Белгібекова Г.Қ., Наубаева  Х.Т.

І.Жансүгіров  атындағы  Жетісу  мемлекеттік  университеті

ЖАЛПЫ  БІЛІМ  БЕРЕТІН  МЕКТЕПТЕРДЕ  ОҚУШЫЛАРҒА ӘСКЕРИ - ПАТРИОТТЫҚ  ТӘРБИЕ  БЕРУДІҢ  ТЕОРИЯЛЫҚ  НЕГІЗДЕРІ

 

Қазақстан мемлекетінің тәуелсіз мемлекет болып жариялануы және Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылдануы жас қазақ мемлекетінің алдына үлкен мақсаттар мен міндеттер жүктеді. Қазақ елінің  тәуелсіздігі мен егемендігін сақтап қалу әрбір саналы азаматтың ісіне айналды.

Қазақстан Республикасы 1991 жылы 16 желтоқсанда өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығы жарияланды.[1]

Қазақстан Республикасы әскери доктрина және әскери құрылыс тұжы-рымдамасында «Біз - егеменді мемлекетпіз және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері ішкі және сыртқы саясаттың жалпы құрылымының өзегі болуға тиіс. Сондықтан, бізге қазіргі заманғы қару-жарақпен жоғары даярлықтан өткен, жақсы үйретілген, біздің егемендік мүддемізді қорғау үшін кез келген жағдайда іс-қимыл жасауға даяр тұратын армия қажет. Ал, мұндай армияны әскери құрылыстың тарихи тәжірибесіне және қазіргі заманғы көзқарастарға сүйенген ғылыми негізде ғана құруға болады»,- деп атап көрсетілді.[1]

Бүгінгі  күнге  дейін  сақталып,  тәуелсіз  мемлекетке  ие  болу  дәрежесіне  дейін  көтеріліп отырған қазақ халқының тарихына көз жіберсек, сонау Күл-тегін,  Білгеқаған,  Тоныкөк-тен  бастап  жерін,  елін,  тілін,  ділін  қорғаудағы  өшпес  ерліктерге  толы.  Күлтегін  жазбасында:

                         Кедей   халықты  бай  қылдым,

                         Аз  халықты  көп  қылдым...

                         Түркі  иелігінен  айырылған  халықты

                         Ата-баба  мекеніне  орнаттым...-дейді.

Жазбадан, әскери-патриотизмнің – халықты көбейтіп, байыту үшін еңбек ету, ата-баба мекеніне ие болып отыру жолында жан аямау, діл бірлігін қорғау – екендігін аңғарамыз. Жоңғар  сияқты  алып  империямен  алысуға,  Ресей  патшалығының  зеңбірегіне  қылышпен  қарсы  шабуға  жетелеген  де  осы  патриотизмнің  қуатты  күші.

Өткен ғасырдың 70-жылдарында мектеп және мектептен тыс мекемелерде тәлім-тәрбиелік жұмыстың жаңа формаларының, маңызын көрнекті ғалым, профессор К.Қ.Құнантаева «Оқушылардың оқудан тыс бірлестіктері» - атты еңбегінде ашып көрсет-кен.Ғалым, талдау берген жұмыс түрлері оқушылар санасында қалыптасқан патриотизм, әскери - патриотизм ұғымдары мен түсініктерінің іс жүзінде бекіп, нығаюына шарт түзеді дей отырып, сол кездегі тәрбиелеу  формалары мен әдіс-тәсілдеріне тоқталған. Атап айтсақ, халқы-мыздың дара тұлғалары мен ақылгөй даналарының өмірбаянын оқып үйрену, сақтап насихаттау, ұлы адамдар өмір сүріп қызмет еткен жерлерге саяхат; Отанымыздағы әртүрлі музейлерге саяхат; олармен хат жазысу; мектептерде музейлер, даңқ бөлмелерін ұйымдастыру, жорықтарға бару; конкурстар өткізу; сенбіліктер, лекторийлер ұйымдастыру; қалқаншалар жасау; кездесулер өткізу; мектеп оқушыларын тілшілік қызметке даярлау сияқты жұмыстар болып, олар тарихи танымдық сипатқа ие болумен қатар, оқушылардың іскерлігін арттырып ізденімпаздыққа баулиды. Сонымен бірге, мұндай жұмыстар оқушылардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, туған жерге деген сана-сезімін оятудағы маңызы ерен зор.

Бүгінгі күні К.Қ.Құнантаева оқушыларды әскери-патриотизмге тәрбиелеуде ескеруге тұрарлық еңбектерінің бірі «Оқушыларды революциялық күрес пен еңбек дәстүрі рухында тәрбиелейік» атты еңбегі. Мұнда ғалым тарих, география, әдебиет т.б. пәндерді  оқытуда тарихи дәлелдер мен айғақтарды қолданудың тәлім-тәрбиелік мәнін ашып көрсеткен. Сондай-ақ профессор, тәрбиелік іс-шаралардың көптеген әдіс-тәсілдері мен формаларының педа-гогикалық мүмкіндіктерін талдай келе «Жастар өз елінің тарихын неғұрлым жақсы біле түскен сайын олардың өз халқына деген мақтаныш сезімі  соғұрлым күшті дами түседі»- дейді. [2] 

Жалпы  білім  беретін  мектеп оқушыларын әскери-патриотизмге тәрбие-леуге арналған көлемді еңбектердің бірі Ә. Айтақовтың «Оқушыларды патриотизмге тәрбиелеу» кітабы болып табылады. Ол, өзі көрсеткендей «кітап қазақ әдебиеті сабағында Ұлы Отан соғысы тақырыбын оқыту арқылы ІV-VІІ класс оқушыларын әскери – патриотизмге тәрбиелеу мәселесін ғана қарастырған».[3]

Соғыс жылдары ерлік істер істеген балалар мен жастарға арналған орыс жазушыларының  әдеби  шығармаларына тоқтала отырып, ол Б. Мо-мышұлының «Артымызда Москва», «Бір түннің оқиғасы», «Жауынгердің тұлғасы», М. Ғабдуллиннің «Менің достарым», Ә.Сәрсенбаевтың «Офицер күнделігі», Т. Ахтановтың «Қаралы күндер»,Ә.Нұрпейсовтың «Күткен күн», Ж.Сайнның, С.Мәуленовтың т.б. көптеген қалам қайраткерлерінің туындыларындағы халықтың ерлігі, әскери адамдардың қаһармандығы, олардың рухани дүниесінің биіктігінің, оқушыларды әскери-патриотизмге тәрбиелеудегі маңызын зерделейді. Осыған орай Ә. Айтақов, ерлікке баулудың жұмыс түрлерін сипаттаған. Олар, сабақтан тыс оқу; кино көрсету; жазушылардың өмірбаянымен таныстыру; Отан соғысы туралы картиналар (суреттер) көрсету шығармалардан үзінділер оқу; сұрақ – жауап тәсілдері, мақал – мәтелдер жинау секілді оқушылардың ой-санасын қозғап, сезімін оятатын әдістерді ұсынады. Ә. Айтақов, кітапта кейбір сабақтарды толығымен берген. Ол, әдебиет пәні негізінде жүргізілетін сабақтан тыс жұмыс түрлері, олардың өткізілу әдіс- тәсілдеріне тоқтала келіп, тәрбие сағаттарының мазмұнын келтірген. Бұнымен бірге соғыс ардагерлерімен кездесу, ескерткіштерді тәрбиелік іс – шарада пайдалану, әдеби кеш, музей материалдарын қолданудың әдіс – тәсілдерін нақты айғақтар, мазмұнды материалдармен көрсеткен. Кітап бүгінгі күні де маңыздылығын жойған жоқ.              

Жалпы білім беретін  мектеп оқушыларын әскери-патриотизмге тәр-биелеуде тарих, әде-биет, география, тіл, жаратылыстану және математика пәндерін оқытудың осы пәндер бойынша ұйымдастырылған сабақтан тыс жұмыстар мен басқа да тәрбиелік іс шаралардың маңызына тоқтала отырып, І – сыныптан бастап – ақ оқушыларды Отанымыздың тарихы, аға ұрпақтың еңбек және жауынгерлік ерліктерімен таныстырудың жолдары бас мақалада зерделенген. Олар экскурсиялар, ертеңгіліктер мен кештер, тәрбие сағаттары, кездесулер, жорықтар т.б. дей келе, мақалада «әскери – патриоттық тәрбие балалар мен жастардың идеологиялық, ғұрыптық қалыптасуына ықпал етеді» - [4] деп көрсетілген.

Жалпы  білім  беретін мектептерде  оқушыларға  әскери-патриоттық тәрбие  беруде «Алпамыс», «Қамбар батыр», «Қобыланды», «Ер төстік» сияқты батырлар жырларының атқаратын ролі зор. Бұл тарихи материалдарды оқып үйренуде, біздің заманымыздан мыңдаған жылдар бұрын өмір сүрген ата – бабаларымыздың салт – сана, әдет ғұрыптарымен түгел танысады. Халық аузында айтылып жүрген «Туған жер – алтын бесік», «Отан үшін отқа түс», «Отан оттан да ыстық», «Отансыз адам ормансыз бұлбұл» деген сияқты мақал мәтелдерді пайдаланып оқушылардың сана сезіміне атамекенге деген сүйіспеншілігін жете сіңіріп, отаншылдыққа тәрбиелеу мәселесін шешуге ұмтылған.

Оқушыларды әскери-патриотизмге тәрбиелеудің түпқазығы оларда саяси – патриоттық көзқарас қалыптастыру, бұның ірге тасы патриоттық сананы қалыптастыру болып табылады. Бұл ретте С.Ж. Ешімханов сабақтан тыс жұмыстардың әдістемесін ұсынған. Мұнда ол, білім күнін, бейбітшілік сабағын өткізу әдістемесіне талдау  жасаған.

Өсіп келе жатқан жас буындарға әскери-патриоттық тәрбие берудің психологиялық тетіктерін, педагогикалық шарттарын айқындамай тұрып, оны тиімді ұйымдастыру мүмкін емес. Осыған орай, Ә.Алдамұратов пен С. Әсімбетованың «Азамат болу ел қамын ойлау» - атты мақаласында азамат болуды – әскерге баруға дайындалуды, әскери қызметін өтеу іс – әрекетімен байланыстыра келіп, мектептерде жүргізілген іс – шараларға тоқталады. Мұнда, тарихи  революциялық орындарға экскурсия ұйымдастыру, тарихи орындар мен даңқты жерлерді көрсету, еңбек және соғыс ардагерлерімен кездесу, Кеңес Армиясы мен Әскери – Теңіз флотының жауынгерлерімен байланыс жасап, кездесу ұйымдастыру, әскери – патриоттық тақырыптарға оқушылар конференцияларын ұйымдастырып,  кино – фильмдер мен театр спектакльдерін көріп талдау, мектепте қабырға газеттерін шығару т.б. іс – шара түрлері тізбектеліп берілген. 

Сөз жоқ мектептерде өткізілген мұндай іс – шаралар жастарымызды болашақта Қазақстан Армиясының офицерлері болуға даярлап, әскери мамандықтарды игеруге баулиды. Мұндай мамандық әрбір азаматтың Отан алдындағы борышын өтеуіне, ел жұртына адал қызмет етуіне, оның абыройы мен даңқын көтеруге өз үлесін қосуына көп мүмкіндік туғызады делінген. Мақалада патриоттық, азаматтық тәрбие берудің әдіс – тәсілдері оны ұйымдастыру жолдары және психолого – педагогикалық маңызы ашып көрсетілмеген.

Өсіп келе жатқан жас буындарда ұлттық патриоттық сана – сезім қалыптастыруға зиянын келтіріп отырған, оларға рухани жұтаңдық әкеліп отырған ақпарат құралдары өте көп. Оның үстіне, жақын шет елдерден әдейі шақырылып жатқан эстрада жұлдыздары ақша табуға ғана жарайтын жеңіл желпі құндылығы төмен, өнер деп айтуға тұрмайтын шығармалармен жастарымыздың санасын жұтатуға (құнсыздандыруда). Осыған орай «Рухани жұтаңдық қайдан шығады?» - деген мақалада жастарымыздың кафе, ресторандарға әуес болып, жеңіл желпі ән – күйлерге еліктеуінің рухани жұтаңдыққа алып келетінін баяндайды. Сонымен бірге онда, бұдан арылудың басты шарты мектептегі тәлім – тәрбие ісін пәрменді жолға қою. Музыка сабағын оқытудың сапасын көтеру деп белгілеген. Бұған біздің қосарымыз, мектеп оқушылары және басқа да жастардың бос уақыттарын ұйымдастырудың жаңа жолдарын қарастырып оған, бағыт беру, осыған сәйкес жұмыстарды бағдарлы және жүйелі түрде жүргізудің әдіс – тәсілдерін қарастыратын уақыт жетті. Көптеген жасөспірімдердің нашақорлыққа, маскүнемдікке, қаң-ғыбастыққа берілуінің экономикалық себептерінен басқа, саналарындағы рухани бостықтың игерілмеуі деуге болады. Оның тағы бір дәлелі жастардың әр түрлі наным – сенімдерге еліктеп кетуі. Осылардың барлығының орнын толтыратын, жастардың ой – санасының бағытын өзгертіп, өміріне мазмұнды сипат беретін іс – шараларды тез арада қолға алу мәселесі туындап отыр. Жоғарыда айтыл-ғандардың барлығы жастардың әскери-патриоттық сана – сезімінің қалыптасуына тікелей немесе жанама түрде теріс ықпал  ететін жайттар.    

Төл жәдігеріміз – ауыз әдебиеті мақал мәтелдер, қанатты сөз, өлең, жыр, терме, ана әлдиі, ата тілегі – ұлттық тәрбие бесігі. Ана тілі,әдебиет сабақтарында ерлік, батырлық тақырыптарын оқытуда мақал–мәтелдер келтіре отырып, әңгімеде басты кейіпкердің іс – әре-кетін талдау арқылы «баланың патриоттық сезімін оятуға» ұмтылған. «Тұсау кесер», «бесік той», «сүндет той», «қыз ұзату» секілді танымал жиын – тойларда айтылатын ән – күй-лердің үзінділерін пайдалану «баланың ата – анасын, елін сүюге тәрбиелейді» - дейді Б.А. Абыраева. [5]

Отбасындағы бала тәрбиесі проблемаларын ұзақ жылдан бері қарай зерттеп келе жатқан ғалым Ә. Табылдиев, «...отбасындағы тәрбиені қабылдайтын балалардың жас ерекшеліктері біркелкі болмайды. Сондықтан, отбасы иелеріне көмекті және кеңесті дүниелерді, іс – әрекеттерді жүйелеп, бағыт – бағдар беру ісіне оқу – ағарту мекемелері қатысуы қажет»-[6] деген. Отбасы тәрбиесінде ана – көбінесе басты орынға ие. Мәселен, туған жеріне сүйіспеншілік сезімін дамытуды балабақшадан бастау керек екені белгілі бола тұра, осы кезге дейін оның ғылыми негізі нақтыланбай келеді. Алайда жекелеген іс – тәжірибелер баршылық. «Балдырған» балабақшасы сәбиді ата дәстүр рухында тәрбиелеуде халықтың тұрмыста қолданатын асық, таяқ, сүйек, сүлгі, бөрік сияқты бұйымдарды тәрбие ісінде ұтымды пайдаланған. «Атамекен» бағдарламасын негізге алып «Салт», «Төрт түлік мал», «Көкпар», «Ас», «Алтын сандық», «Ою - өрнек» - бағытында жұмыс істейді.

Жалпы білім беретін орта мектептердің тұжырымдамасында оның мақсаты мен міндеттерінде оқушыларды, өз халқының мәдениетіне жақындату, ұлттық рух сіңіру, өз ұлтын мақтан тұтып құрметтеуге, өз тілін, тарихын, мәдениетін сыйлауға тәрбиелеу басқа ұлттардың тіліне, мәдениетіне сыйластықпен қарауға тәрбиелеу белгіленген.

Аумағы кең байтақ даланы сыртқы жаулардан қорғау батырларды және батыршылық өнерін, кәсібін туындатты. Олар қазақта өте көп болды. Бұған мемлекеттің саяси – әлеуметтік жағдайы, өскен орта ықпал еткені белгілі. Қазақ батырларының өнерін, салт – дәстүрін, қару жарақтарын ер – тұрман, сауыт – сайман, киім – кешегін зерттеген Қ.С. Ахметжанов, батырлықты «әскери кәсіп» дей келе «батырлар үшін әскери кәсіп, ата кәсіп саналып, әкеден балаға мұра» болғанын белгілейді. Сонымен бірге ол «...бұл кәсіптің мақсаты отанды жаудан қорғау, елді басқыншылардан азат ету, халықтың қонысын, жерін кеңейту, тұтқында кеткен отандастарын азат ету, жау қолынан қаза тапқан ата кегін қайтару болды» - деп батыршылық кәсібінің мақсатын анықтаған. Еңбекте батырлар кәсібі, олардың жауынгерлік тұлпарлары, қару жарағы, кеудені қорғайтын кеудеше сауыт, батырлар келбеті – киіну үлгісі, шаш, сақал, мұрт қою салты, әскери өнердің көптеген беймәлім кеудені қорғайтын кеудеше сауыт, батырлар келбеті – киіну үлгісі, шаш, сақал, мұрт қою салты, әскери өнердің көптеген беймәлім тұстары сәулелендірілген. Кітапта көптеген сызбалар, суреттер, көрнекілік ретінде берілген. Бүгінгі мектеп оқушылары, сынып жетекшілері, басқа да мұғалімдерге аса қажетті қосымша құрал. Кітапты патриотизмге арналған тәрбиелік сағаттардың мазмұнды өтуі үшін қолдануға болады. Онда, мектеп оқушыларының өз халқының тарихына қызығуын арттыруға, патриоттық рухын оятып, сезімдерін дамытуға қолдануға болатын аса құнды мәліметтер берілген.

Сонымен, бұл тақырыпта кеңес дәуірі кезеңінен бері қарайғы уақытта жарық көрген, жастарды, мектеп оқушыларын патриотизмге тәрбиелеу мәселесіне қатысты кітаптар, оқу – әдістемелік құралдар жекелеген мақалалардың мазмұнына бүгінгі күн талаптары тұрғысымен талдау беруге ұмтылдық.

Нәтижеде мынадай қорытынды жасадық:

1.Ғылыми педагогикалық, әдістемелік құралдар, ғылыми теориялық,ғылыми – практикалық конференциялардың материалдары, мектеп мұғалімдері және басқа да жастарды патриотизмге тәрбиелеу мәселелеріне қатысты ой – пікір-лермен танысып, оларды талдап, зерделей келе, осыған орай мол тәжірибенің жинақталған  деген  ой  түйдік.

Олардың бір бөлігі жастарды патриотизмге тәрбиелеуді денсаулығын шыңдау, әскери қару – жарақты меңгерумен ұштастырса, кейбір ұлағатты ұстаздар, алдымен оларда отаншылдық сана – сезім қалыптастыруды дәріптейді. Отансүйгіштік сана, патриоттық ұғымдардың іс жүзінде бекіп нығаюына жетекші бола алады - деген  тұжырым жасадық.

 

ӘДЕБИЕТТЕР

1.Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін құру туралы Президенттің Жарлығы./Егемен Қазақстан.1991.17 желтоқсан. 1-бет.

2.Құнантаева К.Қ. Оқушыларды революциялық күрес пен еңбек дәстүрі рухында тәрбиелейік. –Алматы: Қазақстан, 1995.

3. Айтақов Ә. Оқушыларды патриотизмге тәрбиелеу. –Алматы: 2001.

4.Ешімханов С.Е.  Жас патриоттар тәрбиелеу тәжірибесінен. –Алматы: Рауан, 1991.

5. Абыраева Б. Ұлттық дәстүрмен ұштастыру. /Бастауыш мектеп. 2002. №2.

6.Табылдиев Ә. Ұлттық тәрбие-ұлағатты іс. /Бастауыш мектеп. 1999. №1. -12