Қасым Б. – Абай атындағы Қаз ҰПУ,
Мемлекеттік
тіл кафедрасының меңгерушісі,
ф.ғ.д., профессор
Қазақ лексикасының
терминденуі және коммуникативті-прагматикалық қызметі
Қазақ елінің Тәуелсіздігінің бір
тұғыры – қазақ тілі. Қазақстан
мемлекетінің Атазаңында
қазақ тілі
мемлекеттік тіл атанды. Осы маңызды құжат ана
тілінің өркендеуіне,
мәртебесінің биіктеуіне,
дамуына мүмкіндік туғызды. Бүгінгі таңдағы басты
мақсат пен мүдде де мемлекеттік тілдің мәртебесін
көтеруге, оның қолдану аясының кеңеюіне, бағышталған. Қазақстан білім беру
кеңістігінің әрбір сатылары мен деңгейлерінде оқытудың
технологиялары нақты қойылып, тілдік
білім беруден коммуникативті-прагматикалы оқуға негізделді. Осымен байланысты келелі іс-шаралар да істелініп жатыр. Әсіресе,
соңғы кезде өзекті мәселелердің бірі саналатын кәсіби тілдің (қазақ тілі) кәсіби лексикасы, сөйлем оралымдары, сөйлем
үлгілері, сөзжасамы, мен ұлттық терминологиясының жағдайларына назар аударылып,
жас мамандарды тілдік біліммен қаруландыру мақсат етіледі. Ол – егемен елдің ұлттық сипатын көрсететін
сөзжасам және төл терминдердің қалыптасуын
жандандыру, дамыту.
Заман талабына
лайық, қазақ тілінің табиғи
заңдылықтарына сай, терминжасам саласын қалыптастыру
бүгінгі күннің сұранысынан туындап отыр. Ұлттық термин – сол елдің руханы
өркендеуінің, ғылымының дамуының көрсеткіші. Сондықтан
бүгінде дүниеге келіп жатқан, қалыптасып жатқан
терминдерге немқұрайды қарауға болмайды.
Кез келген халық
өзінің туған тіліне, оның тағдырына
немқұрайды қарай алмайды. Алаштың азаматы Ж.Аймауытов:
«Ана тілі халық болып
жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы,
өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі
құламайтын бәйтерегі»,
– деп, қасиетті ана тілінің құдіретін үлкен
шеберлікпен айтқан (курсив-Б.Қ.).
Ана тілі – халықтың рухани болмысымен біте қайнап,
ұлттың тағдырына қызмет етіп, өмірмен
өзектес жүріп отырады. Әр кезең, әр дәуір,
өзіне қажетті жаңалықтарды туғызса, сол
жаңа ұғымды жаңа атаумен қамтамасыз ететін тіл.
Жаңа атаулар, жаңа терминдер, жеке сөздер күнделікті
тілдік айналымға енді. Қазақстан мемлекетінің егемен
елдігін білдіретін нышандарға қатысты қаншама атаулар,
терминдер қалыптасты. Елімізде елтану, рәмізтануға
арналған ғылыми еңбектер жарық көрді. Кем дегенде
екі сөзден құралып, байырғы сөздердің жаңа лексикалық
мағынаға ие болуы: атазаң, ар-ождан,
әнұран, елорда (столица),
ақорда (резиденция) елтаңба, елтану (страноведение), елтаңбатану (геральдика), елбасы, елұран, жұмыр жер, ғаламшар, нышансөз (идиограмма), ойсөз
(логограмма), рәмізбаян (блазон), тубегі (знаменоносец), тутанушы (вексилолог), тутұғыр
(флагшток), ұрансөз
(девиз), медицина ғылымында: көкжелке, көк жұлын, сегізкөз, көгала, көктүйнек, соқырішек т.б. біртұтас жасалым
ретінде қолданылады. Сөздерді біріктіру – жаңадан сөз
жасаудың, тілдің лексикасын байытудың өнімді
тәсілдерінің бірі. Бұл тілдік бірліктер – нағыз ұлттық бояумен дүниеге
келген жаңажасалымдар. Мемлекеттік рәміздер – ел тарихының
ажырамас бөлігі, белгісі, әлемдік деңгейде өркениетті
елдермен терезесі тең келетін – бойтұмары.
Тіл – халықтың
рухани болмысымен біте қайнап, ұлттың тағдырына
қызмет етіп, өмірмен өзектес жүріп отырады. Әр
кезең, әр дәуір, өзіне қажетті ұғымды
туғызса, сол жаңа ұғымды жаңа атаумен
қамтамасыз ететін – тіл. Осы тұста айта кететін бір жайт, қоғамдағы
қарқынды өзгеріске сәйкес тілдің де дамуында
серпіліс, жандану бар. Қазіргі тіліміздегі жаңа
қолданыстағы туындылардың сәттісі де, сәтсізі де
баршылық. Әйтеуір жаңа ұғымды осылай атау керек
деген дәстүрмен аталым, термин жасау – қателік. Тіл – тазалықты, тұнықтықты, мөлдірлікті
қажет етеді. А.Байтұрсынұлы тіл тазалығы жайында: ²Тіл тазалығы – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен
шұбарламау, басқа тілдік сөзді тұтыну қажет
болса, жұртқа сіңісіп, құлақтарына
үйір болған, мағынасы халыққа түсінікті
сөздерді алу², – деген ойы дер кезінде айтылған қағида [1, 350]. Кезінде
А.Байтұрсынұлы ғылыми айналымға енгізген көсемсөз, шешенсөз, қарасөз, заманхат
терминдері кезінде керемет дәлдікпен жасалған жасалымдар болатын.
Әрине, Кеңес дәуірі тұсында бұл
терминдердің орысшасы қолданыс тапты да, қазақша
ұлттық терминдер шетқақпай болып, көлеңкеде
қала берді. Ал, ғалым осы терминдердің мақсаты мен
міндетін, қандай ұғымда жұмсалатынын айқындап
көрсеткен еді. *Көсемсөз – ¢публицистика¢, қарасөз – ¢проза¢ т.б. Қарасөз бен көсемсөздің
басқа сөздерден айырмашылығын, мағынасын толық
сипаттап көрсеткен. Бұл терминдер бірінің орнына бірі қолданылмай,
әрқайсысының атқаратын қызметі мен
ұғымды білдіру міндеті бір емес екенін ашып айтқан.
Қазіргі таңда баспасөз, ақпарат беттерінен осы
терминдердің қайтадан қолданыла бастағаны
құптарлық жайт. *Көсемсөз
– әдебиет пен журналистиканың қоғамдағы
көкейтесті, өткір мәселелерді қозғайтын саласы. Көсемсөзшілер
– көтерген ой-мақсатына, оны жеткізу ыңғайына
қарай мақала, ашықхат т.б. түрлерінде жазады
(Әдебиеттану...). *Қарасөз
жасалымының бірнеше мағынасы бар: 1. Жай, қарапайым сөз, ауызекі әңгіме. 2. Ауызша айтылатын тапқыр сөз,
шеншендік. ... Өзім де басқа шауып, төске өрледім,
Қазаққа қарасөзге
дес бермедім (Абай). 3. Қарасөз
(проза): әңгіме, повесть,
роман – көркем
әдебиеттің үлкен саласы (ӘТС, 1998).
Сәбиттің бірінші романы ²Адасқандар² жазушымыздың қарасөзге шеберлігін,
тағы да көп нәрселер күтуімізге болатынын
көрсеткен еді (Ғ.Мүсірепов). Абайдың қарасөзінің
өзгешелігі бар, ол нақыл әңгіме түрінде
алынған (Әдебиеттану терминдерінің сөздігі). Осы
үлгіде қазір тілімізге дәйексөз
(цитата), келіссөз (переговор),
алғысөз (предисловие), жарыссөз (вступление), нышансөз (идиограмма), ойсөз (логограмма) т.б.
өмірге келді. Мысалы, Келісөз
бен сыртқы саясаттағы икемді әрекеттерінің
арқасында қазақ мемлекетінің тұтастығын сақтап қалған Абылай
бабамыз. Олар уақыттың тапшылығына байланысты жарыссөз өрбітіп, пікірсайыстар алысуға
мүмкіндік болмады (Ана тілі). Бұның өзі
терминдердің қазақ тілінің табиғатына
сәйкес бейімделгеніне айғақ. Ең бастысы
қазақ тілінің табиғи заңдылықтары мен
ережелеріне толық жауып бере алатын және атайтын ұғымды
екіұшты етпей, дәл, сәйкес, түсінікті етіп беретін
терминдердің қажеттігі бүгінгі заман талабынан туындайды.
Рас, ғылыми
ұғым бар да, лексикалық ұғым бар. Терминжасамда
осы екі саланы салыстыра отырып шешкен жөн. Бұл жөнінде
Ш.Құрманбайұлы: «Ұғымдарға атау беріп,
сөзбен белгілеп алмай тұрып, олар жөнінде сөз
қозғап, талдау жасау мүмкін емес»,– деген пікір айта келе [2, 67], ғылымдағы жаңалық, жаңа ұғым
тілдік тұрпатқа ие болып, белгілі терминмен аталатындығын
келтіреді. Демек, әрбір термин ғылыми ұғымдардың
тілдегі көрінісі болып саналады. Кез келген термин – ұғымның аталымы. Сондықтан аталым болған
жерде лексикаға да, тілдің басқада салаларына қатысы
болары сөзсіз. Тек мәселе – солардың аражігін
дұрыс, дәл айқындай білуде. Қай кезде
жалпыхалықтық лексика, қай кезде термин қызметін
атқарып тұрғанын анықтап алуда. Күрделі
атаулардың да терминденуі және олардың
түр-түрлерімен байланысты теориялық, тәжірибелік
мәселелер әрі аса маңызды, әрі күрделі.
Әсіресе, бүгінгі заманда жаңа қолданыста
баспасөз, ақпарат, жарнама беттерінде етек алуда. С.Исаев:
«Сөздерді (екі я одан да көп сөзді) біріктіру арқылы
жаңа мағыналы күрделі сөз тудыру синтаксистік
тәсілдің бір жолы болып саналады» [3, 275], – дейді. Сөйтіп, тілші сөздерді біріктіру, тіркестіру,
қосарлау жеке-жеке сөзжасам үлгілері екенін айтады.
Ғалымның айтуы бойынша, күрделі сөздердің
тіліміздегі ішкі дамуы негізінде жаңа ұғымдарды атау
қажеттігінен әртүрлі семантикалық өзгерістері,
мағына дамуы арқылы тілдің лексикасы байып, сөздік
құрамы өсіп, жаңа сөздер қатары
толығады. Оны кез келген жаңа терминдермен дәлелдеуге болады.
Мысалы, оққағар
сөзі қазір саяси-қоғамдық термин ретінде
қолданыс тапты. Ал осы сөз ауыз әдебиетінің жанрларында
қолданылған. Халыққа етене жақын, мағынасы
түсінікті, атау төтыну қызметін толыққанды
атқара алады. Мысалы, Кеше ғана қазақ
жұртының оққағар
қара берені болған Жалым сұлтанның ұлы
Тұрсын бар (М.Мағауин). Бір сөзбен айтқанда оққағармын мен!
Біреулер шенеуніктерді, біреулер кәсіпкерлерді т.б.
қорғайды... (ЖА). Сол секілді қарашығын
сөзі ¢сбор¢, ¢налог¢ мағынасында экономикалық термин ретінде қолданылып
жүр. Ал осы сөзді ұлы жазушымыз, сөз зергері
М.Әуезов өзінің «Абай жолы» эпопеясында
қолданылған. Сөйтіп, қарашығынды өздері
әдейі шетке қаққан, шыр бітпеген,
жыртық-шоқпыт лашықтарға салып жатқан
(М.Әуезов).
Н.Т.Сауранбаев
тілдің сөздік құрамындағы сөздердің
мағыналық сыры, тарихи тегі, жасалу жолы жағынан
олардың сапасы бірдей болмайтындығын айтады. Ғалым
сөздің жасалуында сөздік қордағы негіз
сөздер ұйтқы болатындығын айта келіп, олардың
мағыналық жағынан дамитындығын, сапалық
өзгеріске түсетіндігін келтіреді [4, 49]. Мысалы: отарба, шайтанарба, құртауру,
көкжөтел, құрқұлақ,
қызылбұрыш т.б. тілдік деректер кезінде атаулық,
терминдік қызмет атқарса, бүгінде көнерген
сөздердің қатарынан орын алған. Осы тәріздес
сөздердің кейбірі қайтадан жанданып, жаңа мәнге
ие болып, тілдік айналымға еніп жатқаны көптеп кездеседі.
Әсіресе, соңғы кезеңдерде медицина саласының
терминдерінде оң өзгерістер баршылық. Ұлттық
ұғымға жақын қазақ тілінің
байырғы сөздері термин ретінде қалыптасып келеді. Соның
бір дәлелі – құртауру мен көкжөтел, айкезбе мен қанжел қазір термин ретінде
толық қолдануға болатын лексемалар. Бұл
сөздердің орыс тіліндегі баламасы: туберкулез, коклюш, лунатик, парадонтоз. Демек, тілдің
лексикасы тек қана жеке сөздерден тұрмай, бір
ұғымды білдіретін бірігіп, тіркесіп келетін күрделі
аталымдардың қалыптасуынан
толығып жатса, екіншіден, мағына жағынан дамып,
терминдік қызмет те атқара алатынын көрсетеді. Ғылым
мен техниканың дамыған кезеңінде ғаламшар, ғарышжай,
тікұшақ, әуежай, әуебекет, әуеайлақ
т.б. тәрізді жаңажасалымдар
өмірге келді. Жай
сөзі тірек болған жаңа қолданыстағы
күрделі аталымдар: Бұл әңгіме
Байқоңыр ғарышжайының
Ресейге жалға берілуіне байланысты болды. Салтанатты ашқанда облыс
әкімі «Сарыарқа» Халықаралық әуежайын бітіруге бірнеше жыл уақыт өткенін,
қиындықтарға тап келгендігін айтты (ЖА).
Терминжасамда
ұғымның атауы ретінде қалыптасқан жасалымдар бар
да, терминдік қызмет атқарып жүрген сөз тіркестері бар.
Осылардың аражігін ажырата білген жөн. Ұқсас тілдік
құбылыстардың ерекшеліктерін ескеруде атауға,
лексемаға қойылатын талапты ескерген жөн. Бұл – жалпы тіл білімінде бар қағида. Бұл жерде күрделі
атауларға қойылатын талаптар мен негізгі ұстанымдарды
ескерген абзал. Оны проф.Б.Қасым күрделі аталым жөнінде айтқан тұжырымдамасынан да байқауға
болады. Тілші күрделі сөздің аса маңызды
мәселелерін қамтып, жаңа
теориялық тұжырымдар жасай келе, бірқатар тың мәселелерді алға
қойды. Күрделі сөздердің әлі де
анықталмаған, айқындалмаған мәселелері көп
екенін айта келіп, осы мәселелердің негізгі түйіндері
біріккен аталымдар мен идиомалық тіркестерінің, біріккен сөздер мен
күрделі атау сөздердің, фразалық тіркес пен
идиомалық тіркестің араларын ашу, олардың
арақатынастарын анықтау мәселелерімен байланысып жатқанын көрсетеді. Күрделі аталымдарды, онымен
тұлғалас тілдік құбылыстардан ажыратуда нені меже етіп ұстау керек деген
мәселеге арнайы тоқтаған, осыған қатысты
айтқан пікірлері мағына тұтастығын, тұтас
тұлғалануды, белгілі сөз табына телулі болуы, сөйлемде бір
ғана мүшенің қызметін атқаруы мен бір екпінді иеленуі тірек етіледі [5]. Тілшінің күрделі
сөздерге тиісті шарттарды басқа ұқсас тілдік
құбылыстардан шегін ажыратуда ұстанған жөн деп
санайды. Осы көтерілген мәселенің терминжасамға да қатысы
бар.
Жаңа қолданыстағы
күрделі атаулардың тілде жиі кездесуі арнайы мәселе болып,
соңғы он шақты жылдың көлеміндегі баспасөз
беттерінде қарқынды түрде қолданыс тапты. Жаңажасалымдар
– мазмұн жағынан жаңа сипат алған сөздер: беташар, тұсаукесер
(қоғам.), атбегі, атшабыс (спорт), қуғын-сүргін (репрессия), сауал-сұрақ (анкета), пікірсайыс (дискуссия), пікірталас
(диспут), өнертапқыш (изобретатель), көктамыр (вена), ұлтабар (мед.), шорбуын (артрит), есекжем (экзема),
мүшелтой, мерейтой (юбилей), атамекен (отчизна), тыйымсөз
(табу), үндеухат (воззвание),
отшашу (фейерверк) т.б. Бұл келтірілген тілдік деректер соңғы
жылдары бекітілген атаулар мен әр түрлі ғылым салаларының
терминдері.
Қазақ лексикасының терминденуі – бірден туа салатын және тез қалыптаса қоятын
құбылыс емес, заман талабына сәйкес қалыптасатын тарихи
құбылыс. Күрделі сөздің терминденуіндегі әр
алуан экстралингвистикалық құбылыстар мен
лексика-семантикалық және грамматикалық құбылыстар
да араласып, әрқайсысы түрлі дәрежеде үлестерін
қосып, терминнің жасалуына, қалыптасуына, дамуына
жәрдемін тигізеді. Қазақ тілінің бай тілдік қорын
қажетіне қарай сарқа да, сұрыптап пайдалана біліп,
терминжасамның негізгі дереккөзіне айналдыруға болатыны
ақиқат.
Атаулық және
терминдік мәнге ие болған жаңажасалымдардың жаңа
қолданысқа түсуі бұрынғы сөздердің
бірігуі, қосарлануы, тіркесуі арқылы жасалуы жиі кездеседі.
Күрделі сөздердің құрамындағы
сыңарлары бұрынғы мағыналық реңктен
алшақтамай, тура мағынасында қолданылуы. Мағыналары
ұқсас болғандықтан, олар жаңа
сөздердің орнына қолданылады. Екі сөз бірігіп,
үшіншісі мағынасы ұқсас жаңа
сөздердің қазақша баламасы ретінде
қолданысқа түседі. Осы тұрғыдан
қарағанда сөздердің бірігуі арқылы тілімізге
енген жаңа сөз қолданыстардың сыңарлары
төрт түрлі сипатта болады.
* Байырғы
сөздердің өзара бірігіп, жаңа қолданысқа
түсуі. Мысалы: отбасы,
еңбекақы, іссапар, жеделхат, сыйақы, талапхат,
бетбұрыс, төлемақы, жолақы, жанкүйер, пікірталас,
пікірсайыс, ентаңба, тасқашау, төлтума,
жүксалғыш, ойтүрткі, ойтолғау, отбасы,
жанармай, желаяқ т.б.
* Жалпыхалықтық
лексиканың жаңа қолданыстағы тілдік сипаты. Біріккен
сөздердің сыңарлары тура лексикалық мағынада
тұры: төлқұжат,
тікұшақ, әуежай, теңізжай, жағажай, ғарышжай, отбасы, жанұя, шипажай т.б.
* Үшінші қысқарымдар мен
байырғы лексиканың бірігуімен жаңа сөз
қолданысқа: кеңшар,
ұжымшар, медбике, теледидар, телеарна, телебағана, бейнесалон,
бейнетаспа, биөріс т.б.
Пайдаланылған әдебиеттер
1.
Байтұрсынов А. Ақ жол. –Алматы: Жалын, 1991.
2.
Құрманбайұлы Ш. Қазақ лексикасының
терминденуі. –Алматы: Ғылым, 1998.
3.
Исаев С. Қазіргі қазақ
тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. –Алматы. 1998.
4.
Сауранбаев Н. Қазақ тіл білімінің проблемалары. –Алматы.: Ғылым.
1982.
5. Қасым
Б. Кұрделі аталым жасалымы: когнитивтік-дискурстық
ұстаным (Зерттеулер) – Алматы.:ЖК Волков А.В., 2010. – 383 б.