Мамаділ Қ.А.

филология ғылымдарының кандидаты,

Астана қаласы Еуразия гуманитарлық институты

ҚАЗІРГІ ТҮРКІ ТІЛДЕРІН ЗЕРТТЕУ МӘСЕЛЕСІНЕ

        ХХІ ғасыр түбі бір түркі халқын еркін ғылыми ізденістер тұрғысынан қайтадан немесе жаңаша зерттеуді талап етіп отырғаны белгілі. Одан қазіргі заман тілтанымы да тыс қала алмайды. Сондықтан қай ел мен жерде, қандай жағдай мен күйде өмір сүріп жатқанына қарамастан, күллі түркілердің ортақ асыл қазынасы – түркі тілдері түркітану мен жалпы тіл білімінің ең тиімді методологиясы тұрғысынан түркі бірлігі мен интеграциясы аясында  зерделенуі, қарастырылуы тиіс. Тіл білімінде түркі тілдерін әсіресе салыстырмалы аспектіде жан-жақты зерттеу толық шешімін тапты деп айта алмаймыз. Статистикалық тұрғыдан қазіргі түркі тілдерінің нақты саны (сөйлеушісі емес) қанша екенін дөп басып айту қиын. 1996 жылы Ресей Ғылым Академиясының Тіл білімі институты «Языки мира» сериясының бір томын түркі тілдеріне арнап шығарды [1]. 2002 жылы ҚР ҰҒА Тіл білімі институты оны қазақшаға аударып, бастырды [2]. Осы еңбекте 39 қазіргі түркі тілі жөнінде мақала жарияланды. Ал ежелгі және ескі жазба тілдер жөніндегі бөлімде 15 түркі тілі жеке қаралды. Демек,  39 қазіргі түркі тілі дегеніміз - әлі де қолданыстық қабілетін жоймаған тірі тілдер. Бірақ олардың функционалдық-коммуникативтік мүмкіндіктері әрқилы. Мысалы, қарайым тілін тұрмыстық қарым-қатынас деңгейінде тек егде жастағылар ғана қолданады, әдеби тілі жоқ. Барабы татарларының тілін жеке түркі тіліне жатқызу мәселесі толық шешілген жоқ, сондықтан татар тілінің диалектісі ретінде қаралады, жазба ескерткіштері жоқ. Қырымшақ тілін орыс тілі іс жүзінде қолданыстан ығыстырып шығарды. Қытайдағы салар тілі тек сөйлеу тілі ретінде, оның ішінде отбасында қолданылады, жазуы мен әдеби тілі жоқ. Сондағы сары ұйғыр тілінің жайы да салар тіліне ұқсас. Украинадағы урум тілінде сөйлеушілердің саны ХХ ғ. 80-ші жылдары 60 мыңнан асқанымен, ол тек тұрмыстық-сөйлеу тілі қызметін атқарады, әдеби тілі жоқ, білім тілі емес [1: 144, 254, 309, 328, 451]. Бірқатар түркі тілдерінің мемлекеттік тіл деген мәртебесі бар, қолданыс аясы кең, білім мен ғылымның тілі болып табылады. Ал қыпшақ тамырлысынан ең ірілері: қазіргі қазақ, татар, башқұрт тілдері. Дей тұрғанмен, түркі дүниесі үшін қазіргі түркі тілдерінің қай-қайсысын да жаңаша зерттеп, дамыту, қалпына келтіру аса маңызды бағыт болуы тиіс. Ол үшін, бірінші кезекте, өзара шектес мемлекеттераралық кешенді шаралар тұжырымдамасын жасап , жүзеге асыру қажет. 

       Қазіргі таңда түркі тілдерін зерттеушілер түркі тілдерінің үндіеуропа тілдеріне ықпалына жиі назар аудара бастады. Мәселен, белгілі түркітанушы К.Мұсаев түркі-иран мәдени-тілдік байланыстары жөнінде көлемді мақаласында көптеген ирандық, үндіеуропалық сөздердің реконстркуцияланған түбірлері түркі тілдерінде тірі екенін айта келіп: «Түркі тілдерінің иран тілдеріне ықпалы ғасырлар бойы үнемі болып отырды. Түркі тілдерінің иран тілдеріне әсері өте аз зерттелген. Бұл, бір жағынан, түркологияның жастығымен түсіндіріледі, екінші жағынан – ұзақ уақыт бойы түркілердің санасына парсы тілдерінің түркі тілдерінің қарағанда сапасы жоғары, ал түркі тілдері - сапасы төмен тіл дегенді сіңіруден»,- дейді [3;14-15 бб.]. Сөйтіп герман түркологі Г.Дёрфердің зерттеуін негізге ала отырып, иран тіліндегі түркі сөздеріне назар аудартады. Сонда түркі тілдеріндегі сабақ, мал деген сөздердің түркілік, тіпті алтай тілдеріне ортақ сөздер болып шыққанын айтады [3;16-17 бб.]. Бұл бір есептен, қазіргі түркі тілдерін тарихи-салғастырмалы тұрғыдан қарастыру қажеттілігін де білдірсе керек. Демек, түркітанудың келешегі түркілердің өткен заманын «бізге кім ықпал етті» деген біржақты принциппен емес, керісінше, «біз кімге ықпал еттік» деген принциппен де жүргізілетін зерттеу нәтижелеріне байланысты болу керек. Бұл проблеманы кезінде көрнекті ақын, тілтанушы О.Сүлейменов «АЗ и Я» (1975) кітабында алғаш рет көтеріп – кейін «О происхождении древнетюркских языков и письменностей» (2002) сияқты еңбектерінде жалғастырып жатқаны және оның еңбектеріне түркология енді ғана терең мән бере бастағаны белгілі. Сол сияқты, қыпшақ тілдері тобына жататын қазіргі қарашай-балқар тілінің көне негіздерінің бірі – аландар (олардың тарихы хақындағы күрделі де даулы мәселені біз бұл тұста назарымыздан тыс қалдырамыз – М.Қ.) екенін зерттеп жүрген Х.Мамай Пиреней түбегіндегі каталан тілінде (Ол роман тілдерінің ішінде иберия-роман тілдерінің біріне жатады, Испанияның Каталония, Валенсия, Балеар аралдарына таралған [4;215]) сол аландар әкелген түркі элементтері сақталғандығын айта келіп, оларды қарашай-балқар тілімен салыстырып көрсетеді [5; 56-61]. Енді осы екі тілді сөздікке қазақ тілін қосып үш тілді етіп түзсек, төмендегідей болып шығады (соның ішінде, сәйкес келетіндерін ғана).

 

Каталан

Қарашай-балқар

Қазақ

1.     arbos – арбуз

2.     arca – грудная клетка

3.     arribar – идти куда то

4.     be – очень

5.     basar – базар

6.     bei – бей (титул)

7.     babi – дедушка

8.     bossa – кошелек

 

 

9.     bukle – завиток

10.  cas – тигель

11.  baula–соединение

12.  arid – тощий

13.  carai !

14.  coll – овраг, ущелье

 

15. cos – глазок (тех.)

16.  Edil – Волга (геогр.)

17.  mal – зло

 

18. mallada – загон для скота

19.  mel – мед

20.  pas – шаг

21.  per – вместе

22.  sabo – мыло

23.  caire – край, конец

харбуз

аркъа - спина

 

ары бар – идти туда

 

бек – очень

базар

бий – бей (титул)

баба – предок, дед

бохца – кошелек

 

 

букле – сворачивать

кьашық – ложка

баула – привязывать

арыкъ – худой

къалай – как это!

къол - овраг, ущелье

 

 

кёз – глаз

Эдил

 

малгъун – злодей, подлец

мал – скот

 

бал – мед

бас – наступать

бирге – вместе

сапын – мыло

къйыр - край, конец

қарбыз

арқа

 

ары бар

 

бек (өте) жақсы

базар

би

баба – арғы ата, ұлы ата

боқша – киізден, матадан тігілген қалта, сөмке

бүкте

қасық

байла

арық

қалай

қолтық (геогр.), таудың қолтығы, сай

 

көз

Еділ

 

малғұн

 

мал

 

бал

бас (қадам бас)

бірге, бір

сабын

қиыр т.б.

 

    Мұның өзі, әлбетте, түркі тілдерінің тарихи-лингвистикалық жақтарын зерттеуде түркі аралық ғылыми бірлесудің аса маңызды екенін көрсетеді. Қазіргі түркі тілдері, оның ішінде, қыпшақ тобына жататын қазіргі қазақ, татар, башқұрт, қарашай-балқар, құмық, қырым татары, қарақалпақ, ноғай тілдерінің ұлт тілдері болып қалыптасқанға дейінгі ортақ мұраларын әркім өзіне бұра тарта зерттеп, өзіне ғана жағатын оң тұжырымдар жасап алғаны дұрыс бола қоймас. Біз көне түркі ескерткіштерін былай қойғанда, орта ғасырдағы, Алтын Орданың құрылып - құлағанға дейінгі (1250-1517) кезеңдеріндегі  жазба мұраларды ортақ немесе күретамыр ретінде зерделесек қана, ұтарымыз анық. Мәселен, татар ғалымдары орта ғасырдағы түркі тіліндегі жазба ескерткіштердің барлық түркі халқына ортақ мұра екенін айта отырып [6;9-10], ол жазба тілді бастапқыда қай тайпа не ұлыс жасады деген сұрақ қояды, оған өздері жауап береді. Соған сүйенсек, Жүсіп Баласағұнның «Қутадғу білік» (1069-1070) атты дидактикалық дастаны Қараханид империясының (840-1212) негізін қалаған «чігіл, яғма сияқты туыс тайпалардың тілінде» жазылған болып шығады. Бірақ дастандағы көптеген сөз қолданыстары көшпелі өмір тәжірибесінен туындағанын, тіпті олардың бүгінгі күні бірқатар түркі тілдерінде кездеспегенімен, қазақ тілінде өзгеріссіз қолданылатынын көрнекті ақын, дастанды қазақшаға тұңғыш аударушы А.Егеубаев  Алматыдағы М.Әуезов мұражайы жанынан құрылған Халық университетінің (ол кезде директоры ф.ғ.к., профессор Р.Бердібаев болатын) кезекті бір сабағында (80-ші жылдары) оқыған дәрісінде айтқан еді. Ұмытпасам, оған ұйғыр ғалымдары да қатысты. Алайда қазақ тіл білімі «Қутадғу білікке» әлі күнге дейін қазақ тілімен салыстырмалы түрде жан-жақты тарихи-лингвистикалық анализ жасай алмай келеді. Содан болар, жоғары оқу орнында оқулық ретінде қолданылып жүрген «Қазақ әдеби тілінің тарихы» атты оқулықтарда дастан туралы жалпылама сипаттама бар болғанымен, нақты тілдік деректерге жасалған талдаулар берілмей келеді. Керісінше, әдебиеттік қырларын зерттеп-тануда қазақ филологиясы батыл да байыпты зерттеулер жүргізіп, білім мен ғылымның ілгерілеуіне аса қажетті материалдар бере алды. Мысалы, профессор Н.Келімбетовтің «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» (1986) атты оқулығы, А.Егеубаевтың аударған  Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны (1986) қазақ әдебиетінің орта ғасырдағы арналарын тануға айтарлықтай үлес қосты. Әрине, оған А.Егеубаевтың аударған Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат-ит-түрк» («Түрік сөздігі»: Үш томдық, 1997) еңбегін, Қожа Ахмет Иасауидің «Диуани хикметінің» 1993, 2002 жылғы қазақша аударма нұсқаларын, белгілі әдебиет зерттеушісі А.Қыраубаеваның, т.б. еңбектерін де жатқызуға болады. Бұлардың қай-қайсысында да қыпшақ, қарлұқ, оғыз тілдерінің элементтері белгілі бір мөлшерде аралас келіп отыратыны түркологияда дәлелденген (мысалы, Э.Н.Наджип, т.б. еңбектерінде). Тіпті ауыз әдебиетінің түрлі  нұсқаларын да өзімшілдікпен өз бауырына тарту жайлары ұшырасып қалады. Әйтпесе, өзбек пен қазақ яки түрік бауырлар «Алпамысты» ортақ мұра ретінде ұрпақ санасына сіңірсе, әлемдік фольклористикада 1000 жылдығын бірге тойласа, тұтас түрік дүниесі, сөз жоқ, ұтар еді. Бұл тарапта түркі халықтарының арасындағы генетикалық байланыстың да барлығын үнемі естен шығармағанымыз лазым. Ол - көп аспектілі мәселе. Соның бірі – түркі ұлттарының этникалық құрамы. Мәселен, көрнекті қайраткер, ғалым М.Тынышбаев қазақты қалыптастырған үш жүздің ірі тайпалары, рулары қырғыздың, қарақалпақтың, өзбектің, түркіменнің, ноғайдың, башқұрттың, қазан татарларының, қырым татарларының, басқа да кавказдық мұсылман халықтарының құрамында кездесетінін айтады [7;27-28 ]. Байқап қарасақ, қазақтың негізгі рулары қыпшақ, қарлұқ, оғыз тілдік топтарында бар. Осы құбылыс қай кезде және қалай пайда болды: түркілердің ұлт болып ұйысуына дейін бе, әлде кейін бе , шыңғысхандық, темірхандық, жоңғарлық әсерлерден болған геосаяси өзгерістерден бе деген сұрақтар бүгінгі түркологияның өрлеу кезеңінде шешімін табады деп сенеміз. Академик Э.Р.Тенишевтің айтуынша, «Түркі тілдерінің табиғи жолмен дамуын монғол шапқыншылығы бұзды. Кейбір этностар жоғалып кетсе, басқалары араласып кетті. ХІІІ-ХІҮ ғғ. тарих сахнасында әдеби формаға ие өз тілі бар жаңа этностар пайда болды, немесе олар әлеуметтік жағдай туындаған кезден осы күнге дейін жасалып келді... Осы сәттен бастап қазіргі түркілік ұлттық әдеби тілдер кезеңі басталды» [8;290]. Сол себепті мұндай мәселелер мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының ең өзекті стратегиясы болып қала беретіні сөзсіз. Өйткені қазіргі түркі тілдерін түрлі қырынан бірлесе зерттеудің, оның ғылыми негізделген нәтижелерін ортақ пайдаланудың түпкі мүддесі – түркі халықтарының көпаспектілі интеграциясы екені бәрімізге де аян.

 

 

 

 

Әдебиеттер:

1. Языки Мира: Тюркские языки. – Москва, 1996. (Бишкек, 1997).

2. «Әлем тілдері» сериясы. Түркі тілдері. Энциклопедиялық басылым. – Астана: «Фолиант», 2002.

3. Мұсаев К. Тюркско-иранские культурно-языковые связи // Түркология. №5, 2004.

- Түркістан.

4. Большой энциклопедический словарь. Языкознание. – Москва: «Большая Российская энциклопедия», 2000.

5. Мамай Х. Аланы в Пиренеях // Түркология. № 5, 2004. -Түркістан.

6. История татарского литературного языка (ХІІІ – первая четверть ХХ в.). Казань: «Фикер», 2003.

7. Тынышпаев М. Материалы к истории киргиз-казакского народа. – Ташкент, Восточное Отделение Киргизского Государственного Издательства, 1925 г.

 

8. Тенишев Э.Р. Избранные труды. Книга первая. – Уфа: «Гилем», 2006.