Мамаділ Қ.А.
филология
ғылымдарының кандидаты
Астана қаласы Еуразия гуманитарлық институты
Түркі тілдерін
тілдік (фонетикалық, морфологиялық) тұрғыдан топтастыру
– классификациялау, сөйтіп әрбір тілдің түркі тілдері
құрамындағы орнын айқындау Махмуд
Қашқаридан басталады [1,27]. Демек, сан ғасырлық
геосаяси жағдайлар келтірген кедергілерді есептемегенде, түркі
тілдерін зерттеуге салыстырмалы
әдісті қолданудың өзіне 1000 жылға жуық
уақыт болды деуге болады. Махмуд Қашқаридың айтуынша,
«Сахара, қыр халықтарынан шыққан
жомұлдардың тілдері өз алдына жеке тіл. Олар түрікшені
жақсы біледі. Қай, ябақу, татар, басмыл тайпаларының да
өз тілдері бар. Олар түркі тілдерін әлімсақтан бері
біледі. Қырқыз, қыпшақ, оғыз, тохси, яғма,
чігіл, оғрақ, жарұқ тайпалары тек түркі тілімен
ғана сөйлейді. Иәмәк пен башқырт тілдері
оларға жақын» [2,11].
Мұндағы «жақын» - салыстырмалы зерделеуден
туындағын концепт. Махмуд Қашқари еңбегіңде мысал
ретінде қамтылған 262
мақал-мәтелдің біразы
ішінара лексика-семантикалық трансформациялануға
ұшырағанымен, қазіргі түркі тілдерінде, айталық,
қазақ және татар тілдерінде мағынасын
сақтаған. Мәселен, жинақта: Ікі қочқар башы бір әшәчта бышмас;
қазақ тілінде: Екі
қошқардың басы бірқазанға сыймайды; татар тілінде: Ике тәкә башы бер казанга (табакка) сыймас. Мұндай
тілдік деректер қазіргі қазақ және татар тілдеріндегі
фразеологизмдердің тарихи негізінің бір екенін білдіреді. Аталған екі тіл де түркі тілінің
«қыпшақ немесе солтүстік батыс» [1,28] тобына жатады немесе
«ең жаңа түркі тілдері» [3,406] тобына кіреді.
Н.А.Баскаковтың жіктемесі бойынша да, олар «батыс ғұн
тілдері» бұтағының «қыпшақ тобының» [3,
406-407] құрамына кіреді. Қыпшақ тобына жататын
қазіргі түркі тілдерінің тілдің барлық
ярустарындағы типологиялық, генетикалық бірлігі,
ұқсастығы немесе параллельдігі, сөз жоқ,
оладың өзара тығыз байланыстағы тарихи
үдерістерді басынан кешіргенін білдірсе керек. Мәселен,
«Қыпшақ тілдерінің Көне Бұлғар мемлекеті
тұрғындарының тілімен жанасуынан
қыпшақ-бұлғар негізді татар, башқұрт
тілдері қалыптасты» [1,29]. Қыпшақ-ноғай
тобындағы қазақ, қарақалпақ, ноғай
тілдеріндегі айқын тілдік параллельдер жөнінде де солай деуге
болады. Десек те, оған
қазақ және татар
тілдеріндегі қолданылып жүрген параллель фразеологизмдерге жалпы семантика
тұрғысынан сипаттама бергенде көзіміз анық жете
түседі.
Қазақ және
татар тілдеріндегі
фразеологиялық параллельдер олардың сөздік
құрамында әбден орныққан. Мәселен, отпен ойнау / ут белан уйнау, отқа май
құю / утка май сибү, от ала келу / ут алырга килгән,
отқа жанбас , суға батпас / утта янмас, суга батмас, оқу –
инемен құдық қазғандай / уку – энә белан
кое казу, ойыннан от шығады / уеннан уймак чыга, ортақ тіл табу /
уртак тел табу, ойнап айтсаң да, ойлап айт / уйнап
әйтсәң дә уйлап әйт, ұрыға мал
құтаймас / угры малга котаймас, аңдамай сөйлеген,
ауырмай өледі / уйламый сөйләсәң, авырмый
үләрсәң, өз үйінде сызу сызбаған кісі
үйінде ою ояр / үз өендә умач умаганны кешеге барып
токмач жәйгән, қызу қанды / кызу канлы, қызым,
саған айтам, келінім сен тыңда / кызым, сиңә әйтәм, киленем, син тыңла
т.б. сияқты фразеологизмдер екі халыққа ортақ.
Семантикалық аспектіде ескерту, сақтандыру, тыйым салу, әдеп
т.б. білінеді.
Түркі тілдес халықтардың о бастағы
тарихи және генетикалық бірлігі кейінгі дербестену үдерісіне
қарамастан, жойылып кетпегені осы, күні бүгінге дейін
түркі тілдерінде ортақ айтылып келе жатқан
фразеологиялық тіркестерден де байқалып отырады. Бұл
параллельдік құбылыс түркітануда фонетикалық,
лексикалық фразеологиялық, семасиологиялық,
этимологиялық, сөзжасамдық және грамматикалық
өлшемдер тұрғысынан қалалады.
Осы
өлшемде негізінде қазақ және татар тілдеріндегі
фразеологизмдерді түрлі топтарға бөлуге болады. Мысалы: 1.
«Білім» және «ақыл»
сөздері тірек болған фразеологизмдер
(қазақ / татар): ақыл
бастан – асыл тастан /акыл баштан - асыл таштан ;
білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар / беләге юан
берне егар, белеме юан меңне егар ;
білімсіз достан, білімді
дұшпан артық / белексез дустан, белекле дошман артык; Білім ине-
мен құдық қазғандай / белем алу – энә белән кое казу.т.б.
2. Достық пен дұшпандық сөздері тірек
болған фразеологизмдер: дұшпаныңа өлім тілегенше,
өзіңе өмір тіле / дошманга үлем теләгәнче,
үзеңө гомер телә. дос басқа – дұшпан
аяққа қарар / дус башка - дошман аяққа карар т.б.
3. «Сөз» сөзі тірек
болған не байланысты
фразеологизмдер: айтылған сөз
– атылған оқ
/әйткән сүз - аткан ук; көп біл де, аз сөйле;
сөз атасы – құлақ / күп бел дә аз сөйлә. сүз атасы – колак,
т.б.
4. «Ана» мен «бала» сөздері
сөзі тірек болған
фразеологизмдер: алып анадан туар, алып анадан туар /
арғымақ биеден туар. аргамак биедән туар;
ананың көңілі балада, баланың көңілі
далада. ана күңеле
балада, бала күңеле далада; жұмақ ананың
аяқ астында / жәннәт - әниләр табаны астында т.б.
5. Жан – жануарлармен байланысты
фразеологизмдер: аюға намаз
үйреткен таяқ./ аюга намаз
өйрәткән таяк; бір оқ пен екі қоян атып алу / бер
атуда ике куян үтеру; бір қазанға
екі қошқардың басы сыймас / бер казанга ике тәкә
башы сыймас т.б.
6. Соматикалық
фразеологизмдер: аузына шайнап
бергенді жұта алмайды / авызына чәйнәп салганны
көтә ( йота алмый); бір аяғы жерде, бір аяғы көрде / бер аяғы жирдә, икенчесе
гүрдә; қолыңмен
істегенді, мойныңмен көтер
/ кулың белән эшләгәнне иңнең белән
күтәрерсең; екі көзі төрт болды / ике күзе
дүрт булды т.б.
«Тегінде, қазақ тілінде фразеологизмдер көп реттерде
адамның дене мүшелеріне (көз, аяқ, қол,
жүрек, кеуде, өкпе, шеке, иық, саусақ т.б.) қатысты
болып келеді» [4, 177]. Тілдік деректер мұндай құбылыс татар
тіліне де тән екенін көрсетеді.
8. Сан есімді фразеологизмдер:
Сан есімді фразеологизмдер екі тілде де молынан ұшырасады. «Бұл
халықтың ежелгі дәуірдегі ұғым-түсінігімен,
салт-санасымен ұштасып жатыр,- дейді І.Кеңесбаев [5,612]. Демек,
шығу, қалыптасу негізі бір. Алайда олардың арасында
лексикалық параллель бола алмайтындары да бар : бір ауыз сөз айтпау / бер авыз сүз дә
әйтмәү; 0 / бер авылның имгәге икенче авылга им
була; бір атқа екі ер салмайды / бер атка ике камыт кидермиләр; бір
оқпен екі қоян ату / бер атуда ике куян үтерү; бір
аяғы жерде, бір аяғы көрде / бер аягы жирдә, икенчесе
гүрдә; 0 / бер аягын атлаганчы икенчесен эт ашый; бір
аяғың анда, бір аяғың мұнда болсын / бер
аягың анда, бер аягың монда булсын; 0 / бер башка ике язмыш юк; бір
жылға қоян терісі де шыдайды / бер елга куян тиресе дә
чыдаган т.б.; екі ауыз сөз білмеу / ике авыз сүз
белмәү; 0 / ике агач арасында адашу; 0 / ике адымны бер итү;
0 / ике акча бер тиен, ике тиен бер акча; екі арада қалсын / ике арада
битерү; 0 / ике арага кара мәче керү (қазақ
ырымында ондай ғым жоқ, сондықтан калька түрінде
кездесуі мүмкін; 0 / ике арада
упкын болу; екі аяғын бір етікке тығу / ике аякны бер итеккә
тыгу т.б. Қазақ тілінде екі санының ұйтқы болуымен 60-қа
жуық, ал татар тілінде 60-тан астам фразеологизмдер кездеседі (дегенмен
құрамы одан да кең болуы мүмкін). үш / өч
сандарымен жасалған фразеологизмдер аз кездеседі. Қазақ
тіліндегілері: үйіріңмен
үш тоғыз, үш күндік пәни, үш қайнаса
сорпасы қосылмайды, үш мүйіз болу, үш тоғыз,
үш ұйықтаса түсіне енбеген; төрт / дүрт
санды фразеологиялық параллельдер де аз. Мысалы: төрт арыстың баласы
/ 0 ; төрт аяғынан тік тұрғызды / 0, төрт
аяғы тең жорға / 0 ; 0 / дүрт аяклы ат та абына; 0 /
дүрт куллау; төрт құбыласы түгел / дүрт
саны да сау, дүрт ягың кыйбла; екі көзі төрт болу /
дүрт күз белән көтү т.б.; бес / биш санды
фразеологиялық параллельдер өте сирек . Мысалы: бес қанат үй / 0; бес аспабы
сайлаулы / 0; бес аспап / 0; бес биенің сабасындай / 0; бес
аусақтай біледі / биш бармагың кебек белү; бес тиынға
тұрмады / 0; бесті қымыз
/ 0; бишектәге бишкә төрләнә / 0
(қырғызда – бешик баласы беш түлөйт); алты / алты
санды татар тілінде фразеологиялық параллельдер кездеспеді. Бірақ қазақ тілінде
бар. Мысалы: алтау ала болса, алты аласы,
бес бересі, алты алаш баласы, алты арыс, алты батпан азап (ауыр жол; жеті /
жиде санды фразеологиялық параллельдер кездеседі. Мысалы: жеті айлық бала жете туады / жиде
айлық житез була; жеті атасын таныту / жиде бабасын таныту; 0 / жиде
бабасына житү; жеті қат жер астында / жиде қат жир астында; 0
/ жиде кат тир чыкканчы; 0 / жиде кат тиресен тунау; жеті рет өлшеп, бір
рет кес / жиде кат үлчә, бер кат кис; жеті түнде / жиде
төн уртасы; 0 / жиде юл чаты (қазқша «тоғыз
жолдың торабы» дегенге сәйкес келеді); жеті жұрт / 0; жеті
атасына бітпеген / 0; жеті қазына / 0 т.б. Жалпы, қазақ
тілінде жеті негізінде жасалған
нақыл сөз, тақпақ, мақал т.б. фразеологизмдер
едәуір. Бұларда көне дәуір салт-санасының ізі
сақталған [5,612]; сегіз / сигез
санды фразеологиялық параллельдер сирек кездеседі: сегіз жұмақ қақпасын
ашу (сегіз бейіш) / сигез ожмах капкасын ачу; сегіз кессе, сіркедей қан
шықпайды / 0; сегіз қиыр шартарап / 0 ; сегіз қырлы, бір
сырлы / 0; тоғыз / тугыз санды фразеологиялық параллельдер кездеспейді. Қазақ тілінде де
сирек: тоғыз тұрып,
тоқсан толғанды; тоғыз айып тартты, тоғыз жолдың
торабы, тоғыз көзді кіреуке, тоғыз қатынның
толғағы қатар келу т.б.; он / ун санды
фразеологиялық параллельдер
кездеспейді. Қазақ тілінде барлары: он саусағынан өнері тамған, он салса бір баспайды, он
сан ноғай, он саусағындай білу, он екіде бір гүлі
ашылмаған, он екі нұсқау жез айыр, он екі мүше, он екі
саққа, он екі тұтам, он үште отау иесі, он
төртінші айдай, он сегіз мың ғалам; отыз / утыз санды
фразеологиялық параллельдер сирек кездеседі: отыз күн ораза... / утыз көн уразаның да бер
бәйрәме була; отыз тістен шыққан сөз отыз рулы
елге тарайды / утыз теш арасынан чыккан утыз галемгә жәелә
немесе утыз теш арасынан чыкса утыз кешегә (авылга) житә; отызында
рода бұзбаған, қырығында қамал алмайды / утызында
ук атмаган, кырыгында кылыч чапмас; отыз күн ойын қылу / 0; қырық
/ кырык санды фразеологиялық параллельдер сирек кездеседі: қырық кісі бір жақ,
қыңыр кісі бір жақ / кырык кеше бер якка, кыңгыр кеше
бер якта немесе кырык кеше бер якка, комсыз кеше үз якқа; 0 / кырыгына бер иман; 0 / кырык ел
көтү көтен, чыбыркы шартлата белмәгән; қырық
жамау / 0 ; қырық күн шілде / 0 ; қырық
құбылу / 0 т.б.
Мұндай сөз
тіркестері қазақтар мен татарлардың ұқсас
өмір салты немесе ортақ әлеуметтік, мәдени, рухани аядағы
тығыз байланыстарын білдіреді. Дербестену үдерісінде алшақтау
құбылысы сол тілдердің лексикалық
деңгейінің фразеологизмдер қабатынан да орын алды.
Фразеологиялық параллельдер қазақ және татар тілдеріндегі
жалпы фразеологизмдер атаулының бір бөлігіне ғана тән
болып келетіні де сондықтан.
Бүгінгі түркітануда
түркі тілдерін салыстырмалы лексика, салыстырмалы-тарихи лексика
тұрғысынан зерттеу
еңбектері көп емес. Осы бағыттағы зерттеулер, сөз
жоқ, түркі тілдерінің лексикалық
ықпалдастығына, сөйтіп түркі тілдерінің
өзара байланыста одан әрі дамуына, салыстырмалы
лексикографияның салалана ілгерілеуіне мол мүмкіндік береді
және түркі тілдерінің толық салыстырмалы
сөздіктерін жасауға жол ашады. деп ойлаймыз.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН
ӘДЕБИЕТТЕР
1.Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы.
- Алматы: «Мектеп»,1988.
2. Махмуд Қашқари.
Түбі бір түркі тілі («Диуани луғат ит-турк»). – Алматы: «Ана
тілі», 1993.
3. Қазақ тілі. Энциклопедия. – Алматы,
1998.
4. Серғалиев М. Стилистика негіздері.
Оқулық. – Астана, 2006.
5. Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі
қазақ тілі. Лексика. Фонетика. – Алматы, 1962.
6. Кеңесбаев І. Қазақ
тілінің фразеологиялық сөздігі. – Алматы:
7. Қазақша-орысша
фразеологиялық сөздік. – Алматы: «Мектеп», 1988.
8. Гаффарова Ф.Ф., Саберова Г.Г.
Татарча-русча идиоиалар сүзлеге. – Казань, 2006.