Маманова Халида Медетовна

Абай атындағы ҚазҰПУ-нің PhD докторанты

 

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТУРИЗМ САЛАСЫНЫҢ

ИНСТИТУЦИОНАЛДЫҚ ТОЛЫМСЫЗДЫҒЫ.

(Институциональное несовершенство сектора туризма Казахстана.)

         

Басы бүтін бір саланың институционалдық толымсыздығы туралы сөз қозғағанымыз өрескелдік емес пе?- деген, сұрақтың қойылуы орынды. Алайда, мақаланың басты мақсаты, Қазақстанның туризм саласын сынау емес, жыл өте тиісті даму дәрежесіне жете алмай отырғанымызға түсініктеме табу болып отыр.

Ең алдымен «институт» терминінің «әлеуметтік институт» терминінен бөлек дүние екенін айтып өтейік. Әлеуметтану әдебиеттерінде әлеуметтік институт терминіне түрлі түсініктемелер берілген:

1.     Қоғамға тиімді әрі пайдалы әлеуметтік қызметтерді атқаратын адамдар тобы;

2.     Бір топтың атынан алдын-ала ойластырылған, белгілі қызметтерді атқаратын бірнеше адамның іс-әрекеті;

3.     Әлеуметтік топ мүшелерінің қажеттілітерін қанағаттандыратын материалдық кәсіпорындардың жүйесі мен олардың атқаратын іс-әрекеттері;

4.     Әлеуметтік топтар мен қоғамға маңызды болып табылатын әлеуметтік рөлдер;

Л.А.Седовтың пікірінше батыстық әлеуметтік теориялардың басым бөлігінде әлеуметтік институтты, «әлеуметтік жүйені қалыптастыратын, қоғам мүшелерінің әлеуметтік мәртебелері мен рөлдерін анықтайтын ресми және бейресми ережелердің, принциптер мен нормалардың жиынтығы» деп қарастырса, [1,117] С.С.Флоров батыстық ақпараттар негізінде «әлеуметтік институтқа»: «Әлеуметтік институт-қоғам мүшелерінің қажеттіліктерін қанағаттандыратын адамдардың маңызды құндылықтарынан тұратын әлеуметтік нормалар мен байланыстардың ұйымдастырылған жүйесі» -деп, анықтама берді. [2,162]

Бұл жерде, әлеуметтік байланыстар жүйесі - топтық процестегі қоғам мүшелерінің рөлдері мен мәртебелерінің байланысы, ал қоғамдық құндылықтар - қоғамның ортақ идеялары мен мақсаттары ретінде түсіндіріледі. 

С.С.Новикованың пікірінше «әлеуметтік институт»- топ мүшелерінің қалауынша таңдап алынған белгілі адамдардың топ мүшелерінің және басқа да индивидтердің топтық және жеке қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған қызметтерді атқару мүмкіндігі берілген кәсіпорындар жүйесі. [3,307]

Әлеуметтік институттың құрылымдық тұрғысын ішкі және сыртқы деп бөле аламыз. Сыртқы тұрғыдан әлеуметтік институт: «Белгілі әлеуметтік қызметті атқаратын, материалдық қамтамасыз етілген кәсіпорындар мен адамдар жиынтығы» болса, ішкі тұрғыдан: «белгілі ситуациялардағы белгілі адамдардың әрекет ету стандарттарының жиынтығы». Тұрақты ішкі құрылымынан басқа, әлеуметтік институттар өз қызметтерінің шапшаңдығы және түрлілігімен мінезделеді.

Әлеуметтік институттардың анық қызметтері алдын-ала белігеніп, қоғам мүшелерімен оңай қабылданады. Тәжірибеде анықталғандай олардың көбі ресми түрде анықталып, әлеуметтік мәртебе мен рөлдер жүйесінің уставы және нормаларымен белгіленген (мысалы: білім алу, денсаулық сақтау және т.с.с.заңдар).

·        Қоғамдық қатынастарды қайта-құру мен бекіту қызметі-институттың әрбір мүшесінің іс-әрекетін бекітетін және стандарттайтын ережелер мен нормалар жүйесі.

·        Реттеу қызметі- әлеуметтік институттың қоғам мүшелерінің өз арасындағы қарым-қатынасын реттейтін нормалары мен бақылау үлгілері.

·        Интегративті қызметі-әлеуметтік топ мүшелерінің институционалданған нормалар, ережелер, санкциялар мен жүйелік рөлдерге сай топтасуы, өзара бағыныштылығы және өзаражауапкершілік процесі.

·        Трансляциялық қызметі- бұл әлеуметтік институтқа жаңадан келуші мүшелердің, не әлеуметтік институт шекарасының кеңеуі себебінен әлеуметтік тәжірибенің келешек ұрпаққа берілуі. 

·        Коммуникативті қызмет- бұл институттағы өндірілген мәліметтің институт ішінде басқару мен тексеру мақсатында қолданылуы және басқа институттармен байланыста болған жағдайда берілу мүмкіндігі.

Қазіргі таңда көптеген салаларды әлеуметтік институт ретінде қарастыру сәнге болмаса да, қалыпты жағдайға айналды. Алайда туризм әлеуметтік институттың қасиеттеріне ие және әлеуметтік институт ретінде қарастырыла алады деп пайымдай аламыз.

Егер де институт өзінің анық қызметтерін атқара алмаса, оны өзгерістер мен құрылымының жойылуына себепкер болады.

Жасырын қызметтері анық қызметтеріне қарағанда алдын-ала жоспарланбаған, және оның нәтижесі үнемі әрі сол мезетте анықталмайды.

Тәжірибе жүзінде әлеуметтік институттар өз қызметтерін атқарып емес, өз қызметтеріне бөгет болады.  Бұл жағдай әлеуметтік топтардың қажеттіліктерін қанағаттандыратын жасырын кызметтерінің бар екенін дәлелдейді. Әлеуметтік институттардың жасырын қызметтерін, әлеуметтік институттардың құрамына кіретін әлеуметтік топтар мен мүшелерінің өзара байланысын анықтау мен байланыс процесін басқаруға мүмкіндік береді.

Институттардың қызметін зерттеу барысында әртүрлі әлеуметтік институттар бірмезгілде бірнеше қызмет атқара алады: әртүрлі институттар бір қызметті атқару мүмкіндігі; әртүрлі институттардың  даму кезеңдерінде қызметтері өзгеріп бірін –бірі басуы, немесе бір қызметтің уақыт өте маңызы артып не кемуі; бір әлеуметтік институт әртүрлі әлеуметтік-экономикалық кеңістіктерде әртүрлі қызмет атқару мүмкіндіктері бар.

Әлеуметтік институттардың басты қызметі қоғаммен тікелей қатынаста болуы. Бұл процестің бұзылуы әлеуметтік институттардың қызметінің бұзылуына, яғни дисфункциясына әкеп соғады. Жоғарыда айтылғандай, әлеуметтік институттардың басты қызметі институт мүшелерінің қажеттіліктерін қанағаттандыру болғандықтан, уақыт өте қоғам мүшелерінің қажеттіліктері өзгеріп отырады, сондықтан да әлеуметтік институттар уақытпен бірге өзгеріп отыруы тиіс немесе қоғам талаптарына жауап бермеуі себебінен жойылып кету қаупі бар. Дисфункция әлеуметтік институттың ішкі құрылысында әрі сыртқы құрылысында көрініс таба алады. Ішкі құрылысында қызметтер мен мақсаттың анық болмауы, әлеуметтік беделдің төмендеуі және т.б. болса, сыртқы құрылысында қаражаттың немесе мамандардың жетіспеуімен мінезділеді.  

Шын мәнінде әлеуметтік институттар белгілі міндеттерді атқара отырып өздерінің қызмет атқаруына белгілі шарттардың жасалуын талап етеді. Я.Щепанскийдің пікірінше, әлеуметтік институттардың тиімді қызмет етуі келесі шарттарға байланысты:

1.     Әлеуметтік институттың алға қойылған мақсаттары мен міндеттерінің нақты әрі анық болуы;

2.     Еңбектің рационалды бөлінуі;

3.     Қызметтердің анықталуы мен орындаушы тұлға талдамауы;

4.     Қоғам мен топтар алдында әлеуметтік институттың беделін көтеру;

5.     Әлеуметтік институттың қоғамға сіңісіп кетуі. [4,108]

Осы шарттардың қандай-да бірінің орындалмауы институттың дисфункциясына әкеледі. Яғни институт өзінің ең маңызды қызметі қоғам мүшелерінің қажеттіліктерін қанағаттандыру міндетін атқара алмайды.

          Осы күнге дейінгі бар методологиялардың әлеуметтік институттардың көптеген сыныпталуын анықтағанымен, ең маңыздысы ретінде экономикалық және саясат институттарды айта аламыз. Бұл зерттеушілердің басым бөлігі экономика мен саясат интситутын адамзат өміріне әсерінің басымдылыңымен түсіндіреді.

          Институттарды қызметіне қарай келесі түрге бөлеміз:

1.     Экономикалық институттар-өндіріс процесі, материалды құндылықтар мен қызметтердің бөлінуін, қаржылық ағымның бақылануын, еңбектің бөлінуі мен ұйымдастырылуын және т.б. қамтамасыз ететін институттар;

2.     Саясат институттары- билікті орнататын, орындайтын және қолдайтын институттар;

3.     Ұрпақ қалдыру интситуты- қоғамның үздіксіздігін қамтамасыз ететін институттар;

4.     Тәрбиелік және әлеуметтік-мәдени институттар -қоғамның жеке мүшелерінің мәдени, ғылым және білім құндылықтарын қалыптастырып, бекітіп, дамытатын және оның келесі ұрпаққа берілуін қамтамасыз ететін институттар;

5.     Әлеуметтік-салттық институттар- адамдардың қарым-қатынасын оңайлататын, күнделікті қарым-қатынасын бақылап, реттейтін институттар;

6.     Діни институттар-адамдардың биік күшпен байланысын қалыптастыратын институттар.

Әлеуметтік институттар әлеуметтік топтар сияқты ресми және бейресми болуы мүмкін.

Ресми институттар- институттың қызметтері мен әрекет етуі заңға не заңнамалық актілерге, ережелер, бұйрықтар, регламент және уставтар негізінде жасалатын институттар.

Бейресми институттар-институт қызметтері анықталмаған әрі белгіленбеген ережелер мен іс-қағаздарға байланыссыз атқарылатын институттар.

Институттардың өзара байланысы бүтін қоғамды құрайды. Институттардың өзара тиімді қарым-қатынаста болуы қоғамның дұрыс өмір сүруіне әсер етеді. Әлеуметтік институттардың жүйесі өте күрделі, қоғам мүшелерінің қажеттіліктерінің үнемі өзгеріп отыруы, жаңа институттардың пайда болуына әсер етеді.  

С.С.Флоров әлеуметтік институттардың бес белгісін бөліп көрсетті: мінез-құлық үлгілері мен қалыптар, символдық мәдени белгілері, мәдени белгілер, ресми ,бейресми кодекс және идеология.

Кейбір институттардың толық белгілерге ие болмауы институттың толымсыздығына әкеледі. Егер де қоғам институттарының басым бөлігі толымсыз болса, бұл қоғамның мәдени даму жолының басында, не құлдырау үстінде болуының белгісі.

Қазақстанның мәдени даму жолында болғанының дәлелі ұлттық экономика салаларының институционалдық толымсыздығынан анықтай аламыз. Институционалдық толымсыздық дегенде, әлеуметтік институттың маңызды тетігінің болмау себебінен бүтін саланың тиянықты әрі тиімді жұмыс атқара алмауын меңзейміз.

Туризм саласының институционалдық құрылымын сыртқы әрі ішкі тұрғыдан қарастырайық. Сыртқы құрылымға: қонақтау орындары, тамақтану орындары, тасымалдау құралдары, турагенттіктер мен туроператорлықтар, рекреациялық объектілер, аттракциялық объектілер және т.б. жатады. Ішкі құрылымға осы кәсіпорындарда әрі сыбайлас кәсіпорындарда мамандардың біліктілік мәселесін, кәсіпорындағы мамандар мен қызметкерлердің арасындағы еңбектің рационалды бөлінісін және т.б. айта аламыз.

Институционалдық толымсыздық мәселесін саралай келе, «шикілік» саланы құраушы кәсіпорындар емес, туризммен тығыз байланыстағы салалардың, яғни мәдени әрі құрылыстық инфрақұрылым объектілерінің жетілмеу себебінен деп пайымдай аламыз.

 

Әдебиеттер тізімі:

1.      Современная западная социология: Словарь / [Сост. Ю.Н.Давыдов (руководитель) и др.]. — М.: Полит­издат, 1990.

2.      Фролов С.С. Социология: [Учебник для высш.учеб.заведений] — 2-е изд., перераб. и доп. — М.: Издательская корпорация «Логос», 1996.

3.      С. С. Новикова. Социология: история, основы, институционализация в России -  М.: Издательство НПО «МОДЭК» Оформление, 1999. Мәлімет көзі:http://socioline.ru/pages/ss-novikova-sotsiologiya-istoriya-osnovy-institutsionalizatsiya

4.      Щепаньский Я. Элементарные понятия социоло­гии / Пер. с польск. В.Ф.Чесноковой; Ред. и вступ. ст. Р.В.Рывкиной. — Новосибирск: Наука. Сиб. отд-ние, 1967.