ҚАЗАНҒАП БИ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗАМАНЫ

Ә. Ә. Сабданбекова, оқытушы

Павлодар қ..,

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті

 

 

Ертіс Кереку өңіріне танымал мемлекет және қоғам қайраткері, 1843-1848 жылдардағы Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны Қазанғап би Сатыбалдыұлы  1771 жылы туып, 1856 жылы қайтыс болған. Осы кезең қазақ  тарихындағы аса бір күрделі де, ауыртпалығы мол, өтпелі кезең болды.  Өтпелі кезең деп айту себебіміз, бұл 1730 жылдары тікелей қазақтың Кіші жүзінің ханы Әбілқайырдың Ресейдің патшайымы Анна Иоановнаға өтініш жасап, Ресей бодандығын қабылдауы, яғни Ресей протекторатының орнауы кезеңі деп қарастырсақ,  екінші кезең 1820 жылдардан бастап тікелей Ресей вассалиттігі орнап, жартылай бағыныштылыққа өту кезеңі. Бұл кезеңде Ресей патшалығы Қазақстанның енді ішкі ел басқару ісіне тікелей араласа бастайды. Қазанғап Сатыбалдыұлының өтпелі кезеңде өмір сүрген тарихи тұлға деп атауымыз сондықтан. Өтпелі кезеңнің қай халықтың болмасын тарихында өзіндік бір  салмағы болары анық.

          Енді осы Қазанғап би Сатыбалдыұлының өмір сүрген қазақ тарихындағы кезеңіне тоқталайық.

         Қазақстанның геосаяси орналасқан жағдайы Қазақстанның Ресейге қосылуы аяқталғанда, онсызда ірі Ресей сияқты империяның  әскери жағдайы  әлсіз Қоқанд және Хиуа хандықтарын тас-талқанын шығаратыны анық еді. Бұл Англия сияқты ірі отарлы мемлекеттің Шығыс Түркістанға ішкерлей енуіне кедергі, әрі  бұл мәселеде Қазақстан  оған қашанда байлау еді.

Ресейдің Қазақстанға  деген экономикалық қызығушылығы, саяси мүддемен қатар жүрді, осы мақсатта ол Орта Азияға ішкерлей енуді жылдамдатты.

Бұл мәселелерден басқа, Ресей үшін Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймақтарының орыс патшалығының уысынан шығып, Қытай империясы билігінің қол астына өтіп кете ме деген каупі де алда тұрған еді.

         1781 жылы қазақтың ханы Абылайдың  өлімінен кейін, оның ұрпақтары арасындағы билік үшін талас, Қазақстандағы хандық билікті әлсіретті, Абылайдан кейін билікке келген оның ұрпақтарының бірі Уәлидің билігін қазақтың Орта жүзінің барлығы бірдей мойындамады, керісінше ақсүйектердің бір тобы, Ресей патшалығынан оны биліктен аластатуды өтінген өтініш хаттар жолдады. Бұның бәрінен хабары бар, әрі оны аңдып отырған патша үкіметі, Орта жүздегі, жалпы қазақ жеріндегі хандық билікті  әлсіретуді көздеп, Орта жүзде  бір мезгілде Уәлимен қатар, Бөкейді де хан етіп тағайындады.

1817 жылы  Бөкей хан, ал екі жылдан кейін, яғни 1819 жылы   Уәли өлгеннен кейін, Ресей патшалық өкіметі Қазақстанда хандық билікті жойып, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді үзіп, «Шыңғыс әулетінің» биліктен аластатуды көздеді. Бұрын тек Шыңғыс әулетінен шыққан төре тұқымдары ғана билікке ие алатын болса, енді патша өкіметі өз қалауымен, қарадан шыққандарды да халық қаласа болды, жоғары билікке тағайындай берді. Солардың бірі Орта жүздің  бір атасы Бәсентиін елінің төбе биі Қазанғап Сатыбалдыұлы болды.

Енді патша өкіметі алдында, қазақ жерін қалай жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстайтындай басқару әдісін іздеу тұрды. Бұл  мәселені патша граф М.М. Сперанскийге жүктеді.

1822 жылы 22 маусымда  патша «Сібір қырғыздарын (қазақтарын) басқару           Ережесін қабылдады. 10 заң жинағынан тұратын  «Сібір қырғыздарын басқару Ережесі» бойынша орыс өкіметіне бағынышты Ресейдің азияттық бөлігі  2 генерал-губернаторлыққа бөлінді: олар Батыс Сібір  генерал-губернаторлығы, орталығы Тобыл қаласы және Шығыс-Сібір генерал-губернаторлығы, орталығы Иркутск қаласы. Батыс Сібір генерал-губернаторлығына сонымен қатар Тобыл, Том губерниялары мен қайта құрылған  Омбы облысы қарады.

         «Сібір қырғыздарының (қазақтары)» кірген аймақ сыртқы округтерге бөлінді, олар Омбы облысына бағынды.

Орта жүз  территориясында ең алғашқы сыртқы округтер Көкшетау мен Қарқаралыда ашылды, кейін осындай сыртқы округтер Құсмұрында - 1825 ж, Баянауылда -1826 ж, Аягөзде - 1831 ж, Ақмолада - 1832 ж. Ресми түрде 1826 жылы құрылып, іс жүззінде 1833 жылы ашылған Баянауыл сыртқы округына қазіргі Павлодар облысының Баянауыл, Екібастұз, Ақсу, Май және Қарағанды  облысының Ульянов, Молодежный аудандарының жерлері қарады, оның жер аумағы 57 мың шаршы км болды[ 1].

Жаңа жарғы бойынша  Қазақ жерлері Омбы облысының 8 сыртқы округтарын құрап, Ертістің сол жағалауы – «Сібір қырғыздарының облысы деп аталды. Ертістің оң жағалауындағы қазақ жерлері батыс Сібір генерал-губернаторлығының ішкі округтарын құрады. Павлодар өңірінің территориясында 1833 жылы Омбы облыстық басқармасына  бағынған  Баянауыл сыртқы округі (Ертіс пен Нұра өзендерінің аралығында) құрылды [2].

Белгілі қазақ тарихшысы, қазақ археологиясының негізін салушы ғалым Ә.Х. Марғұлан Баянауыл сыртқы округі Орта жүз қазақтарында хандық жойылып, аға сұлтан тәртібі орнаған кезде патша үкіметінің Қазақстанда  ұйымдастырған әкімшілік орындарының бірі. Құрылған жылы  1833 (1834 ж) жыл. Ә. Марғұлан өз жазбасында Баянауыл  дуанының бірінші аға сұлтаны – Шоң би, кеңесшісі Тайжан Азнабаев, Қазанқап Сатыбалдин. Ең соңғы аға сұлтан Мұса Шорманов[3] – деп көрсетеді. Мұнда Ә.Х. Марғұлан кеңесшілерінің бірі Қазанқап (Қазанғап –авт.) Сатыбалдин деп көрсетеді, алайда, Баянауыл сыртқы округі құрылғандағы кеңесшілердің бірі болып Қазанғап емес, бізге белгілі оның ұлы Бердәлі Қазанғаповтың тағайындалғаны.

Бас-аяғы Баянауыл сыртқы округі 1833 жылдардан 1868 жылдарға дейін өмір сүрді, 1868 жылы  Уақытша Заң қабылданған кезде, бұрынғы округтердің көпшілігі уездерге айналды, алайда осы уездердің кейбірі уезге айналмай жай қалды, солардың бірі Баянауыл сыртқы округі болды.

Жарғы бойынша негізінен Орта жүз территориясын құраған Батыс Сібір генерал-губернаторлығына кірген аймақтар округтерге, округтер  болыстарға, болыстар ауылдарға бөлінді, осылайша құрылған қазақ жерін үш сатылы басқару үлгісі қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан,  қазақ ру-тайпаларының әкімшілік-территориялық бөлінісіне нұқсан келтіріп, қарама-қайшылық туғызды. Ереже округ тұрғындарының бір округтан екінші округке емін-еркін қоныстануына тыйым салды, бұл қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығына, қазақтың атадан-балаға жеткен қоныс мекендерінен қол үзгізді. Себебі, қазақтың қыстауы мен жайлауының арасындағы ара қашықтық бірнеше жүздеген шақырымнан асып кететін. Екіншіден қазақ жерінде бірінен соң бірі салынған орыс бекіністері қазақтың  жайылым жерлерін тарылтты. Бұл жайында мұрағат деректерінде Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны Қазанғап Сатыбалдыұлының Сібір басқарма шебіне жазған хатында былай делінеді: «Баянауыл округінде қыстап шығуға ыңғайлы қыстау жерлердің жеткіліксіздігіне байланысты, бес болыс қырғыздардары (қазақтар – Ә.С. ), негізінен: Бәсентиін, Күшік-Ақтілес-Бәсентиін, Бәйімбет-Бәсентиін, Әтей-Бәсентиін және Бозғозы-бура-Найман болыстарының ертеден қыстауы Ертіс бойындағы Семияр форпостарынан Қашыр редутына дейінгі алқаптарды жайлап, бұл үшін казак әскеріне жөндеу жұмыстары үшін алым беріп тұрған еді. Бүгінгі күні шөптің жетіспеушілігі шағында, бұл аталмыш жайылым алқаптарын казактар өздерінің шабындық жеріне айналдырған. Соған байланысты жоғарыда көрсетілген  округ қырғыздарының (қазақтарының – Ә.С.) округте қыстап шығатын және осы алдынғы қыста олардың малын қыстап шығарар жерінің жоқтығынан жағдайлары қиын болмақ»...[4].

Жарғы бойынша  ауыл – 50-ден 70 шаңырақтан,  болыс – 10-нан 12 ауылдан, округ –15-тен 20  болыстан тұрды. Ереженің § 15 бойынша ауылдарды– ауыл старшындары, болыстарды – болыс сұлтандары, округтерді– аға сұлтандар басқарды. Аға сұлтандар үлкен артықшылықтар мен құқықтарға ие болды, оның жанында сыртқы округті билеуге көмекші ретінде екі заседатель орыс өкіметінен сайланса, екі заседатель  жергілікті «құрметті қазақтардан» сайланды.

Алайда, бұлардың бірлесіп ел басқаруы шың жүзінде патша әкімшілігінің қолында болды, сондықтан ұзақ уақыт өтпей олар тікелей патша отаршыл үкіметінің қол шоқпарына айналды. Алайда, осындай қиын-қыстау кезең аға сұлтандардың патша өкіметіне екі жүзді саясатын қалыптастырды. Аға сұлтандыққа жеткен олар өздерінің емін-еркін билік жүргізуіне қандай да болса шектеулер бар екендігіне көз жеткізген соң, олар  сырттай патшаға құлай берілгендігін танытса, іштей бұрынғы  қазақтағы хандық билігін қайта қалпына келтіруді аңсады. Патша өкіметі тарапынан берілген оларға деген шапандар мен  әр түрлі  күміс пен алтын  медальдар,  атақтар қазақтың бетке ұстар сұлтандарының қанға сіңген рулық көне дәстүрлеріден алшақтата алмады.

Белгілі шығыстанушы  Құрбарғали Халид өзінің «Тауарих хамса» еңбегінде  осы  ХІХ ғ 20 жылдарындағы қазақ жеріндегі  әкімшілк басқару  жүйесіндегі өзгерістерге қатысты:  Қаланы дуан, мекемені приказ деп ондағы  әкімді «майор» деуші еді. Үлкені  «дуан басы майор», кішісіне «ел майоры» деп  кім болғанына қарамай қазақтар: сұлу майор, сақалды майор десе, ел майорларына тарғақ майор, айғыр майор, қара жақ майор деген»[5] – деп жазады.

Ресейдің Қазақстандағы отарлық саясатын аяқтауға барымта, руаралық қақтығыстар хандық билікті толықтай жоюды біршама кешеуілдетті. Мұны жою үшін Ереженіің §177, 178 сәйкес кімде-кім отырықшылыққа көшіп, егіншілікпен айналысса соған деп -15 десятинаға дейін, аға сұлтандарға  тіпті үш есе артық жер берілсе, ал ауыл старшындарына екі еседен артық жер берілді. Ереженің § 205 сәйкес сот жүйесі үш категорияға қылмыстық, даулы істер және облыстық басқармаға арыздар бойынша бөлінді: Қылмыстық мемлекетті сату,  ұрлық, барымта жатса, ал даулы істерді шешу болыстар мен ауылдарда билердің шешу құзырында қалдырылды.

         Ереженің арнайы бір параграфы аға сұлтандарға, сыртқы округ аға сұлтандарының заседателдерінің, болыс билеушілерінің т.б., арнайы қызметі үшін еңбек ақысы туралы қарастырылды, кешегі  Шыңғыс тұқымы енді патша өкіметінің мемлекеттік қызметкеріне айналды. Аға сұлтандарға патша үкіметі жылына 1200 руб . Орыс өкіметі тарапынан сайланған 2 заседателге жылына 1000 руб. тағайындалса, 2 қазақ заседателіне - 200 руб.  тағайындалған. Бұның өзі жергілікті тұрғындарды кемсіту, орыс өкіметі өкілдерінің бас пайдасын артығырақ көргендігін аңғаруға болады. Аудармашылар 800,  болыс сұлтандарына -150, жазба жүргізушілерге 300 руб. Сөйтіп, әрбір сыртқы округте 15 штаттық қызметкер жұмыс істеді.

Бұл реформаның бір артықшылығы жергілікті халық арасында сауатсыздықты жоюды мақсат тұтқандығында болды. (Ереженің 243-249 параграфтарында осы туралы айтылды). Алайда, оның көпшілігі патша өкіметін мақсат- мүддесін көздегені хақ.

Осы Ереженің осы (243-249 параграфтарында) параграфтарына арқа сүйеген көптеген қазақ аға сұлтандары қазақ жерінде мешіт-медресе ашып, балаларды оқытуға қол жеткізді.

Бұл мәселеге қатысты мұрағат деректерінде: «Округта мешіт және мектептің салыну жөнінде Баянауыл сыртқы округімен хат алысу» (Переписка с Баян-аульским окружным приказом о строительстве церкви и  и школы в округе) атты істе: «Сыртқы округ, сізге құрметтім, Баянауыл сыртқы округінде мұсылман мешітінің құрылысының аяқталуына аз-ақ қалғандығын, тек күмбезді жабу жұмыстарының қалғандығын хабарлайды. Ал мектеп (медресе – Ә.С.) ісіне кірісіп жатыр, алайда қаржының жеткіліксіздігіне байланысты халықтан қаржы жиналды. Жиналған және жұмсалған қаржы тіркеу кітабында жазылған. Халықтан қаржыны молда Имагулов жинап, кіріс кітабына жазды. Құрылыс жұмыстарымен молда Итагулов айналысып, ол приказдың тікелей бақылауында. Құрылыс материалдары приказдың нұсқауымен көпес Павел Масленников арқылы Ірбіт жәрмеңкесінен алынады, сонымен қатар  қазан татары Абдулгафар Габдулжапаровпен келісім жасалынды»[6] делінген. Бұл атқарылған мешіт-медресе, мектеп салу жұмыстары Қазанғап Сатыбалдыұлының Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болғаны кезінде жүргізілген.  Бұл мәліметті сонымен қатар жергілікті өлкетанушы Алтынбек Құрманов та өз деректерінде келтіре отырып, біздің осы мұрағат дерегімізді нақтылай түсетіндей. Бұл жерде қазақтың «Халық айтса  – қалт айтпайды» деген нақыл сөзі еске түседі.

329 параграфтан тұратын Ереженің қазақша аудармасы көп ұзамай барлық қазақ ауылдарына таратылды.

Аға сұлтандыққа сайлау әлбетте қазақтар малдың пісіп-жетілген шілде-тамыз айларында үлкен бір салтанатпен өтетін болды. Бұл салтанаттың өзіндік бір ерекшелігі бұрыннан қалған Шыңғыс әулетінен келе жатқан, ақ киізге салып хан көтеру дәстүрінің сақталуында болды.

Ресей өкіметінің осындай сыртқы округтер арқылы қазақ жерін басқаруды оңайлату мен тыныштықты сақтауды қамтамасыз етпек  болған әрекеті, яғни Ереже тәртіптері қалайда болса, әлі толық «тыныштықты» орната алмады. Бұл бізде келесі қазақ жерінде бірінен соң, бірі белең алып ұласқан қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалыстарынан көруге болады. Солардың бірі барлық қазақ жерін қамтыған Кенесары Касымұлы бастаған 1837-1847 жж қозғалыс. Кенесары патша отарына қазақ жерінің тұтастығын қайта қалпына келтіріп қана қоймай, хандық билікті қалпына келтіруді аңсады. Осы қозғалысқа Қазанғап Сатыбалдыұлы билігін жүргізген Баянауыл сыртық округінің  бір топ  сұлтандары мен ақсүйектері белсене ат салысып, қолдау көрсетті. Бұл жөнінде мұрағат деректерінде Баянауыл және Ақмола округтарының Кенесары Қасымовпен қатыстылығы  бар сұлтандары туралы  әскери-сот ісі» (Военно-судное дело о султанах Баян-Аульского и Акмолинского округов за участие с Кенесарою Касымовым) деген істе  былай делінеді: «Баянауыл және Ақмола округтары бойынша Кенесары Қасымовпен қатыстылығы үшін 17 қырғыздар (қазақтар – Ә.С.) мен сұлтандардың аты аталып, оларды іздестіріп, тезірек табылып тапсырылсын деген хатта, олардың аты-жөндері берілген, соңында Шекаралық басқарма бастығы Вишневский» [7] – деп қол қойылған. Бұл Кенесары Қасымов мәселесіне қатысты осы істе Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны Қазанғап Сатыбалдыұлының хорунжии Рытовты өлтірді деп айыпталып отырған Рүстем Жалбасаровтың оның иелігіндегі округта екендігін, алайда «сұлтан Жалбасаровты Шығыс Сібірге жер аудару мақсатында Омбы қаласына аттандыру тек қалай бұйрық берілген жағдайда жүргізіледі [7], соңында аға сұлтан, Майор Қазанғап Сатыбалдин деп мөрі қойылған. Алайда, бұдан біздің аңғаратынымыз, бұл жерде Қазанғаптың  сол замандағы көптеген ақсүйектер сияқты құлағы шала «шаш ал десе, бас алмай» мәселенің артын баққаны байқалады.

Қазанғап би Сатыбалдыұлының Баянауыл сыртқы округінде аға сұлтан болуы да оның бір жағынан өз халқына да, Ресейге де жағымды болуында деп айтуға болады. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі қазақ даласын шарпып тұрған заманда  Ресей өкіметі ел ішінде танымал, әрі белді болған М.Ж. Көпейұлы айтқандай «атағы жер жарған Қазанғап» сияқты, екі жаққаға да белгілі дәрежеде бейтарап адамдарға арқа сүйегені хақ. Қазанғапты осындай қиын өтпелі заманда толқын бетіне шыққан компромистік тұлға деп айта аламыз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1 Тілеке Жеңіс. Шежіре: Ертіс-Баянаула өңірі. –Павлодар: «Дауа».»Қазақстан. - 38 б.

2 Нурбаев. К. Ж. Из истории административно-территориального устроиства Павлодарского Прииртышья // Краеведение.  - 2002. №3. - 90-91 б.

3 Қазақ Совет Энциклопедиясы. –Алматы, 1973, 2 т. - 220 б.

4 ҚР ОММ. 374-қор, 1-тізбе, 1389-іс, -1 б.

5 Халид Құрбанғали. Тауарих хамса: (Бес тарих). Аударған. Б. Төтенаев, А. Жолдасов. –Алматы: Қазақстан, 1992. - 154 б.

6 ҚР ОММ. 374-қор, 1-тізбе, 1650-іс, - 3 б.

7 ҚР ОММ. 374 қор, 1- тізбе, 4574 - іс, - 1 б, - 28 б.