Балтабаева Г.С.

Доцент кафедры казахской литературы КазГосЖенПУ. г.Алматы

Тәуелсіздік кезеңіндегі  қазақ әңгімесіндегі жалғыздық сарыны

 «Жалғыздық қашанда жеке адамның басындағы қайғы-қасіретке, ішкі ойға, емін-еркін егілуге де, ішкі құпия тіршілікке ерік беруге, өз сезімін қадағалауға да, қадағаламауға да құқысы бар мезет. Өйткені, адам жалғыз қалғанда ғана ішкі ой еркіндігіне бой алдырады. Жалғыздық – адамға өз ойымен болуға, еске алу, елестеу, қайғыру, сүйсіну, белгілі бір шешім қабылдау т.б. секілді толып жатқан философиялық, психологиялық категориялар мен процестерді, сан алуан түрлі сезімдерді бастан кешетін кезең.». [1.192 б].

Қазіргі  прозадағы жиі кездесетін жалғыздықтың  түрі: махаббаттағы  жалғыздық. Мәселен,  Бейбіт  Сарыбайдың «Жалғыздық жыры» әңгімесінің  өзегі: «Ол жалғыз екен. Жаны жалғыз екен. Жалғыздығынан қашып құтыла алмапты».  [2.118 б]

Бұл жас автордың концепциясы. Әңгімеде махаббат үштігі бар, басы солай басталғанмен Арманнан ажыраған Ләйланы Заңғар мүлдем баурап ала алмайды. Көп ішінде жалғыздық идеясы мұнда ерекше лирикалық қуатпен суреттеледі. Екеудің жүрегі қабысып кетуіне не кедергі? Автор бұл сауалдың басын ашық тастайды. Әңгіменің жұмбақ романтикалық мұңға оранып тұратыны сондықтан. Бірақ бұл әңгімеде адам баласының табиғатына тән – бақытқа құштарлық сезімі күшті. Оқырманды түңілдірмейтіні сондықтан. Әйтпесе екі ғашықтың бейнесі толық ашылмаған. Олар бір символ тәрізді. Тірі адамдардан бөлек. Адамдар бір-бірін не үшін қинайды деп айтқысы бар автордың. Тобыр таптап кетпес үшін тәкәппарлық таныт дейді автор. Бірақ бұл сүйген жүректерге жүрмеуі тиіс. Әңгімені тылсым мұң әсерлі қылып тұрады. Автор сенімді күйретпейді, сонысымен ұтып тұр. «Сондықтан бақыттың баламасын табуғатырысады. Оны, әлбетте, бірінші кезекте махаббатпен байланыстырады. Әбден дұрыс. Алайда сезім диалогы дамымаса, бақыттың орнын қайғы басады. Қайғының досы – жалғыздық.

Әлем әдебиетіндегі экзистенцилизм сарыны жалғыздық , сырт ортадан бөгделеу ниетіне негізделеді.

Махаббаттың қырсық салдары арзан түспейді. Қасірет. Әрине, өзін сүйгені түсінбеген жан – жалғыз. Демек, жалғызлықтың тамыры тереңде.

Автордың  кейіпкері у-шуы, қуаныш-қайғысы мидай сапырылысқан тіршіліктен безіп, жалғыздыққа қарай қашып, құдайдың шұғылалы сәулесінің жылуын іздеуге ұмтылады. Құдай – адам жүрегінің сәулесі. Ол өлгенше сенімен бірге болатын жалғыздығың, қуанышың мен қайғың –деп  ой  түйдіреді. Автордың кейіпкері мына дүниенің жалған екенін сезіп, махаббаттың да қас-қағым сәттік елес екенін ұғып, оның нәзік сәулесінің сөніп, жылуы жоқ күлге айналатынына көзі жетіп отыр. Дүниенің бәрі қаламгердің кейіпкерінен теріс айналып кетіп, көңіл кеңістігіңдегі аласұрған алапат ақ боран жаныңды қоярға жер таптыртпағанда жалғыз жұбанышы – жалғыздық болғандығын  кейіпкердің  монологымен жеткізеді.

Суреткер  кейіпкерін  ең жақын адамынан айырған  кезде  беймәлім өмір мен бүгінгі тіршіліктің арасын жалғап тұрған жалғыз жіп те – жалғыздығы қалды қасыңда деп түйіндейді.  Жазушының  кейіпкерінің жаны мөлдір бұлақтай кіршіксіз таза, арманы жаңа жауған ұлпа қардай әппақ болғанмен азғантай ғұмырыңдағы алтыннан да қымбат уақытыңды білім қазынасын ақтарумен өткізіп, жүрегі жұмбақ Әлемнің сиқырлы сырын түсінемін деп күні-түні маза таппай, өзіңді-өзің әуре-сарсаңға салынып, күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырылды. Автордың  айтпағы  жалған тіршіліктегі ұлы күнә жұмыр басты пенденің ойынан басталатындығында. Ой – адам өмірінің әміршісі һәм тергеушісі. Екі аяқты ұлы тобырды бақытсыз еткен де – сол ойдың империясы. Ой – адамның Алла алдындағы алғашқы жасаған пендешілігі. Ұлы Жаратушының адамнан басты айырмашылығы – оның пендешілігі жоқ. Адамның әлсіздігі – пендешілігінде. Пендешіліктің темір құрсауынан құтылу үшін кейіпкер жалғыздығыңа қарай қашты. Қаламгер  кейіпкерінің жан  жалғыздығын  көрсету  арқылы оның әлсіздігің көрсетіп отыр. Бірақ  қанша дегенмен кейіпкердін  жанының осалдығы ұмтылған биіктігі – ұлылық екендігінде. Ал, ұлылық дегеніміз – өзіңе дейінгі тас талғамды бұзу. Кейіпкері  жалғыздықтан қашып құтыла алмаған  автордың  өзі  де   жан  жалғыздығына  бой  ұрып, ұлылықты аңсап отыр. Бейбіт Сарыбайдың кейіпкері дүниедегі жан жалғыздығынан  қашып  құтыла алмай босқа таусылып жүр.Қайталанбайтын тағдырдың жоқтығындай, қайталанбайтын ой, қайталанбайтын шығарма да жоқ. Әр нәрсені бір ойлап, тәнін азапқа салғанмен, кейіпкердің тәніңмен қоса жаны да бірге қиналып отыр. Себебі «Жан – тәннің идеясы» (Спиноза). Ағысқа қарсы жүзген кейіпкер жаны – сол тәннің құрбандығы ғана. Жалғыздық тақырыбы. 

 

Әдебиеттер:

1. Г.Пірәлиева. Ізденіс өрнектері. Әдеби сын. Зерттеу. Сұхбаттар. М.Әуезов әңгімелеріндегі жалғыздық проблемасы. Алматы, 2001. – 220 б. 25 бет.

2. Бейбіт Сарыбай. Рауғаш ерте гүлдейді. Алматы, «Жалын  баспасы», 2009 жыл,  - 160 б.