Право /7.Экологическое, земельное и аграрное право.

Оқытушы, құқық магистрі Омар Б.М

Қ.А.Ясауи  атындағы Халықаралық қазақ-түрік университет. Қазақстан    

Қазақстан Республикасындағы экологиялық проблемалар және оны құраушы факторлар

·                    

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды, оның ең қьмбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп, -атап көрсетілген. Сонымен қатар, мемлекеттің ең қымбат қазынасы «Адамның»  асыл құқықтарының бірі - қолайлы қоршаған ортада өмір сүру құқығы. Оны Конституцияның 31-бабымен дәлелдеуге болады: «Мемлекет адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етіп қояды» [1,13].  

Қазіргі таңда Ата заңымыздың бұл нормасы, сақталмай келеді деп,- айтуға болады. Себебі, табиғи ресурстарды ретсіз өндіріп, оларды тиімсіз пайдалануда. Қазақстан территориясының өте үлкен бөлігі әртүрлі факторлардың әсерінен кешенді ластанған, мысалы, ауаның, судың, жердің әртүрлі өндірістік зиянды қалдықтармен, улы газдармен және т.б. ластануда. Оған полигондарды, сынақ алаңдарын, «Байқоңыр» ғарыш кешенің, ірі тау-кен өндірістерін, Балхаш, Арал, Каспий суларындағы экологиялык апаттарды, мыңдаған өндірістік кәсіпорын, заводтар мен фабрикаларды қосатын болсақ, Қазақстан территориясының нағыз апат алаңы екенін байқауға болады. Еліміздің территориясы дүние жүзінде 9-орынға ие болса да, шегі шектеулі. Жайылып жатқан территориямыздың жартысынан көбі өмір сүруге қолайсыз және ондай жерлердің көлемі күннен күнге өсуде.

Қазіргі кезде Қазақстан халқының біраз бөлгі тіпті жануарлар ішпейтін суды ауыз-су ретінде пайдаланып отыр. Қанша десек те сол суларды ластап отырған өндіріс орыңдарының саны азаюдың орнына, керісінше, одан әрі өсіп келе жатыр. Оның себебін жауапкершіліктің жоқ болуымен сипаттауға болады, олардың көбі аз мөлшердегі айыпты төлеу арқылы және басқа да жолдармен кұтылып жатады.

Еліміздегі қоршаған ортаны қорғау - өткір мәселелердің бірі және ол дереу шешімді талап етеді. Қазақстан Республикасының экологиялық жағдайы тіпті күннен күнге нашарлауда және ол ең алдымен халықтың денсаулығы мен өміріне өте үлкен залалдар әкелуде.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жыл сайын беретін қорытындысына сүйенсек, дүниежүзінде тек ауаның ластануынан қайтыс болатын адамдардың саны, автомобиль апатынан қаза болатын адамдардың санынан асып отыр. Атмосфералық ауаға  шетелдік және ұлттық өндірістік компаниялар зиянды газдардың үштен екі бөлігін тастайды екен [2,1].   

Қазіргі таңда елімізде 22 млрд. тоннадан астам өндіріс және тұтыну қалдықтары жи­нақ­талған. Оның 18 млрд. тоннасы техногенді ми­нералды түзілімдер. Жыл сайын елімізде 700 млн. тонна шамасында өндіріс қалдықтары пайда болуда, оның 250 млн. тоннаға жуығы улы қалдықтар. Қазір кен және байыту кешен­дері қалдықтарының ең үлкен үлесі Қарағанды (29,4 пайыз), Шығыс Қазақстанда (25,7 пайыз), Қостанайда (17 пайыз) және Павлодар (14,6 пайыз) облыстарында. Өндіріс қалдықтарының басым бөлігін – 65 пайызға дейінін, аршынды жы­­ныстар, байыту қал­дық­тары, үйін­ділер және тағы сол сияқты тех­ногенді минералды түз­і­лім­дер құ­рай­ды. Осы күндері жи­налған аршынды жыныстар құ­рылыс материал­дары ретінде және істен шық­қан шахталарды, карьерлерді жабу мақсатында қол­данылып отыр. Мысалы, “Қазақстан Алюминийі” ААҚ өн­діріс қалдықтары істен шыққан карьерлерде ор­на­ластырылады. Өткен жылы техникалық ре­куль­тивацияның бірінші кезеңі ретінде түзілген өндіріс қалдықтарының жалпы көлемінің 20 пайызы істен шыққан карьерлерді жабуға қол­данылды. Сол сияқты Қарағанды облысының кә­сіпорындары мен нысандарында былтырғы жылы түзілген қалдықтардың 41 пайызға жуы­ғы қолданылған және кәдеге жаратылған. “Ар­се­лор Миттал Теміртау” АҚ-та түзілген қал­дық­тардың 25 пайызы кәдеге жаратылып, қай­талама ресурстардың 35 пайыздан астамы өндіріске қайтарылған.

Республикада жиналған тұрмыстық қатты қал­дықтардың көлемі 14 млн. текше метрден астам­ды құрайды. Жыл сайын елімізде 2,1 млн. текше метрден астам тұрмыстық қатты қалдық­тар жиналады. Биылғы жылдың бірінші жар­ты­жылдығында олардың көлемі 2,286 млн. тоннаны құрады, олардың 15 пайызы ғана қайта өңделеді. Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, олардың нақты жиналған көлемін азайт­пайды. Олар үнемі арамызда болғандықтан тұрғындардың денсаулығы мен өміріне едәуір қауіп төндіреді. Елді мекендерде тұрмыстық қалдықтар үшін сынақ алаңдарының жоқтығы немесе олардың экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай болмауынан барлық жерде кез­дейсоқ қоқыстардың пайда болуына әкелуде. Бүгінге дейін Қазақстанда қалдықтарды залал­сыздандыру сынақ алаңдарында жинау арқылы жүзеге асырылады.

Тарихи иесіз қалдықтарға келетін болсақ, ал­дын ала анықтау және қолда бар мәлімет­тер­ді талдау нәтижелері бойынша тарихи иесіз қалдықтар саны республикада 1000-нан астам ны­сан­ды құрайды. Олардың 85 пайызы кен өндіру саласының 750 нысандарына, 13 пайызы иесіз сынақ алаң нысандарына және қалған 2 пайы­зы ауыл шаруашылығы мен басқа да жер­лерде бар. Тұрақты органикалық ластаушылар ең маңызды экологиялық проблемалардың бірі болып табылады. Оларды алдын ала анықтау барысында республикада құрамында 1,5 мың тоннадан астам тұрақты органикалық лас­таушылары бар аумақ айқындалған. Қалдықтармен жұмыс істеу мәселелерін рет­теу үшін министрліктің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінде Қалдықтармен жұ­мыс істеуді реттеу басқармасы құрылды. Бас­қар­ма міндетіне еліміздегі қалдықтармен жұ­мыс істеу мәселесімен айналысатын барлық ве­домстволардың жұмысын үйлестіру кіреді. Міне, осы проблемаларды шешу үшін Елба­сының тапсырмасына сәйкес министрлік қал­дық­тарды басқару бойынша жұмыстардың үй­лестірушісі болатын “Жасыл Даму” орталығы атты өндіріс және тұтыну қалдықтарын ке­шен­ді басқару бойынша орталық құруды көздейтін 2010-2020 жылдарға арналған “Қазақстан эко­логиясы” мемлекеттік бағдарламасын әзірледі. [3, 2]

Елбасының 2006 жылғы 1 наурыздағы Қа­зақстан халқына Жолдауын іске асыру мақ­сатында бір жылдан соң Экологиялық кодекс қабылданды. Онда тұңғыш рет заң­на­малық түрде орнықты дамудың негіздері бекі­тілді. Ең біріншіден, кодекске ең үздік еуро­палық тәжірибеге сәйкес, қолжетімді үздік тех­но­логиялар негізінде кешенді экологиялық рұқ­саттар енгізілді. Соған сәйкес, кәсіпорындар өнді­ріс күрделілігі, қоршаған ортаға тигізетін әсерінің дәрежелері бойынша төрт топқа бөлінді. Бұл орайда экологиялық нормалауда қор­шаған орта сапасының нысаналы көрсет­кіш­тері қолданылады. Содан соң кодекске сәйкес, қалдықтарға меншік құқығы, оны бір тұлғадан басқа тұлғаға және мемлекетке беру жөніндегі нормалар енгізілген.

Қазір шетел ком­па­нияларының көбі қоршаған ортаны қорғауға байланысты өздеріне жүктелген міндеттерді то­лығымен атқара ал­мау­да. Жыл сайын “Теңізшевройл” ЖШС, АДЖИП ККО, Атырау мұнай өндеу зауыты се­кілді ірі кәсіпорындардың қызметі барысында экологиялық талаптардың орындалуын тексеру үшін министрліктің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті жоспар бойынша тексеріс жүргізеді. Кәсіпорындар тарапынан заң бұзу­шылық анықталған жағдайда, оларға заңмен белгіленген тәртіп бойынша шара қолда­ны­лады.

Бүгінгі таңда еліміз қоршаған ортаны қор­ғау саласындағы табиғатты қорғау бойынша жан-жақты халықаралық жобалар мен бағдар­ламалар, келісімдер аясында Бүкіләлемдік даму банкі, Әлемдік экологиялық қоры, БҰҰ Даму бағдарламасы, Орталық Азияның аймақтық эко­логиялық орталығы, БҰҰ Еуропалық комис­сия­сымен басқа да көптеген халықаралық ұйым­дармен ынтымақтастықта. Әлемдік эколо­гиялық қор, БҰҰ Даму бағдарламасы, Бүкіл­әлемдік банктің бірлесіп қаржыландыруы аясын­да онға жуық халықаралық жобалар жүзе­ге асырылуда. Олар Қазақстанда жылумен жаб­дықтаудың коммуналдық жүйесіндегі парниктік газ­дардың көлемін қысқартуға, су ресурс­тарымен экожүйелік басқару әдісін жақсартуға, Қазақстанда жел энергиясы рыногын дамытуға ықпал етуге, Қазақстанның далалық эко­жүйе­сінің ғаламдық маңызды биоалуандығын сақ­тауға бағытталған.

Республиканың экологиялық қауіпсіздігі проблемасы бұрынғы Семей ядролық сынақ алаңының аумағындағы радиациялық ахуалмен тікелей байланысты. Қазіргі уақытта радио­ак­тивті зақымдануға ұшыраған аумақтардың шекаралары жеткілікті анықталмаған және бекі­тілмеген. Семей ядролық сынақ алаңы аума­ғында халықтың ауруға шалдығу деңгейі­нің жоғары екендігі байқалады. Ядролық сынақ жүргізу инфрақұрылымын жою жөніндегі жұмыстардың, халықаралық бағдарламалар мен жобалар шеңберінде зерттеулердің орындалуы барысында, сондай-ақ, Үкіметтің 1999 жылғы 12 наурыздағы №235 қаулысымен бекітілген “Қазақстан Республикасында атом энергетика­сын дамыту” атты республикалық мақсатты ғылыми-техникалық бағдарламаны іске асыру ке­зінде алынған нәтижелер өңірдің радио­эко­логиясының проблемаларымен қатар, тұтастай бірқатар жаңа проблемаларды анықтады. Бұл проблемалар, ең алдымен, ядролық әрі радиа­ция­лық қауіпті нысандардың қауіпсіздік және таратпау режімі мәселелерімен байланысты. Семей ядролық сынақ алаңы аумағында шаруа­шылық қызмет реттелмеген. Жеке және заңды тұлғалардың санкцияланбаған қызмет жүргізуіне байланысты радиоактивтіліктің қайта көшу мүмкіндігі пайда болуда.

Еліміздегі әр аймақтың шаруашылығы, инфрақұ­ры­лы­мы әртүрлі, осыған байланысты, қоршаған ортаны ластаушы көздер де әртүрлі. Қазақ­стан­ның экологиялық зілзала аймағын және төтен­ше экологиялық жағдай аймағын белгілеу Үкі­меттің қаулысымен бекітілген “Аумақтардың эко­логиялық ахуалын бағалау критерийлері” арқы­лы жүзеге асырылады. Арал өңірі мен Семей полигонынан зардап шеккен аймақтар эко­логиялық қасірет аймағы ретінде жария­лан­ған. Ал, атмосфералық ауаның жалпы жай-күйін айтатын болсақ, 2008 жылдың қорытын­дысында атмосфералық ауаның ластану индексі бойынша ең көп ластану деңгейі Алматы және Шымкент қалаларында байқалған. Зымыран мә­селесіне келетін болсақ, 2006 – 2007 жыл­да­ры болған апаттық жағдайлар бойынша “Қара­ғанды облысында 2007 жылы Протон зымы­ран-тысымалдағышының апаттық құлауы сал­дарынан техногендік әсерге ұшыраған аумақты экологиялық және әлеуметтік-гигиеналық ба­қы­лау бағдарламасы” мен “Қызылорда облы­сында 2006 жылы ғарышқа арналған РС-20 зымыранының апаттық құлауы салдарынан жағымсыз факторлардың әсеріне ұшыраған аумақты экологиялық бақылау бағдарламасы” жүзеге асырылуда.

Осы факторлардың әсер етуінен өндірістік қалаларда аурулардың белгісіз түрлері тараған. Адамдардың өмір сүруінің орта жасы бірден төмендей бастаған, сонымен қатар өлім саны да кенеттен өсіп кеткен. Мамандардың дәлелдеріне сүйенсек, қазіргі кезде халық шегіп отырған зардаптар болашақта бірнеше ұрпақтарға үлкен кері әсерін тигізеді.
Қазақстанның денсаулық сактау ұйымының хабарлауынша республикамызда әртүрлі улы газдардан зиян шеккен адамдарды емдеп, денсаулықтарын калпына келтіру үшін бірнеше миллиард тенге қаражат керек, дегенмен, бұзылған денсаулықты қайтадан бұрынғы қалпына келтіру мүмкін емес [4, 27].

Атмосфералық ауаға тасталатын зиянды газдардың үштен бір бөлігін тасымалдау көліктерінен шығатын газдар құрайды. Әрбір жеңіл көлік жылына ауаға 12-13 тонна улы заттар тастайды екен. Сонымен қатар, шетелдік және ұлттық өндірістік компаниялар, елдегі атмосфералық ауа мәселесін одан әрі өршіте түсуде.

Атмосфералық ауаның автокөлік түтін­дері­нен ластану проблемасы халық жиі қоныс­танған ірі қалаларға және өндірістік агломе­ра­цияларға тән. Бұл проблема және оның зиянды салдары қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік орган­дармен, мемлекеттік емес және ғылыми-зерттеу ұйымдармен зерттеліп, талқылануда. Қазіргі таңда қалалардың атмосфералық ауасы­ның ластануында саны көбейіп жатқан авто­көліктің үлесі мол. Еліміздің ірі қалаларында автокөлік иелеріне, заңды және жеке тұлғаларға айыппұл мөлшерін көбейтіп, автокөлік шығарындыларында лас­таушы заттардың шектен тыс артқаны үшін әкім­шілік әсер етуді қатайту арқылы авто­көліктің ластаушы шығарындылары деңгейін тө­мендетуге болады. Сонымен бірге, бұл проб­леманы ластаушы заттардың шығарындыларын төмендететін, автомобиль қозғалтқышының қуа­тын арттыратын, отынның шығысын үнем­дейтін, отын жағылуын толықтай қамтамасыз ететін автомобиль отынына арналған ката­ли­заторлар қолдануды заң жүзінде міндеттеу арқылы шешуге де болады. Мысалы, “Антэм” ЖШС 2003 жылы Астана қаласында бірқатар автопарк­терде Жапонияда жасалған катализаторларды қолдану экспериментін өткізді, соның нәти­же­сінде, алғашқы көрсеткіштерден 2,5 есеге дейін шығарындылардың уыттылығы төмендегенін дәлелдеді. Жалпы, біздің жүргізушілерге Еуро­одаққа мүше елдердің тәжірибесін енгізу керек. Одан кейін экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін автомотор отынын өндіруге, тарату­ға, импорттауға бақылау орнатып, жауапкер­ші­лікті күшейту керек деп ойлаймын.  Сонымен қатар, шетелдік және ұлттық өндірістік компаниялар, елдегі атмосфералық ауаны ластағаны үшін мемлекетке төленетін айыппұл мөлшерін көбейткен дұрыс болар.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының 30.08.1995 жылғы Конституциясы (Қазақстан Республикасы Парламентінің 1996 ж., №4,217-құжат), Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 7 қазандағы Заңымен енгізілген өзгертулер мен толықтырулары (Қазақстан Республикасы Парламентінің 1998 ж., №20,245-құжат),  Қазақстан Республикасының 2007  жылғы 21 мамырдағы Заңымен енгізілген өзгертулер мен толықтырулары (Қазақстан Республикасы Парламентінің 2007 ж., №10,  68-құжат). –Астана: «Елорда» баспасы, 2009. – 42 б.

2. Атырау облысының мамндандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маманы Лаура Ахметова  «ҚОЛАЙСЫЗ ҚОРШАҒАН ОРТАМЕН АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫНА КЕЛТІРІЛЕТІН ЗИЯННЫҢ ОРНЫН ТОЛТЫРУ» www.atroblsud.kz/index.php?name=news&op=view&id=4

3. Дастан Кенжалин. «Айналамызды аялайық» Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали ӘШІМОВПЕН әңгіме. //Егемен Қазақстан. 17.10.2009. 

4. Галямова З. «Право человека на благоприятную окружаюшую среду (право на возмещение ущерба причиненного здоровью неблагоприятной окружающей средой» // Сборник статей слушателей юридического университета-1998 ж.