Тоқтыбаева Г.С.

ҚарМУ –дің аға оқытушысы

Бейнелеу іс-әрекетінде балалардың сәндік эстетикалық талғамдарын дамыту

 

Эстетикалық тәрбие бергенде айналадағы, тұрмыстағы, табиғаттағы және көркем шығармалар мен көркемөнердегі әдемілікті дұрыс көруге, қабылдауға, түсінуге үйретудің маңызы зор. Әсіресе өмірде кездесетін шын әдемілікті айыра білуге тәрбиелеу қажет. Әдемілікті тек түсініп, қабылдап қана қоймай, сонымен қатар өздері де сол әдемілікті ұластыруға, эстетикалық талғамдарын дамытуға тиісті екендігіне оқушылардың көзін жеткізу – әрбір мектеп мұғалімінің міндеті.          

Эстетика грек сөзі. Грекше «эстетика» деген сөз сезімталдық және қоғамдық иделогияның, айрықша бір көркемөнердің заңдарын және категорияларын зерттейтін ғылым деген ұғым береді. Эстетика - өмірді сезім арқылы білудің, танудың негізгі жолы .

 Кейбір мұғалімдер өнер туралы айтқанда, балаға таныс емес күрделі бейнелеу өнерінің түрлерінен бастайды. Бұл секілді баланың психологиялық қабілетімен  қабылдау, әрекетімен санаспауы баланың бойында бар қабілетінің топастануына апарып соқтырады. Сондықтан да кейбір сыныптарға барғанда, мұғалім бейнелеу өнері туралы әңгіме айта бастағанда, оқушылар арасында: «тағы да сурет пе?» -деп тыжырынушылық кездеседі. Ертеде бір ғалымға дүниедегі ең қиын нәрсе не дегенде: «Адамның өзін өзі білуі» деп жауап берген екен. Шынында, балаға әуелі өзіне таныс,ұғымды сөздерден, суреттің, картинаның мазмұны туралы қысқаша түсінік бере отырып, сурет өнерінің түрлерімен сатылап таныстырған жөн.  Көркем сурет галереясына экскурсияға барып қалған жағдайда, жалаңаш мүсіндер т.б. көргенде ұлдар ұялып, қыздар бетін басады. Сондықтан баланың бетін басып ұялуы өзін қоршаған түсінікке қатысты болғандықтан, оны айыптамай даму заңдылықтарынан хабардар еткен лазым.  

Оқушыларда өнер арқылы әсемдікке сүйіспеншілік және ынта тәрбиеленеді, эстетикалық сезім дамиды. Олардың алдында айналадағы формалардың, қимыл-қозғалыстардың байлығы мен сан алуан реңкі ашылады. Өнердің көмегі арқылы балалар жаңа заттармен және өмір құбылыстарымен танысады, жоғары идеяларға бой ұрады, біздің елімізде болып жатқан үлкен өзгерістерге үн қосады.          

Н.К. Крупская: «Балаға өнер арқылы өз ойлары мен сезімдерін тереңірек түсінуге, айқынырақ ойлап, тереңірек сезінуге көмектесу керек» деп жазды. Шығармалардың мазмұны бай және алуан түрлі болуға тиіс. Алайда әрбір картина балаларға түсінікті бола бермейді: оларда балалардың сезімі мен көзқарасына әлі де түсініксіз нәрселер болуы мүмкін.

Педагог балаларда өнер шығармасына қызығушылықты тәрбиелейді, оларға көңіл аударуға түрткі болады. Бірте-бірте ол эстетикалық қабылдау қабілетін қалыптастырады. Оқушыларда эстетикалық қабылдауды дамыта отырып, олардың назарын тек бейнеленген нәрсенің мазмұнына ғана емес, сонымен бірге образдың терілу формасына, образды әсерлі ететін бейнелеу құралдарына да аударған орынды. Өнер шығармалары арқылы балалар өмір құбылысымен жай ғана танысып қоймайды. Олар әсемдік, жарасымдылық мақсатқа сәйкестілік, әсерлілік туралы түсінік алады, яғни өмірді эстетикалық жағынан меңгеруге үйренеді. Эстетикалық баға беру әдетте адамгершілік ой-пікірді, жақсы-жаманды айыра білуді қамтиды. Эстетикалық қабылдау үшін бейнеленген құбылыстарға мүдделі, толқынысты көзқарас тән.

Біздің мақсатымыз бүгінгі таңда оқушыларға бейнелеу өнері арқылы эстетикалық тәрбие беру болғандықтан, алдымен оқушыларды адам баласы жасаған мәдени мұралармен таныстырып, соны терең түсінуге, сүюге, яғни көркемдік сезімін байытуға тәрбиелеу қажет. Оқу-тәрбие жұмысының басқа түрлері сияқты, эстетикалық тәрбие де оқушыларды идеялық тұрғыдан дұрыс қалыптастыру мақсатына қызмет етеді. Эстетикалық өмір шындығын көркем бейне арқылы қабылдауға жол ашады.

Эстетикалық тәрбие жұмысында мектеп үйінің қандай күйде екендігі ұсақ мәселенің қатарына қосылмайды. Кейбір мектептердің оқу үйлері эстетикалық тәрбиенің талаптары түгіл элементарлық-гигиеналық талаптардың өзіне де сай келе бермейді. Мектепке кіре қалсаңыз, неше жыл сарғайып, қараудан көз тайдырған стендтер, сол сияқты жаңа оқу жылы басында ілінген газет, фото-монтаж, ұрандар көзге жиі түседі. Оқушыларға эстетикалық тәрбие беруде коллективтік еңбекке баулудың мәні зор.

Қазақ халқының ұлттық мәдениетінің өркендеуі жағдайында жеткіншек ұрпақты ұлттық рухани негіздерін қалыптастыратын халық дәстүрлерімен тәрбиелеудің маңызы зор. Әрбір адам өз халқының рухани қазынасы мен оның ұлттық мәдениетімен әдет-ғұрпы дәстүрлерімен неғұрлым тереңірек танысуы қажеттігі туындап отыр. Өйткені өз халқының ұлттық ерекшеліктерін сезінбей басқа халықтың өзіне тән белгісін толық түсіну мүмкін емес. Қазақстанда эстетикалық тәрбиенің қалыптасуы мен дамуы халықтың сан ғасырлық тарихымен, тұрмыс-тіршілігімен және мәдениетімен тығыз байланысты. Адамдардың сырт-тұрпатында, қарым-қатынастарында, киім-кешегімен үй жайларында, тіл мен өнер туындыларында эстетикалық мәдениеттің, эстетикалық талғам мен ұғымдардың ерекшеліктерімен әдістері көрінетіні даусыз.          

Өнердің барлық түрі өзіне тән бейнелі тілі, тәсілдері мен әсемдік әлемін ашып көрсете отырып, адам сезіміне әсер ететіні мәлім. Қазақ халқы сонау ерте заманнан-ақ күнделікті еңбек қызметінде өзінің қолданбалы өнерін дамытып отырды. Сәндік өнерге тән ерекшеліктер: айналадағы ортамен, өмірмен, еңбекпен тығыз байланысты болды. Сән  өнерінің әлеуметтік-тербиелік ролі тек оның туындыларының өзіндік көркемдік, эстетикалық құндылығы мен бағаланбайды, сонымен қатар адамның өз заманына сай талғамын білдіруінен, өткендегі мәдениетпен, ұлттық дәстүрлерімен сабақтастығынан көрінеді. Қазақ халқының ұрпақ тәрбиелеу дәстүрі отбасындағы еңбек тәрбиесінде негізделген. Кәсіп пен өнердің түрлері олар үшін күн - көріс көзі ғана емес, рухани қажеттілік тәрбие құралы да болған. Отбасындағы еңбек тәрбиесі екі түрлі мақсатқа: баланы еңбек етуге қабілет икем дағдысын дамытуға, немесе сол негізінде оның бойында халықтық ізгі қасиеттерді дарытуға бағытталған. Балалардың отбасындағы еңбек дағдыларын одан әрі дамытуда елге танымал өнер мен кәсіп шеберлерінің халықтық тәрбиеші ретіндегі тәрбиелеу ықпалы зор болған. Халқымыз тек қана еңбек тәрбиесі емес, әр алуан саладағы тәрбиеге көңіл бөліп оны алуан жолмен берудегі дағдыға енгізген.

«Өнеріне қарай – өрнегі» байқалып тұратын шебер адамды «Бармағынан бал тамған» деп жоғары бағалаған. Оларды халық өздерінің ұл мен қыздарына үлгі - өнеге етіп отырған. Мұндай жетістікке адам тек қолөнер кәсібінің құпиясын, қыр-сырын меңгергенде ғана жететінін де санаға сіңіріп отырған. Сән өнеріне балаларды, әке-шешелері, ауылдың тәжірбиелі салихалы қарттары, өнер шеберлері баулып отырды, сонымен бірге өз тәжірбиелерінде түсіндіру, ақыл - кеңес беру, қолдау, мақтап- марапаттау және тағы басқа тәсілдерді пайдаланады. Әдетте халықтық педагогика ер баланың тәрбиесіне әкелері, қыз-балалардың тәрбиесіне аналары көбірек көңіл бөлгені мәлім. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Ананың ізін қыз басар, атаның ізін ұл басар» деген мақал - мәтелдер соның айғағы болса керек. Балаға қолөнер кәсібінің бір саласын меңгерту өздеріне байланысты деп түсінген ата- ана өздеріндегі бүкіл жақсы қасиеттерді солардың бойына сіңіруге тырысты.

 

 

1.      Петрова Ю.Н. Взаимодействие видов искусства в процессе художественного образования и воспитания // Вопросы эстетического воспитания в школе / Под ред. А.И. Бурова. – М., 1972. – С. 19-45.

2.      Разумный В.А. Эстетическое воспитание. Сущность. Формы. Методы. – М., 1969.

3.      Сладкова Д.А. Формирование эстетического идеала на уроках литературы. – Казань, 1979.