Қазіргі уақыттағы экологияны жүйелеудің негіздері

 

Д.Д.Есімова, педагогика ғылымдарының кандидаты, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің доценті

 

Қазіргі уақытта экология түсінігі дағдарыстық жағдайда болуда. Геоэкология, биоэкология, әлеуметтік экология секілді экологиялық зерттеулері бағыттарының арасындағы өзара байланысы, олардың экологиямен қарым-қатынасы әлі де болса анықталмаған, олардың технологиямен және географиялық зерттеулермен байланысы болғанмен, көпшілікке жарияланбаған. Экологияның жалпылай анықтамасы және оның бағыттары нақты анықталып, айқындалмаған. Сонымен, экологиялық зерттеулерді жүйелеу жүргізілмей, зерттеушілердің өздерінің тәжірибелеріне сүйене отырып, берген анықтамалары ғана бар. Мысал келтіре кетсек:

«Экология – (грекше oikos – мекен, logos – ілім) – ағзалардың бір-бірімен және қоршаған ортамен қарым-қатынасын зерттейтін ілім».

«Экология – адам мен табиғаттың өзара әсерінің ғылыми және тәжірибелік мәселелерінің жинағы (экологиялық мәселелер)».

«Экология – адам, қоғам және қоршаған ортаның бірлескен дамуын, қоршаған ортаны реттеу мен тұрақтандырудың биотикалық механизмдерін, өмірдің тұрақтылығын қамтамасыз ететін механизмдерін зерттейтін ілім»

Сонымен қатар, екі жақты айқындайтын анықтамалар да бар:

«Экология – 1) өсімдік және жануар ағзаларының қарым-қатынасын және қоршаған ортамен байланысын зерттейтін биологиялық ілім....синонимі биоэкология; 2) «адам-табиғат – қоғам» жүйесін объект ретінде, және жүйенің негізгі элементтерінің өзара байланыс заңдылықтарын, сонымен қатар осы негізде жүйенің дамуын зерттейтін ілім... синонимі үлкен экология, аймақтық экология, мегаэкология».

Анықтама-сөздіктерде мынадай анықтамалар жиналған:

«Экология – (грекше oikos – үй, отан, мекен+ logos – ілім, түсінік):

1)                               тірі ағзалардың бір-бірімен және олардың бірлестіктерінің қоршаған ортамен қарым-қатынасын зерттейтін білім саласы (соның ішінде басқа ағзалар және  бірлестіктермен);

2)                               ағзалардың бір-бірімен және қоршаған ортамен қарым-қатынасын зерттейтін биология саласы (биоэкология), даралар экологиясы (аутэкология), популяция экологиясы (популяциялық экология, демэкология) және бірлестіктер экологиясы (синэкология);

3)                               әртүрлі иерархиялық деңгейдегі экожүелер қызметтерінің жалпы заңдылықтарын зерттейтін ілім;

4)                               тірі ағзалардың, соның ішінде адамның мекен ету ортасын зерттейтін жиынтық ілім;

5)                               заттар мен құбылыстар жиынтығының негізін субъект және объект ретінде (ереже бойынша тірі ағзаны немесе тірі ағза қатысуымен) қарастыратын білім саласы;

6)                               адам орнын түр ретінде және барлық адамзаттың ғалам экожүйесінде басқа экожүйелермен өзара әрекеттесуін зерттейтін ілім».

Анықтамалар нақты емес, қосымша енгізілген түсініктермен түсіндіріледі, өзара қиылыспайды немесе бір-бірін терістейді, түсінік дағдарысын таңқаларлық анықтамалар да дәлелдейді: мегаэкология, үлкен экология, ғаламдық экология. Экология не екені түсініксіз – ілім бе, білім саласы ма, пән бе, әдіс пе, немесе – метағылым ба?

Сонымен қатар, экологиялық нормативті әдебиет бар, жоғары оқу орындарында оқытылады, білім беру стандарттары жасалынған, оқу құралдары мен оқу-әдістемелік құралдар шығарылады. Экология және оның басқа да салалар терминдері ақпараттық орындармен өте кең қолданылады, соның ішінде алып сатарлық мақсатта да қолданылып жүр. Бұл азаматтарымыз бен қоғамдық бөлімдерді ғана емес, сонымен қатар ғалымдарымызды да түсініксіз жағдайға қалдырып қойды.

Бұл экологияның теориялық негізінің жоқтығынан.

«Экология» сөзі нені білдіреді?

 Экология сөзі екі грек сөзінің қосылуынан oikos – үй, отан, мекен және logos – сөз, ілім, ой. Ол үй туралы ілім, мекен туралы ойлар, қоршаған орта туралы сөз мағыналарын білдіреді. Қалыпты берілген анықтама – ағзалардың бір-бірімен және қоршаған ортамен байланысын зерттейтін ілім. Бірақ бұл экология сөзінің мағынасын ашпайды. Ойды ашу үшін экологияның оқыту пәнін анықтау қажет.

Ежелгі   гректер экос деп адамның мекен ету ортасын ғана емес, сонымен қатар адам болып қайтқан жерлерін де атаған, ал адамға белгілі кеңістікті ойкумен деп атаған. Ойкумен шегінен басқа экос болмаған, және болмайды да, сонымен қатар адам қоғамы меңгермеген кеңістіктен шығатын шекте ешқандай экология болуы мүмкін емес. Сонымен, экологиялық зерттеулердің кез келген бағыттарында адамзаттық, қоғамдық негіз бар. Бұл бірінші себеп.

Экология сөзінде адамға белгілі орында кім немесе не мекен етуі көрсетілмейді. Мұндай объект тірі немесе өлі зат, ұйымдасқан немесе ұйымдаспаған, жалғыз немесе жиынтық түрінде ме белгісіз. Бұл екіншіден. Бірақ, жекешелендіріп қарастыруға болмайды, өзі орналасқан орынмен өзара байланыста қарастыру қажет. Бұл үшіншіден.

Сонымен, экологияның оқыту пәні материалды объект және өзі орналасқан мекен ортасының арасындағы өзара байланыс.

Біз адам  туралы айтқанда қоғам және оның мәселелерін қарастырамыз. Мекен ету ортасы туралы айтқанда біз географиялық ортаны қамтимыз. Ал объект ретінде Жер бетіндегі тірі ағзалардың барлығы бола алады.  Барлық тірі ағзаларды шексіз қамтитын классификацияны жалпыға бірдей концепцияның негізінде жасауға болады. Ол бір жағынан Жер бетіндегі барлық материалдық дүниені қамтып, бір бірінен нақты белгілермен ерекшеленетін бөліктерге бөлетін еді, екінші жағынан тірі ағзаларды мекен ету ортасымен, яғни географиялық ортамен бірлестіретін еді.

Соңғы кездердегі қоршаған орта құрамдарын «күш» деп анықтауды С.П.Горшков ұсынды: алғашқысы – «өлі табиғаттың көрінісі»; екіншісі – «тірі субстанцияларда болатын процестер»; үшіншісі – «адамзат». Мұндай классификация  жасалды, бірақ «күш» деп бөлуді ұтымды деп айтуға болмайды [1].

Дегенмен, дүниежүзілік тарих концепциясы немесе дүниежүзілік даму концепциясы бар. Оның авторы – атақты орыс ғалымы Лев Ильич Мечников (1838-188) [2].

Дүниежүзілік даму концепциясын Мечников 1884 жылы «Саясаттанудағы күресу мектебі» деген үлкен мақаласында жазып шығарды. Бұл мақалада дамудың дүниежүзілік даму процесін сипаттай отырып, материалдық дүниенің үш саласын бөліп көрсетті:

«1-ші сала -  Ньютонның дүниежүзілік тартылыс заңы түсіндіретін, физикалық және химиялық процесстер жоятын,  геометриялық, қимылсыз формалар дүниесі – биорганикалық.

2- ші сала – асқазан және жыныстық қызығушылықты қамтитын, тіршілік үшін күресте өзгеретін және бәсекелесетін өсімдіктер және жануарлар дүниесінен тұратын - биологиялық.

3-ші сала – жалғыз биологиялық тіршілік етуден алшақтайтын ұжымдық, қызығушылықтық, кооперация дүниесі - әлеуметтік

Жер бетінде кезектесіп пайда болатын материалдық дүниенің бұл салаларын Мечников үш қасиеті бойынша бөлді: механизмедр, ағзалар, қоғам. Соның ішінде «қоғам – механизмдер емес, ағзаларға жатады, ал ағзалар механизмдерге жатады».

Материалдық дүние салаларының географиялық ортамен байланысы экологиялық зерттеулердің пәні болып табылады.

Қоршаған ортаның механизмдер, ағзалар және қоғаммен өзара байланысына арналған Мечниковтың теориялық негіздеріне және экологияның қазіргі заманғы мәселелеріне сүйене отырып, экология және оның құрамдас бөліктерін былай көрсетуге болады:

Экология – зерттеу объектісінің географиялық ортамен байланысын зерттейтін ғылыми пән.

Геоэкология – инженерлі объектілердің географиялық ортамен байланысын  зерттейтін экология бағыты.

Биоэкология  – ағзалар мен мекен ету ортасының өзара байланысын зерттейтін экология бағыты.

Әлеуметтік экология  – адамзат қоғамы мен ойкумендер арасындағы байланысты зерттейтін экология бағыты.

Экологиялық зерттеулердің үш бағыты арасында әлеуметтік экологиялық бағыт – негізгі болып табылады, өйткені адамзат қоғамы Жер дамуының ең жоғарғы жетістігі, және де осы ұйымдасқан қызметке қоғам мен географиялық орта арасындағы өзара байланысқа ғана емес, сонымен қатар ойкуменнің болуына да әсері бар [3].

Экология бағыттары «қызметінің» бөлінуі өте күрделі, ұсынылған кестенің негізінде бұл мүмкін. Мысалы, автомобиль жолдарының, инженерлі объект ретінде, және географиялық орта арасындағы өзара байланыс – бұл геоэкологияның мәселелері. Автомобиль жолдарының конструкциясы, қоршаған орта жағдайы, автожолдарды қоршаған орта әсерінен қорғау (суөткізгіш құрылымдар, жан-жағын өңдеу, селге қарсы шаралар, тау жоталарындағы жабық галереялар, қартосқауылдары және т.б.), қоршаған ортаны автожолдардан қорғау (шу және газдардан қорғаныш болатын жасыл желектер, шушағылысқыш экрандар, жол жиегін жасақтау және т.б.). Сонымен, автомобильді жол+қоршаған орта+ араларындағы өзара байланыс=табиғи-техникалық жүйе (геожүйе).

Тірі ағзалардың мекен ету ортасында өзара байланысы – биоэкологиялық мәселелер. Автожолдардың қорғалатын территорияларға қарай орналасуы, жолдарға жануарлардың шығып кетуі (алдын алушы белгілер, жылдамдықты шектеуді енгізу, жүкті шектеуші автомобильдердің болуы және т.б.), жануарлардың маусымдық миграциясы және арнайы өту жолдарын жасау (уақытша және қалыпты), жол жиегіндегі газдардың және қатты заттар құрамына мониторинг жасау, ағаштар күйін бақылау, жол жиегінде ауылшаруашылықты жүргізуге шектеу қою және т.б. Мұның барлығы біртұтас биожүйе болып табылады.

Әлеуметтік экологиялық мәселелер – автомобильді жолдар, автомобильдер жолақтарының географиялық ортаны иемденетін қоғам, мемлекет арасындағы мәселелері. Бұл – жекеленген жерлерге қатты жабындығы бар автомобильді жолдарды дамыту мақсатында жүргізу, көп жолақты трассаларды жасау өндірістік, ауылшаруашылық, рекреациялық, стратегиялық аудандарды қосуға мүмкіншілік береді, сонымен қатар халықты орналастыру, инфрақұрылым жасау және басқару мәселелерін шешеді. Бұл әлеуметтік жүйе.

Материалдық дүниенің бір ғана бөлігі әртүрлі көлемде таңдалып, үш жақты көзқараспен қарастырылуы мүмкін. Мысалы, шөптердің тамырлы жүйесі геоэкологияда топыраққа арматура ретінде қаралса, шөп жамылғысы эрозияға қарсы техникалық шешім бола алады. Биоэкологияда шөп жамылғысы белгілі бір жағдайдағы өсімдік бірлестігінің қорғалуы ретінде қаралады. Әлеуметтік экологияда шөп жамылғысы – малшаруашылығы базасын жасауда немесе көшпенділер цивилизациясының болуын дәлелдейді.

Материалдық дүниенің қарастырылған бұл теориялық бөлімдері экологияны жүйелейді деп есептейміз Эмпирикалық жетістіктер теориялық қорытындыларды толықтырып, дамыта алады, бірақ орнын ешқашан баса алмайды.

Қолданылған әдебиеттер:

1.  Горшков С.Н. Концептуальные основы геоэкологии. – Смоленск: Изд-во Смоленского гуманитарного университета, 1998. – 448 б.

  2. Мечников Л.И. Цивилизация и великие исторические реки. Статьи. – М.: Прогресс, 1995. – 464 б.

 3. Шилов И.А. Экология. – М.: «Высшая школа», 2003. – 512 б.