Түркіменстан ЖӘНЕ қазақ
диаспорасы
Қамиева Гүлфарида Бағытжанқызы – Ш.Есенов
атындағы КМТжИУ «Тарих және философия» кафедрасының аға
оқытушысы
Қазақтардың Түркіменстан
аумағына қоныс аударуы бір ғана кезеңмен шектелмейді.
Бұны тарихи материалдар анықтап береді. Шекаралас болып,
көрші отыра бастаған мерзімді айтпағанның өзінде,
қазақтардың түркімендердің жеріне ене
бастауының ерте тарихының әріден басаталатынын бір ғана
Ә.Нұрмағанбетовтың 1974 жылы жарық көрген
«Түрікменстандағы қазақтардың тілі» атты
еңбегінде келтірген деректері арқылы аңғаруға болады.
Автор сөзінің бастамасын Москва-Ленинград баспасынан 1961 жылы
жарық көрген «Материалы к историко-этнографическому атласу Средней
Азии и Казахстана» деп аталатын еңбектің 33-бетіне сілтеме жасаудан
бастайды, онда былай делінген: «Первые группы казахов рода туркмен-адай
появляются на западных границах хивинского ханства еще в конце ХҮІІІ в.,
тесня туркмен с Устюрта. Однако наиболее острый период вытеснения казахами
туркмен наступил позднее, в середине ХІХ в. Казахи упорно захватывали у туркмен-иомудов
пастбищные территории и пахотные земли в северо-западной части ханства». [1,
14-бет].
Қазақ халқының басынан
талай дүрбелеңдердің жүріп өткені тарих
беттерінен белгілі. Сондай ауыр, азапты оқиғалардың бірі –
халықтың тарихына өшпес таңба салып, «ақтабан
шұбырындыға» душар еткен жоңғар
шапқыншылығы еді. Қазақ халқының
жоңғарлардан жеңіліп, қиын-қыстау кезеңде
пана табу үшін қоныс аударуы олардың бірқатар
көршілес отырған халықтармен танысуына себебін тигізеді. Осы
көші-қон кезінде Кіші Жүздің бірқатар рулары
түркімендердің жерінен пана іздеуге мәжбүр болады.
Қазақтардың түркімендермен
араласуы тек Маңғыстау арқылы ғана емес, Хиуа
хандығы арқылы да жүзеге асып отырған. ХІХ ғасырдағы
қазақтардың түркімен жерін қоныстануы сол кездегі
тарихи оқиғалармен байланысты өрбиді. Патша
үкіметінің отаршылдығына қарсы көтерілістер
жеңіліс тапқаннан кейін қазақтардың Хиуа
хандығын паналаған жағдайлары да болды. Сол кездерде Хиуа
хандығындағы қазақтардың саны 10-15
мыңға жеткен. [2].
Әрине, бұл көрсетілген сан
нақты емес болуы да мүмкін. Қазақтардың саны
жоғарыдағы көрсеткіштен көп болған да
шығар. Себебі 1897 жылы жүргізілген Бүкілресейлік бірінші
халық санағында құм ішінде көшіп-қонып
жүрген қазақтар мен басқа да халықтардың санаққа
ілінбей қалып, көрсеткіштің шамамен алынуы әбден
мүмкін. Қалай болғанның өзінде де, сол
кездердің өзінде-ақ қазақтардың
түркімен аумағынан табылып, екі арадағы
қарым-қатынастың орнағанын көруге болады.
Қазақтардың, әсіресе,
Түркіменстандағы қазақтардың негізгі
бөлігін құрайтын Маңғыстау
қазақтарының аталмыш аумаққа қоныс
аударуының басты себептерінің
бірі халықты үлкен ашаршылыққа
ұрындырған жұттың салдары болды. Жем-шөптің
тапшылығынан малдың шығынға ұшырауы
қазақта жұт деп аталды. Бұл стихиялық құбылыспен
Қазақстанның көшпелі шаруашылықтары
күресуге дәрменсіз болды, сондықтан оны қашып
құтыла алмайтын қатыгездік деп есептеді.
Орташа жылдық есеп бойынша,
жұтқа малдың барлық түрі бірдей деңгейде
ұшырамаған, олардың ішінде неғұрлым қатты
шығын шеккендері: ешкі малы – 35 %-ға дейін, одан кейін
мүйізді ірі қара малы – 30 %-ға дейін, болды, ең
соңғы орында жылқы малы – 23 %-ға дейін,
тұрды. [3].
Жинақталған мәліметтер бойынша,
Маңғыстау өңірінде (құжатта – Адай уезі)
жұттың болған жылдары және олардың кезіндегі мал
басының шығыны төмендегі реттермен көрініс береді:
1). 1879-1880
ж.ж. – 65 %; 2). 1885-1886 ж.ж. – 34 %; 3).
1891-1892 ж.ж. – 26 %; 4). 1902-1903
ж.ж. – 25 %; 5). 1910-1911 ж.ж. – 36
%; 6). 1916-1917 ж.ж. – 15-20 %; 7). 1918-1919 ж.ж. – 20 %; 8). 1920-1921 ж.ж. – 30-35 %; 9).
1924-1925 ж.ж. – 20 %.
Халықтың есінде неғұрлым
қатты сақталғаны бүкіл Қазақстан бойынша
дерлік жүріп өткен 1879-1880, 1885-1886, 1891-1892, 1902-1903, 1910-1911,
1916-1917, 1918-1919, 1920-1921, 1924-1925 жылдардағы жұттар болды.
[4].
Тарихи статистикалық мәліметтер
арқылы 1879-1880 ж.ж. жұттан Адай уезі бойынша барлық мал
басының 50-ден 90 %-ға дейінгісі шығынға
ұшырағаны мәлім болып отыр. Бірқатар ауылдар, ерекше
қиын осы жылы, барлық малынан айырылған. 1879-1880 ж.ж.
жұт мал басының пайыздық шығының
жоғарылығы және қамтыған аумағының
көлеміне сәйкес, халық арасында «Үлкен қоян
жұты» деген атауға ие болды. [5].
Мыңдаған шаруашылықтарды
кедейліктің деңгейіне түсірген мал басының үлкен
шығынға ұшырауымен қатар, жұт ашаршылық пен
адамдардың арасында көп мөлшердегі өлім-жітімді де
туғызды. Малынан айырылған халық ашаршылықтан
құтылудың амалын қарастыра бастайды. Осындай
жағдайда Маңғыстаудың көшпенді
қазақтары егіншілікпен айналысуды қажет деп табады және
1880 жылдан бастап «Үлкен қояннан» кейін, көптеген
шаруашылықтар Ойыл, Ембі, Темір
аудандарының жерін өңдеуге кіріседі.
1910-1911 ж.ж. үлкен жұт болып, елде аштық
басталады. Қыста адамдардың арасында
құрқұлақ, сүзек аурулары тарала бастайды.
Патша үкіметінің мұрағат құжаттары бойынша,
бұл індетке тосқауыл салу үшін көмек көрсетуге
мәжбүр болады. Бірнеше жерлерде тамақтандыру пункттері
ашылып, күн сайын 10 000-ға дейін паек жіберіліп отырған,
індетпен күресті жүзеге асыру үшін бірнеше дәрігерлік
қосындар (отрядтар) жұмыс жасаған. [6].
1911 жылғы жұттан кейін 2000 отбасынан
астам адай руының қазақтары жаяу Ашхабад темір жолы
желісінің бойына қоныс аударады. Осы қоныс
аударушылардың бірқатары кейін Байрамәлі темір жол
станциясында тұрып қалады және сол аймақтан жер алып,
жергілікті түркімендермен бірге мақта, люцерна, т.б.
дақылдарды өсірумен айналыса бастайды. [7].
Жері қуаң, табиғи су
көздері тапшы Маңғыстау өңірі үшін
жұт жаңалық емес еді. Жоғарыдағы атақты
жұттан соң жергілікті халық 1922 мен 1925 жылдардың
қыстарында да көптеген малдарынан айырылады. Бұл туралы Ә.Спанов,
Ж.Нұрмұханованың «Қарашаңырақ» атты тарихи
очерктерінде келесідей мәліметтер келтіріледі: ««1922 ж.
қысындағы жұт Адай-Табын ауданына қарасты алты болыс
елдің үш болысын жойды, қалғандары Хорезм
жаққа босып кетті» дейді архив құжаттары.
Облыстық архив қорында 1925 ж. қысында жұтаған
үйлердің барлық аудан, болыстар бойынша дерегі бар. «Уезде
қуаңшылықтың салдарынан 15 болыс ел жұтады» деп
көрсетіледі уездік ревком есебінде». [8, 75-бет].
1926-1927 ж.ж. қысы айтарлықтай
қатал болмайды, соның арқасында ғана мал көп
шығынға ұшырамайды. Алғашқы қысы,
яғни жылдың басы жайлы болғанымен, 1927 жылдың жазында
құрғақшылық және егістік пен шабындық
жерлерді жерлердің көбін қара шегіртке отап кетуі орын алады.
[9].
Ендігі жерде Маңғыстау жұрты
үшін малды алдағы қатал қыстан аман сақтап
қалудың бірден-бір жолы – көршілес Түркімен жеріне жаю
болды. Округ басшылары Красноводскінің жергілікті өкімет
орындарына, олар мәселені шеше алмағаннан кейін Ашхабадқа, Түркімен
Халком Кеңесіне хат жолдайды. Хатта жұтқа байланысты
адайлардың республиканың солтүстігін қыстап
шығуына рұқсат берулерін сұрайды. [10].
Мұндай өтініш Қазақстан
ОАК-ң атынан да, Қазақ Үкіметінің атынан да
жолданады. Үкіметаралық келісімнің жасалғандығын
күтпестен-ақ бірқатар адай ауылдары қолда бар малымен
Жаңғақтың бойын жайлай бастайды. Мінетін көлігі
жоқ халық түркімен жеріне жаяу шұбырады. Біразы осы
елден өздеріне жұмыс іздеп табу үшін де кетіп жатты.
Адай уезінің халқына орасан зор
шығын әкелген, халық арасында «Ақ қоян»
жұты деген атауға ие болған, 192-1928 ж.ж. жұт болады.
Бұл жылғы қыс өте қатты болады, жем-шөп
жоқ, азықсыз қалған мал тағы да қырылады,
халық таға да ашыға бастайды. Өздерінің
мекендеген жерлерінде көктемге дейін амалдап жан сақтаған
Маңғыстау өңірінің қазақтары
күн көріс іздеудің қамымен жан-жаққа босып
кетеді. Жұттан барлық шаруашылық дерлік зардап шегеді,
әсіресе, бәрінен де қатты күйзелгендер Бозашы
түбегі мен Қарақұм аймақтары болды. [11].
Аштыққа ұшырап, күйзелген
Маңғыстау жұрты 1927-1928 ж.ж. қысында
Түркіменстан жағына, одан әрі Иранға жұмыс пен
тамақ іздеп, ата қоныстарын тастап, ауа көшеді.
Біраз қазақтар Красноводск, Жебелі,
Байрамәлі, Тежен, Чарджоу оркугі мен Өзбекстанға барып
орнықты. Бұл кездегі ауа көшкендердің саны туралы
толық мәлімет жоқ. Мұрағат құжаттарында
Красноводскіге – 1000, Байрамәліге – 500, Тедженге – 100
шаруашылықтың кеткендігі айтылады. [12].
МОММ-ң қорларында аштыққа
ұшырап, Түркіменстанның Байрамәлі, Мерв, Таджен
аймақтарына жұмыс іздеуге кеткендердің тізімдері және
оларға аталған жақтарға кетуге үкіметтің
тарапынан рұқсат берілгендігі туралы куәліктер
сақталған. [13].
Солардың мәліметтері бойынша, 1928 жылдың
жазында 17 адамнан тұратын 6 отбасы, 51 адамнан тұратын 12 отбасы
немесе барлығы 68 адам жұмыс іздеу үшін Байрамәліге
кеткен. Олардың ішінде 31-і 1 мен 7 жас аралығындағы жас
балалар болды. [14].
Аталған жаққа жекелеген
отбасылары да көшкен, солардың қатарында мұрағат
құжаттарында Тоқбақ Есенгелдин деген азаматтың
арызы сақталған. Өзі сауатсыз болғандықтан, арыз
басқарма ісін жүргізушісінің қолымен
Маңғыстау аудандық ұйымдастыру бюросының атына
жазылған. Онда арыз иесінің бір кесек нан табу үшін, өз
қаржысы болмағандықтан, Байрамәліге аттанатын
кеменің жолақысының жартысын төлеуіне
рұқсат беруі сұралып, 4 және 5 жастағы екі баласы
барлығы, өзінің 63-те және әйелінің 45
жаста екендігі туралы мәліметтер келтіріледі. Арыз 1928 ж. 13
қазанында жазылған. [15].
Арызды Ұйымдастыру бюросының
төрағасы Оңғалбаев қарап, Теңіз агенттігіне
кеме жолақысының құнын 25 пайызға
жеңілдікпен беру туралы тапсырма береді. [16].
Байрамәліге жұмыс іздеп бара
жатырған ашыққан қазақтарға жолақысының
25 %-на жеңілдік жасау туралы мұндай өтініш кейін
Аштыққа ұшырағандарға көмек көрсету
комиссиясы және ұйымдастыру бюросының төрағасы
Измамбетовтың атынан да жолданады. [17].
Халықтың аштықтан
құтылудың амалын жасап, Түркіменстан жағына
кетуге ниет білдірушілігі 1929 жылы одан әрі жалғасады. Міне, осы
жылы жергілікті өкімет орындарының тарапынан оларға
куәліктер тапсырылған. Куәліктердің мазмұны
төмендегі ретте болды: «Мұны
ұсынушы Гурьев округі (бұрынғы Адай) Маңғыстау
ауданының № __ аулының азаматы ____________1927/28 ж.ж.
жұттан зардап шегіп және 1928 жылдан бастап, 1929 жылдың
екінші жартысына дейін мемлекеттің асырауында отырған, шын
мәнінде ашыққан босқын болып табылады, «» адамнан тұратын
отбасымен Түркіменстан КСР-нің Таджен, Мерв және Байрамәлі
станцияларының бағытында уақытша тұруға бара
жатыр, қол қою және мөр арқылы қосымша
куәландырылады.
Ұйымдастыру
бюросының төрағасы –
(Сағындықов)
Хатшысы
–
(Чумаков)
». [18, 17-қ; 1-т; 29-іс; 55-п].
Аталмыш істе осындай куәліктің 31-і
тіркелген. Тек куәліктер бойынша ғана осы кездері
Түркіменстан бағытына 127 адам кеткенін аңғаруға
болады.
Куәліктер тек босқындарға
ғана емес, оларды қажетті жерлеріне жеткізуге көмектесетін
жолсеріктерге де (мұрағат қорларында Бүркітбай
Құрманов (қарауында 16 шаруашылық бар) және
Қошқар Имашевқа (қарауында 15 шаруашылық бар)
тапсырылған куәліктер сақталған) қоса берілген.
Олардың мазмұндары да өзгешелеу: «Мұны ұсынушы Бүркітбай Құрманов
жұттың салдарынан зардап шегіп, ашыққан және
Түркіменстан КСР-нің Байрамәлі, Мерв және Таджен
станцияларының бағытына жөнелтілген 16
шаруашылықтың жолсерігі болып табылады.
Барлық
кеңестік, қоғамдық және кооперативтік
ұйымдардан Құрманов жолдасты азық-түлікпен
қамтамасыз етулері және су және темір жолдары арқылы
көрсетілген аудандарға жетулеріне жан-жақты көмек
берілуі сұралады.
Қол
қою және мөр басу арқылы куәландырылады.
Гурьев
округі (бұрынғы Адай округі)
Маңғыстау
ауданы Ұйымдастыру
бюросының
төрағасы –
(Мақанов)
Хатшысы
–
(Чумаков)».
[19, 17-қ; 1-т;
29-і; 83-п].
1929 жылдың 8 қазанында
Ұйымдастыру бюросы Түркіменстан КСР-інің жағына кетіп
бара жатырған 33 отбасының тізімін жасап, куәлік берген.
Тізімде жақша ішінде әрбір отбасындағы адам сандары
көрсетілген, барлығын есептесе, 138 адамның елінен кетуге
ниет білдіргені мәлім болады. [20].
Мұрағаттың
17-қорының 15-ші ісінде «Аштыққа ұшырап,
отбасымен Байрамәліге жұмыс жасауға кеткісі келетін Адай
округі азаматтарының тізімі» деп аталатын мәлімет сақталған.
Осы деректе 15 отбасының тізімі келтірілген, барлық адам саны – 32.
[21].
Ел жұтқа ұшырап, қалай
жанын сақтап қалудың амалын ойластырумен күн кешіп
жатырса, билік басындағылардың ойлағаны – салық жинап
алудың әрекеті болды. Бұны ҚРОММ-да
сақталған мына құжат арқылы көруге болады.
Форт-Александровскіден Қызылордаға, Халкомның атына
жіберілген жеделхатта: «Жұтқа
және қатал қысқа байланысты қырға
шыққан өкілдер салық жинай алмады.
Түркіменстанға көшіп кетушілік байқалуда. Осы
аудандағы көшіп келушілердің шоғырлауын байқау
үшін өкіл жіберілді. Қолайлы жағдайларда ол
жаққа өкілдер жіберілетін болады. Керісінше жағдайда
көктемге дейін қырға шығу тиімсіз. Көктем
басталысымен жаңа науқанды жүргізу және жетпейтін
салықты жинап алу үшін ең қарқынды шаралар
қабылданады.
Округтік
комитеттің хатшысы Омаров.
Округтік
Атқару комитенінің төрағасы Нарходжаев
Округтік
Қаржы бөлімінің меңгерушісі Оңғалбав»,-делінген. [22, 30-қ; 1-т; 744-іс;
9-п; 9-а/п].
1927-1928 ж.ж. Маңғыстауды
шарпыған жұттың нақты дерегі жоқ. Қанша
үй зардап шекті, қанша адам үсіп, аштан өлді,
басқа республикаға босып кеткендердің саны қанша екені
де белгісіз. [23].
Қазақтардың Түркіменстан
жеріне босуы саяси оқиғаларға байланысты ХХ ғасырдың
30-жылдары да толастамады. Күйзелген шаруашылықты одан сайын
күйзелтіп тәркілеу мен ұжымдастыру науқаны кезекке
келді. Бұл туралы өз алдына
бөлек әңгіме.
Әдебиеттер тізімі:
1 – Ә.Нұрмағанбетов.
Түрікменстандағы қазақтардың тілі. А., 1974,
14-бет.
2 – бұл да сонда, 19-бет.
3 – МОММ; 478-қор; 1-4-тізімдеме; 2-іс;
43-парақ.
4 – МОММ; 478-қор; 1-4-тізімдеме; 2-іс;
42-парақ.
5 – МОММ;
478-қор; 1-4-тізімдеме; 16-іс; 8-парақ.
6 – МОММ; 17-қор; 1-тізімдеме; 15-іс;
89-парақ.
7 – МОММ; 478-қор; 1-4-тізімдеме; 16-іс;
12-парақ.
8 – Спанов Ә., Нұрмұханова Ж.
Қарашаңырақ: Тарихи очерктер. А., 1996, 75-бет.
9 – бұл да сонда, 77-бет.
10 – бұл да сонда.
11 – бұл да сонда, 92-бет.
12 – К.Жаулин. «Ақ қоян» жұты.
// Отан тарихы. А., 1999, №2, 43-бет.
13 – МОММ; 17-қор; 1-тізімдеме; 15-,
29-істердің парақтары.
14 – МОММ; 17-қор; 1-тізімдеме; 15-іс; 22,
28-п.п.
15 – МОММ; 17-қор; 1-тізімдеме; 15-іс; 48-,
50-п.п.
16 – МОММ; 17-қор; 1-тізімдеме; 15-іс; 49-п.
17 – МОММ; 17-қор; 1-тізімдеме; 15-іс;49-п.
18 – МОММ; 17-қор; 1-тізімдеме; 29-іс; 55-п.
19 – МОММ; 17-қор; 1-тізімдеме; 29-іс; 83-п.
20 – МОММ; 17-қор; 1-тізімдеме; 29-іс; 83-п.
21 – МОММ; 17-қор; 1-тізімдеме; 15-іс;
323-п.
22 – ҚР МОММ; 30-қор; 1-тізімдеме;
744-іс; 9-п, 9 – айналма п.
23 – Спанов Ә., Нұрмұханова Ж.
Қарашаңырақ: Тарихи очерктер. А., 1996, 96-бет.