жеткіншектердің өзара қарым қатынастарындағы

 психологиялық-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ерекшеліктер

 

аға оқытушы: А.Р. Ерубаева

Ш.Есенов атындағы КМТжИУ, Ақтау қаласы

 

 

Педагогикалық тәжірибеде баланың жан-жақты дамуы мен мінез-құлқы жағынан қалыптасуының жеткіншек шағы /10-15 жас/ ең қиын кез болып есептеледі. Балалардың тәртібі нашарлап, сабаққа үлгерімі төмендейді, қыздар мен ұлдар арасындағы қарым-қатынас та қалыпты болмайды. Кейбір балаларда тіпті қоғамды жатсыну әдеті пайда болады.

         Бастауыш сынып жасындағы бала әлемге ерекше қызығушылықпен, балалық аңғалдықпен қарайды, жеткіншек өзін қоршаған әлемге баға береді және оған деген өзінің қарым-қатынасын орнықтырады. Ол өмірдің тұрмыстық қарым-қатынастарына еніп, енді тек өзінің қажеттіліктерін қанағаттандыру бойынша ғана емес, сонымен бірге өзі теориялық жағынан игерген қағидалар бойынша қарым-қатынасқа түседі және адамдардың мінез-құлқын, қоғамдық құбылыстарды бағалауда ешкіммен ымыраға келмейтін, өз дегенім болсын дейтін әдет табады. Ол -айналадағының бәрінің сыншысы. Ол өзі жақсы көретін адамдардың кемшілігін де көргіш болады және сол үшін қиналады. Кез келген жалғандық оның ызасын тудырады және көңілін қалдырады.

   Жеткіншек өтпелі кезеңнің ең басты процесінін бірі — жеткіншектің өз ата-аналарымен, мұғалімдерімен және жалпы үлкендермен, құрбыларымен, барлық жағдайы бойынша өзіне тең немесе тең еместермен қарым-қатынасыңда қайта бейімделу байқалады. Бұл қайта бейімделу жағдайы бірте-бірте болуы мүмкін немесе аяқ астынан мінез көрсетеді. Жеткіншек үшін үлкендер мен өз қатарластары мәртебесінің деңгейі бірдей болмайтындығынан қайта бейімделу процесі әртүрлі көрініс береді.

                   Жеткіншектерді өмір ортасының қарама-қайшылықтары қызықтырады, бұл жастағылардың қажеттілігі – өздерінің айналадағы адамдарға деген қарым-қатынасын, әлемдегі өзінің орнын табу Ал музыка — адамның сезімдерінің әміршісі. Оның тілі толқу үстіндегі адамға түсінікті. Сондықтан да, жеткіншектердің тындайтын музыкасына қатты көңіл бөлу керек.

         Жеткіншек өзіне дос болатын адамды өз ұжымындағы жолдастарының арасынан табады. Жеткіншектің досы – ол тек бірге ойнайтын, жанжалдасып қалатын, татуласатын, бірге сапарға шығатын жолдас қана емес. Ол – жеткіншектің екінші өзі, ол оның ойын білетін қызығушылықтары мен сезімдерінің куәгері және жақсы ниеттегі сыншысы.         Жеткіншектермен жұмыстағы негізгі педагогикалық идея:

-         іс-әрекет түрлеріндегі жетістікке жағдай жасау;

-         сынып ұжымы алдында өзін-өзі сенімді ұстауына мүмкіндік береді;

-         құндылықтарын қалыптастыру;

-         мінез-құлқы мен рухани дамуына қарым-қатынастарын ұлғайтады.

          Осы жастағы оқушылармен жүргізілетін жұмыстың маңызды міндеті тәрбиешілердің мектептегі және мектептен тыс кездегі балалардың әрқайсысымен жеке жұмыс жүргізіп, қажетті әдептілікті сақтай отырып, педагогикалық ұстамдылық пен шыдамдылыққа негізделген қызметтерін дұрыс ұйымдастыру болып табылады

Бала, педагог, ата-ана балаларды тәрбиелеудегі бірлікті қамтамасыз ету.Мұғалім мен оқушылардың қатынасуында көптеген жағдайлар бар. Жеткіншек жасөспіріммен қарым-қатынастың жетілуі олардың көңіл-күйінің төмендеуіне байланысты күрделіленеді – ол жеңіл және еркіндіктен бастап, тез жараланатын күйбелектікке дейін өзгеруі мүмкін. Педагог кез-келген нақты жағдайда дұрыс бағытталған оқушының көптеген сапаларын жұмсартуға арналған ерекше жалғыз қатынасу жолын таба білуі қажет. Педагог тәрбиеленушілерін өз сезімдерін басқара алуға, шындықты қабылдай алуға, басқа адамдармен қатынасуын бағалай алуға үйреткені жөн.

Жеткіншек жастың ерекшеліктері:

- барлық нәрсені өз бетімен орындап, үлкендердің қамқорлығы мен ақыл-кеңесінен құтылғысы келуі;

- үйге берілген тапсырмаларды жаттап алмастан өз сөзімен түсінікті етіп айтуға тырысуы;

- үлкендерге сын көзбен қарап, олардың айтқанын сынап-мінеп, кей кезде өрескіл мінез көрсетуі; жеткіншек істі игеру жағынан өлі бала болса, ал талап қою жағынан ересек, өз мүмкіндігін жоғары бағалап, бәрін өзі істей алатындай сезінуі. Осы қасиеттердің барлығы жоғарыда айтып кеткендей бала бойында белгілі бір қырсық мінездерді тудыратыны айдан анық.Оқушы мен мұғалімнің жекеше қарым-қатынасы мектепте және басқа ортада кез-келген себеп пен формада іске асады. Қатынасудың тәжірибесіндегі көп кездесетін формалары сабақтан тыс әңгіме, үй жағдайындағы сөйлесу, жеке кеңестер, ұнамды психологиялық жағдай жасау;  серуен кезіндегі қысқа әңгімелермен алмасу, мектептегі кештер немесе басқа мекемедегі сұхбаттар. Мысалы,  мынадай жұмыс формаларын пайдалануға болады: Дәрісбаян-халықтық психология  мен  педагогиканың бай мұраларынан берілген жарқын ақпарат, деректер, қызықты мысалдар т.б. негіздегі дәрісбаяндар оқушылардың-ықыласын тудырып, қарым-қатынас мәдениетінің қыр-сырын  ұғынуға мүмкіндік береді. Ашық микрофон-оқушылар үшін және қоғамдағы адамдар арасындағы қарым-қатынас мәдениеттің қалыптасу жағдайлары мен оның дамуына ықпалы туралы мәселені талқылау үшін қолданылады.Ұлы тұлғалар күні-халқымыздың батыр ұлдары мен қыздары, мақтаныштарымыз болған тұлғалар (Абай, Ыбырай, Міржақып т.б.) мерейтойларына орай өткізілген танымдық, құндылық бағыт беретіндей қызықты да мазмұнды шара. Пікір-сайыс (мысалы: «Сіз мәдениеттісіз бе?»  «Адам-қоғам-орта» «Әдептілік» қарым-қатынасы, т.б. тақырыптарда) екі топ кезегімен ой толғаныстары мен шешімдерін ортаға салып, өзжобаларын қорғайды.Сыр-сұхбат-қазіргі кезеңде қоғамымызда болып жатқан өзгерістерге сай, адамдар арасындағы қарым-қатынастың өзгеруі; жастарымыздың қарым-қатынастың өзгеруі; мәселенің шешімін табу жолдары т.б. мәселелерге арналған тәрбиелік әңгіме сағаты. Қарсыластар сайысы-алдын-ала жинақталған пікірталас материалдары негізінде көкейтесті мәселелер жөнінде қарсы 2 топтың пікірлерін ортаға салу, сараптау, тұжырымдар жасауға арналған сөз-жарыс.   Көрсетілген тәрбиелік шараларды оқу-тәрбие үрдісінде тақырыппен сабақтастыра жүргізу  оң нәтижеге жеткізері сөзсіз деп есептейміз. Оқушы тәрбиесінің тиімділігін жоғарылату көп жағдайда жанұя және мектептің талабы мен ынтасын келістіре жұмыс істеуіне байланысты. Көзге түсерлік рольді мұғалім мен оның оқушылар ата-анасымен өзара қарым-қатынасы ерекше орындайды. Олардың бірге жұмыс істеуі – оқушының үй жағдайындағы ерекшелігі туралы жан-жақты ақпарат алуына, жанұядағы өзара қарым-қатынас туралы мінезіне, ата-ананың өз баласының үйірмелердегі, секциядағы жетістіктері мен кемшілігі туралы біліп отыруына үлкен әсер етеді. Осыған байланысты ата-ананың өз балаларына деген тартылымдылығын, оларға қандай бағдар беріп отыратындығын байқауға болады. Осындай ақпараттарды мұғалім қаншалықты кең алып отыратын болса, оның ата-ана мен оқушыларға педагогикалық тиімді әсер етуінің мүмкіндіктері өте үлкен болмақ. Жалпы, үнемі үлкендер баланы барлық уақытта түсіне бермейді. Қарым-қатынас барысында жеткіншектерді өздеріне бағындыру, үстемдік көрсету, тіл алуды талап ету орын алады да, мұндай көзқарас баланың қырсықтығын туғызып, нәтижесінде үлкендер мен баланың арасында текетірестік орын алады.

Осы жас кезеңінің ерекшеліктерін ата-аналар, мектеп мұғалімдері, сынып жетекшісі, басқа да жеткіншіктің айналасындағылар жақсы түсінетін болса, барынша төзімдік көрсетіп, түсінушілік білдірсе, балалар жас қиындығын оңайырақ көтереді.

 

 

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

1.     М.М. Мұқанов. Жас және педагогикалық психология - Алматы, «ҚазПИ» - 1980.

2.     Н.С.Ахтаева, А.І.Әбдіғаппарова, З.Н. Бекбаева. Әлеуметтік психология – Алматы «Қазақ университеті», 2007.

3.     К.Н. Поливанова.  Психологическое содержание подросткового возраста - /Вопросы психологий/ 1996.