Айсұлу Төреқұлқызы Ойсылбай

ф.ғ.к., «М.О.Әуезов үйі» ғылыми-мәдени

  орталығының ғылыми қызметкері

 

М.Әуезов әлемі Б.Майтанов зерттеулерінде

 

Тәуелсіздікпен қатар халқымыздың ділі мен діні, әдебиеті мен  мәдениеті, өнері мен ұлттық құндылықтары өз арнасымен зерттелініп келеді.

Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымы әлемдік өркениет жетістіктерін игеру барысында жаңа белестерге көтерілуде. Барымыз бен нарымызды түгендеген  «Бабалар сөзі», «Әдеби жәдігерлер», «Қазақ әдебиетінің» он томдығы ұлттық рух пен әдеби үрдістерді қазіргі заман тұрғысынан қарастырды. Сондай-ақ, қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы алғаш рет қайта жазылды.

Қазақ әдебиеттануының өзекті мәселелерін әлемдік әдебиет контексінде қарастырған өресі биік, бағалы тұжырымдарға бай ғылыми еңбек жазған ғалымдарды атауға болады. Мысалы, қазақ әдебиеттануын әлемдік әдебиеттану ғылымымен салыстыра зерттеген ғалымдар қатарында А.Байтұрсынұлы, М.О.Әуезов, З.Ахметов, Ш.Қ.Сәтбаева, Ш.Р.Елеукенов, Р.Нұрғали, Н.Ж.Сағындықова, Б.Майтанов, Т.Есембеков, Н.Жуанышбеков, А.Ісімақова, Г.Пірәлиева, Н.Кенжеғараев, Ұ.Еркінбаев және т.б. бар.

М.О.Әуезовтің есімі бүгінде Тәуелсіз қазақ елінің әдебиеті, мәдениеті тарихында асқар шыңдай дара тұр. Уақыт өткен сайын алтындай жарқырай түсетін жазушының шығармаларын оқыған адам оның ұлылығына бас иіп әрі таң қалып отырасың. Жазушының қай шығармасын оқысаңыз да онда халқымыздың этнографиялық құндылықтары насихатталады. М.Әуезовтің шығармашылық тұлғасының қадір-қасиеті, құдіреті неде? Оның шығармалары қалай, қашан жазылды? Шығармаларының ерекшелік, өзгешелік сипаттарын қалай танып, қалай танытудамыз? Міне, мәселе осында жатыр. Жазушыны әрбір кезең, әр ұрпақ өзінше танып, бағалайды. Әр кезеңнің өз Әуезові және бар. Бұл күрделі де ауқымды, дәуірлік мәселе. Қазақ прозасындағы М.О.Әуезовтің дәстүріне еліктеп жазған туындылар да аз емес.

Теориялық мәселелер яғни көркем әдебиеттегі уақыт пен кеңістік, шығарманың поэтикасы, мәтін құрылымы, психологизм, постмодернизм, модернизм, әдебиеттің семиотикалық астары, архетип және  мифтік ойлау, автор мен айтушы (повествователь), дискурс, баяндау жүйесін ұлттық әдебиеттанудағы ортақ құбылыстардың табиғатын тарихи-салыстырмалы тұрғыда қарастыру барысында шет елдік (М.М.Бахтин, Ю.Лотман, Р.Барт, Г.Гадамер, В.Хализев, В.Тюпа, Ю.Кристева, т.б. ) зерттеушілердің еңбектерін меңгеріп қана қоймай, оны кәсіби шеберлікпен игере білуіміз керек. Академик Р.Нұрғалидың «...Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымында әрі актуальды, әрі даулы теориялық мәселенің бірі – әдеби ағым және әдеби әдіс проблемасы» [1, 206], – деп жазуы да бекер емес.

М.О.Әуезовтің шығармашылық әлемі мұхиттай тұңғиық дүние. Жазушының шығармашылық лабораториясы әр қырынан жан-жақты зерттелген. Мысалы, М.Әуезов жазушы ретінде «Абай жолы» роман-эпопеясында Абайдың психологиясы мен философиясын, дүниетанымын, ақын шығармаларының тарихи шындықпен байланысын естеліктер арқылы ұғындырды. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Қ.Жұбанов, І.Жансүгіров, т.б. Алаш қайраткерлерінің Абайды зерттеу бастамасын М.Қаратаев, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиев, З.Ахметов, Л.М.Әуезова, Р.Сыздықова, А.Нұрқатов, Б.Уахатов, Т.Қожакеев, С.Қирабаев, Р.Бердібай, М.Мырзахметұлы, Р.Нұрғали, Ш.Р.Елеукенов, Т.Әкімов, Д.Ысқақұлы,   Б.Майтанов, Д.А.Қонаев, С.Майлыбай, Ж.Шойынбет, Р.Әбдіғұлов, т.б.  монографияларында жалғастырды. «Абай жолының» көркемдік-эстетикалық, стильдік ерекшеліктерін, тарихи дәлдік пен көркемдік пішінін, ақын поэзиясының тілін, уақыт пен кеңістік, мекеншақ (хронотоп, қазақшалаған Б.Майтанов – О.А.), психологизм және т.б. категория мәселелерін, ал академик С.Зиманов, З.Қабдолов, К.Оразалин, Р.Тоқтаров, Д.Досжанов, Т.Жұртбай, Ж.Әлмашұлы сияқты жазушы, сыншылар М.Әуезовтің ішкі әлемін сөзбен зерделеп, ұғындыруда еңбек етті.

Әдебиеттанушы Б.Майтанов «М.Әуезов және ұлттық әдеби үрдістер: зерттеулер, эсселер» (2009) атты еңбегінде Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиеттану ғылымындағы ұлттық идея мен әдеби дәстүрді М.О.Әуезов шығармашылығымен сабақтастыра қарастырады. Кітаптың «Ұлттық мұрат және М.Әуезов поэтикасы» атты бөлімі «М.Әуезов шығармашылығының этнопсихологиялық негіздері», «М.Әуезовтің көркемдік-эстетикалық ізденістері», «М.Әуезов және қазақ романындағы эпикалық баяндау үрдістері» деп аталатын тараулардан тұрады.

Ғалым «Этнос теориясы және «қазақ» ұғымы» тарауына ұлы Абайдың «Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ, Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ» деп басталатын өлеңін тірек сөз (эпиграф) етіп алып, тарих пен философия, этногенез, антропогенез, гомогенез теориясындағы уақыт пен кеңістік категориясын қарастырады. Этносқа тән даралық қасиеттерді шартты түрде сипаттау үшін «уақыт пен кеңістік аясында ауысып, көшіп-қону, бірлесу, ірге-жігін айыру, басқа бір халықтармен жаппай араласу нәтижесі іспетті антропогенетикалық заңдылықтарға тірелетін» [2, 19] және қандай жағдайда да із қалдыру, адамзаттың мінез-құлқын, әдет-дағдылардың арғы тектік бірлігін тануға шақырады.

ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлері ұлт тарихы, шежіре туралы жазғанда тамыры терең түркі тайпаларының әдет-ғұрып, тұрмыс-салт, дінімен ұқсастығы барын айғақтайды. Саналы ғұмыры тарихи-азаматтық оқиғаларға толы болған М.Әуезовтің шығармашылығы көсемсөзден басталған. Сол кездегі «Алаш», «Сарыарқа» (газет), «Абай» (журнал) беттерінде жарық көрген жазушының этнос тарихы мен психологиясына қатысты пікірлеріне Б.Майтанов осы еңбегінде былай баға береді: «Мұхтар Әуезов «Алаш» газетінің 1917 жылғы 30 наурыздағы 16-санында Жүсіпбек Аймауытовпен бірге жариялаған алғашқы мақалаларының бірін «Қазақтың өзгеше мінездері» деп атайды. Әдебиет, өнер, саясат, ғылым әлеміне апарар сүрлеу осылайша публицистикадан басталады. Мұнда ой бүркемелеу, астарлау қажет емес. Барша қазақ зиялылары сияқты жас авторлар да ұлттық өмірдің қалыпты жағдайына көңілдері толмай, наразалақ көзқарасын жасырмаған. ...әріптестеріне еліктеп ел тағдырын тарихи мағлұматтар аясында зерделеуге ұмтылған. Үстемелеп келетін синоним тіркестер мен сөз бейнелілігі оқшау да мүмкіндігі мол стиль айшығынан хабар беретіндей» [2, 25].

М.Әуезов өткен ғасырдың 20-жылдарында жазған туындыларында ұлт санасын ояту, қазақ халқының рухани бірлігін нығайту мақсатын көздеді. Сол кезеңде жазылған «Шатқалаң», «Көксерек», «Қасеннің құбылыстарын», т.б. зерттей келе Б.Майтанов оларды повесть жанрына жатқызады. Сонымен қатар М.Әуезовтің 1920-30 жылдардағы шығармалары жайында ғалым мынадай ғылыми тұжырым жасайды: «М.Әуезов бұл туындысында («Қарагөз» – О.А.) адам санасы астарындағы ой-ұғымға бағына қоймайтын, мәдени институттар тосқауылына тоқтап қалмайтын ырықсыздық психологиясын қазақ әдебиетінде алғаш зерттеушілердің бірі» [2, 97].

М.О.Әуезов – «Абай жолы» арқылы қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейге көтеріп, әлемдік әдебиет тарихына көркемдік қуат әкелген жазушы. Ғалым «М.Әуезов және қазіргі проза тілі» атты бөлімде Тәуелсіздік кезеңінде жазылған А.Қаражігітов, З.Жұманова, Р.Мұқанова, Л.Қоныс және т.б. шығармаларындағы дәстүр сабақтастығының үзілмей келе жатқандығын көркем мәтінді теориялық тұрғыда талдап көрсетеді. Автор қазіргі прозаның жазылу стилінің, жазу өнерінің күретамырының үзілмегендігін дәлелдейді.

 Тәуелсіздік кезеңінде де М.Әуезов шығармаларының тіліндегі эстетикалық өлшемдер өзінің поэтикалық құндылығы мен құрылымындағы дәстүрлі қара сөзден ажырамағандығын ғалым «Тәуелсіздік – күрес мұраты» (2012) атты зерттеуінде де нақты дәлелдеп береді.

Б.Майтанов жоғарыда аталған әдебиет құбылыстарын өз зерттеулерінде бүгінгі өркениетпен ұштастыра қарастырады. Мысалы, ғалым «Абай жолы және Тәуелсіздік рухы» атты алғашқы бөлімнің «Тәуелсіздік және «еркіндік» архетипі» тарауында тәуелсіздік идеясын «еркіндік» архетипімен яғни жеке тұлғаның тіршілік философиясымен салыстыра зерттейді. «Тәуелсіздік мәселесін біз көбінесе ұлт-азаттық қозғалысымен байланыстырамыз. Ал шындап келгенде ол жеке тұлғаның тіршілік философиясымен терең тамырлас. Адам өзінің күш-қайратына, ақыл-ойына сенетін дәрежеге жеткенше бағыныштылық жағдайда өмір сүреді. Орталарынан неғұрлым қуатты, ілкімді санап, жеке көсемдерін сайлаған кезден-ақ алғашқы екіаяқтылар екіжақты ахуалға тап болады. ...Адам ата перзенттері қабілет, қарым, әл-қуат жағынан әрқилы деңгейде болғандықтан, аражік [3, 6] ұлғайып, қалыпты жағдайдан ауытқитыны белгілі. Осы тұрғыдан келгенде әдебиеттанушы «Абай жолы» романындағы тәуелсіздік идеясы мен еркіндік туралы: «Еркіндік архетипі – тұтас халықтар немесе соны құрайтын ұлттардың да сана-сезіміне сәуле құйғаны тарихи даму диалектикасына әбден сәйкес құбылыс. ... Жеке субъектілердің мінез-машығы, іс-әрекетінен жалпы бір ұлысқа тән қасиеттерді аңғару ұзақ тарихи мекеншақ тәжірибесін қажет етеді. Алайда мұндай техногенді үдеріс те ұлттық тәуелсіздік идеясының өміршең мұраттарын аяқасты қыла алмайды» [3, 7],–деп пайымдайды.

Әлемдік әдебиеттануда өз орны бар А.А.Потебня, В.Шкловский, М.М.Бахтин, В.В.Виноградов, Л.Выготский, Р.Барт, Ю.Лотман, В.Хализев, Ю.Кристева, У.Эко, К.Юнг, т.б. ғалымдардың зерттеулеріне сүйене отырып, Б.Майтанов қазақ әдебиеттанушылары тарапынан көңіл бөлінбей келе жатқан нәрсе – шығарманың мәтіндік жүйесіне, автор мен оқырман категориясына немесе автор образының поэтикасына, мәтін мен интертекст, автор мен адресат мәселесіне жіті назар аудартады. «Абай өмірі мен мұрасы М.Әуезов туындысында автор атты құдіретті ұғымның интеллектуалды, эмоционалдық харекеттемесі (деятельность) нәтижесінде көркемдік-эстетикалық образдар жүйесінің мазмұнын құрғанын орнымен пайымдау парыз» [3, 10-11] екендігін және осының бәрі Алла Тағаланың қалауымен болатынын ескертеді.

Әдебиеттанушы Б.Майтанов осы зерттеуінде М.Әуезовтің «Абай жолы» мен постклассикалық әдебиет өкілі Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағындағы» тәуелсіздік идеясы: мәтін және интертекс мәселесін әр қырынан салыстырады. Екі шығарма – екі дәуірдің туындысы болғандықтан, бірі реалистік, классикалық әдебиет ұстанымдарын, екіншісі постклассикалық модернизмді сипаттайды. Мысалы, М.Әуезовте: «символдық архетиптер шынар, өзен болса, «Абайдың жұмбағында» – бозторғай. ... Бірінде флора, бірінде фауна атрибуттары» [3, 56] есебінде алынған.

«Өлім» концептін: Р.Тоқтаров «Абай: – Мағаштың өлімі – ездік пен ерлікті сынайтын өлім болды» [3, 56] деп, бір-ақ ауыз сөзбен айтса, М.Әуезов: « – Ей, Абай, өмір кімді барша мұратына жеткізіп еді? деген бір зор қаһар үні самбырлап тұр еді жоғарыдан. – Сен ... у ішіп өлген Сократтан, дарға асылған Ғайсадан, отқа жанып кеткен батыр қыз Ионна Арктан, әйтпесе өзің айтқан түйенің жемтігіне көмілген Мұхамбет пайғамбарымнан әулиесің бе?..» [3, 60-61] деген монодиалог түрінде береді.

Абайдың заманындағы тәуелсіздік идеясын М.Әуезовке қарағанда Р.Тоқтаров қазіргі уақытқа талабына қарай жаңа сюжеттік желілермен ашық суреттеген.

Зерделі ғалым, білікті ұстазым болған Бақытжан ағай Майтановтың Тәуелсіздік кезең тұрғысынан жазылған ғылыми еңбектері қазіргі қазақ әдебиеттануындағы басты бағыттарды айқындайды. М.О.Әуезовтің шығармаларын ғалым Тәуелсіздік көзімен жаңаша зерделеп, тың теориялық талдауларымен тұжырымдап, постмодернистік, модернистік үрдістерге өзінің де пайымдауларын ұсынған.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.         Нұрғалиев Р. Телағыс. Әдеби дәстүр мен әдеби даму. Алматы: Жазушы, 1986. – 440 б.

2.         Майтанов Б. М.Әуезов және ұлттық әдеби үрдістер: зерттеулер, эсселер. Алматы: Жібек жолы, 2009. – 544 б.

3. Майтанов Б. Тәуелсіздік – күрес мұраты: зерттеулер мен мақалалар. –Алматы: Құс жолы, 2012.  – 490 б.