норманың мәні ерекше деген сөз.
Сол үшін мектепте оқылатын тіл білімінің әр саласы
оқушыға сол саладағы негізгі нормаларды сақтай білуге
үйретуден басталады. Сөздерді өз мағынасына сай
қолдана білу сөйлеушінің тілдік талғамы мен ой
дәлдігін өзара бірлікте дамытады.
Сөз тазалығы адамның ой тазалығын да, оның
жалпы тілдесімге деген биік жауапкершілігін де танытады. Өйткені тілді
шұбарламай сөйлеу, ең алдымен, адамның сол тілге деген
құрметінен туындайды. Ойдағы алалық қана тілдегі
алалыққа әкеледі.Сондықтан да Ахмет
Байтұрсынұлы ана тілдің сөзін басқа тілдің
сөзімен шұбарламауды тіл тазалығының белгісі деп
қарастырады және “тіл
тазалығы тіл анықтығын тудыратынын, яғни айтылған
лебіздің ашық мағыналы, түсінуге жеңіл,
көңілді күдіктендірмеуіне әсер ететінін”
бағамдайды [2,180 б.]. Жалпы, сөз тазалығының
сақталмауының себебін екі тұрғыдан
қарастыруға болады. Біріншіден, тілдесімде бөтен сөздердің
қолданылуы жағынан; екіншіден, сөйлеуде басы артық
сөздер мен оқшау сөздерді, сөз тіркестерінің
кірістірілуі жағынан сөз тазалығына нұқсан
келеді. Шындығында әлемде
бөтен сөз араласпаған, шеттен сөз
қабылдамаған бірде-бір тіл жоқ. Мәселе сол
сөздердің дұрыс, орынды қолданылуына байланысты болып
отыр. Сөз байлығы мен тазалығына қатысты В.Г.Белинский
былай дейді: “Орыс әдебиетінің әр дәуірінде шет
сөздер ағыл-тегіл еніп отырады; біздің дәуір де ол
салттан арыла алған жоқ. Бұл қалып жуырда жойыла
қоймайды: бөтен жерде туған идея бізге келгенде бөтен
сөзді ертіп ала келеді.... Бірақ тілдің тағдыры жеке
адамның бұрмалауына көнбейді. Тілдің сенімді, азбас
сақшысы бар, ол сақшы – тілдің тума рухы, табиғаты,
тума данышпандығы. Сондықтан да шеттен енген сөздің
көбі өзінен-өзі жоғалып, азы ғана өмір
сүріп қалады. Жаңадан енген орыс сөздері де сол
заңға бағынады: біразы кірігіп, іске асады,
қалғандары жоғалады. Әйтсе де, жат ұғымды
атау үшін олақ жасалған орыс сөзі шет сөзден
тиімді емес, қайта әлдеқайда жаман” [6,127 б.]. Дәл
осындай жай қазіргі қазақ тілінің де басынан
кешірілуде. Жаһандану жағдайындағы алыс-жақын шет
елдермен алыс-берістің арта түсуі, әсіресе, сөздік
қорға үлкен салмақ салуда. Күнделікті
бұқаралық ақпарат құралдарындағы, сан
алуан жарнамалардағы “шұбар тіл” мектеп балаларының санасына
сіңбей қалмайды. Ендеше,
бүгінгі шұбар тіл ана тіліміздің ертеңгі
тағдырына қалай әсер ететінін бағамдау қиын емес.
Сол ағылып келіп жатқан сөздердің кейбірі
күнделікті тұрмыста қолданылатын, тілде бұрыннан бар
сөздердің өзін ығыстыратын жайы да кездеседі. “Тіл –
бейне бір шексіз мұхит, оған дария суы да, ірілі-ұсақ
өзен суы да, қайнар бұлақ та, өткінші жауын
да, қажетсіз лай да құйылып жатады”. Мәселе сол
сөздердің ішінен қажеттілерін іріктеп ала алатын
талғамды қалыптастыруда.
Осы орайда бүгінгі мектеп оқушыларының ғана
емес, жалпы қоғамдық сипат алып бара жатқан
келеңсіз үрдістің бірі – сөйлеу тілінде кірме
сөздердің, бөгде тілдік элементтердің жиі
қолданылуы. Осы құбылыстың тым кең етек алуы
тілдің мәдениетін төмендетумен бірге жастардың ойлау
қабілетіне де кеселін тигізеді. Сондықтан сөз мәдениетінің
арнайы пән ретінде оқытылуы жас буынды осы тілдік кеселден
сақтауға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Сөйлесімде диалектілер де тілдің тазалығына кері
ықпал етеді. Ғалым Ш.Сарыбаев сөзде диалектизмдердің
қолданылуынан туындайтын кері әсерді оның тек тіл
тазалығына нұқсан келтіруімен шектемейді, “ол
сөздің түсініктілігіне де кедергісін тигізетінін” айтады.
[7,98 б.]. Өйткені диалект әр аймақтың адамына
түсінікті болғанмен, қазақ тілінде
сөйлеушілердің барлығына бірдей ұғымды емес.
Бұл орайда қазақ тілін оқытуда жалпы табиғаты
таза да текті қазақ тілінің сөз қорында
диалектілердің де, жаргондардың да, қыстырма
сөздердің де өте елеусіз деңгейде кездесетінін
балалардың өзі сезінетіндей жұмыстар жүргізудің
ұтымды жақтары мол. Мұнда көне мұралар тілін де,
кейінгі шешендік сөздерді де, қазіргі сөз шеберлерінің
айтқан ой-пікірлерін де қатар қамти отырып, көз
жеткізуге болады. Ал ізденіс сипатындағы жұмыстарда оқушы
өз ортасындағы адамдардың сөйлеу тіліне талдау жасау
барысында өзіндік тұжырым жасағаны ұтымды. Бұл
орайда әр түрлі әлеуметтік топқа жататын
адамдардың (қарттардың, интеллигенттердің, оның
ішінде әр түрлі пән мұғалімдерінің,
жоғары білімді өзге де мамандық иелерінің, мектептес,
сыныптас оқушылардың) тілінің негізінде қорытындылар
шығару жалпы адам болмысы мен сөз мәдениетінің
арасындағы байланысты бағамдауға жол ашады.
Кемшіліктердің сырын өзіндік ізденіс арқылы тану бала
үшін үлкен мектеп болып қалары даусыз. Тек сабақ үстінде
ғана емес, жалпы мектеп ішінде тіл тазалығына қатысты арнайы
шараларды оқушылардың өздері ұйымдастырса, оның
әрі тәрбиелік, әрі білімдік маңызы жоғары
болмақ.
Соңғы
жылдардағы зерттеулерде тілдік норманы іштей одан да әрі жіктеп
бөлу үрдісінің барын байқауға болады. Бұл
қазақ тілін оқытуда оқушылардың сөз
мәдениетін жетілдіруге өз септігін тизетіні кәміл.
Мәселен, ғалым С.Аташев тілдің ішкі құрылым
жүйесіне байланысты мынадай тілдік нормаларды көрсетеді:
-
сөйлегенде тілдегі дыбыстардың
дұрыс-анық айтылуы (фонологиялық-дикциялық);
-
сөйлеу әуені, қарқыны,
дауыс күші мен кідірістерді сақтау және дауыс тембрі
(интонологиялық-просодиялық);
-
екпіннің түсуін және
түрлерін сақтау (акцентологиялық);
-
әріп таңбаларын дұрыс,
түсінікті салып жазу (шрифтологиялық-каллиграфиялық);
-
сөйлеу мәдениетіне қатысты
нормалардың сақталуы (қатысымдық);
-
тілдегі көркемдік құралдар, тіл
байлығын, оның мүмкіндіктерін пайдалану: көркемдеу,
айшықтау, дәлдеу, сөздерді іріктеу
(образды-эстетикалық);
-
сөйлеуде тілдің өз
заңдылықтарына қатысты халықтық,
дәстүр-салттық ерекшеліктерді сақтау
(коммуникативтік-зтникалық);
-
сөйлегенде ойдың көлемін,
мазмұндық құрылымын, хабардың жеткізу
жүйесін реттеу (информативтік-коммуникативтік, контекстік) [8,56 б.].
Бұлардың
әрқайсысын тілді меңгертуде әмбебап жүйе ретінде
қарастыруға болады. Себебі олардың барлығы сөз
мәдениетіне келіп саяды. Сөз мәдениетінің бірінші басқышы
тілдік норма болғандықтан, оның барлық талаптарын білу,
сол талаптарды сөйлеу, жазу тілдерінде берік ұстану
оқушылардың тіл туралы дүниетанымын кеңейтумен бірге
тілдік дағдыларын жетілдіруде негізгі шарт болып саналады.
Қорыта айтқанда, оқушының сөзді дұрыс
қолдануда сөз тудырушы, сөз түрлендіруші
жұрнақтардың, жалғаулардың рөлін білуі,
сөздердің еркін және тұрақты тіркестеріндегі
ойдың нақтылана, тереңдей түсетінін түсінуі,
сөйлем құраудағы сөздердің орын
тәртібі мен сол тәртіптен әдейі ауытқу арқылы
ойды әсерлеп жеткізудің жолдарын қоса меңгеруі
ғана шын мәніндегі сөз мәдениетіне жетелейтін
баспалдақтар болып саналады. Бұл жұмыстар стильдің
түрлерін өткенде одан әрі тереңдеп, өрісі
кеңейе түседі. Ауызекі сөйлеу тілі мен күрделі де
күрмеуі мол ғылыми стильдің аралығындағы
айырмашылықтарды түсіну барысында сөз қолданымның
табиғатын тануға мол мүмкіндік беруіне басты назар аударылып,
нақты мақсат етіп алынады.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1
Уәлиев Н. Сөз мәдениеті. -Алматы: Мектеп, 1984. -119 б.
2
Байтұрсынұлы А. Бес
томдық шығармалар жинағы. -Алматы: Алаш, 2003. -1-том - 408
б.
3
Қазақ тілі. Энциклопедия. -Алматы: Қазақстан даму институты, 1998. -509 б.
4
Рахметова С. Қазақ тілін оқыту
методикасы. -Алматы: Рауан, 1991.- 184 б.
5
Сыздық Р. Сөз саралау мәдениеті //
Сөз өнері. -Алматы, 1978. -18-24 б.
6
Белинский В.Г. Таңдамалы шығармалары.
-Алматы: Қазақтың біріккен мемлекет баспасы, 1948. 1-кітап. -
215 б.
7
Сарыбаев Ш. Көркем әдебиет тіліндегі
жергілікті ерекшеліктер// Жазушы және сөз мәдениеті. -Алматы,
1983. -131-138 б.
8
Аташев С. Қазақ тілі қандай тіл
немесе тіліміздің қарым-қатынастық
заңдылықтары // Қазақ тілі мен әдебиеті. -1996.-
№1-54-59 б.