Қазақстанның шығыс, солтүстік-шығыс өңірлерінде кездесетін славян тілінен енген географиялық атаулар

Сапаров Қ.Т.

С. Торайғыров ат. Павлодар мемлекеттік университеті

 

Қазақ жерінің көп қабатты топонимиялық жүйесінде славян тілінен енген географиялық  атаулар ауқымды орын алады. Сан ғасырға созылған қазақ-орыс халықтары арасындағы қарым – қатынас өз өрнегін географиялық атауларға түрлі қырынан сала білген. Топонимдердің пайда болу, өзгеру құбылыстары қазір қоғамдық пікірде қайта екшелеп, сын көзбен қаралып, жаңаша мәнге ие болуда.

Қазақстан мен Ресей арасындағы әрқилы қарым-қатынас басталысымен-ақ географиялық жаңаша жер атаулары біртіндеп пайда болып, жыл өткен сайын молыға түсті. Қазақ жеріндегі топонимикалық атаулар тарихында дәл осы кездегідей жер атауларының жылдам өгеріп отыру құбылысы болған емес [1].

Топонимикалық атаулар жөнінде Қазақстанның Ресейге қосылу тарихының ел билеу жүйесінде патша өкіметі орнатқан әрі терең ойластыра ұстанған үш түрлі кезеңдерін алмақ керек. Бұдан қазақ даласын біртіндеп асықпай отарлаудағы қолданған айла-шаралардың эволюциялық даму жолы, әсіресе, отаршылдық мазмұнда қойылған географиялық жер атауларының біртіндеп ену молая түсу әрекеттерінің болмысы айқын көрінеді.

 Қазақстанның Ресейге қосылуы кірме топонимдердің орын тебе бастауына негізгі тірек болды. Орыс географиялық атауларының бұдан кейінгі кездерде  молая беруі Қазақстан мен Ресей арасындағы әр алуан тарихи қарым-қатынастарға тікелей байланысты болып отырды. Алайда, қазақ-орыс халықтары арасындағы тілдік, әлеуметтік байланыс үдерістері әлдеқайда бұрын басталған [2].

 XVI ғасырдың өзінде Ресей қазақ даласына  өз назарын аудара бастаған. Орта Азия мен Шығыс мемлекеттерімен шекаралас жатқан қазақ жерлері арқылы ірі сауда жолдары өткен. Шығыс (Қытай, Үндістан т.б.) пен батысты байланыстыратын саяси және экономикалық маңызы зор қазақ жерлерінің Ресейге қосылуы Ресейдің шығыстағы сауда, экономикалық және саяси, әскер жағдайын жақсарта түсетіні анық еді. Сонымен қатар, қазақ халқының сол кездегі ауыр жағдайы, Жоңғар хандығы төңірегінен қауіп-қатер орыс және қазақ мемлекеттерінің өзара жақындай түсуіне себеп болды [3]. 1682 жылы Ресей мемлекеті тағына отырған Петр бірінші табиғат байлығы мен алтын қорының молдығы туралы естіп, Каспий теңізі мен Қазақстан жазықтары арқылы Азия елдеріне апаратын теңіз және құрлық жолдарының Ресей үшін маңыздылығын жоғары бағалады. Ол 1713 жылдан бастап жыл сайын ерекше тапсырма – Қырғыз және Түркістан далаларынан барлық азиялық елдерге «кілт пен қақпалар» табуға адамдар жіберіп отырды. Осының негізінде Қазақстанның шығыс, солтүстік -шығыс аумақтарында Ертіс казактары линиясы деген атқа ие болған бекіністер жүйесі пайда болды [4]. Қазақстан аумағында алғашқы орыс елді мекендері пайда болды. Орыс елді мекендеріне орысша атаулар қойылып, қазақ топонимиясы құрамында орыс тілінен енген топонимдер пайда бола бастады. Мысалы, 1720 жылы М.И.Лихарев бастаған ресейлік экспедицияның келуімен Үлбі өзенінің Ертіске құйған жерінде атын «устье каменных гор» тіркесінен алған Усть-Каменогорская бекінісінің іргетасы қаланды [5]. 1765 жылы өртеніп кеткен бұл бекініс қайта салынған еді. Жергілікті тұрғындар бекініс атын өз тіліне икемдеп «Өскемен» деп атап кетті. 1712 жылы патшалық өкімет кезінде діни қудалаудан Польшаға қашқандарды отанына қайтуға шақырған жаңа жарлық шығарды. Польшадан қайтқандарға тұруға 1760 жылғы жарлықта көрсетілген мекендер ұсынылды. Осының негізінде, әскери күштің көмегімен Алтайда “поляктар” елді мекендері пайда болды. Бұл жөніндегі мәліметтер М. Швецованың «Поляки Змеиногорского округа» атты мақаласында (1899) жан-жақты баяндалған [2]. Катонқарағай ауданына қарасты Поляковка елді мекен атауының сыры осыдан ашылады. 1764 жылы Лосиха, Секисовка, Шемонаиха және Бобровканың негізі қаланды. Кейінірек бұлардан Малое Убинка, Быструха, Черемшанка, Тарханка және т.б. селолары бөлініп шықты. Екатерина II 1796 жылдың өзінде қазіргі Зырян қаласы маңында елді мекендер тұрғызу туралы жарлық шығарған еді. Осының нәтижесінде Уба шаруалары өз тұрақтарын тастап казактар бақылаумен қонысталмаған жерлерге кете бастады. Көп ұзамай Алтай таулы округы картасында Парыгино, Снегирево, Кондратьево, Богатырево, Соловьево, Соломоновка т.с. селолар пайда болды. 1726 жылы Орал тау-кен өндірісі қызметкері Акинфий Демидов Алтайда алғашқы кен өндіріс орындары мен зауыттардың негізін салып, Колываново – Воскресенский деп атады [5].

А.Принтцаның анықтауы бойынша орыс қабаты моңғол қабатынан соң, ХVIII ғасырдың бiрiншi жартысынан бастап ене бастады [6]. Орыс тiлiнен енген атаулар туралы тарихи-географиялық деректер алдыңғы тарауда көрсетiлген. ΧVIII ғ. Ресей империясы Ертiс өзенiн бойлай бекiнiстердi салу арқылы отарлау саясатын жүргiзе бастады. Ертiс бойындағы казактар үшiн жеңiлдiктер сақталып, көпшiлiгi бекiнiстерде тұрақтап қалып қойды.           Н.Е. Бекмаханова ХVIII ғасырдың 50-шi жылдарында әскери шебi бойындағы казактардың саны 2 мың адамға жеттi деп жазады [7].

Ертiс өңiрiн отарлау, бекiнiстер салу, жергiлiктi халықтардың өмiрi туралы нақты деректер Г.Катанаев, Н.Г.Апполова, Ф.Усов, П.П. Румянцев,    Ф. Щербинаның еңбектерiнде көрiнiс тапқан. П.П. Румянцев ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамының қоғамдық-саяси тұрмысын сипаттай отырып: “Бұдан әрi қырғыз (қазақ) халқының өз тарихы жоқ, әр ауылдық бұратана адамдардың тарихы” деп жазады [8].

Орыс атауларының пайда болу үдерісі аумақтарды да қамтыды. Сондықтан славян тілінен енген географиялық атауларға көптеп мысал келтіруге болады: Луговое, Садовое, Горкунково, Трехгорное, Волчанка, Березовка, Новоильинка, Троиницкое, Каменка, Восточное, Веселое, Белоусовка,Вознесенка, Игоревка, Белогорский, Солнечное, Орловка, Средигорное т.б. Ресейден, Украинадан қоныс аударуы бұқаралық сипатқа ие болды. ХХ ғасырдың басында Павлодар уезінде 220 қоныс аударушылар селолары пайда болды [9]. Ф.А. Шербина зерттеулерінде 3793 географиялық нысандар анықталған [10]. Қоныс аудару нәтижесі Ертіс – Баянаула өңірінде орыс, украин т.б. тілдерден енген елді мекен атауларын қалыптастырды. Патша үкіметінің белгісі, император Романовтар әулетіне байланысты: Романовка, Николаевка, Алексеевка, Еленовка, Ириновка, Татьяновка, Борисовка, Ольгино, Наташино, Павлодар (Павелға сыйлық) сынды антропотопонимдер атаулары пайда болды. Дала губернаторлары болған Надаров, Галкин, атымен Надаровка, Галкина, ал Милорадовка – қоныстану жөніндегі губерниялық бастық  Милородовтың құрметіне аталған. Заборовка – уездік қоныс аударушылар бастығы Заборовскийдің, Доннинка мен Раевка – Заборовскийдің Домна және Рая атты қыздарының, ал Софиевка – оның әйелі Софияның есіміне байланысты аталған. Неміс халқының қоныс аударушылары Алтенау, Райнфельд, Эбенталь  және Фриеденфельд селоларының негізін қалады. Украинадан келген қоныс аударушылардың бұрынғы тұрған жерлерінің атаулары: Донской, Каховка, Кубань, Луганск, Полтава, Херсонка, діни көзқараста: Благовещенье, Воскресенка, Духовницкое, Крещенское, Рождественка, Спасовка, Сретенка, Успенка т.б. орыс тілінен енген жер-су атаулары жергілікті топонимдерде бейнеленіп көрініс тапты. Кейбір жағдайларда қазақ атауларын өзгертпей аудару жағдайлары жиі кездеседі: Беловодск (Ақсу сөзінен), Котельниково (Оймакөл), Глубокое (Шұңқыркөл), Травянка (Шөптікөл), Горькое (Ащыкөл), Грабово (Қосағаш), Горчинка (Ащылы).

Тілдік қатынастардың дамығаны соншалық, топонимиялық атаулар жартылай немесе толық аударылып қолданылады. Мысалы, Қара Ертіс-Черный Иртыш, Кіші Жеменей-Малый Жеменей, Рахман бұлақтары-Рахановские ключи, Үлкен Бөкен-Большая Буконь. Сондай-ақ, орыстілі сөзжасама заңдылықтарына сай жасалған топонимдер де кездеседі. Мысалы, Большой Мараленок, Малый Мараленок – “марал” сөзінен, Таловочка – “тал” сөзінен, Убинка –“оба” сөзінен т.б. [1].

 Шығыс Қазақстанның жер-су атауларын ауыстыру мен қатар келімсектердің көне топонимдерді өз тілдеріне икемдеп қолданғанын байқауға болады. Мәселен, Қарақожа (Қарақұсты болуы да мүмкін) – Карагужиха, Құтты-Кутиха, Маралды-Маралиха, Шаманайханың орыстың – иха жалғауын қабылдап барып адаптацияланса, Аблай-ин-кид (Абылай монастрі) – Аблакетка, Тархан (Дархан) – Тарханка болып- ка жалғауының негізінде өзгертілді. Кеңес үкіметі тұсында орыс атаулары қазақтың төл атауларын мақсатты түрде ауыстыру арқылы іске асырылды.

Кеңестік идеологияны дәріптеу мақсатында көптеген тарихи атаулар қалыптасты. Ауыл-аймақ (ойконимдер) жаппай өзгерту Энгельс, Ленин, Тельман, Куйбышев, Дзержинский, Ворошилов, Буденный, Калинин т.б.қалыптасуына әсер етті [2]. ХХ ғасырдың басында қоныс аударушылардың саны бiршама артты. Олар қоныстанған жерлерде көптеген орыс, украин т.б. тiлдерден енген елдi мекендер пайда бола бастады. 1954 жылы Қазақстанның солтүстiк аймақтарында тың және тыңайған жерлердi игеру жұмыстары жүргiзiле бастады. Осы уақытта көршiлес жатқан Ресей, Украина, Беларусь, т.б. республикалардан 2 млн-нан астам халық келiп қоныстанды. Совхоз, колхоздар құрылып, көптеген елдi мекен, қоныс, өзен, көл атаулары өзгерiске ұшырап, орыс тiлi арқылы қалыптасқан топонимдер жүйесi пайда болды.

Қоғамдағы әрбiр саяси-экономикалық өзгерiс сол қоғамның топонимия жүйесiне терең iз қалдырып отырады. В.А. Никонов айтқандай топонимика амалсыздан “идеологиялық функцияға жегiледi” [11]. Елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейiн, көптеген жер-су атаулары өз тiлiмiзде өзгертiлiп қалпына келтiрiлдi. Көптеген ойконимдер бiрнеше рет ауысқан себептi бастапқы атауын жоғалтқан.Біздің зерттеулерімізде Қазақстанның шығыс, солтүстік –шығыс өңірлерінде кездесетін славян тілдерінен енген топонимдер жүйесі топтастырылды. Шығыс Қазақстан облысы аумағында 3798 славян тілінен енген атаулар (18,9%-ын),ал Павлодар облысы аумағында 605 топоним анықталып,барлық топонимдердің (13,7 %-ын) құрап отыр [12].  Қорыта келгенде тарихы терең аумақтардың жер-су атаулары әртүрлi стратиграфиялық ерекшелiктерге ие болғаны нақты деректер жүзінде дәлелденді(Сурет1- 2).

 

 Сурет 1 – Шығыс Қазақстан облысы топонимдерінің стратиграфиялық бағанасы

 

Сурет 2 – Павлодар облысы топонимдерінің стратиграфиялық бағанасы

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 1.Аметжанова Ф.Р . , Әлімхан А.Ә. Қазақ шығысының жер-су атаулары.   – Өскемен : ШҚТУ баспасы, 2000. -104 б.

2. Шығыс Қазақстанның мәдени мұралары:(тарих , мәдениет, білім). – Өскемен : С.Аманжолов ат. ШҚТУ баспасы, 2006. -432 б.

3.Орталық Қазақстанның жер-су аттары. – Алматы : Ғылым, 1989.- 256 б.

4. Мадиева Г.Б. Гидронимия Восточного Казахстана. дисс. канд. филол. наук. Алма-Ата, 1990.С.16-17

5. Алексеенко Н. Усть-Каменогорск.-Алма-Ата :Казахстан, 1970.-102с

6. Принтца А. Каменшики. Омск, 1863, 25 с.

7.Бекмаханова Н.Е. Формирование многонационального населения Казахстана и Северной Киргизии. Последняя четверть XVIII в., 60-е гг. XX в.- М:Наука, 1980.- 280с.

8. Румянцев П.П. Киргизский народ в прошлом и настоящем. Спб., 1910.- 320с

9.Еңсебаев Т.А. Павлодар өңірінің  тарихы туралы очерктер .І бөлім ,(Көне Дәуірден ХХ ғасырға дейін). – Павлодар: “ЭКО” ҒӨФ, 2001. – 236 б.

10.Материалы по Киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей. Семипалатинская область. Павлодарская уезд. Т.ІV. - Воронеж, 1903.-386 с.

11.Никонов В.А. Краткий топонимический словарь. М., 1966.- 334 с.

12. Сапаров К.Т. Географические основы формирования и развития топонимов Казахстана (на примере восточного, северо-восточного регионов). Автореф. дисс. докт. географ. наук. – Алматы, 2010. – 32 с.