Абдуразакова Г.Б.

 

Қазақстан Республикасы

Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Төрткүл ауылы

«Көкарал» жалпы орта мектебі

 

ТАРИХ САБАҒЫНДА ОҚУШЫЛАРҒА ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ МҮМКІНДІКТЕРІ

 

Қазақстан Республикасы азаматтарына патриоттық тәрбие берудің 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мақсаты – азаматтардың бойында жоғарғы патриотттық сананы, өз елі үшін мақтаныш сезімдерін қалыптастыру, патриоттық тәрбие жүйесін жоспарлы түрде дамыту арқылы Отанның мүдделерін қорғау жөніндегі азаматтық борыш пен конституциялық міндеттерді орындауға дайындығын тәрбиелеу туралы айтылған [1].

Патриоттық тәрбие гумандық, демократиялық қоғам мүшесінің азаматтық тәрбиесінің өзегі, білім беру ұйымдарындағы оқушы-жастардың үздіксіз тәрбиесінің маңызды бөлігі болып табылады. Отанға, туған жерге шексіз сүйіспеншілік, оның өркендеуіне өзіндік үлес қосып, жетістіктеріне қуану, Отанды қорғауға  әрқашанда дайын болу, оның тарихын қастерлеу секілді сезімдерді жас ұрпақтың бойында тәрбиелеу міндеті әрқашанда өзекті болып келген. Еліміздің географиялық орналасуы мен ұлттық-этникалық ерекшелігіне орай оқушыларға халықтық дәстүрге негізделген батыр бабаларымыздың ерлік дәстүрлерін насихаттау, билер мен шешендердің өнегелі тәлім-тәрбиелерінен жан-жақты тәрбие жүйесін құру қажеттілігі қазақстандық білім саласының, соның ішінде Қазақстан тарихы сабағында маңызды мәселе болып отыр.

Қазақ халқы ғасырлар бойы атадан-балаға мирас болып отырған елі мен жерін көзінің қарашығындай сақтап ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап жеткізген. Қазақ елі сан ғасырлар бойы елдігін сақтау үшін күрес, ұрыс-соғыс, жорық-майдан жолдарынан өтті, қаншама дәуірлерді, қасіретті, қайғылы жағдайларды, қысылтаяң кезеңдерді бастан кешірді, ержүрек, батыр ата-бабаларымыз сол жолда мерт болды. Сондағы алыстан бұлыңғырлана, бұлдырай елес болып көрінген, асыл арманымыздай болған ең басты, ең түпкілікті мақсатымыз – еліміз бен жерімізді аман сақтап, бостандық, еркіндікке қол жеткізіп, тәуелсіздік туын тігу еді.

Тарих беттеріне көз жіберсек, ата-бабаларымыз әр ғасыр өткенде ерлік-патриоттық сезімі ұдайы дамып отырғандығын байқаймыз. Халық сарқылмас рухани дүниесін, жауынгерлік патриотизмін, шексіз батылдығы мен қайталанбас ерлік істерін, қайтпас жігерін тірек ете отырып, ерлік дәстүрлерін жасады. Себебі қазақтың ұлан ғайыр даласын біздің ата-бабаларымыз сан ғасыр «Найзаның ұшымен, білектің күшімен» аман сақтап келген. Басына қауіп төніп тұрған кезде бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығарып жауға қарсы тұрып оны жеңе білу нағыз шынайы Отансүйгішітік қасиет болып табылады.  

Батыр бабаларымыз қазақ елінің басын қосып, жауынгерлік ерлік мектебінің негізін салған. Патриотттық сезім ұрпақтан-ұрпаққа дамып, нығайып жетіліп отырады. Себебі, өскелең ұрпақ ата-бабаларының жасаған ерліктерінен үлгі алады. Патриоттық сезімнің ең жоғарғы көрінісі – ерлік. Патриоттық сезім ең күрделі, өткір әлеуметік жағдайларда ерлік көрсетуімен байланысты көрінетіні белгілі. Адамзат қоғамы тарихын сонау ежелгі заманғы уақыттардан бергі ерлік істерісіз елестетету мүмкін емес.

Ерлік, отаншылдық дәстүрлерімізді жандандыру, өмірін ұзарту оны игеру арқылы бойға сіңіру күрделі іс. В.Дальдың түсіндірме сөздігінде «Ер» деген сөз ержүрек, жауынгер, жасампаз күрескер, батыр, жауынгер, жалпы соғыста да, бейбіт өмірде де жасампаз жәрдемші деп түсінідіріледі. «Ерлік – жасампаз, айбарлы, батырлық, жанкештілік», - деп көрсетеді [2. 24].                

Яғни, ерлік тәрбиесі дегеніміз - ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрі негізінде оқушылардың ерік-жігерін, табандылық, батылдық қасиеттерімен бірге ұлттық сана-сезімін қалыптастыра отырып отансүйгіштікке тәрбиелеу. Бүгінгі күн тұрғысынан алып қарайтын болсақ, егеменді еліміздің бейбітшілігі мен бірлігін сақтайтын жас ұрпақтың санасына жастайынан ата-бабаларымыз негізін салған ерлік рухты ендіру.

XX ғасырдың ортасына дейін қазақ халқы өз тарихында талай-талай заман тауқыметін тартып, жер бетінен жоңғар елі сияқты құрып кету қаупіне де душар болған. Қазақ халқы елі мен жерін жауға бермей ұрпақтарына аманаттауы бұл ұлттық рухтың биік шыңы деуге болады. Қазақ батырларының қаһармандық бейнесі тарих ғылымында нақты тарихи деректер мен дерекнамалық құжаттар негізінде көрініс табады. Әдетте батырдың өскен ортасы, қоғамдық-саяси батырдың ерлігі, шежірелік сипаттау, халық арасында беделі жайында хронологиялық тұрғыдан жылдық есептеулер мен дәл мағлұмат алуға болады. Дегенмен, тарихи деректерге сүйене отырып, академик М.Қозыбаев өзінің тарихи зерттеулерінде батырлар өмір сүрген қоғамды төмендегідей кезеңдерге бөліп көрсетеді:

- V-VII ғасырлардағы Күлтегін заманындағы Түркілердің ерлік тарихы;

- Алтын Орда тұсындағы ерлік тарихы;

- Орта ғасырлардағы қазақ-қалмақ соғысының тарихы;

- Орыс патшасының отарлау саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерілісі;

- Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ батырларының ерлік тарихы.

Жоғарыдағы тарихи кезеңдерге сүйене отырып, қазақ батырларының қаһармандық бейнесі туралы түсінік беруге талпысын жасаймыз. VI-VIII ғасырлардағы қазақ даласын мекендеген Ұлы түркі империясының батырлары Күлтегін, Білге қаған, т.б туралы деректер бар. Оның ақиқаттығын Орхон-Енисей өзендерінің бойында табылған тас жазуларында қалдырылған отансүйгіштік мағынадағы өсеиеттерден көреміз: «Әкеміз, ағамыз құраған халықтың атақ-даңқы жоқ болмасын деп, түркі халқы үшін түн ұйықтамадым, түн отырмадым, інім Күлтегінмен бірге мемлекетті нығайттым», - деп баяндалады [3, 37]. Яғни, күні бүгінге дейін мағынасын бермеген осындай отансүйгіштік мәні зор өсиеттерден оның ерекше қасиеттері, бауырмалдығы көрінеді.

Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би секілді XVIII ғасырдың аса көрнекті мемлекет қайраткерлері патриотизмнің арқасында жоңғарлардың шапқыншылығы кезіңдегі  күресте  қазақ халқы өзінің тәуелсіздігі мен бостандығын сақтап қалды. Мұна Қазыбек бидің жоңғар ханы Қонтажыға айтқаны: «Біз - қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан ешбір сөз асырмаған елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз. Атадан ұл туса құл болам деп тумайды, анадан қыз туса, күң болам деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз... Берсең жөндеп бітіміңді айт, бермесең дірілдемей жөнінді айт, не ұрысатын жеріңді айт?» - деген сөздерінен де айқын аңғаруға болады [4. 45].                

Бізге жеткен деректерде халықтың бірлігін, елдің тұтастығын қорғау үшін батырлар мен хандар Бейбарыс сұлтан, Жалаңтөс батыр, Қарасай батыр, Есет батыр, Жәнібек батыр, Әбілхайыр хан, Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр, Абылай хан, Райымбек батыр, Жәңгір хан, Кенесары хан, Махамбет пен Исатай, Есет батыр, Амагелді Иманов және Ұлы Отан соғысы жылдарында Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов, Т.Тоқтаров, М.Ғабдуллин, М.Мәметова, Ә.Молдағұлова, Р.Қошқарбаев ерлік көрсетіп, батырлығымен қаһармандығымен әйгілі болған. Біз ұлы бабаларамыз ержүрек азаматтардың Ұлы Отан соғысында Отанға деген ыстық сезімін, өз ұлтының намысы, бостандығы мен тәуелсіздігін қорғау үшін кеуделерін оққа тосып, Отан қорғау жолында жанқиярлық ерлік көрсеткенін білеміз.

Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі халықтың береке-бірлігін, ат жалын тартып мінуге жарайтын қазақ баласының қасиетті борышы - өз Отанын жаудан қорғау екендігін Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау, Шал ақынның өлең-жырларынан көре аламыз. Бұқар жырау:  .

 Ер жігітке жарасар,

 Қолына алған найзасы,

 Би жігітке жарасар

 Халқына тиген пайдасы, - деген екен [5, 84].

Қазақ даласының айбынды ақындарының бірі Махамбет қазақ шаруаларын бостандық үшін күреске шақырып, қара халықты бақытқа жеткізуді өмір бойы армандап кеткен. Ол өзінің үзеңгілес серігі Исатаймен бірге халықтың ерлігін, олардың адамгершілік қасиеттерін жыр етеді.

Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тәлім-тәрбиесі, ұлы қаһармандарының өмірі мен ерлік істерінің тарихы, даналық сөздері – отаншылдыққа тәрбиелеуде үлкен орын алып, осы міндеттерді шешуге көмектесері сөзсіз. Сондықтан, бабалардың ерлігі адамгершіліктің отаншылдыққа толы, асқақ рухы күні бүгінге дейін ел аузында, оны халық тәрбие ісінде үлгі етеді.

Бүгінгі қазақ халқы сонау замандарда-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түркілердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын атажұртта сақтап қалған халық деген тұжырымнан ержүректілік, табандылық, батырлық қасиеттер қонған киелі ұлт екенімізді мақтан тұтамыз. Қазақ деген терминнің өзі ер, ержүрек деген мағынада туындағандықтан, ұлттың бойындағы қасиеттер де ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан мұра іспеттес, қазақ елінің әлемдік өркениетті елдер көшіне қосылып, дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орын алуына мүмкіндік беретін ұлы күш, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі қазақ халқы және отанымыздың басқа да барлық халық өкілдері үшін патриоттық сезімдерін жаңа сапалық деңгейге көтеріп, өзгеше мазмұнмен байытады. Отансүйгіштік - қоғамдық құбылыс, тарихи ұғым. Ал патриот дегеніміз әр адамның өзінің араласқан белгілі бір саяси, мәдени және әлеуметтік ортасына - Отанына деген аса терең сезімі деп түсінеміз.

Сондықтан қазақстандық патриотизм - Қазақстан Республикасын біртұтас Отаны ретінде қабылдап, өзін республика халқының құрамдас бөлігі сезінетін парызы болып табылады Қазақстан азаматтары өз тағдырын  өзі шешетін елдің азаматтарына айналып, «Мен -  қазақстандықпын!» деген сөзді мақтаныш сезімімен айта алатын болды.

Патриоттық тәрбие барысында оқушылардың бойында Отанға сүйіспеншілік, тәуелсіз өмір сүріп жатқан елдерге ынтымақтастық, ел тағдырының болашағы үшін жауапкершілік, экономикалық даму қарқынын тездетуге үлес қосуға ниеттестік, ғылыми, саяси-моральдық және туған жерін қорғау мақсатындағы әскери әзірлік, Отанын саяси, идеологиялық қауіптерден сақтауға бағыттылық, арам ниеттегі ішкі және сыртқы жауларға төзбеушілік тәрізді мінез-құлық қалыптасады және дамиды. Сонда даму өрісінің басты тірегі - патриоттық тәрбие дей отырып, дамудың өзі патриотизмсіз жүзеге аспайтынын мойындаған жөн деген қорытындыға келеміз.

 

Әдебиеттер

 

1.     Қазақстан Республикасы азаматтарына патриоттық тәрбие берудің  2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы // Тәрбие құралы. 2006. №6 (26).

2.     Даль В.И. Толковый словарь живого великорусского языка: В 4т.  - Москва, 1978.  - Т.3. - с.24.

3.     Иманбаева С.Т. Оқушыларды ұлттық жауынгерлік дәстүр арқылы ерлікке баулудың педагогикалық негіздері. Пед. ғыл. кан... авторефераты. - Алматы, 1995. – 23 б.

4.     Джанабаева Р.А. Қазақ халық педагогикасындағы патриоттық-ерлік тәрбиесінің ғылыми негіздері. . Пед. ғыл. док... авторефераты. - Алматы, 2007. – 45 б.

5.     Бес ғасыр жырлайды.. – Алматы: Жазушы, 1989. – Т.1. – 84 б.