Рапишева Жанат Дабыловна (канд.фил.наук, доцент),

Каримова Анар Маратовна

Карагандинский государственный университет им. ак. Е.А.Букетова, Казахстан

 

ҚАЗІРГІ ҒЫЛЫМИ ПАРАДИГМАДАҒЫ «ТІЛДІК ТҰЛҒА» МӘСЕЛЕСІНЕ

 

ХХ ғасыр ғылымдар жүйесінде «тілдік тұлға» мәселесіне  деген қызығушылықтың артуымен ерекшеленеді. Тіл біліміндегі сөйлеуші адамды зерттеу соңғы кездері сөйлеу, қарым-қатынас жасау актісіндегі өзгерістермен тығыз байланысты. Мақалада «тілдік тұлға» терминінінң мазмұны түсіндіріледі. Аудармашының тілдік тұлғасының қалыптасуына әсер ететін факторлар сараланып,аудармашының тілдік тұлғасын сипаттайтын жағдайлар қарастырылады.

 

Тіл – қоғамда адамдардың бір-бірімен сөйлесуін, түсінісуін, пікірлесуін қамтамасыз ететін қатынас құралы. Егер тілді функционалдық жағынан анықтағымыз келсе, оны қатынас құралы, адамдардың бір-бірімен пікір алысып, өзара түсінісуінің құралы дейміз.

Егер тілді ой мен санаға қатысы жағынан анықтамақ болсақ, онда тілді ойды қалыптастыратын, оны жарыққа шығаратын құрал, ойлау құралы дейміз.

Тілді құрылымы жағынан анықтамақ болсақ, тіл –қатынас жасауға қажетті материалдардың жиынтығы деп қараймыз. Тілді таңбалық сипатына қарай таңбалар жүйесі, семиотикалық жүйе деп анықтау да тілдің қоғамда атқаратын қызметіне қатысты екені сөзсіз.

Бұлардың ішіндегі ең негізгісі – тілдің функциясына қатысты берілген анықтама. Тілдің тіршілігі, дамуы оның қатынас құралы болу қызметіне байланысты. Тілдің бұл қызметі коммуникативтік функция деп аталады. Тілді адам өзін қоршаған қауымнан, өмірден үйренеді.

Сонымен, тіл тек қатынас құралы ғана емес, ол халықтың тарихи-мәдени байлығының көрінісі деп танылады. Кейінгі жылдары лингвистикада жеке тұлғаның тілдік бейнесін оның дүниетанымы арқылы анықтау бағытындағы зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Соңғы кезде тілдік фактілердің көпшілігін лексикалық бірліктердің мағынасын анықтаумен, оларды халықтың тарихымен, мәдениетімен байланыстыра қарастыру, адамның шығармашылық қабілетімен, дүниетанымымен байланыстыра түсіндіру, танымдық ғылымның  басты мәселесі тіл мен ойлауды ұштастыра зерделеу қолға алынып, қазақ тілін танымдық тұрғыдан зерттеу алдыңғы қатарға қойылып жүр.

Тілдік қатынастың дыбыс арқылы айтылуы және әріп арқылы таңбалануы лингвистикада ауызша және жазбаша тілдік қатынастар деп аталады. Осы тұрғыдан келгенде, тілдік қатынасты дыбыстық және графикалық таңбалардың әмбебап жүйесі деп танысақ, онда тілдің таңбалар жүйесі тілдік қатынастың жазбаша түрі болады да, тілдің дыбысталу жүйесі тілдік қатынастың ауызша түрі болып табылады [1, 44].

Қазақ тіл білімінде тілдік қатынасқа қатысты терминдердің қалыптаспағандығын ескеріп, бұл ұғымдарды беру үшін зерттеуші Ф.Оразбаева баяншы, хабар, тұлға,қабылдаушы деген терминдерді қолдануды ұсынады. Тұлға терминін ғалым тіл білімінде әртүрлі қолданылып жүрген «тілдік бірліктер», «тілдік единицалар», «қатысымдық бірліктер» деген терминдердің орнына ұсынады. Ендеше, «...тұлғалар – хабарлаушыдан шыққан дерек туралы басқа адамның санасында ұғым тудыратын, оған ақпараттың түсінікті болуын қамтамасыз ететін, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа байланысшы ретінде қызмет атқаратын қатысымдық бірліктер» [1, 47].

Сөйлеу үдерісіндегі сөздің ерекшелігі – ол объективті шындық пен өмірге байланысты ұғымдарды сананың қабылдауы нәтижесінде ойда бейнелейді де, тілдік қатынаста іс жүзіне асырады, дыбысталу арқылы сыртқа шығарады. Сонымен қатар іс-әрекет жүріп жатқан ортаның әсерін, адамның көңіл-күйін де қоса білдіреді. Тілдік қарым-қатынаста жұмсалатын сөздің бірнеше қасиеттері бар:

1. Сөз адам санасында бейнеленген ұғымның жарыққа шығуын қамтамасыз етеді.

2. Сөз басқа қатысымдық тұлғалардың жасалуына ұйытқы болады.

3. Сөз өмір шындығын нақтылы мағына арқылы түсіндіре келіп, адам ойының екінші біреуге жеткізілуіне әсерін тигізеді.

4. Сөз адамдар арасындағы тілдік қатынасты жүзеге асыруға негіз болады.

Демек, сөз мағынаны, ұғымды, сезімді, ойды білдіре келіп, тілдік қарым-қатынасты жүзеге асырушылардың барлығына аса қажет қатысымдық тұлға болып табылады [1, 66].

Қатысымдық тұлғалардың ішіндегі басқаларына ұйытқы болатын және тілдік қарым-қатынаста аса маңызды орын алатын тұлға – сөз. Сөз – лексикалық жағынан да, грамматикалық жағынан да, сөзжасам тұрғысынан да жан-жақты зерттеліп келе жатқан тұлға.

Сөзді қатысым құбылысына қатысты қарастырғанда, негізінен, оның сөйлеу мен сөйлесуге байланысты ерекшеліктеріне назар аудару қажет. Мұнда ол адамдардың тілдік қарым-қатынасында пікірлесуге негіз болатын, өзара түсінісуге мүмкіндік жасайтын қатысымдық элемент тұрғысынан сөз болады.

Сөздің сөйлеу үдерісіндегі орны мен қызметі, маңызы туралы көптеген лингвистер (Фердинандт де Соссюр, Б.Н.Головин, Р.А.Будагов, Ю.В.Фоменко, т.б.) өз еңбектерінде жан-жақты тоқталған. Оларда сөздің әртүрлі ерекшеліктеріне қатысты берілген анықтамалардың мазмұны түрліше болып келеді.

Тілдік қабілет пен тілдік тұлға психолингвистикадағы ең маңызды мәселе болып саналады. Айтар ойын әдеби тілде түсінікті, анық та айқын, дұрыс жеткізе білу әркімнің қолынан келе бермейтіні белгілі.

А.Байтұрсынов сөздің түсінікті болуы, дұрыс қолданылуы үшін, тыңдаушысына ұғынықты жетуі үшін тіл мәдениетіне төмендегідей талаптар қойылатыны туралы былай дейді: «Сөздің дұрыс айтылуы деп әр сөздің, әр сөйлемнің дұрыс күйінде жұмсалуы айтылады. Олай болуы үшін:

– сөздердің тұлғасын, мағынасын өзгертетін түрлі жұрнақ, жалғау, жалғаулық сияқты нәрселерді жақсы біліп, әрқайсысын өз орнына тұтыну;

                                                                                                                                                                                                                                                                                                     сөйлем ішіндегі сөзді дұрыс септеп, дұрыс көптеп, дұрыс ымыраластыру;

– сөйлемдерді бір-біріне дұрыс орайластырып, дұрыс құрмаластырып, дұрыс орналастыру қажет» [2, 350-353].

Аудармашы бір тілде берілген ойды екінші тілде дәл, түсінікті жеткізуі үшін тек білімді ғана емес, қатысымдық тұлғаларды (Ф.Ш.Оразбаеваның ұсынған термині бойынша) дұрыс қолдана білуі қажет. Қатысымдық тұлғалар аудармашының тіл, сөйлеу мәдениетінен байқалады. Тіл мәдениеті – аудармашының тілді пайдаланудағы білім, дағдыларының бірлігі, яғни аудармашының тілдік тұлға ретінде қалыптасуында дағды мен іскерліктің маңызы зор.

Тілдік тұлға дегеніміз – тілді, оның заңдылықтарын, толық игерген, оны тілдесім әрекетінде қолдана алатын, жеке басының қызығушылығы бар, қоғамдық өмірге икемді, кәсіби әрекетінде сауатты, кәсіби әрекетіне шығармашылықпен қарайтын адам. Тілдік тұлғаның қатысымдық әрекет барысында сөйлей білу қабілетін, дағдысын жетілдіру үшін олармен жүйелі жұмыс жүргізу керек екені күмәнсіз.

Сөз – әрекет және ойды беру құралы. Яғни тілді тек сауатты жұмсамай, кез келген сауатты, білімді адам сияқты тілдік тәсілдерді, фонетикалық, орфоэпиялық, орфографиялық, морфологиялық, синтаксистік, стильдік құбылысты ұқыпты, дұрыс қолдана білу дағдысын қалыптастыруы керек, өзіне тән тілдік ерекшеліктермен бірге көпшілікке ортақ әдеби тілдің нормасын білуі тиіс.

Болашақ филологтың студент кезінде тіл (сөйлеу( мәдениетін қалыптастыруға, сөз мәдениеті дағдысын жетілдіруге «Тіл мәдениеті» (кейінгі кезде «Сөйлеу мәдениеті» деп аталып жүр) деген пәннің берері көп. Бұл пән ЖОО басқа факультеттерінде де оқытылады, пәннің негізгі мақсаты – студенттердің тілдік норманы игеруін, өз ойын, пікірін әрі түсінікті, әрі көркем жеткізе білуін қалыптастыру.

Қорыта келгенде, аудармашының тілдік тұлғасын қалыптастыру үшін оның тілдік білімін төмендегідей жолдар арқылы тереңдету керек деп ойлаймыз:

– түрлі сала терминдерін терең меңгеру үшін сөздіктермен, әсіресе қостілді, көптілді сөздіктермен, анықтағыштармен жұмыс істеп үйрену қажет;

– кәсіби білікті маман болу үшін әртүрлі мәтіндермен жұмыс істеп, атап айтқанда ғылыми әдебиеттерден, газет-журналдар мен басқа да БАҚ-тан жинақтап, ондағы қолданылған терминдерді саралап, олардың нормаланған, нормаланбаған екендігін ажырата білу керек;

  шетел тілін билингвизмге (қостілділікке) жақын деңгейде игеруі, сондай-ақ сол тілде сөйлейтін халықтың мәдениетін білуі тиіс;

– аударма ісін сауатты жүргізу үшін екі тілде де өзінің сөздік қорын толықтырып отыруға міндетті.

Сонымен, тілдік тұлға өз ойын дәл, түсінікті жеткізу үшін біліммен қаруланып қана қоймай, тілдік құралдарды ұтымды пайдалана білуі керек. Тілдік тұлға лингвомәдени, рухани-әлеуметтік аялық білімі бар, тілдің лексикасы мен грамматикасын жоғары дәрежеде меңгерген, семантикасын түсінетін, интонациясының икемділігі мен көптүрлілігін дұрыс қолдана алатын тіл маманы деп білеміз.   

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас негіздері. – Алматы: Сөздік-Словарь, 2005. – 272 б.

2. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1999. – 448 б.