ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ саяси қуғын – сүргін ЗАРДАПТАРЫ

(1920 - 1930 ЖЖ.)

Сарсембина Құралай Қуандыққызы

тарих ғылымдарының кандидаты,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті

 

Ұлттың мүддесі дегеніміз ұлттың толыққанды өмір сүруін қамтамасыз ететін игіліктер. Рухани қажеттігін өтей білген ұлттың материалдық игіліктері де қорғалмақшы. Демек, ұлттық мүддесін қорғай білген мемлекеттің тәуелсіздігі өміршең болмақ. Осы орайда ұлттық сананы көтеру ісінде  негізгі салмақ тарих ғылымына түсетіндігін де мойындаймыз. Себебі, тарих өткен уақыт шындығын зерделейтін, кісілік келбетті сомдайтын  іргелі ғылым.

Ұлт мүддесі ұлт зиялыларының деңгейіне қарай қорғалмақ. Қазақ зиялылары әрқашанда ұлт мүддесін қорғай білді. Сондықтан да олар  сталиндік саяси қуғын – сүргін құрығына жаппай ілікті. 1917 жылғы қазан төңкерісінен басталған ұлт саясатының қудалануы КСРО ыдырағанға дейін жалғасын тапқандығы да тарихтан мәлім. Қазақ зиялыларының көрген қасіретін, рухани жан азабын жеткізу өте ауыр. Сталиндік саяси қуғын – сүргін қоғам өмірінің барлық саласын қамтығандықтан, тіпті оның құрығына әйелдер мен балалар да ілікті. Осы тұста кеңестік үлгідегі тоталитарлық тәртіптің қазақ әйелдерінің теңдігі мәселесін мемлекеттік деңгейде көтеріп, оны өз саяси мақсат – мүддесіне орай шешкендігіне де ерекше назар қажет.

        Кез-келген мемлекеттің негізгі мақсаты - ұлттық рухы биік тұлғаларды қалыптастыру проблемасы екендігі де шындық. Ұлттық рухы биік жан тұлғалық деңгейге жетіп игілік пен ізгіліктің шапағатын өз айналасына тигізіп қана қоймайды, ұлтын өрге сүйрейді, келер ұрпақтың есті болып жетілуіне өзіндік үлесін қосады. Ұлттық рухы биік түұлғаны қалыптастыру үшін өткен тарих даналығына зер саламыз. Өкініше орай, кеңестік тоталитарлық жүйе дәуірлеп тұрған өз уақытында, КСРО құрамындағы ұлттардың өздік санасын өзінің «идеологиясына» сай қалыптастыруға барлық күшін жұмсады. Соның салдарынан бірнеше ұрпақ этникалық өздік сана жадынан айрылып, «кеңес өкіметінің балалары» санасымен тәрбиеленді. Оның салдары әлі күнге дейін күнделікті өмірден көрініс беріп те жататындығы ешкімге құпия емес.

Қазақстан тарихының өркениетті көзқарас шеңберімен зерделейтін өзекті мәселелері жеткілікті. Кеңестік үлгідегі тоталитарлық тәртіптің ұлт санасына салған «жаралары» жеткілікті. Одан арылу үшін уақыт ғана емес, уақыт ағынымен бірге ұлтшылдық келбетті қалыптастырып үлгеруіміз қажет. Осы мақсатта өткен тарихымыздың өзекті мәселелерін ақылмен пайымдауға да  күш саламыз. Соның бірі 1920-1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің ұлттық рухымызды тұншықтырған тұстары. Ұлт еңсесін түсіріп, тексіздікке жол ашқын кеңестік билікті ақылмен зерделеу қазақ тарихының кісілік келбетін дәйектемек. 

    Тәуелсіздік алғаннан бері Отандық тарих ғылымында кеңестік үлгідегі тоталитарлық қоғам тұсындағы саяси қуғын – сүргін зобалаңы зерттелінуде. Кеңес өкіметінің саяси ұстанымы өз ұлтының мүддесін ойлағандарды «ұлтшылдар», «тап жаулары», «жікшілдер», «оңшылдар», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деп бөлшектегені де тарихтан мәлім. 1917 жылғы қазан төңкерісінен басталған ұлт саясатының қудалануы КСРО ыдырағанға дейін жалғасын тауып, жұртын сүйгендердің тағдырын кеңестік биліктің «шешкендігі» де мәлім. Қазақ ұлты өмірінде «ел-жұрт» атты категориямен берілетін даналық бар. Ел-жұрт ұғымымен бірге өскен қазақ баласында елдік түсінігі жоғары болды. Саяси қуғын – сүргін шаралары қазақты елдік санадан айыруға жол ашты. Саяси қуғын-сүргін салдарынан тексіздікке жол ашылғанымен, сталиндік зобалаң ұлт болмысының тамырын қиюға шамасы жетпеді. Оның түп-төркінін қазақ тарихының кісілік келбетінің биіктігінен, рух үндестігінің қуаттылығынан іздейміз. Әрине, бұл өз алдына бөлек зерделенетін іргелі тақырыптардың бірі екендігі де даусыз.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы саяси қуғын – сүргін құқық қорғау органдарының қолымен жасалды. Осы мақсатта ең алдымен қуғындаудың заңдық негізі әзірленді. Оған дәлел ретінде сол жылдары қабылданған заңдарды алға тартамыз. Кеңес мемлекетінің заңдары қазан төңкерісінен бастап –ақ тоталитарлық жүйенің орнығуына жол ашты. Кеңестік құқық «биліктен айырылған қанаушы таптарға» қарсы бағытталғандықтан, адамдар шыққан әлеуметтік тегі үшін жазаланды. Кеңестік заңдар «кеңестік тәртіпті» нығайтуға, социалистік экономиканы құруға, еңбекшілер бостандығы мен демократиялық құқықтарын қамтамасыз етуге, бұқараны коммунистік санамен тәрбиелеуге тиіс болды [1]. Сөз жүзінде заңдардың сипаты демократиялық бағытта болғанымен, іс жүзінде адамдарды жікке бөліп «таптар арасындағы күресті» өмірге әкелді. Бұл адам баласының мәдениетіне, адамзат өркениетіне аса қауіпті еді. Кеңестік тоталитарлық тәртіпті жамандау мақсат емес, алайда оның миллиондаған адам өмірін құрбандыққа қиған саясаты ұлт санасына ізін салып та кетті. Кеңестік жүйеде өмір сүрген халықтардың саяси қуғын – сүргін зобалаңына ұшырамағаны кемде кем.

    Кеңестік тоталитарлық жүйе билік тармақтарын бір – бірімен байланыстырып, сот билігін саясаттың құралына, коммунистік партияның қолшоқпарына айналдырды. Сол арқылы репрессиялық шаралар жүргізілді. Сот билігі өзіндік мәртебесінен айырылған тұста өрескел заңсыздықтар етек алып, адам құқықтары аяққа басылды. Ең алдымен халықты идеологиялық өңдеу ісі қарқынды қолға алынды. Ср. А. Хайек тоталитарлық қоғамда билік басына қабілетсіз тұлғалардың келетіндігін және ол қоғамның азаматтары идеалға шын берілгендіктен де аморальды істерді жасайтындығын жазған еді.  Р. Конквест өзінің «Большой террор» деген еңбегінде КСРО – дағы тоталитарлық тәртіпті зерттеп, репрессияның көлемі туралы пікір – таластардың бастамасын жасаған болатын. Сонымен кеңестік тоталитаризм тұсындағы саяси қуғын-сүргін шындығын ең алдымен шетелдік зерттеушілер көрсетті. Алайда, осы тұста КСРО – да КОКП - ның ХХ сьезінен кейін түрме мен еңбекпен түзету лагерлерінде болған тұлғалардың естеліктері мен әңгімелері шыға бастағандығын да ескеруіміз шарт. Сталиндік саясат біржақты сынға ие болды. Саяси қуғын – сүргін туралы еңбектер Л.И. Брежневтің басқару жылдарында кенет азайған. М.С. Горбачев тұсында сталиндік қуғын-сүргінді әшкерелеген еңбектер көп жазылса, ал одан кейінегі жылдары Сталинге дейінгі кезеңдегі саяси қуғын-сүргін тарихы жазыла бастады. КСРО –ның өзінде қуғын – сүргін тақырыбы туралы тек қана диссиденттер жазған-ды. Олар өз шығармаларын шетелдерде бастырған. Бірақ, олар саяси қуғын-сүргін мехнизмін дәл ашып көрсете алмады. Ол үшін саяси қуғын – сүргіннің жүргізілу барысын көрсететін мұрағат құжаттарын жүйелі түрде зерттеу керек еді.

КСРО-дағы қайта құру курсына байланысты 1988-1991 жылдары кеңстік тарихшылардың сталиндік қуғын-сүргін саясаты мен кеңестік тоталитаризмді терең зерттеуіне жол ашылды. Осы кезеңде жапай қуғын – сүргін көлемі, заңсыздықтар туралы құнды фактілерге толы монографиялар, мақалалар жинағы көптеп жарияланды. Кейін тоталитарлық жүйе құлаған Қазақстанның зерттеушілері қуғын-сүргін саясатының алғышарттарын, жүргізілу барысын, салдарын қарқынды зерттеді. Әлі де зерттеу жұмыстары жалғасуда. Себебі, сталиндік зобалаңның ауқымы кең болғандықтан, оны 5-10 жыл көлемінде зерттеп болу мүмкін емес. Тәуелсіздіктің арқасында шаң басқан мұрағаттардағы зерттеушісін күтіп сарғайып жатқан деректерге қолымыз жетіп, сол уақыттың шындығын көре бастадық. Зерттеушілер «құпия» қорларды зерттегендіктен де, көптеген жаңа еңбектер жарық көрді.

Кеңестік тоталитарлық қоғам ұлт мүддесін аяққа басу, ұлт рухын әлсірету мақсатында саясат жүргізіп, «кеңес халқын» қалыптастыру ісін қарқынды қолға алды. Енді саяси қуғын-сүргіннің адам құқығын аяққа басқан заңдық негіздерін зерделесек: КСРО-да 1920-1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргін социалистік құрылысты орнықтырудағы шаруашылық механизмінің ажыратылмас бөлігіне айналды. 1920 жылдан бастап ВЧК-ГПУ-НКВД халық арасынан «кеңестерге қарсы мәліметтерді» жүйелі түрде жинаған[2]. Жак Росидің айтуынша 1920 жылдың басынан бастап-ақ «контрреволюциялық» немесе «антисоветтік» іс-әрекеті үшін 6 айдан жоғары мерзіммен бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Ал, 1930 жылы РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-10 бабымен 10 жылға сотталғандар саны миллионға жетіп, ГУЛАГ халқының 25 процентін құраған. Осы баппен сотталғандар түрмелер мен еңбекпен түзету лагерлерінде «агитатор» деген атты иеленген[3].

1920-1930 жылдары кеңестік сот жүйесі қайта құрылып, саяси қуғын-сүргін шараларын жүргізуге бейімделді. Кеңестік заңдар халық шаруашылығын дамытуға есептелген жаңа экономикалық саясаттың тиімді тетігі болғандығын да көптеген зерттеушілер дәлелдеді[1, С.677]. Сол кезеңдегі КСРО Конституциясының 157-бабында сот мәжілістері ашық жүргізіледі, ал 155-бапта судьялар мен халық заседательдері дербес, тәуелсіз болып, тек қана заңға бағынады деп жазылғанмен, іс жүзінде жағдай басқаша болды. Конституция тұжырымдары мен шынайы өмір арасындағы алшақтық адамдардың өз қоғамынан жаттануына (отчуждения от общества) әкелді. Саяси қуғын – сүргіннің қалыптаса бастаған жүйесіне сталиннің болмысы сәйкес келген. Ол тіпті, генералдарды да ғайбат (донос) айтуға мәжбүрлеген: « ... Плохо сигнализируете. А, без ваших сигналовни военком, ни ЦК ничего не могут знать», деп жеткізілген ақпараттың 95 проценті жалған, ал 5 проценті шындық болса да қанағаттанған[4].

1928-1931 жылдары жалған айып пен жала жабу әдісі күшейіп, айыпкерді «мойындатудың» әдіс – тәсілдері жетілдіріліп, ОГПУ – дің қолында репрессияны жүргізудің даяр механизмі болған. Осы механизм 1930 жылдары толықтай күшіне енген. Нәтижесінде саяси қуғын – сүргін жалпылама бағыт алды. Сот – тергеу органдарының жазалаушы қызметі саяси – шаруашылық науқандар барысында қарқынды деңгейде жүрді. Астық, ет дайындау, бай – кулактарды тап ретінде жою, социалистік меншікті қорғау науқандары кезінде жоспарды орындай алмаған халыққа қарсы қолданылған репрессиялық шаралар өте көлемді. Юстиция халық комиссариаты екі апта сайын сот – тергеу органдарынан экономикалық науқандарға қатысты қылмыс туралы мәліметтерді сұрап отырған.Сол кезде азаматтар үстінен қозғалған қылмыстық істердің басым көпшілігі заңсыз болған. Дәлел келтірсек: «... 1928 жылы сотталған шаруалар өз өнімдерін сатпаған және алыпсатарлықпен айналыспаған. Оларлың көпшілігінде астықты сату туралы рұқсат қағаз болғанымен, олардың үстінен заңсыз түрде түрде қылмыстық істер қозғалған» [5], - деген мазмұндағы деректер мұрағаттарда жиі кездеседі. Мәселен, Қылмыстық Кодекстің 61 бабының 3 тармағы науқан жоспарын орындамау мақсатында  ұйымдасқан топты жазалауға бағытталғанымен, осы бап бойына жеке адамдар да сотталған. Айыпқа тартылған тұлғаны «қылмыскер» атандыру үшін бірін – бірі танымайтын, әр ауылдан шыққан «айыпкерлерді» топтап, байланысы жоқ бірнеше істер біріктірілген. Ал, астық жинау науқанында кеңес өкіметіне наразылық білдіргендерді «террористік іс – әрекет» жасады деп айыптаған. Олар Қылмыстық Кодекстің 58 бабының 8 тармағымен ату жазасына кесілген. Тіпті, ауылдарында бай – кулак қаламағандығын айтқан ауылдық кеңес төрағалары да атылған. Ал, «науқан жоспарын орындауға шамамыз жетпейді» деп шындықты айтқан тұлғалар Қылмыстық Кодекстің 58 бабының 10 тармағымен сотталған. Нәтижесінде түрмелерге адам сыймай, сотталғандар адам төзгісіз жағдайда «жазаларын» өтеген. Түрмелер мен еңбекпен түзету лагерлерінде азапты өмір туралы мұрғаттарда көптеген құжаттар сақталған. Түрмелерде адам санының шамамдан тыс болуын билік  «таптық күрестің шиеленісуінен» деп түсіндірген. Кейбір түрмелерде қылмыстық іс қозғалмай сотталған азаматтар да болған. Мысалы, 1931 жылы 112 орындық Қызылорда түрмесіндегі 325 адамның 203 – і ешқандай айыпсыз қамалған. Ал, 300 адам түрме қабырғасының жанында ашық аспан астында  «қамауда» жатқан[6]. 1930 жылдан бастап өлім жазасына кесілгендер туралы ақпарат мемлекеттік құпияға айналады.

1934 жылы С. М. Кировке жасалған қастандықтан соң репрессиялық саясат жедел дамыды. Нәтижесінде әскери емес адамдарды әскери алқа соттап, әрбір қылмыстық істі қарауға 15 минут уақыт «кеткен». Тергеушілер жауап алудың хаттамасын алдын ала дайындап, айыпкерге қол қойдыртқан.  НКВД органдарына тән ерекшелік тұтқынға алынған тұлғаның әлеуметтік тегіне, мүлкіне ерекеше назар аударатындығы. Сол жылдары сот – тергеу органдарына кәсіби біліміне қарамай, тек қана бұйрықты дәл орындайтын кадрлар іріктелген. Шала, сауатты, озбыр тергеушілер репрессиялық саясаттың нәтижесі. Егерде 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын – сүргін болмаса, осындай құбылыс өмірге келер ме еді? Адам құқын аяққа басқан заңсыздықтардың салдарынан ел арасында сот – тергеу органдарына үрей, сенімсіздікпен қарау үрдіс алған. Күні кешеге дейін КСРО бұғауынан шыққан елдер сот – тергеу органдарына сенімсіздікпен қарады. Өйткені, сот – тергеу органдары партияның айтқанын орындап, биліктің құралы ғана болды. Саяси қуғын – сүргінге ең алдымен ұлтжанды зиялылар ұшырады. Мұрағат құжаттары зиялылардың көзін жоюдың астарында саяси мән жатқандығын дәлелдейді. Тіпті, «халық жауы» атанып, атылған, лагерге айдалған тұлғалардың отбасы мүшелеріне дейін репрессияға ұшырады. Өйткені, кеңестік саясаттың түпкі мазмұнына кедергі болар отбасы құндылығы еді. Билік құрылымдары кез – келген отбасы мен жеке адам өміріне белсене араласты.

Қазақстандық әйелдерді, оның ішінде қазақ әйелдерінің саяси, құқықтық және әлеуметтік жағдайын өзгерту шаралары саяси қуғын – сүргінге ұласты. Саяси шаралар мен экономикалық науқандар барысындағы саяси қуғын – сүргін құрығынан әйелдер де аман қалмады. Саяси қуғын – сүргінге қазақтармен қоса, Қазақстанда өмір сүрген өзге ұлт өкілдері де ілікті.

«Ер адамдармен бірдей тең құқықты иеленген» (әйел теңдігі саясаты айтып отырмыз) әйел – аналар ер адамдармен бірдей дәрежеде қудаланды, ату жазасына кесілді, түрмеге жабылды, 8-25 жыл аралығында еңбекпен түзету лагерлерінде «жазаларын» өтеді. Өйткені, оларға ЧСИР (Отанын сатқандардың отбасы мүшелері) деген жалған айып тағылды. Міне, отандық тарихтың ең қайғылы, қасіретті беттерінің бірі. Қазақ тарихында мұндай сұмдық бұрын – соңды болмаған-ды. Қазан төңкерісіне дейінгі оқыған, зиялы қазақ қыздары қоғамдық қызметтерден әдейі шеттетіліп, ғасырлардан ғасырларға жалғасқан отбасы құндылығына саяси мән берілді. 1928 жылы тұрмыстық қылмысқа қатысты заңдардың барлығы бір жүйеге келтіріліп, РСФСР Қылмыстық кодексінің «Рулық тұрмыс қалдықтарын құрайтын қылмыстар туралы» деп аталатын 10-тарауында жинақталған. 1926-1929 жылдардағы тұрмыстық қылмыс түрлерін талдағанда оның шамамен 60 проценті қазақ қыздары мен әйелдеріне қатысты қозғалған[7]. Қазақ әйелдерін социалистік құрылысқа тарту саясаты мақсатты түрде жүргізілген. 1927 жылы жарияланған «Қазақстан кәсіподақтарындағы әйелдер арасындағы жұмыс туралы» деп аталатын кітапта «Партияның басты мақсаты жұмысшы табының ішіндегі әйелдердің ерекше мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Теңдік туралы, әйелдерді дамыту туралы мәселелерді біз ортақ мақсат, шешімдерден шығара отырып шешуіміз қажет» деп жазылған жолдар кеңестік биліктің әйелдерге бағытталған саясатының негізгі мазмұнын көрсетеді. Әрбір ұлттың мінезін ескере отырып, оны өзіне тиімді тұрғда идеологиялық өңдеуден өткізуге тұрғысында белсенді шаралар жүргізілді. Осы мақсатта кітапшалар, газет – журналдар көптеп шығарылған («Жетісу әйелдері», «Әйел теңдігі», «Азат әйел» және т.б. айтуымызға болады). Әйелдерді партияға кіргізу арқылы, олардың қызметін өсіріп, социалистік құрылысты нсихаттатқызды. Сонымен қатар, партия өзінің жүргізген шапраларының орындалу деңгейін қатаң бақылап отырған.

1920-1930 жж. Қазақ өлекелік БК(б)П комитетінің жанындағы әйелдер бөлімі, әйелдердің саяси – құқықтық және экономикалық жағдайын өзгертуге бағытталған саясатты жүргізетін, партия нұсқауын орындаушы органға айналады. Қазақстандағы делегат әйелдердің жиналыстары әйелдерді республиканың өндірістік және қоғамдық өміріне тарту ықпал етіп, нәтижесінде жылдан жылға делегат әйелдердің саны артқан. Әйелдер клубтары мен жиналыстарының негізгі мақсаты мен міндеті «ескі тұрмыс қалдықтарымен күресу» ісіне қазақ қыздары мен әйелдерін тарту болатын. 1925 жылдан бастап құрылған қызыл отаулар да әйелдер арасында кеңес билігінің саясатын «ұғындыру» жұмысымен қарқынды айналысқан. Сонымен қатар, олар әйелдер арасында «кеңестерге қарсы» көңіл-күйді үнемі қадағалап, жоғарыға мәлімдеп отырған. Мәселен, 1926 жылы республикада 13 көшпелі қызыл отау болса, 1930 жылы олардың саны 74 – ке өскен. Мұрағаттардағы партия құжаттарында «мұсылман әйелдері үгіт – насихат жұмыстарына онша назар аудармайды, олардың арасында кеңестерге қарсы көңіл – күй басым» деген жолдар жиі кездеседі. Кеңес өкіметі қазақ қыздарының «надандығын» нағыз ұлтжанды зиялылардың басын біріктірген Алашорда үкіметіне кінә етіп те артқандығы тарихымыздан белгілі. 

Мұрағаттағы ОГПУ бөлімінің арнайы жазбаларында барлық округтерден «арнайы мәлімделер» жинақталып, «жоғарыға» жіберіліп отырған. ОГПУ бөлімі «жазбаларының» «Интеллигенция» деп аталатын екінші бөлімінде жергілікті жерлердегі зиялы қауым өкілдері мен олардың бала – шағаларының «кеңестерге қарсы» пиғылдағы әңгімелері жинақталған. Деректер келтірсек: «1929 жылы Зүбәйра Ілиясова малды сойып алу керек, Себебі, оны бәрібір өкімет тартып алады», Қызылорда округі, №15 ауылдың атқамінерлері Нұртаза Шоқаев пен оның ағасы Мырзеке Қалымбетов «парижде жүрген Мұстафа Шоқайдың өздеріне жақын арада қазақ халқы орыстардың езгісінен азат етіледі. Коммунистердің тәркілеу саясатынан қайғырмаңыздар. Кеңес өкіметі Қазақстаннан қуылғаннан кейін малдарыңыз қайтарылады, бұл жақын арада болатын жағдай» деген өсектер таратуда. Экономикалық науқандар кезінде ауыздан сөз «саяси мәнге» ие болып талай адам жазықсыз жау атанған. Мысалы, Орал округі, Жаңғалы ауылының тұрғыны Фатима Бакирова «Билік басындағылар байлардың малын тәркілеп, ал коммунистер тәркіленген мүліктерді арақ қылып ішеді» дегені үшін сотталған[5, 23 п.].  Ол кісінің арғы тағдыры беймәлім. Осылайша тізбектеліп кете беретін «мәлімдемелердің ізімен» жаппай жазалау жүргізілген. Жазықсыз жазаланған әйелдер түрмелер мен еңбекпен түзету лагерлерінде қанша қорлық көрсе де, психологиялық тұрғыдан адам айтып жеткізе алмас рухани ауыр азап шексе де күйеулері мен балалары үшін өмірмен арпалысып, қиындыққа қайсарлықпен төзе білген ерекше әйелдер болатын. Олардың рухы биік еді. Биік рухымен ұлттың рухын асқақтатты.

1937 жылы 28 желтоқсанда Орталық Комитет «жауапқа тартылғандардың балалары мен туыстарын оқудан шығару туралы» шешім қабылдап, сан мыңдаған жазықсыз балалардың тағдырын ойыншыққа айналдырды. Қаулының орындалу барысын сот-тергеу органдары қатаң бақылап отырған. Нәтижесінде балаға тән көңілмен айтылған жеке пікірлер мен болмашы істерге саяси мән беріліп, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Мәселен, Алматы қаласындағы мектептер мен техникумдардағы саяси тәрбие мен қоғамдық жұмыстардың кемшіліктері туралы жасалған баяндамада (ІІХК тарапынан әзірленген) оқушылардың «кеңестерге қарсы» істері тізілген. Осылайша адам құқығы өрескел түрде бұзылды. Сондықтан саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың нақтылы санын айту да өте қиын. Орта ғасырлық жазалау әдістерін қолдану арқылы «қылмыскерлер» саны күрт артқан. Бұл жағдайды биліктегілер халыққа «тап күресі саясатының жемісті» болуы деп «ұғындырған». Сот процесстері А. Я. Вышинскийдің «дәлелдердің ханшасы» (царица доказательств) теориясының нәтижесінде «жемісті» болған. Әсіресе, 1937-1938 жылдары «конвейер» жүйесімен тергеу ісі ІІХК органдарының басты тірегі болды. Осы мәселені саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалар өз естеліктерінде жиі жазады.  Бекболат Мұстафин басынан кешкен саяси қуғын-сүргінде  айта келе «...түрмеге алып келген соң құжаттарымды лақтырып, табанға тастады. «Сен Жапонның шпионысың» деп ұрады. Итше тепкілейді. Ешкімді ешнәрсеге сендіре алмайсың. Күн сайынғы көретін азап осындай. Олар мені үнемі тік тұрғызып қояды. Ұйқы жоқ, тергеу амалдарының бірі осындай болады екен ғой. Бірақ мен бәріне төздім, ешқандай құжатқа қол қоймадым...» [8], - деп одан әрі сталиндік қуұлт еркіндігін мәңгіге жоюды көздеген саясатын жазады. Ал, Е. Гинзбург өзінің «Крутой маршрут» еңбегінде «... Меня поставили на конвейер, непрерывный допрос. Они меняются, а я осталось все та же. Семь суток без сна и еды, даже без вовращения в камеру.  ...Цель конвейера – истощить нервы, обессилить физически, сломить сопротивления, заставить подписать то, что им требуется»[9], - деп сол кезеңдегі «мойындату әдісін» көрсетеді. 1937 жылы 20 қаңтарда НКВД басшысы Ежовтың құпия бұйрықтарының бірінде атылғандардың жерленген жерін көрсетпеу туралы да жазылды.

Сталин ішкі және сыртқы қауіпті сезініп, ауыр өнеркәсіп пен жедел индустрияландыруды дамыту арқылы қорғанысты нығайтуға ұмтылды. Есебі жоқ адам шығыны оны ойландырмады. Зерттеушілер дәлелдегендей социалистік құрылыс жаппай жазалау, қудалау саясатымен нығайтылды. Сотталғандардың еңбегі тегін пайдаланылды. Ірі – ірі құрылыс обьектілері  жазықсыз жандардың көз жасымен салынды. Ең сұмдығы адамдар «халық жауын» әшкерелеуге деген ұмтылыспен тәрбиеленіп, репрессиялық сана нормаға айнала бастады. Бірақ сонда да адамдар адами құндылықтардан айырылмады. Сонымен саяси қуғын – сүргін салдарынан ұлттың рухы тұншықтырылды. Әсіресе, отбасы бірлігіне қарсы бағытталған саясаттың астарында үлкен мән жатты. Ол ұлттың тектілік келбетін жою болатын-ды. Әрбір ұлттың ғасырлар қойнауынан келе жатқан ұлттық құндылықтарын қасақана жою арқылы тамырсыз адамдарды (өзіндік көзқарасы, ұстанымы болмайтын жандар) қалыптастыру саясаты қарқынды жүрді. Нәтижесінде тап күресі деген адам ақылына сыймайтын ұғым өмірге енгізілді. Осы мәселені де тереңнен зерелеуіміз керек. Өйткені, қазақ қоғамының өзіндік өмір сүру салтына сай қалыптасқан әлеуметтік құрылымы большевиктер саясатына мүлдем сай келмеді. Нәтижесінде таптық көзқарастар қазақ қоғамының дәстүрлі әлеуметтік құрылымын, түйіндеп айтқанда адами құндылықтар жүйесін бұзды. Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов сынды көптеген Алаш зиялылары тап күресінің қазақ ұлтының өмір сүруіне зор қауіп төндіретіндігін дәлелдеді де. Тіпті, Алаш зиялылары қазақ қоғамында тап күресінің болмағандығын, оның тамырын жаймау себептерін ғылыми тұрғыдан зерделеді де. Өкінішке орай, кеңестік тоталитарлық тәртіп ұлттық құндылықтарды жою саясатымен қаруланғандықтан, өзіне қарсы келгендерді  (отбасы мүшелерімен, туған-туыстарымен қоса) саяси қуғын-сүргінге ұшыратты.

Саяси қуғын – сүргін салдарынан конформизм, бюрократизм, жағымпаздану секілді көптеген адами дамуға кереғар теріс түсініктер өмірден орын алып, тамырын тереңге жайды. Алаш зиялыларының «большевиктер ылаңы көпке кетер, биліктен кеткенше талайды былғап кетер»,- деген мазмұндағы даналығының ақиқатына біз куә болып отырмыз.

 

Пайдаланған әдебиет тізімі:

1.     История политических и правовых учении/ Под ред. В.С. Нересянца. М.,1988.-816 с.

2.     Советская деревня глазами ВЧК-ОГПУ – НКВД. Док и матер.Т.1. 1918-1922 /Сост. В. Данилов и др., М., 2000.- 864 с. (С.14).

3.     Жак Росси Справочник по ГУЛАГу. Ч.1. М., 1991.- 548 с.

4.     Печенкин А. А. 1937 год //Отечественная история. – 2003.-№1.-С.33.

5.     ЦГАРК.- ф.1380.-оп.1.-Д. 261.-Л. 25.

6.     Астана ҚММ. Ф. 65. Оп. 1. Д. 5826. Л. 117.

7.     Политические репресии в Казахстане в 1937-1938 гг. Сб. Док./Отв. Ред. Л. Дегитаева. А., 1998. – 336 с.

8.     Мұстафин Б. Геноцид ақиқаты // Қазақ әдебиеті. – 1997.- 27.05

9.       Гинзбург Е, Крутой маршрут. М., 1989.-253 с. (С.55).