Қабаева Ж.А. - фил.ғ.д., профессор (магистратура, докторантура және PhD институты, ҚазҰПУ), Алматы , Казахстан

 

БОЛМЫСТЫҢ ЕКІ БАСТАМАЛАРЫ: РАЦИОНАЛДЫҚ ЖӘНЕ ИРРАЦИОНАЛДЫҚ

 

         Түрлі бағыттағы қандай да бір бифуркция нүктесінен Еуропа мен Шығыстағы ғылымның да, философиялық ойдың да дамуы болып өтті. Бұны, жалпылай алғанда, болмыстың дионистілік және аполлондық бастамаларының жүзеге асырылуы деп санауға болады.

         «Аполлондық және дионистік» философиялық ұғымдарын 1872 жылы Ф.Ницше болмыстың екі бастамасын сипаттау үшін енгізген болатын. «Аполлондық – жарық, рационалды бастама, дионистік – қараңғы, экстатикалық – құмарлықты бейберекетсіз, оргиялық – иррационалды» (1),- деп түсініктеме берілген. Аполлондық – бұл рационалды интеллектуалды бастама. Бүкіл еуропалық өркениеттің мағынасы – болмыстың апполондық бастамасының мәнін ашу деуге болады. Ол – мәдениетте, философияда, ғылымда, техникада жеткен жетістіктерді  апполондық бастаманың мәнін жүзеге асырылуы деп қарастыруға болады. Даму векторының осындай бағыты қазіргі біздің қоғамымыздың қалыптасуына алып келді. Егер даму аполлондық бастаманың жүзеге асырылуы бағытымен жүрмесе, мүлдем бөлек, дамудың басқа бағытындағы қоғамға иеленер  едік.

         Адамзат дамуының бифуркация «нүктесі» деп ежелгі гректердің антикалық қоғамын санауға болады. Сол қоғамда  «гректер еркін адамдар еді, сондықтан да олар объектіні, оның субъектіге қатынасын алғашқы болып ұғынды» (2). Гегель айтуы бойынша, батыс қоғамындағы таным субъектісі мен объектісін нақты ажырату –  жаңа концептінің пайда болуы. Бұлай ауысу шығыс қоғамында болмады: дана адам сол өзінің баяғы құрметті орнында қала берді, ал батыста субъект мен объекті ажыратылды. Оны былай түсінуге болады: шығыста дана объект пен субъект ажыратылмаған түрінде қала береді. Ал батыс қоғамында субъект пен объект жекеше қарастырылып, өз жолдарымен дами алды. Бұлайша ажырату абыз, данадан игеруге әкелді.  Осындай жағдай, әрине, шығыс және батыс менталитеттерінің айырмашылықтарының  мінездемелерін сипаттайды.

         Дәстүрлі шығыс және батыс менталитетін Д.Судзуки өзінің «Шығыс және батыс» лекциясында керемет сипаттайды: «Өз дәстүріне сәйкес, батыстың ой талдауға бейім, көреген, дифференциялды, индуктивті, индивидуалды, интеллектуалды, объективті, ғылыми, концептуалды, жүйелі: ол жалпылаушы, заңды, ұйымдастырушы, билікке ұмтылушы, өзін нақтылаушы, өз еркін басқаларға тануға бейім және т.б. Оған қарама-қайшы шығыс ойы синтезге бейім, біріктіруші, көреген емес, дедуктивті, жүйеленбеген, догмалы, индуктивті, субъективті, рухани индивидуалистік, және әлеуметтік, топтық т.б.» (3)

         Сонымен, Батыс және Шығыс адамының ойлау типінің салыстыра отырып, Судзуки олардың айырмашылығын анық көрсетеді.

         Батыс және шығыс менталитеттерінің осы анықтамалары келесі түсінікті қалыптастырды: болмыстың аполлондық бастамасының негізгі сипаттамасы – «рационалды», ал дионистілік сипаттамасы – «иррационалды». Дионистілік бастамада рационалдылық, әрине, бар, бірақ ол негізгі компонент ретінде қарастырылмайды, компоненттердің бірі ретінде ғана қарастырылады.

         Жалпылай айтсақ, еуропалық қоғамда жоғары дамыған нәрселер аполлондық бастамаға тиісті. Тарихи тұрғыдан солай болуы керек еді: адамзат тарихында таным процесінің өзін тану маңыздылау болды, осы бағытта ғана прогреске жетуге үлкен мүмкіндіктер туылды. Еуропалық мәдениетте солай болды да.

Аполлондық бастамада рационалдық ойлауға және рационалды танымға, ал дионистілік бастамада иррационалдыққа акцент қойылды. Бұл жерде дионистілік бастаманың иррационалды сипаттамасына акцент жасалып, ол позитивті ракурста қарастырылуы керек.

         «Батыс мәдениетіне тән екі идея бар – олар: «тұлға» және «машина»(4), -дейді Судзуки. Бұл идеялар өндірістегі табыстылықты, техникамен технологияның қарқынды дамуын, қоғамның саяси құрылымын шарттады.

         Аполлондық бастама адами рух іс- әрекетінің кез- келген саласындағы классиканың қайнар көзі болып табылады. Классикалық дегенде әмбебап нәрсені бейнелейміз. Аполлондық бастамаға тән саналы-рационалды  логикалық өнімі ғылыми-техникалық прогресс нәтижесі ретінде көрініс тауып отыр.          Философтардың таным процесінің игере алуына басқа процестердің игерілуі тәуелді болады. Шындықты теориялық тұрғыдан игерілуінің негізіне айналған аполлондық бастаманың дамуы – жаңашыл, революциялық нәрсе болды. Бұл жай ғана революция емес, адамзат дамуының ұлы революциясы еді. Адам қоғамының дамуының бұл пунктіне әрқашанда тоқтала кету, әртүрлі көзқарастар тұрғысынан жан-жақты, терең ойластырып зерттеу маңызды. Дәл сонда болашаққа ұмтылған идеяның потенциалды күші, прогресті туындайтын күш шоғырланған. Егер тереңірек ойласаң, осы маңызды этап – генезисті зерттей отырып, тағы да көптеген нәрсені қайта ұғынуға – мәнін ашуға да болады. Философияның, ғылымның тарихында осындай ұмтылыс байқалады.

Таным өрісінің өзі математикалық-жаратылыстану, гуманитарлық, техникалық өрістерден тұрады. Ойдың осы өрістерді бөліп тұрған қоршауларға шалынуы тағы бар. Қазіргі даму процесі осы өрістердің бірінен біріне өтуді жеңілдете алатындай жағдайда. Осыған дейін зерттеушілер, соның ішінде философтар да, басқаларға «жол салудан» гөрі  тек өз өрістерін өңдеумен әлек болды. Пәнаралық өзара байланыстар әзірге механикалы – тұрпайы, икемсіз формада. Аполлондық бастаманың дамуы шығыспен саластырғанда батыс менталитетінде басымырақ болғандықтан, осы тұрғыда еуропа адамзатының табыстылығы туралы айта кету керек. Табыстылықпен қоса «Еуропа құлдырауы» (Шпенглер) деген ой тағы  да бар.

Болмыстың аполлондық және дионисийлік бастамасы туралы айтқанда, бұл екеуін адам табиғатына тән құбылыс деп те қарастыруға болады. Адам табиғатындағы дионисийлік бастама өзінің көрініс табуын талап етеді. Адам рухының бұл бұзықтығы адам жанымен -  адамдық «Меннің» эмоция, инстинктер, бейсанадан тұратын жағымен байланысты. Бұл жерде дионисийлік бастама позитивті мағынада қарастырылып отыр. Дионисийлік бастама әрқашан да шығу жолдарын іздестіріп, түрлі формаларда көрініс тауып отырған, бірақ ол белгілі бір дәрежеде аполлондық бастаманың қарқынды дамуымен ығыстырылды.

           Дамудың ірі тарихи кезеңдерінде, өзінің зерттеу өрісін игерудің белгілі бір мезетінде бұл екі бастама ортақ нәрсеге тоғысып, бір- бірін толықтыра түсетінін ескеру керек.  Егер кең, глобалды сипаттағы категориялармен немесе образды түрде бейнелер болсақ, рухани қасиет ретінде руханилық және интеллектуалды  жанның бірлігі  қарастырылады. Бұл үйлесу, адам табиғатындағы рухани, интеллектуалдық пен жанның үйлесуі сияқты   синхронды түрде өтеді. Ж.Делез жан мен ақыл-парасаттың өзара әрекеттестігін төмендегідей сипаттайды: «Жан – ақыл-парасат емес, ақыл-парасат – жанның құштарлығы емес. Бұл мағынада ақыл-парасат инстинкт, әдет немесе табиғат деп аталар еді. Адам табиғаты – ғылымның шынайы объектісі»(5). Ақыл-парасат жалпы, тоталды түрде жанға «сай келетін» ракурста «жұмыс істейді». Жалпы алғанда, ақыл-парасат жанның тартылыс сферасында «әрекет етеді». Делездің бұл тезисі өте қызықты және тереңірек ашуды талап етеді. Жуық арада «құштарлық психологиясы конституцияланған субъект философиясына айналады. Рационализм дәл осындай философияны жоғалтты»(6). Өзі үшін не қызықты екенін түсіну орынды, сыртқы нәрсенің «адамилануы» жүріп отырады, ол ішкі нәрсемен сәйкестілікте болуы керек. Адамның жан дүниесіне сөйкес осы әлемде   жақсару процесі жүруі керек, сонда ғана бұл әлем адам үшін ыңғайлы бола түседі. Жапон философы Д.Судзуки «Дзен-буддизм жайлы лекцияларында»: «Ең алдымен психология, содан кейін ғана логика мен талдау» (7) деген. Бұл түсінік адамның табиғи өзінділігінен шығады. Психология жанға қатысты нәрселерге, адам табиғатындағы дионисийлік бастамаларға жақын. Ал, логика мен талдау – адам бойындағы аполлондық бастамаға тән. Жан мен ақыл-парасаттың өзара қатынасындағы біріншілік, бағыттаушы күш  жанға тән. Рухани–жан мағынасын анықтау тек философиялық бағытпен шектелмеуі керек. Бұндай тақырыптар «ғылыми және ғылыми емес», «философиялық және философиялық емес» және т.с.с. білімдердің бірлігінде тереңірек ашылады.

         Бәрін кең контексте ұғыну маңызды. Бар нәрсе өзіне қарамақарсы немесе оппозициялы нәрсемен бірге тіршілік етеді. Жағымды мен жағымсызды; дұрыс пен қатені; бақытты мен бақытсызды; ақылды мен ақымақты; жас пен кәріні және т.б. – бірге қарастыруы керек. Оларды бір біріне қарсы қою емес, олардың бірдей дәрежедегі өзара қатыстылығында, бірлесе тіршілік етуге құқылы ретінде қарастыру. Бұның қызықтығы - олардың бірлікте қарастырылатындығында. Бірлік -олардың бар екендігінде, тіршілік ететіндігінде. Олар осынысымен де құнды. Сондықтанда, бұл бірлікпен санасу керек. Бұл ой екі бастамаға да қатысты.

         Бұл мағынада, үлкен адамгершілік бүкіл ғылымилықты, бүкіл философиялықты, бүкіл техникалықты қамтуы керек. Бүкіл кеңістіктік –уақыттық нәрселер үлкен адамдық қарамағында болуы керек. Барлық нәрсе адамилыққа ұмтылады, сондықтан да ғылым, философия салаларына қатысты нәрсенің барлығы және саяси, әлеуметтік әрекеттердің барлығы – адамдық, адамгершілік сәулесімен жарықтандырылуы керек. Адамдардың осыны терең ұғынуына философтар, гуманитарлық ғылымдар өкілдері көмектесуі тиіс. Аполлондық және дионисийлік болмыс бастамалары мен Батыс және Шығыс қатынастарына қатыстылардың қарастырылуы қатар жүреді. Ығыстырылған дионисилік бастаманың позитивті жаңа көзқарасты тұрғыдан қайта қарастыру тенденциясының күшеюі осыған байланысты. ХХ ғасыр техника ғасыры болды, ал  ХХІ ғасыр гуманитарлық ғасыры болуы керек.

          Сонымен, бұл жұмыста ақыл-парасат және антиинтеллектуалдықтын өзарақатынасының даму тенденцияларына шолу жасалып, антиинтеллектуалдыға қатысты  гумандылықтың басым болуы қажет екенін көрсетуге ұмтылыстар жасалды.

 

 

 

Қолданған әдебиеттер тізімі

 

1.Философский энциклопедический словарь.-  М.; 1989. 34 б.

2.  Гваттери Ф, Делез Ж.. Что такое философия? -  М.; 1998. 86 б.

3. Фромм Э., Судзуки Д., Р. Де Мартино. Дзен – буддизм и психоанализ. –М.; - 1997. 16 б.

4. Сонда, 15 б.

5.Делёз.Ж. Эмпиризм и субъективность: опыт о человеческой природе. - М.; 2001.21 б.

6. Сонда, 16 б.

7. Фромм Э., Судзуки Д., Р. де Мартино. Дзен – буддизм и психоанализ. – М.; 1997. 38 б.