Қ.Д. Асанов, ф.ғ.к , доцент
Қазақстан
Республикасы, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды
мемлекеттік университеті
Жыраулар поэзиясы мен ақындар айтысының рухани сабақтастығы
Жыраулар поэзиясының өршіл рухы
мен би-шешендердің терең ойға құрылған
тегеуренді сөздері ХІХ ғасырдағы айтыс
ақындарының шығармашылық мұрасына мазұмындық һәм көркемдік
тұрғыда мол игі әсерін тигізді.
Жырауға тән
кең таныс, үлкен пафосты тілейтін жырларды Сүйінбай, Жамбыл,
Құлмамбет, Досмағамбет, Сарбас, Бақтыбай, Әсет,
Кемпірбай т.б. ақындардың айтысынан байқаймыз.
Төкпелете жыр төгіп, ұзағынан толғау, сүре
айтыстарда жиі кездеседі. Жыраулар поэзиясына тән бұл сипат
ақындар айтысында да елдік, халықтық
мақсат-мұраттар тұрғысында барынша жарқырай
көрінеді. Публцистикаға тән ақпараттық-танымдық,
насихатшылдық, ұлттық иделогия көріністерін сүре айтыстарында
молынан ұштастыруға болады. Мысалы, Сарбас пен Жамбыл
айтысында, Сарбас ақынның мына бір толғамдары жыраулық
дәстүр сарынын еске түсіреді:
«....Ерегіспе
менімен –
Езіледі
алқымың.
Ерегіссең
менімен
Ісім
түссін сенімен.
Тілімді
алсаң қор болмай
Жүре
бергін жолыңмен.
Енді не деп
айтасың,
Алдырмаймын
қайтесің?
Алатұғын
жеріңді айт,
Ішіңдегі
шеріңді айт,
Кешпейтұғын
жөніңді айт,
Жеңе
тұғын еліңді айт!
Ат жүздіріп
келемін
Айдын
шалқар көліме....» [1-223-224]
Жыраулар
шығармаларында кездесетін философиялық ой-толғам,
насихатшылдық сарын элементтерін айтыс жырларынан молынан
ұшыратуға болады. Мұның өзі қазақ
сөз өнерінің рухани жақындығы мен
дәстүр сабақтастығының үзілмес желісін
көрсетеді.
Ақтамберді жырау:
«Ағайының
көп болса,
Ұлы шерік
қолмен тең,
Білімді
туған жақсылар
Аз да болса
көппен тең.
Жақсысы
кеткен ауылдың
Артынан
жақсы шықпаса
Өртеніп
кеткен жермен тең,
Қайырсыз
болса жаман бай
Ел
қонбаған шөлмен тең» [2-55]
Омарқұл мен
Тәбия айтысындағы Омарқұл ақын жырынан
үзінді:
«... Онан
соң бұл жалғанда әйел жетім,
Туысында
теңін тауып қосылмаған.
Жас жетім
жиырмада желіспесе,
Дүниені
қорғасындай ерітпесе.
Құс
жетім реттеліп салынбаса,
Ат жетім,
өрен жүйрік шабылмаса,
Күйлейтін
саятшысы келіспесе.
Бойынан ащы
тері алынбаса.
Таусылған
кірер үйі кәрі жетім,
Өзінің
теңі тұстас табылмаса» [1-383]
Ауыз
әдебиетінің көрнекті тұлғаларының
өмірі һәм шығармашылық мұрасына зер салар
болсақ, оларға жыраулық, шешендік, айтыскерлік сияқты
сөз өнері түрлерінің қай-қайсысы да
жат болмағандығын байқаймыз. Жыраулар поэзиясындағы
халықты белгілі бір мақсат-мүддеге шақыратын,
үгіттейтін насихатшылдық сарын айтыс жырларында да мол кездеседі.
Жыраулық
дәстүрдегі көрініс:
«...Ерге
дәулет бітпесе,
Қызыл
тілден не пайда?
Мал араға
жүрмесе,
Құр
айтқаннан не пайда?
Өзіңе
еркіндік бермесе,
Азат бастан не
пайда?
Өзге алып
еліңді,
Билегеннен не
пайда?» [3-65] сияқты мәселені салыстырмалы түрде айта
отырып, халыққа байлық пен дәулет, азаттық пен
еркіндік сияқты ұғымдардың қаншалықты
қымбат екендігін ұғындырады. Әрі сол арқылы
халық санасына осы киелі ұғымдарды ұстап тұру
үшін не қажеттігін насихаттайды. Мұндай мысалдарды жыраулар
поэзиясынан мол ұшыратуға болады. Мәселен, Ақтамберді
жыраудың «Күлдір, күлдір кісінетіп, күреңді
мінерме екенбіз» деп басталатын атақты толғауын елді
асқақ мұрат, баянды бейбітшілікке шақыратын
насихатшылдық рухы күшті шығарма деп бағалаймыз. ХІХ
ғасыр еншісіндегі айтыс мұраларында да осы дәстүр
жақсы сақталған. 1965 жылы жарық көрген «Айтыс»
кітабының бірінші томына кіргізілген Нұралы мен Мықан
ақындардың айтысы өзінің мазмұны мен
көркемдік ерекшелігі тұрғысынан екшеп айтар айтыстың
бірі. Бұл айтыс Шымкент шаһарында өтеді. Дулат пен Найман
руларының намысын жыртып шыққан ақындар
қыза-қыза келе елдік, әлеуметтік мәселелерге ойысады.
Әрине, айтыстағы ру атына айтылған сын мен міннің
қаншалықты маңызды екендігін қазіргі уақыт
үрдісімен зерделейтін болсақ, бұл айтыстың
құндылығын дәуір келбетін көрсетумен бағалы
дер едік.
Сонымен қатар, сол
замандағы ел шаруашылығының қам-қарекетін
танытатын жыр-жолдары насихаттық сарында жырланғанын
байқаймыз.
«...Өз еліңде
тіршілік етпейсің бе?
Диқаншылық
айналсаң жақсы кәсіп,
Бидай, қонақ,
тары, арпа екпейсің бе?
Еккеніңді
орасың деген сөз бар,
Дәнді дақыл
тұқымын сеппейсің бе?
Кәдуілгі жабайы
күніңді ойлап,
Астық пенен жемісті
шөп дейсің бе?
Қауын менен
жүгері, өрік, алма,
Өніп тұрса
мол болып көп дейсің бе?...» [1-268]
Айтыста келтірілген
проблема немесе белгілі бір руға айтылған сын сол
уақыттағы көкейкесті мәселелерден туындайды. Айтысушы
ақындар тұтас халықты құрайтын белгілі ру-тайпа
өкілдері. Сол дәуірдегі Үйсін, Дулат, Шапырашты,
Қоңырат, Қыпшақ, Арғын, Найман, Керей, Алшын, Адай сияқты іргелі рулардың
айтыс ақындары өз елінің абырой,
намысын көтере отырып, қарсылас ақынның руын
сынап мінейді. Бұл ХІХ ғасырда өткен барлық
айтысқа тән қасиет. Кеңес заманында бұл
құбылысты рушылдық деп танысақ, қазіргі
Тәуелсіз ел тарихы бұған басқаша сипат беруге
мүдделі.
Біріншіден рулық
сипатта өрбіген айтыстың өзі тұтастай қазақ
халқы мүддесіне жұмыс істеді. Олай деуімізге айтыста
айтылған әр рудағы келеңсіздіктердің екінші рет қайталанбауына
белгілі дәрежеде ықпал етті. Сондай-ақ, айтыс арқылы
біз халықтың дәстүр-салтынан бастап, дін, діл
сияқты рухани мәселелерді, әлеуметтік-экономикалық
ахуалды, саяси-тарихи жағдайларды әр қырынан танып білуге
мүмкіндік алдық.
Сонымен, жыраулар
поэзиясы мен айтыс өлеңдеріндегі ұқсастық,
сабақтастық сипаттарға аз-кем баға беруге
әрекеттендік. Бұл туралы «Қазақ әдебиетінің
тарихы» кітабының үшінші томында «Ақындық пен
жыраулық поэзияның өзіндік сипат-белгілерін
бұлардың өмір шындығын суреттеудегі көркемдік
тәсілдері мен белгілі бір тарихи кезеңде аренаға
шыққан авторларының нақтылығынан, ғасырлар
бойы өзара үзілмей келе жатқан дәстүр жалғастығын
танытатын стильдік ерекшеліктерінен де көреміз» [4-31], - деп
жазылған.
Жыраулық
һәм ақындық поэзияның даму жолдарын зерттеуші
М.Жармұқамедов біріңғай импровизация
дәстүрінде туып, егіз бір арнадан нәр алып келген
ақындық поэзия мен жыраулық толғаулардың
жырлайтын тақырыбы мен жанрлық ішкі мүмкіндіктерінде де
өзіндік ерекшеліктердің барлығын айтады. Сондай-ақ
ақындық поэзияда тақырып ауқымының
кеңдігіне қоса, сезімге құрылған лирикалық
сипаттың басым екендігін, ал жыраулық толғауларда әлеуметтік
өмірдің әр алуан көріністері мен заман жағдайын
сипаттайтындай ой-болжам, асқақ эпикалық үнге көбірек
мән беретіндігін жазады.
Осылай деп пікір
айтқан зерттеуші ақындық поэзия мен жыраулық
туындының өзіндік ерекшеліктері жөнінде, яғни,
өзгешелігі туралы төмендегідей тұжырым келтіреді.
«Солай дегенмен
ақындық поэзияның жыраулық туындылардан бөлініп,
дараланатын өзіндік белгілері де аз емес. Мұнда жыраулық
поэзияда сирек ұшырасатын адамның ішкі сезім күйі мен
ой-толғанысына айрықша мән берілетіні мәлім» [4-56]
Жыраулар поэзиясы мен
айтыс жырларындағы сабақтастық пен үндестік
жайындағы ойларымызды зерттеуші ғалымдар пікірі негізінде
қорытындылай отырып, шешендік сөз бен айтыс өнерінің
рухани жақындығына тоқталсақ.
Шешендік сөз
өнері көрнісі айтыс жырларына да тән қасиет. Алдымен
ауыз әдебиет тарихынан белгілі би-шешендердің
тұлғалық болмысына тоқталсақ. «Негізінде
шешен-билер мемлекет тағдырын шешетін шынайы тұлғалар.
Мемлекеттің көсегесінің көгеруі, дамуы, нығаюы,
нағыз шешен-билердің тегеурінді өнерімен, өнегесімен, қызметімен
тамырлас» [4-465].
Би-шешенді осылай деп
танитын болсақ, олардың сөйлеген сөзі, іс-әрекеті
халықтық мақсат-мүдде тұрғысында
өрбитіні белгілі. Жыраулар мен ақындар мұрасына тән
әлеуметтік, бұқаралық сипат би-шешен туындыларына да
ортақ.
Мәселен, Қаз
дауысты Қазыбек бидің жырмен өрілген мына бір аманат іспеттес
сөзі өзінің
тағылымдық мәнімен қоса философиялық
танымдылықты, әрі патриотизмдікті сипаттайды:
«Алтын
ұяң – Отан қымбат,
Құт
берекең – атаң қымбат,
Аймалайтын
анаң қымбат,
Мейірімді
апаң қымбат,
Туып
өскен елің қымбат,
Ұят пенен
ар қымбат,
Өзің
сүйген жар қымбат» [1-150-151]
Би-шешендердің
аузынан шыққан дуалы сөз, кесімді пікірлері халықты
әділдікке, ынтымақ-бірлікке, отанды-елді сүюге насихаттауымен
құнды. Сонымен қатар, жыраулар мен ақындар, би-шешендер
далалық мәдениеттің көкжиегін кеңейте отырып,
көшпелі елдің көкірегіне сәуле құйған
ағартушы-ұстаздар болды. Халықтың діни наным-сенімі,
салт-дәстүрді ұстанудағы таным-түйсіктері,
өмірге, тіршілікке деген философиялық
көзқарастарының қалыптасуына ақын-жырау,
би-шешендер өлшеусіз үлес қосты. Сөз өнерінің
майталмандары болған дала ділмарлары қазақи
ұғымға тән қарапайым тіршілік
қағидаларының өзін тағылымдық сипатта
насихаттап отырды.
ХҮІ
ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген
Құрмысы бидің
шешендік сөздері үнемі мақал-мәтел, нақыл
сөз сипатында айтылуымен ерекшеленеді.
«Жабағы тайды
қорлама,
Жазға шықса
ат болар.
Жас жігітті
қорлама,
Жұртыңа
ертең бас болар.
Көрген сайын «сіз»
десіп,
Сыйласқанға
не жетсін?
Шашылғанды
бірлесіп,
Жинасқанға не
жетсін?!» [5-261]
1851 жылы
Мойынқұм өңірінде дүниеге келген
қазақтың белгілі шешені Қылышбай Ерханұлы
өз заманының сұңғыла тұлғасы. Ол
өлең жазған әрі суырып салып айтудың да шебері
болған. Қара қылды қақ жарған әділдігін бағалап халық
оны тура би атаған. Қылышбай шешен сөздері өмірдің
өзінен алынған қарапайым қағидаларды,
фәлсафалық оймен астарлап өруімен құнды.
«...Не жандар өткен
байлықпен,
Өтірік сөз
бен зорлықпен,
Жаһанға малы
сыя алмай,
Тұтыларсың
бір күні.
Малтыққан
қарға қояндай,
Иманың ата
болмайды.
Қанаудан ниет
тазармай,
Өлімге
көзің жетсе де,
Жақсылыққа
бой ұрмай,
Ақыры бір күн
өтерсің,
Үзіліп сонда
кетерсің...» [5-525]
Шешендік сөз өнерінің
публицистикалық белгілері жайында ғалым Б.Жақып шешендік
сөздердің мән-мағынасы, қазақи
тәрбиелік құны жыл өткен сайын күшейе беретіндігін,
сондай-ақ шешендік сөздердің ықпал ету, әсер ету
қуаты ғасырлар бойы сарқылмайтындығын жазады. Расында
да, шешендік сөз өнері жыраулық, ақындық
дәстүрлерге де ерекше реңк беріп, тіл қуатының
ажарлы, айбынды болуына өзіндік әсер-қуат береді.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. «Айтыс» 1-том .Алматы. «Жазушы» 1965 ж.
2. «Қазақ хандығы
дәуріндегі әдебиет» . 4- кітап. Алматы. «Ана тілі» 1993 ж.
3. Бұқар жырау
Қалқаманұлы. «Шығармалары». Алматы. «Мұраттас»
ғылыми-зерттеу және баспа орталығы. 1992 ж.
4. Қазақ әдебиетінің
тарихы. 3-том. Алматы. «Ғылым» 2000ж.
5. Нысанбек Төреқұлов.
«Даланың дара ділмарлары» .Алматы. «Қазақстан. 2001 ж.