А.ш.ғ.д. Қожабаев Ж.І., ізденуші Бейсембаев М.Қ.

 

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Талдықорған филиалы, Қазақстан

 

Кешенді факторларға байланысты тәлімі аймақтағы арпа өнімінің түзілуі

 

Арпа – Қазақстанның бүкіл аудандарында жаппай өсірілетін негізгі мал азықтық дақылдардың қатарына жатады. Құрғақшылыққа төзімділігі мен дән қоректілігінің құндылығына байланысты оның жемшөп құрылымындағы маңызы ешқашан жоғалмақ емес. Шөл және шөлейт жерлердің өзінде арпаның түсімі басқа жаздық дәнді дақылдармен салыстырғанда едәуір басым.

Жаздық арпа – топырақ құнарлылығына біршама талапшыл дақыл және қажетті қоректік заттарды қысқа мерзім ішінде сіңіре алатын қасиетімен ерекшеленеді. Сол себепті де тамыр жүйесінің өсуі мен тармақтануы және өсімдіктерінің түптену қарқыны жағынан ол жаздық дәнді дақылдардың ішінде бірінші орында.

Зерттеу жүргізілген жылдардағы метеорологиялық мәліметтер бойынша, тәлімі жерлердегі жаздық арпа өнімінің қалыптасуы толығымен алғанда ауа райының өте күрделі және жауапты кезеңдеріне сәйкес келеді. Оның үстіне сыртқы ортадағы өсімдік тіршілігіне қажетті факторлардың басым бөлігін саналы түрде реттеудің мүмкіндігі болмайтындықтан, аталған аймақтағы қолданылатын агротехникалық тәсілдердің барлығы бірінші кезекте егістіктің топырақ ылғалын тиімді пайдаланылуына бағытталуы шарт.

Алғы дақылдар бойынша алынған өнім деректерін талдай отырып, сүрі жерге себілген арпа түсімі оның екінші дақылынан гектарына 6,4 ц, үшінші дақылынан 8,4 ц, ал ауыспайтын егістікке қарағанда тіптен 14,2 центнер артық жиналғанын айта аламыз. Мұндай зандылық сүрі танаптағы фитосанитарлық жағдайлардың жақсаруына, сондай-ақ топырақтың су-физикалық және қоректік режимдердің қолайлы түзілуіне байланысты арпа өсімдіктерінің қалыпты қарқында дамитындығын аңғартса керек.

Жекелеген жылдары қалыптасқан арпа өнімінің мөлшері мен тәжірибенің калған нұсқаларының арасындағы айырмашылықтар да мүлдем басқаша. Атап айтқанда, жиілігі бірдей  төрт егістікті өзара салыстырсақ, сүрі жердегі арпа өнімі 9,6-32,5 ц/га аралығында ауытқып, кейінгі себілетін екінші, үшінші дақылы мен танабы ауыспайтын егістікте бұл көрсеткіштер гектарына тиісінше 3,7-28,5; 2,8-26,6 және 0,9-16,5 центнер құрған.

 Есептеуден алынған орта мәніндегі мәліметтер алғы дақыл мен тұқым себу мөлшеріне, сонымен қатар нақты жылдың ылғалмен қамтылу дәрежесіне байланысты арпа өнімінің құралу ерекшіліктерін айқындай түседі. Мәселен, қуаңшылық жылдары сүрі жерге себілген арпа егістігінен гектарына 12,0 ц, екінші дақылынан 6,1 ц, үшінші дақылынан 4,4 ц, ал ауыспайтын егістіктен небары 1,4 ц өнім түзіліп, ылғалы орташа және мол түскен жылдары бұл шамалар тиісінше 20,1; 14,7; 12,5; 8,3 және 26,9; 23,8; 21,9; 12,4 центнер құраған. Егер қуаңшылық жылдары сүрі жердегі арпа өнімі оның екінші, үшінші дақылынан 5,9-7,6 ц/га артық жиналса, онда ылғалы орташа және мол жылдары сүрі танаптың алғы дақыл ретінде ықпалы біршама төмендеп, түзілетін өнім айырмасы 3,1-5,0 ц/га шамасына дейін бәсеңдейді.

Ауыспалы егістің маңызын түсіну мақсатында алынған шамаларға көз жүгіртсек, ылғалы орташа келген және көп жылдары үздіксіз бір танапқа себілетін арпа түсімі гектарына 8,3-12,4 центнерге теңеліп, тәлімі аймақ үшін қанағаттандырарлық өнім есебінде қарастырылады. Ал, керісінше, қуаңшылық жылдары ылғал қорының еріксіз шектелуінен өсімдіктер орасан зор зардап шегіп, нәтижесінде өнім деңгейі себілетін тұқым көлемінде қалып қойған.

Көп жылдық зерттеулердің нәтижесі бойынша, сүрі жерге егілген арпаның ең жоғары өнімі гектарына 4 млн. дән себілген егістікте түзіледі. Мысалы, осы мөлшердегі түсім орта есеппен 22,5 ц/га құралып, бақылаумен (арпаның үшінші дақылыңдағы 4 млн./га) салыстырғанда 9,1 ц/га артық қалыптасқан. Себілетін тұқым мөлшерін 5 млн. дәнге көбейту өнім құрылымына кері әсер етіп, оның шамасын гектарына 1,3 центнерге төмендетеді. Яғни, гектарына 4 млн. дән себу алаң бірлігіндегі оңтайлы өсімдіктер  жиілігін қамтамасыз етіп, сүрі танап топырағында жиналған өнімді ылғал қоры мен коректік заттардың тиімді сіңірілуіне қолайлы жағдай туғызады.

Алғы дақылы дәндік егістерден кейін орналасқан арпа өнімінің шарықтау шегі себу мөлшерінің 3 млн./га нұсқаларына сәйкес келеді. Атап айтсақ, бақылаудағы 13,4 ц/га орнына арпаның сүрі жерден кейінгі екінші дақылынан 16,1, үшінші  дақылынан 14,1 ц/га өнім түзілген. Бұл шамалар тәлімі арпа егістігінің жиілігі жөнінде соңғы уақытқа дейін өндірісте пайдаланылып келген ұсыныстардан гектарына 0,7-2,7 центнер артық екендігін ескермеске болмайды.  Бірақ қуаңшылық жылдары барлық алғы дақыл бойынша алынған жоғары өнім көлемі елеулі айырмашылықтың жоқтығынан себу мөлшерінің ұтымды нұсқаларынан 1 млн. дәнге кем егістерде құралған, себебі мұндай жағдайда онсыз да жетімсіз ылғал қоры мен егістік жиілігінің арасындағы кері байланыстың ықпалы ерекше дами түсетіндігі анық.

Жауын-шашыны жеткіліксіз тәлімі аймақта жүргізілген тәжірибедегі арпа өніміне әсер етуші факторларды жіктеу оның түзілу деңгейі бірінші кезекте алғы дақылға (42,3-58,7%) сонан кейін тұқым себу мөлшеріне (25,4-37,5%) қарай қалыптасатындығын айқындайды.

Сүрі танаптағы қоректену аялары бойынша жиналған түсім бақылау егістігінде орта есеппен гектарына 17,5 ц, Р15 аясында 19,3, Р30 – 20,6, ал  N30P30 – 21,7 центнерге теңеліп, тыңайтылған нұсқалардан алынған қосымша өнім тиісінше 1,8, 3,1 және 4,2 ц/га құраған. Зерттелген жылдар ішінде арпа өнімінің ең жоғары деңгейі (26,7-31,0 ц/га), күтілгендей, ылғалды жылдары азот пен фосфор тыңайтқыштарын бірге енгізген егістіктерде қалыптасса, керісінше, куаңшылық жылдары құрғақшылықтың салдарынан өсімдіктердің дамуы айтарлықтай тежеліп, өнім көлемі бақылауда гектарына 8,4-10,2 центнерден аса алмады.

Алғы дақылдарға сәйкес арпа өнімін талдау кезінде айтылғандай, қуаңшылық жылдары бұл тәжірибеде де қоректену аумағына қарай нұсқалар арасындағы сенімді айырмашылықтың азаятындығы болмаса, өнім түзілу ерекшіліктері негізінен сол қалпында сақталған. Барынша жоғары өнім құрайтын оңтайлы егістік жиілігі есебінде тұқым себу мөлшерінің 4 млн дән/га нұсқасы танылып, астық түсімі зерттеудегі қоректену аяларында 19,0-23,4 ц/га аралығында ауытқыды. Демек, тәжірибе үлгісінде қарастырылған минералды тыңайтқыштар көлемі сүрі танапқа егілетін арпаның қалыпты тұқым себу мөлшеріне елеулі өзгеріс енгізбейді.

1-кесте. Қоректену аясы мен тұқым себу мөлшеріне және жылдың ылғалмен қамтамасыз етілуіне қарай сүрі танаптағы арпа өнімі, ц/га

Тұқым себу мөлшері, млн. дән/га

Қоректену аялары

Тыңайтқышсыз бақылау

Р15 тұқыммен  бірге

Р30

N30P30

Қуаңшылық жылдары

2

8,4

9,5

11,4

11,6

3

9,7

11,0

12,4

13,0

4

10,2

11,7

13,2

14,3

5

8,8

10,6

11,8

12,6

Ылғалы орташа жылдары

2

16,4

18,1

19,7

20,8

3

17,9

19,7

21,2

22,1

4

20,1

21,7

22,8

24,2

5

18,9

20,5

21,6

22,7

Ылғалды жылдары

2

21,4

23,5

25,1

26,7

3

23,4

25,6

27,1

28,3

4

25,7

28,3

29,7

31,0

5

26,1

28,2

29,5

30,9

 

 Зерттеу жылдарын қуаңшылық, ылғалы орташа және ылғалды жылдарға топтастырсақ, бірінші топтағы тыңайтылмаған егістікте арпа өнімі тұқым себу мөлшеріне қарай 8,4-10,2 ц/га, Р15 қатарлап енгізілгенде 9,5-11,7, Р30 – 11,4-13,2,  N30P30 – 11,6-14,3 ц/га құраса бақылаумен салыстырғанда қосымша өнім гектарына тиісінше 1,1-1,8, 2,7-3,0 және 3,2-4,1 центнерге теңелген. Ылғалы орташа жылдарды былай қойғанда, жауын-шашыны мол жылдары тәжірибенің барлық нұсқаларындағы арпа өнімі 2,5 есеге жуық артық қалыптасып, тыңайтқыштардың әсерінен түзілген қосымша өнім де 2,6-5,3 ц/га шамасына көтерілді.

Сүрі танаптағы екі факторлы тәжірибеде арпа өнімінің деректерін дисперсиялық талдау оның құралу деңгейіне минералды тыңайтқыштардың 46,8-63,6%, тұқым себу мөлшерінің 31,3-38,4% әсер ететіндігін дәлелдейді.

Резюме

 В статье показано формирование урожая зерна ярового ячменя на богарных землях юго-востока Казахстана в зависимости от  предшественников, нормы высева и влагообеспеченности посевов.