ТАЖИКЕЕВА А. Ш.

PhD докторант,

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды

мемлекеттік унивеситеті, Қазақстан

 

ГЕНДЕРЛІК ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ АЯСЫ

(мақал-мәтелдер негізінде)

 

The article is about the problem of gender and its reflection in linguistic units such as proverbs and sayings. Author explains the usage of the notion of gender, widely makes examples of its boundary. Author gives definition to such term as ‘gender roles’ as well.

Author analyzes the aspect of gender of English and Kazakh proverbs and sayings making vivid examples. 

 

 Гендерлік бағыттағы бағдарламалардың басты назары әйел затына бағытталғандықтан, көпшілік бұл ұғымды әйелдерге ғана қатысты, олардың мүдделерін қорғайды деп түсінеді. Ағылшын тілінен тікелей аударғанда  «gender» сөзі грамматикалық род (тек), сонымен қатар жыныс деген ұғымды білдіреді. Ағылшын тіліндегі «sex» сөзі жыныстың биологиялық сипаттарына қатысты пайдаланылатын ұғым, яғни адамның әйел немесе еркек болуын қарастырады. Ал «gender» ұғымы жынысты  биологиялық тұрғыдан емес, оны әлеуметтік-мәдени құрастырылым ретінде қарастырады. 

   Гендерлік зерттеулер аясында «жыныс», «гендер», «гендерлік рөлдер» сияқты ұғымдар негізгі ұғымдар болып табылады. Осы ұғымдардың мәнін, мағынасын ашуға тырысайық. «Gender and Development» атты Даму және Халық Іс-әрекеті Орталығы (The Centre for Development and Population Activities) шығаратын әдістемелік журналда    жыныс ұғымына төмендегі анықтаманы береді: “Sex” refers to the biological differences between women and men. They are generally permanent and universal [1, 25]. Демек, жоғарыда атап өткеніміздей, «жыныс» – әйелдер мен еркектердің арасындағы биологиялық айырмашылықтарға қатысты қолданылатын ұғым. Жыныс табиғатпен беріліп туа бітеді, тұрақты және өзгермейді.

«Гендер» ұғымына келетін болсақ,  ұғым  белгілі бір ұлтта, мәдениетте әйел мен еркектің қоғаммен белгіленген рөлдері мен міндеттеріне қатысты қолданылады. «Gender and Development» атты әдістемелік журнал гендер ұғымының мағынасын кеңінен түсіндіру мақсатында мына анықтаманы келтіреді:   “Gender” refers to the socially constructed roles and responsibilities of women and men, in a given culture or location. These roles are influenced by perceptions and expectations arising from cultural, political, environmental, economic, social, and religious factors, as well as custom, law, class, ethnicity, and individual or institutional bias. Gender attitudes and behaviors are learned and can be changed [1,25].

    Аталмыш әдістемелік журналда «жыныс» пен «гендер» ұғымдарының айырмашылықтары төмендегідей көрсетілген [1,24]:

Жыныс

Гендер

Биологиялық

Табиғи, туа біткен

Өзгермейді

Әлеуметтік құрастырылым

Туа бітпейді

Өзгереді

 

 Адам баласына жүктелетін рөлдер мен міндеттер қоғамдық, мәдени, саяси, экологиялық, діни, экономикалық факторлардың әсерінен туындайтын пайымдаулармен түсіндіріледі, мысалы, салт-дәстүр, заңдар және т.б. Гендерлік қарым-қатынастар, мінез-құлықтар туа бітпейді, адам оларды өмір үдерісінде меңгереді, үйренеді және олар өзгеріп отырады. Біз  гендерлік айырмашылықтарды төмендегі қоғамдық жағдайлардан көре аламыз:

-Әлеуметтік: әйелдер мен еркектің әлеуметтік рөлдерінің әр түрлері:  ер адам көбіне отағасы және отбасының басты асыраушысы; әйел негізінен бала тәрбиелеуші, қамқоршы.

-Саяси: Әйелдер мен еркектер билік пен еңбекті бөлуіндегі айырмашылықтар: ер адамдар ұлттық және жоғары деңгейдегі саясатқа белсене араласады; әйелдер көбінесе жергілікті деңгейдегі жұмыстарға және өздерінің отбасыдағы рөлдерімен байланысты іс-әрекетке белсене араласады.

-Білім беру саласында: Қыз балалар мен ұл балалардың білім алудағы мүмкіндіктері мен қабілеттеріндегі айырмашылықтар: отбасы ресурстары негізінен ұлдардың біліміне бағытталады; қыздар оншалықты қиын емес, жеңіл академикалық бағытты таңдайды.

- Экономикалық: Әйелдер мен еркектер пайдасы мол салада және қаржы және басқа продуктивті ресурстарды бақылап-басқаруындағы   айырмашылықтар: несие мен қарыз, жер иелену сияқты салаларда [1,25].

    Гендерлік рөлдер жоғарыда атап өткеніміздей, меңгеріледі және уақыт өте өзгереді. Гендерлік рөлдің шеңберін нақтылап келесі анықтамадан түсінуге болады: «Gender Roles: While one’s sex does not change, gender roles are learned and change over time. They vary from culture to culture, and often from one social group to another within the same culture according to class, ethnicity, and race. Factors such as education, technology, economics, and sudden crises like war and famine cause gender roles to change. Gender is considered a social construct because it is socially determined and supported by societal structures [1,5]». Олар әр халықта әр түрлі, ол тереңде  жатқан рухани мәдениетке байланысты әр алуан болып келеді. Білім беру, технологиялық, экономикалық факторлардың салдарынан, немесе соғыс пен ашаршылық сияқты дағдарыстар гендерлік рөлдердің өзгеруіне әкелді.  Гендер дегеніміз – әлеуметтік құрастырылым, ол қоғамның негізгі ұйымдастырушы принципі, негізінен, отбасы, қауымдастықта және нарықтағы еңбек бөлінісімен сипатталады. Әйелдердің негізгі міндеті – бала тәрбиелеу мен үй жұмысы, алайда әйелдер еркектер сияқты өндірісте еңбек етеді, бірақ олардың қызметі мен міндеттері түрлі болады.

    Сонымен қорыта айтар болсақ, әйелдер мен еркектер арасындағы биологиялық айырмашылықтар өзгермейді, адам баласы әйел немесе еркек болып туа біткен қалпынан өзгермей өмір сүреді. Дегенмен, олардың әрқайсының өздеріне тән қасиеттері мен сипаттары, оларға жүктелетін рөл мен міндеттер қоғамына, мәдениетіне және тарихи кезеңіне қарай әр түрлі болады.

    Біздің зерттеу жұмысымыздың мақсаты – ағылшын және қазақ мақал-мәтелдерінің гендерлік қырын ашу. Гендерлік сипаттағы мақал-мәтелдер әйел және еркек концептілерін қоғамдағы әлеуметтік статусы, отбасыдағы орны шеңберінде қарастыруға мүмкіндік береді, сонымен қатар олардың екі халық дүниетанымындағы алатын өзіндік орындарын айқындауға қосар үлесі де зор.  Мақал-мәтелдердің гендерлік қырын қарастыру барысында олардың ұлттық-мәдени астарын, рухани мәдениетінің қайнаркөздерін де ашу маңызды, өйткені әр мақал-мәтелдің астарынан халықтық дүниетаным, ұлттық философия, белгілі бір мәдени ақпаратты көре аламыз.

   Жалпы ер адамның орны қай халықтың дүниетанымында болмасын отағасы, үйдің иесі, асыраушысы, қамқоршысы шеңберінде ерекше жоғары бағаланған. Ал әйел затының алатын орны отбасы ұйтқысы бола отырып, өмірге ұрпақ әкеліп, оны тәрбиелеумен айналысу аясында анықталады.  Әйел затының қоғамдағы, отбасындағы әлеуметтік-мәдени рөлін екі халықтың мақал-мәтелдерінен анық аңғаруға болады. Әйелдің қай қасиеттерінің жоғары бағаланып, пір тұтылып, құрметтелгенін көреміз:

    Жақсы әйел жігітке біткен бақ,

    Жақсы жер, жайлы қоныс – алтын тақ.

       

    Жақсы әйел ер көңілін өсіреді,

    Жаман әйел ер отын өшіреді.

 

    Жақсы әйел жаман еркекті түзетеді.

 

    Үйді қырық еркек толтыра алмайды,

     Бір әйел толтырады.

 

     Жаман әйел жақсы еркектің төрдегі басын көрге сүйрейді,

     Жақсы әйел жаман еркектің көрдегі басын төрге сүйрейді.

 

     Жоғарыда келтірілген мақалдардан әйел затының жақсы, жаман деп екіге бөлінгенін көре аламыз. Жақсы әйел – ерінің серігі, отбасының ұйтқысы, балаларының  анасы, ер адамды демеп отыратын ерекше қасиетке ие адам, жаман әйел керісінше ер адамды сыйдан да, құрметтен де айыра алады.

     Ағылшын халқы әйел затына деген көзқарасын төмендегі мақал-мәтелдер арқылы айшықты етіп жеткізеді:

     A good wife makes a good husband.

 

     The good Jill mends the bad Jack.

 

     Behind every great man there’s a great woman.

 

     The wife is the key of the house.

     A woman's place is in the home.

    Жоғарыда келтірілген екі халықтың мақал-мәтелдерінде ортақ көзқарас, яғни «Алған жарың жақсы, тәрбиелі, өнегелі болса, елге сыйың артып, абыройың асқақтай түседі» дегенді білдіреді. Десек те еркектердің әйел затынан бір саты жоғары, биік тұратынын, күші жағынан да мықты, әрі күшті екендігі, отбасыда қоғамда да олардың басымдылығын сипаттайтын мақал-мәтелдер екі халықтың дүниетанымына, ұлттық санасына да тән нәрсе. Төмендегі ағылшын мақал-мәтелдері осы ойды нақтылай түседі:

    The female of the species more deadly than the male.

 

    Deeds are males and words are females.

 

    Men get wealth, and women keep it.

 

    Six hours sleep for a man, seven for a woman, and eight for a fool.

 

    Men make houses, women make homes.

 

    Бұл келтірілген мақал-мәтелдерден жасайтын қорытындымыз –  әйел заты еркектерге қарағанда нәзік, осал, әлсіз, ол – ана, отбасы ұйтқысы, жарының еңбек етіп тапқанын ұқсатушы, еркек – отбасы қамқоршысы, асыраушысы, сырттағы істерді қамдайтын, күшті әрі мықты ер, отағасы.

    Қазақ мақал-мәтелдерінде де отбасыда, қоғамда еркектің басымдылығы, белсенделігі анық көрініп тұрады:

    Ердің асылы күшінен білімді,

    Қатынның асылы ісінен білімді.

 

   Әйел - үйдің көркі

   Еркек – түздің көркі.

 

   Ерте тұрған жігіттің ырысы артық,

   Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық.

   Аталмыш тілдердегі мақал-мәтелдерде «әйел» және «еркек» бинарлық жұбының қоғамдағы алатын орнын, олардың отбасыдағы рөлін, жағымды-жағымсыз қылықтарын сипаттауда  ортақ көзқарас болғанымен, айрмашылық та жоқ емес. Екі тілдегі мақал-мәтелдерде «әйел» затының отбасы ұйтқысы, бала тәрбиелеудегі ролі баса айтылады, ал «еркек» затының орнының түзде, отбасын асырау шеңберінде өрбитінін көрсетеді. Дегенмен де екі халықтың мақал-мәтелдері негізінде, әр түрлі ұлттық стереотиптер, халықтық сана, ұлттық философия жатыр. Бұлар – әр ұлтқа тән өзіндік ерекшеліктер және халықтың ділі, рухани мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі негізінде пайда болып қалыптасқан ұлттық көзқарас, сан ғасырлар бойғы тарих пен мәдениеттің айнасы.  

   Ағылшын және қазақ мақал-мәтелдерінен ер адамның позициясы әйел затынан бір саты жоғары есептелгендігін анық аңғарамыз. Дегенмен, әр жақсы ер адамның өмірінде оның белгілі дәрежеге жетуіне жетелейтін жақсы жардың, әйел затының орны да айрықша бағаланған. Бұл да екі халықтың әйел затын қастерлеп, құрметтеп, оның адамзат баласының өміріндегі елеулі рөлін жоғары бағалағандығының маңызды бір көрсеткіші.   

   Ағылшын және қазақ мақал-мәтелдерінің гендерлік қырын зерттеу  тың ізденістерді қажет ететін өзекті тақырыптардың бірі. Сондықтан да бұл тақырыпты тіл біліміндегі соңғы зерттеу материалдарымен толықтыра отырып, жан-жақты саралау біздің мақсатымыз болып табылады.

 

 

 

 Әдебиет тізімі:

 

     1. Gender and Development The CEDPA Training Manual Series Volume III. The Centre  

     for Development and Population Activities. Washington, D.C., U.S.A.

     2. Бовуар С. Второй пол. В 2 т. Пер. С франц. Т.1., Т.2: Факты и мифы. Жизнь

     женщины. М., СПб.: Прогресс; Алетейя, 1997. – 832 с.

     3. Кириллина А.В. О применении понятия «гендер» в русскоязычном  

     лингвистическом описании // Филологические науки.- 2000. – 3.-С.- 38-45.