Право /1.История государства и права.
Оқытушы,
құқық магистрі Омар Б.М
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық
қазақ-түрік университет. Қазақстан
Қазақстан Республикасында
заңгерлер одағын құрудың
құқықтық негіздері
Еліміз егемендігін
алған 20 жылдың ішінде дүние жүзіне
демократиялық, әлеуметтік, құқықтық
мемлекет ретінде танылғаны, сонымен бірге, Қазақстан Біріккен
Ұлттар Ұйымынан бастап, көптеген беделді халықаралық
одақтардың тең мүшесі болып табылатыны баршаға
аян. Қазақстан Республикасы - тәуелсіздікке жеткен
алғашқы күндерінен бастап, өзінің
құқықтық жүйесін белсенді
қалыптастырып келе жатқан мемлекет ретінде танылуда. Қазақстан
барлық мемлекеттермен терезесі тең ел бола отырып, көптеген
жұрт таныған халықаралық шарттарды ратификациялады. Осындай
игі қадамдарды жүзеге асыруда халықаралық
құқық нормаларын, олардың жалпы жұрт
мойындаған қағидаларын әділетті түрде
жүзеге асыруда Парламенттің, құқық
қорғау органдарының, сот жүйесінің қызметі
ерекше. Өйткені, Қазақстан Конституциялық
құрылымы жөнінен құқықтық мемлекет.
Құқықтық мемлекеттің басты белгісі адам,
қоғам, мемлекет мүддесі үшін істелетін игілікті
істердің барлығы дерлік құқық, заң
нормаларымен реттелетіндігінде [1, 3].
Қазақстан
Республикасы тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде
құқықтық жағынан көп алға қарай
дамыды. 2010-2020 жылдарға арналған
құқықтық саясат тұжырымдамасы
қабылданып, ұлттық заңнамаларды жаңғырту
және жетілдіру жөнінде шаралар жүзеге асырылды.
Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдардан бүгінгі
күнге дейінгі ықпал етіп отырған заңдар бірнеше рет
түзетуден өтіп, соған сәйкес шаралар түрлі
шаралар жүзеге асырылды. Ескірген, тиімділігі азайған
заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Мұның барлығы еліміздің
құқықтық өсу жолындағы жасалған
жұмыстарының бір бөлігі деуге болады.
Еліміз өз тәуелсіздігін
алған жылдар ішінде яғни осындай тарихи өлшемі
қысқа уақыт аралығында еліміздің
эволюциялық дамуының көптеген онжылдығы шоғырланғанды.
Қазақстан Республикасындағы Құқықтық
реформаның мемлекеттік бағдарламасы 1994 жылы мемлекеттік
құқық жүйесінің негізінде салынды.
Азаматтық қоғам институттарының жан-жақты дамуы,
мемлекет пен қоғам қатынастарының үйлесімділігі
бағдарының нәтижесінде мемлекеттік және
қоғамдық институттардың неғұрлым белсенді
өзара іс-қимылына конституциялық тыйымдар мен шектеулер
алынып тасталды, бүгінде біздің елдің ішкі жағдайы мен
қажеттіліктеріне толықтай сай келетін жергілікті
өзін-өзі басқару жүйесі жаңартылды.
Сот төрелігін іске асыру кезінде соттардың
тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған
сот-құқықтық реформаның жаңа
кезеңіне конституциялық деңгейде қарқын берілді.
Өлім жазасын қолдану аясы қысқартылып,
адамдардың өлімімен ұштасатын террористік қылмыстармен
және соғыс уақытында жасалған аса ауыр қылмыстармен
ғана шектелді, бұл Қазақстан жағдайында
өлім жазасының іс жүзінде жойылғанын білдіреді.
Соттың қамауға алуға санкция беруі енгізілді,
прокуратура мен соттың тергеу жүргізу мүмкіндігіне
конституциялық тыйым алынып тасталды.
Жүргізілген реформа осылайша
мемлекет пен қоғам институттарын одан әрі
демократияландыруға бағытталды. Конституцияда танылған осы
жүйелі шешімдердің барлығы Қазақстан Республикасының
ағымдағы заңнамасында одан әрі іске асуға тиіс.
Норма түзушілік қызметтің тиімділігін арттыру
мақсатында қолданыстағы заңнаманы жүйелеу,
заңнама салалары бөлігінде одан әрі топтастыру, оны ескірген
және қайталама нормалардан арылту,
құқықтық реттеудегі олқылықтардың
орнын толтыру, қолданыстағы құқықтағы
ішкі қайшылықтарды жою, заңдардағы сілтеме нормаларды
азайту және Конституцияға сәйкес заңнамалық
актілер қабылдана алатын мәселелер тобы шеңберінде тікелей
қолданылатын заңдарды қабылдау практикасын кеңейту
жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет.
Тарихтың тереңіне бой тартсақ, қазіргі қазақ мемлекетінің ел болып еңсе көтерген дәуірден бергі табиғи болмыс-бітімімен біте қайнасып, бойына сіңген әдет-ғұрып, салт-санасынан екшеліп шыққан заңдар үлгісі – билер бітімі сот ісін биік беделге жеткізгенін дәлелдейді. 2004 жылғы 16 желтоқсанда ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Соттың жаңа ғимаратын және Құқық тарихы мұражайын салтанатты түрде ашты. Бұл мұражай үшін жәдігерлер, құжаттар, фотосуреттер Қазақстан, Омбы, Мәскеу және Санкт-Петербургтегі Ресей Федерациясы мемлекеттік тарихи архивтері мен мұражайлары, кітапханаларынан жинастырылды. Олардың арасында билер сотына қатысты тарихи құнды құжаттар да бар.
Егемен
Қазақстанның қалыптасуы соттардың
тәуелсіздігін нығайтумен және
сот-құқық реформасын жүргізумен тығыз
байланысты. Мемлекет басшысының 2000 жылғы 25 желтоқсанда
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен
судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық
заңға қол қоюы осы кезеңнің басты
оқиғасы болып табылды. Міне, бұл орайда
құқықтық реформаның басты
қорытындылары – түбегейлі өзгеріс екенін атап өту
қажет. Тәуелсіз Қазақстан Конституциясының
негізінде егеменді, демократиялық, құқықтық
мемлекеттің заңнамалық қоры құрылды.
Бүгінде Заңгерлердің халықаралық қауымдастығы
(International Bar Association) 40 мыңнан аса заңгерлерді
және 180-нен аса мемлекеттің 197 заң қауымдастығы
мен қоғамдастығын біріктіруде. Ол заңгерлерді
біріктіретін барлық халықаралық үкіметтік емес
ұйымдардың ішінде ең бірегейі болып табылады [2, 3].
Біздің
мемлекетімізде қабылданып, қолданылатын
құқықтық актілер әділеттілік
қағидасына, мемлекет пен жеке адамның мүддесіне
қызмет етуі тиіс. Мұндай күрделі міндеттерді жүзеге
асыруда заңгерлер қауымдастығының маңызы ерекше
екендігін өмір тәжірибесі көрсетіп отыр. Әлемнің
көптеген өркениетті мемлекеттерінде мұндай заңгерлерді
біріктіретін одақ немесе ұйымдар бар. Мұндай одақ
немесе ұйымдар өз мемлекеттерінің
құқықтық жүйесін дамытуға
үлестерін қосады.
Қазақстан
өзінің алғаш тәуеліздігін алған жылдары
Заңгерлер одағы құрылған болатын. Бұл
одақ егемендігіміздің өркендеуіне едәуір қызмет
атқарды. Өкінішке орай бұл одақ белгісіз себептерге
байланысты өз жұмысын тоқтатты. Сөйтіп, одақ
Адвокаттар одағы, Нотариаттар палатасы сияқты т.б. жеке-жеке
ұйымдарға бөлінді. Соның нәтижесінде
Заңгерлер одағының жұмысы мүлдем көзге
көрінбей қалды.
Қазіргі дүниежүзілік
дамудың алғышарты- заңгерлік қызметті жетілдіру екені
бәрімізге белгілі. Қандай да бір мемлекетаралық
қарым-қатынас құқықтық-халықаралық
заңдылық шарттарға негізделеді. Сол себептен
мемлекеттіліктің заңдары мен институттарының негізін салуда
заңгерлердің рөлі өте ерекше.
Бүгінгі күні Қазақстан
Республикасына барлық озық әлемдік стандарттарға сай
келетін, азаматтардың құқықтары мен
бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ететін ашық
және бүкпесіз Қазақстан заңгерлері одағын
қайта құрып, мемлекетіміздің өркендеуіне,
өркениетті, әділетті, құқықтық
нормалардың мемлекет, қоғам, адам мүддесі үшін
қызмет етуін жүзеге асыру қажет.
Қазір әлем жаңа қалыптасу
кезеңін бастан кешіріп отыр. Тығырықтан шығудың
жолдары іздестірілуде. Адамзаттың жаңа өмір сүру
қалыптары қарастырылуда. Бұл орайда бірлескен әрекеттер
ғана, соның ішінде еліміздің заңгерлерінің
білікті іс-қимылдары арқасында негізгі міндеттердің
түйінін шешу барысына тек заңдарымыздың ғана емес,
сондай-ақ оған еліміздің дамуы да байланысты болмақ.
Бүгінгі таңда азаматтардың құқын
қорғау бағытында заңгерлер қауымдастығымен өзара
қарым-қатынасты нығайтып, кәсіпкерлік пен еркін
бәсекелестікке көмек көрсету барысында жиналған
ақпараттар мен оңды тәжірибемен алмасу қажет.
Сөйтіп, бірлесе отырып, қоғам мен мемлекетті дамытудың
тиімді жолдарын қарастырған жөн.
Біз әлемнің
құқықтық жағынан дамыған
елдерінің қатарынан көрінуіміз үшін заңдық
және құқықтық нормаларды барынша реттеп,
оларды жетілдіруіміз қажет. Ол үшін мемлекетіміздің
құқықтық түрде дамуына зор әсерін
тигізетін, болашақтағы заңдық-жобалық
қызметті жоспарлап, нормативтік-құқықтық
актілер жобасының ғылыми сараптамасын енгізуді жүзеге
асыратын «Қазақстан заңгерлері одағын» құру
қажет.
Заңгерлер одағының
құрылуы – осы салада қызмет ететін ғалымдарды,
мамандарды еліміздің құқықтық
тәрбиесін, сапасын өркендетуге, сондай-ақ заң
шығарушы орган – Парламент жұмысына да белсенді қатысып,
сапалы заңдар жобасын әзірлеуге атсалысуға, еліміз бойынша
білімді, білікті заңгер мамандар даярлауға өз үлесін
қосар еді [3, 3].
Заңгерлердің
одағын құру - ведомстволық-корпоративтік
тиістілігіне қарамастан заңгерлер қызметіне қатысты
ортақ саясатты, бірыңғай стандарттарды әзірлеу,
еліміздің барлық заң қоғамдастығын
біріктіру және мемлекет алдында тұрған маңызды
құқықтық міндеттерді шешуде оның
ортақ тұғырнамасын жасап шығару болып табылады. Сонымен
қатар, заңгерлердің қоғамдық бірлестігін
құру тәжірибесімен айналысатын заңгерлермен
қатар, қазірде жұмыс істейтін қоғамдық
бірлестіктер, мысалы, Сот одағын, Адвокаттар одағын және
Республикалық Нотариалдық Палатаны біріктіруге мүмкіндік
береді.
Әлемдегі қандай да бір мемлекет демократиялық,
құқықтық мемлекет құру үшін заңгерлер
одағын құрып, жыл сайын «Заңгерлер съезін»
өткізіп, олардың тәуелсіздігін қамтамасыз етудің
мәні мен маңызы өте зор деп білемін. Себебі демократиялық,
құқықтық мемлекет болып қалыптасып,
оның дамуына заңгерлер қоғамының алар орны
ерекше. Сондықтан да өзінің даму бағыттан демократиялық,
құқықтық мемлекет ретінде таңдаған кез келген мемлекет заңгерлер тәуелсіздігін
құрметтеумен қатар, оны
сақтауға әрі қорғауға міндетті деп
ойлаймын.
Демократиялық мемлекеттің
құқықтық институтының негізін
құрайтын заңгерлер одағын құру мәселелерді
заңнамалық тұрғыдан жетілдіріп отырудың
маңызы зор екендігі даусыз. Жалпы алғанда мемлекетімізде
заңгерлер одағын жетілдіру демократиялық жетістіктің
бірі ретінде саналатыны айқын.
Қазіргі таңда тәуелсіздігіне 20
жыл ғана толған Қазақстан Республикасы үшін Заңгерлердің республикалық
съезін өткізу демократиялық, құқықтық
жағынан ілгерілеуімізді көрсетіп, әлемдік
стандарттарға барлық параметрлерімен сәйкес келетін мемлекет ретінде танылуымызға
зор әсерін тигізері сөзсіз. Сондықтан да заңгерлер съезін жылына кемінде бір рет
өткізу мәселесі қатаң қолға алынса деймін.
Сонымен қатар, бұл съезге Президент Әкімшілігі,
Үкімет, Парламент, орталық және жергілікті мемлекеттік
органдар, ұлттық компаниялар, холдинг қызметкерлерімен
қатар жоғары оқу орындарының заңгер
ғалымдары қатысып, заңгерлер одағына мүше ретінде
қатысса. Себебі, жоғары оқу орындарының заңгер
ғалымдары съезде талқыланған мәселелерді өздері
қызмет атқаратын заң факультеттерінде оқитын
болашақ заңгерлермен (студенттермен) талқылауға зор
мүмкіндік болар еді. Съезде көптеген ұсыныстар мен пікірлер
талқыланатыны әрине рас. Бірақта ол съезде айтылған
ұсыныстар мен пікірлерді ұстаздарының өз аузынан естіп,
талқылаған жөн сияқты. Сол үшін де
заңгерлер съезінің берері мол екендігін ескере отырып,
Қазақстан Республикасы Заңгерлерінің съезін жыл сайын
өткізу жоспарланса нұр үстіне нұр болар еді, -деген
ойдамын.
1. Ағыбаев А. «Құқықтық мемлекет
өркендеудің алғышарты» // Егемен Қазақстан. 17.05.2012. №244 (27318).
3.
Қажығалиева Ж. «Атқарушы билік және
құқық саясаты» // Егемен Қазақстан. 17.05.2012. №244 (27318).