Орыс мектебінде қазақ әдебиетін оқыту әдістері және қазіргі сабақ түрлері

Мубаракова Г.Ш. (Қарағанды қ., № 30 ЖББОМ)

Қазақ әдебиетін оқыту әдістері

Орыс мектебінде қазақ әдебиеті пәні бойынша сабақ жүргізу барысында мұғалімдер жалпы әдебиетті оқыту әдістерін ұстанады. Пән қызметіне орай, оқушы дайындығының деңгейлерін ескере отырып, тақырып пен сабақ түріне сәйкес мұғалім оларды өз қалауынша қолданады.

Белгілі әдіскер ғалымдар А.Көшімбаев, Т.Ақшолақов, Қ.Бітібаева еңбектерінде қазақ әдебиетін оқыту әдістері мынадай түрлеріне бөлінген.

Баяндау әдісі. Әдебиет сабақтарында баяндау әдісі деп мұғалімнің монологті сөзі арқылы оқу материалдарының түсіндірілуін айтады. Мысалы, ақын, жазушының өмірбаяны, өтілгелі тұрған шығарма жайындағы тарихи-әдебиеттік түсініктеме, түсініксіз сөздер мен ұғымдарды түсіндіру, көркем шығарманы талдау, т.б. жағдайларда баяндау әдісі көбірек қолданылады.

Көркем сөз мәтінін мәнерлеп оқу әдісі – көлемі шағын шығармаларды (қысқа өлең-жырлар, әңгімелер, көлемді шығарманың үзінділері, мысал өлеңдер, т.б.) мәнерлеп оқу (алғашқы оқу, талдау барысындағы оқу, қайталап оқу).

Түсініктеме бере отырып оқу әдісі. Бұл әдіс көлемі шағын шығармаларды немесе қысқа үзінділерді мәтіннің мазмұн жігіне қарай бөліп оқи отырып, жол-жөнекей талдау жасап отыру мақсатымен қолданылады. Мұнда мәнерлі әуез екінші орынға шығады да, бірінші кезекте көзделген мақсатты ашу үшін қажетті түсіндіру атқарылады.

Әңгіме әдісі. Әңгіме әдісінде қойылатын сұрақтар үш жүйеге бөлінеді.

Шығарманың тақырыбын, жоспарын, кейіпкерлерінің, образдарының құрамын, сюжетін айқындауға арналған сұрақтар – бір жүйе. Бұларды бағдарлау сұрақтары деп атайды. Шығарманың жалпы идеялық мағынасын, образ-характерлерін, олардың өзара байланысы мен қарым-қатынасын, композициялық құрылысын, тіл ерекшеліктерін айқындауға, талдауға арналған сұрақтар – бір жүйе. Бұлар – шығарманы талдаудағы аса маңызды орын алатын сұрақтар. Сондықтан олар талдау сипатындағы сұрақтар делінеді. Ал тағы бір жүйе шығарманың қоғамдық, әдебиеттік маңызын ақын, жазушының стилі мен көркемдік шеберлігінің өзгешеліктерін, жалпы шығарманы талдау жұмысын жинақтап, қорытындылауға арналған сұрақтардан құралады. Сондықтан бұлар жинақтау сұрақтары деп аталады. Әдебиет пәнін оқытудың осы үш жүйесіне арналған сұрақтар тарихи-әдебиеттік курстың мақсат-міндеттері мен талаптарына сай болуы шарт.

Лекциялық әдіс.Тарихи-әдеби шолулар, ақын-жазушының өмірі мен шығармашылық қызметіне сипаттама, әдебиеттің тарихи мен теориясына байланысты мәселелерді жинақтап қорыту, көркем шығарманы тұтастай түсіндіру, т.б. түрлерде оқушылардың дайындық деңгейіне қарай таңдалынып алынады.

Лекциялық сабақтардың бір түрінде мұғалім лекциялық материалдың күрделі жоспарын тізеді, жоспар негізгі бөліктер мен тармақ-тармақшаларға бөлінеді. Жоспарда баяндалатын мәселелер айтылу рет тәртібіне қарай жүйеленіп тізіледі, қажетті даталар мен цитаттар, т.б. жоспардың тиісті жерлерінде көрсетіледі. Енді бір түрінде мұғалім лекциялық материалдың қысқаша тезисін жазады. Мұнда да, жоғарыдағы сияқты – айтылған ой мен пікірді дәлелдеуге, тұжырымдауға қажетті фактілер мен даталар, цитаттар мен көркем шығармалардан келтірілетін үзінділер, т.б. тезистің тиісті жерлеріне енгізіліп отырады.

Лекциялық материалды баяндау барысында түрлі цитаттар, шағын шығармалар, үзінділер қолданғанда, бұлардың қай-қайсысы да оқу материалының мазмұнын байытады және мұғалімнің пікірлеуі мен сөзіне ажар, көрік береді. Кейде оқушырарды оларға таныс емес шығарманың идеялық тақырыптық мазмұнымен жол-жөнекей таныстырып кетуі қажет болып қалады. Бұл ретте де мұғалім ондай шығарманың мазмұнын көркемдеп әңгімелеу түрімен қысқаша айтып беруге тиіс.

Кейбір ақын, жазушылардың өмірі мен әдебиеттік қызметін өтуде олардың лирикалық өлең-жырлары айрықша орын алады. Өйткені, бұл салаға жататын лирикалық шығармалар суреткердің дүние тану көзқарастың, стилін, творчествосының қоғамдық және тарихи-әдебиеттік бағасын танытуға көмектеседі. Демек, оқу материалын баяндаудың барысында бұл сияқты лирикалық өлең-жырларды немесе олардың үзінділерін мәнерлеп оқып беру өте орынды және қажетті деп саналады. Кейде мұндай шығармаларды күні бұрын дайындап қойған оқушыларға да келістіріп оқытуға болады.

Мектепте әдебиетті оқытуда әдіс-амалдардың бұлардан басқа да түрлері бар. Мысалы, сөз жарысы, пікірталас баяндама жасау, теріп мазмұндау проблемалы баяндау-әңгімелеу жазба жұмыстар, т.б. Көрнекіліктің, дидактикалық және техникалық құралдардың әр алуан түрлерін пайдалану, қажетті нәрселерді тақтаға жазып, сызып, суретін салып көрсету, сөздік, кино-теле сабақтар ұйымдастыру, әдебиеттік сипаты бар түрлі серуен, экскурсиялар жасау, сыныптан тыс оқу, әдеби-шығармашылық драмалық мәнерлеп оқу сияқты үйірмелер, т.б. оқытудың әдіс-тәсілдернің кешенін құрайды.

Бұлардың қайсысын қашан, қайда және қалай қолдану әдебиет мұғалімінің еркіне беріледі.

Қазақ әдебиетінен қазіргі сабақ түрлері

Бағдарламалық сағаттардың шақталып, шектеулі берілуіне байланысты орыс мектептеріндегі қазақ әдебиеті сабақтары, негізінен, аралас сабақ түрін қажетсінеді. Солай болған күнде де, мұғалімдердің қазіргі сабақтың алуан түрлілігін пайдалануына болады. Оның шығармашылық ізденісіне шек қойылмайды. Осы орайда, әдіскер ұстаз Қ.Бітібаева жүйесі бойынша, қазақ әдебиеті пәнін оқытуда қазіргі тәжірибеде дәстүрлі сабақтармен қоса, мынадай сабақ түрлері жиі пайдаланылуда:

1.     Дәріс сабақ (лекция).

2.     Семинар сабақ (бірнеше түрі бар).

3.     Пәнаралық байланыста оқытуға негізделген интеграциялық сабақтар (қос, үштік сабақтар).

4.     Конференция сабағы.

5.     Сот сабақтары (не билер тартысы сабағы).

6.     Жәрмеңке сабағы.

7.     Пресс- конференция сабағы (баспасөз сабағы).

8.     Концерт сабағы.

9.     Пікірталас сабағы.

10. Айтыс сабақтары.

11. Композициялық сабақ.

12. Әдеби монтаж сабағы.

13. Көзқарас сабағы.

14. Брифинг сабақтары.

15. Ерлік сабағы.

16. Іздендіру сабағы.

17. Практикалық сабақтар.

18. Емтихан, есеп- сынақ сабақтары.

19. Реферат қорғау сабақтары.

20. Пікір қорғау сабақтары.

21. Жарыс сабағы.

22. Ойын сабақтары (әдеби ойындар).

23. Кино, теле сабақтар, т.б.

Енді осы сабақ түрлерін кесте бойынша көрсетейік.

 

Сабақ түрлері

Негізгі әдіс- тәсілдері, белгілері

1

2

Дәріс сабақ

Сөздік әдісі, оның ішінде, лекция (сұрақ- жауап, пікірлесу де болуы мүмкін).

Семинар сабақтары

1. Семинар сұрақтары.

2. Сұрақ- жауап.

3. Баяндама, хабарлама.

4. Ғылыми, қосымша материалдармен өздік жұмыс.

Интеграциялық, қос, үштік сабақтар

Диалогтық әңгіме, баяндау, пікірлесу, түсіндірмелі әдіс.

Конференция сабақтары, баспасөз сабағы

1. Баяндама, лекция.

2. Сұрақ- жауап.

3. Сұхбат түріндегі сұрақ- жауап.

4. Пікірталас (проблема айналасындағы).

Сот сабағы

(билер сабағы)

1. Сұрақ- жауап, түсіндірмелі әдіс (айыптаушы, куә, жауапкер арасындағы).

2. Тартыс, айтыс, дәлелдеу, т.б.

Жәрмеңке сабағы

1. Концерт, инсценировка элементі бар көріністер.

2. Халықтық педагогика, әдет- дәстүрді сабаққа пайдалану.

Концерт сабақ, монтаж- композициялық сабақтар

1. Мәнерлеп оқу.

2. Жатқа оқу.

3. Рөлге бөліп оқу.

4. Ән айту, көріністер көрсету.

5. Инсценировка, монтаж жасай білу.

Диспут,

айтыс сабақтары

Сұрақтар, проблемалық сұрақтар, пікірлесу.

Қосымша материалмен, кітаппен жұмыс, т.б.

Көкпар, жарыс сабағы

1. Топтық, жұптық, жеке жұмыстар.

2. Сұрақ- жауап.

3. Білім жарысына түсу.

4. Білім сынағы.

Реферат қорғау, пікір қорғау, іздендіру сабақтары

1. Проблемалық сұрақтарға негізделген тапсырмалар.

2. Проблеманы шешу, сол мақсатта іздену.

3. Салыстыру, қорытынды жасау.

4. Материалды, проблеманы баяндау.

5. Қосымша материалдар, ғылыми материалдармен жұмыс.

6. Проблемалық әңгіме.

7. Проблемалық зерттеу әдісі.

8. Пікір айту, оны нақты мысалдармен дәлелдеу, қорғау.

Практикалық сабақтар

1. Көркем мәтінмен жұмыс.

2. Ғылыми материалдар, қосымша материалдармен жұмыс (іріктеу, негізгі мәселелерді бөліп ала білу, конспекті жазғызу).

3. Сұрақ- жауап.

4. Проблемалық тапсырмалар.

5. Көркем дидактикалық материалдармен жұмыс.

6. Проблемалық зерттеу әдісі.

Сынақ сабақатары

1. Тестілеу.

2. Алгоритм, жоспар түзу.

3. Билет-карточкалар.

4. Тезистеу.

5. Түсінік беру, дәйектеу.

6. Тұжырымдау, т.б.

 

Қазіргі сабақтың алуан түрлілігі мен олардың шығармалық сипаттары әдебиет пәні бойынша ұйымдастырылатын сыныптан тыс жұмыстарымен үндес, мақсаттас болып келеді.

      Сыныптан тыс уақытта жүргізілетін жұмыстар оқушылардың әдебиет сабағында алған білім қорын молайтып, ой-өрісін дамытып, дүние тану қабілетін арттырады. Сыныптан тыс уақытта жүргізілетін жұмыстар әр алуан. Олар: түрлі үйірмелер, әдебиет газеті мен қолжазба журналдар, әдеби-көркем кештер, спектакльдер, әдеби көрмелер, серуен, экскурсиялар, театрға бару, кино, мұражайларға бару, сыныптан тыс көркем шығармаларды оқу, әдебиеттік музыкалық клубтар, оқырмандар конференциялары т.б. сөз өнеріне тарту, көркем шығармаларға деген қызығушылығын арттыру, эстетикалық талғамын, сезімін дамыу сияқты білім мен тәрбие берудің басты-басты мәселері сыныптан тыс жұмыстарда одан әрі жалғасын табады. 

      Пайдаланылған әдебиеттер:

      1. Бітібаева Қ. Әдебиетті оқыту әдістемесі. Алматы: «Рауан», 1997.

      2. Ақшолақов Т. Көркем шығармаға талдау жасау. Алматы: «Мектеп», 1983.

      3. Көшімбаева А. Қазақ әдебиетін оқыту методикасы. Алматы: «Мектеп», 1969.

      4. Рыбникова М.А. Очерки по методике литературного чтения. М., 1985.