Айдынгүл
Хаван
М.О.Әуезов
атындағы Әдебиет және өнер
институтының кіші ғылыми
қызметкері
Орта ғасырлық әдеби жәдігерлердегі ортақ
желілер
Орта ғасырлық
мұсылман мәдениетінің өсіп-өркендеуіне түркілердің
қосқан үлесі аз болған жоқ. Басқа ғылым
салаларын былай қойғанда, өздерінің қайталанбас шығармаларымен
адамзат баласын тамсандырған ақындардың басым бөлігі осы
түркілердің еншісіне тиді.
ҮІІІ—ІХ
ғасырларда ислам дінінің таралу ауқымы кеңейіп, көрші
жатқан өзге елдерде де, мұсылманшылық рәсімдері бой
көрсетті. Осы сеніммен бірге келген араб, парсы мәдениеті Орта Азияны
мекендеген халықтардың (яғни, түркілердің) салт-дәстүрлерімен
сіңісіп, болашақ мұсылман өркениетінің негізі
қаланды. Шығыс мұсылман әлемінде ғылым мен білім
қатар дамыды. Әсіресе, қоғамда ғалымдардың беделі
артып, олардың ыңғайлы жұмыс жасаулары үшін “Дәрул
улумдар” құрылды.
Қазақ
даласында жібек жолын жалғастыратын қала мен кенттер де көптеп
бой көтергені әрі осы мекендерден ғалым-ғұламалардың
жиі шыққандығы хақында шығыстанушы ғалым
Ә.Дербісәлиев мынадай мәлімет келтіреді: “История свидетельствует
о том, что, придя в Казахскую степь в первой половине ІХ века, Ислам заложил основы
цивилизации, культуры и науки. С его приходом
на бескрайных просторах нашей необъятной Родины начали строиться или вновь отстраиваться
города Алмалы, Баласагун, Мерке, Кулан, Тараз, Сайрам, Отрар (Фараб), Суткент, Сауран,
Сыганак, Жент, Баршынкент, Туркестан и другие. С появлением городской цивилизации
в степи начинается переход от кочевой культуры к оседлой. Это номадическая культура
дала миру выдающихся ученых, филологов, философов, историков и поэтов” [1,249].
Мұсылман
түркілердің жазба әдебиеті Орхон-Енесей тас жазбаларынан бір-екі
ғасыр өтпестен, Қарахандықтар билігі тұсында-ақ
негізі қаланды. Исламды қабылдаған,
соның ішінде, осы дінді берік ұстанған халықтардың
ішінен заманынан озық туған ғалым-ғұламалармен
қатар, өзінің қайталанбас шығармаларымен барша жұртты
мойындатқан ақын-шайырлар да көптеп шықты. Соның нәтижесінде,
мұсылманшылыққа негізделген түркі даласында Махмұд
Қашқаридың “Диуани лұғатит түркі”, Жүсіп
Баласағұнның “Құтты білігі”, Қожа Ахмет Иасауидің
“Диуани хикметі”, Сүлеймен Бақырғанидың “Ақыр заман
кітабы”, Ахмет Йугнекидің “Ақиқат сыйы”, Сейф Сараидың
“Гүлистан бит-түркиі”, Хорезмидің “Хұсрау-Шырыны”, Бурхануддин
Рабғұзидың “Қиссаул әнбиясы”, Құсам Кәтибтің
“Жұмжұмасы”, Дүрбектің “Жүсіп-Зылихасы”, Махмұд
бин Ғалидың “Нахжул фарадисі”, Софы Аллайардың “Сәбәтул
әжизині” секілді шығармалары дүниеге келді.
Қарахандықтар
билігі кезіндегі шығармалар тек, түркілік рухта туып, шайырлық
шеберліктің арқасында дүниеге келген болса, Алтын Орда тұсында
бой көрсеткен еңбектерде аударма саласы басымдау түсіп жатты. Осы саланы
тереңінен зерттеген А.Қыраубаева сол кезеңдегі шығармалар
хақында былай деп жазды: “Бұл дәуірдегі көркем әдебиет,
негізінен екі түрлі. Біріншісі, аударма-нәзиралық шығармалар:
Құтбаның “Хұсрау уа Шырыны”, Сәйф Сараидың
“Гүлстан”, Әлидің “Қисса Жүсібі”, Рабғузидің
“Қисас-и Рабғузи” кітабы, Махмуд бин Алидің “Неһдж ул Фарадис”
(“Жұмаққа апарар жол”), Хусам Катибтың “Жумжума” кітабы,
тағы басқалар. Екіншісі – тыңтума әдебиет: “Махаббатнама”
[2,15]. Әдебиетші ғалымның пікіріне сүйеніп,
нәзирашыл-аудармашы ақындардың қатарына Сейф (Сәйф)
Сараи, Махмуд бин Ғали, Дүрбек, Құтб, Құсам
(Хусам) Кәтиб сияқты сол дәуірдің шайырларын атауға
болады. Бірақ, бұл ақындар араб, парсы дүниесін сол
қалпында тәржімалаған жоқ, оған түркілік рух
беріп, жан бітірді.
Қарахандықтар мен Алтын Орда тұсында
жазылған шығармалардың аттары “Диуани лұғат түрік”,
“Диуани хикмет”, “Хибатул хақайық”, “Қиссасул әнбия”, “Гулистан
бит-түрки”, “Махаббатнама”, “Миғражнама” болып аталады. Араб, парсы
тілдерінің әсеріне көп ұшырамаған Жүсіп Баласағұнның
“Құтты білігі” атты еңбегі дегенімізбен де, шығарма ішінде
Фаридун, Нушируан, Заххақ, Рүстем сияқты Фирдаусидің “Шахнамасындағы”
кейіпкерлердің бой көрсетуі, оның парсы әдебиетімен таныс
болғанын аңғарамыз.
ХІХ-ХХ
ғасырларда өте көп таралыммен шыққан діни қисса-дастандар
кездейсоқ дүниеге келген жоқ. Ақындардың қаламынан туындаған бұл сюжеттер
мен образдардың арғы бастаулары орта ғасырда түркі тілінде
негізі қаланған ислами шығармаларда жатыр. Жүсіп Баласағұн,
Ахмет Йугнеки, Ахмет Иасауи, Махмұд бин Ғали т.б. шығармаларында
Мұхаммед (с.ғ.с.) өмірі дәріптелетін болса, оның көкке
шыққаны туралы Сүлеймен Бақырғани “Миғражнама”
атты дастан жазған. Рабғұзидың “Қиссасул әнбиясында”
баяндалатын пайғамбарлар (Адам, Мұса, Иса, Жүсіп, Салих, Ысқақ
т.б., жалпы саны жиырма бес) ХХ ғасырдың басындаға біраз ақынға
азық болды.
Әрине, “кітаби ақындар” орта
ғасырлық ислами әдебиеттердің мазмұны мен тақырыбын
сол қалпында қабылдағанымен де, олардың жанрлық ерекшеліктері
мен өлең құрылыстарына айтарлықтай дәрежеде өзгерістер енгізіп, заманына лайықты
жетілдіріп отырды. Қарахандықтар билігі тұсында пайда болған
әдеби жәдігерлерде пайғамбар өмірі қысқа
әрі Шығыс мұсылман әдебиетіне тән ғазал, мәснәуи,
тәржиғ бәнд сынды өлең құрылыстарымен
жазылған болса, бертін келе ол — көлемді қисса-дастандарға
ұласты. Қара сөзбен жазылған
діни образдар мен сюжеттер заман ыңғайына қарай өлең-жолдармен
қайта туды.
Ойымызды жинақтай келе айтпағымыз,
ислам діні қазақ даласына мұсылмандық
өркениет пен тың мәдениет алып келді. ислам дінімен түркі
әдебиеті, соның ішінде қазақ әдебиеті жаңа белестерге
көтерілді. Мұны суреткер-ғалым М.Әуезов те зерттеулерінде
атап өтеді. Ол: “Қазақтың әдебиет жолы мен ақыл-білім
өсу жолындағы ескі тарихын білемін деген кісі мұсылманшылықтың
қараңғы пердесі жауып тұрған мезгілге тіреледі. Мұсылманшылыққа
ауысқан соң, қазақ биік белден асып кеткендей болды”, –
деп [3,19] жазады. Мұнда ғалымның “мұсылманшылыққа
ауысқан соң, қазақ биік белден асып кеткендей болды” деп,
ислам діні келген соң, қазақ әдебиетінің биік асулардан
асып кеткенін астарлап болса да жеткізіп тұрғанын аңғару
қиын емес. Батыс шығыстанушысы А.Бомбачидың исламды қабылдамаған
түркі халықтарының жазба әдебиеті өте кеш дамығанын
ерекше атап өтуі [4,187] мен әдебиетші
ғалымның ойларының арасындағы үндестікті аңғаруға
болады. Себебі, мұсылман түркілердің жазба мұрасы Сібір
мен Алтайдағы бауырларының әдебиетіне қарағанда ерте
дамыды. Әрі исламдану кезінде олар өздерінің түп негізінен
ажырап қалған жоқ. Түркиялық ойшыл-ақын Зия
Көкалыптың: “Түрік (түркі-Т.Қ.) ұлтынанбыз”
дегендіктен біз тілде, эстетикада, моралда, құқықта, тіпті
діни өмірде және фәлсәфәде түрік мәдениетіне,
түрік талғамына, түрік ар-намысына сай бірегейлік, тұлғалылық
көрсетуге тырысатын боламыз.
Пайдаланған
әдебиеттер тізімі:
1. Дербісәлиев
Ә. Ислам және заман. Алматы:
2003. –560б.
2.
Қыраубаева А. Ғасырлар мұрасы. Алматы: Мектеп, 1988. –163б.
3. Әуезов М. Шығармалары. 16 том. Алматы:
Жазушы, 1985. –400б.
4. Бомбачи А.
Тюркские литературы. Введение в историю и стиль // Зарубежная тюркология.
вып.І. Москва: Наука, 1986. – 382с.
Аннотация
Бұл мақалада
орта ғасырлық ислами әдебиетке әрі сопылық
ұғымдарға талдау жасалынады. Қожа Ахмет Иасауи мен Сүлеймен Бақырғани мұрасын
Құран аяттары тұрғысынан зерделей отырып, оған теориялық
әрі ұлттық таным, дәстүр, ой-сезім тарапынан көңіл
аударылды.
Адам баласын ізгілікке,
адамгершілікке шақыру, ислам дінінің негізгі қағидаларына
шын көңілмен берілу, оны көздің қарашығындай
сақтау – міне, осының бәрі Қарахандықтар билігі тұсында
дүниеге келген әдеби шығармаларда кең қамтылғаны
анықталды.
Түйін
сөздер: әдеби жәдігерлер, Алла, Пайғамбар, кітаби ақындар