ГЕРМАНИЯ ЖӘНЕ АВСТРИЯ ЖЕРІНДЕ ҚАРАКӨЛ ҚОЙ ШАРУАШЫЛЫҚТАРЫНЫҢ ИГЕРІЛУ ТАРИХЫ

 

М.С.Жайықбаев

Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ

 тарих магистрі

 

SUMMARY

This article deals with the history of forming and developing karakul economy in Germany and Austria.

 

РЕЗЮМЕ

В этой статье рассматривается история формирования и развития каракулеводства в Германии и Австрии  

 

Қаракөл қой шаруашылығына және қаракөл елтірісіне деген қызығушылық тек Ресей жері мен Орта Азия территориясында ғана емес сонау Европада да орын алған. Орта Азия саудагерлері қаракөл елтірілерін Европа жеріне де апарып сатып отырған. Сол кезеңдердегі қаракөл елтірісін сататын саудагерлердің көпшілігі Бұқара мен Хиуа саудагерлері екендігі белгілі. Өйткені XVII-XVIII ғасырларда Бұқара және Хиуа саудагерлері қаракөл елтірісін Ірбіттегі, Тверь губерниясындағы, Тобылдағы, Новгородтағы жәрмеңкелерге сатқандықтары туралы деректер бар. Негізінде қаракөл елтірісі әлемдік деңгейде жоғары бағаланған бағалы тері деп айтсақ қателеспейміз. Мәселен, XVIII-XIX ғасырларда қаракөл терілері Лейпцигте, Лондонда, Нью-Йоргте, Генуяда, Монреалда және басқа шетел сауда орталықтарында халықаралық бағалы тері аукциондарында сатылып отырған. Мысалға, С.В.Понятовскийдің деректеріне сүйенер болсақ Бұқарадан 1910 жылы 500 мың, ал 1912 жылы 1800 мың дана қаракөл елтірісі шет елге әкетілген. Мұның өзі көптеген елдер мен континенттерге өсіру үшін қаракөл қойларын алып кетудің негізін қалады. 1884 жылы Босния мен Герцеговинаның қой өсірушілері алғаш рет Украинадан бірнеше ондаған қой алып кетті. Әкетілген қаракөл қойлары онда жақсы жерсініп, жергілікті қоймен жақсы будандастырылды. 1898 жылдың өзінде-ақ Венада қаракөлдің алғашқы көрмесі ұйымдастырылуы Австрияның қаракөл шаруашылығына қатты көңіл қойғандығын көрсетеді. 1907 жылдан 1910 жылға дейін Бұқарадан Батыс елдеріне жыл сайын орта есеппен 221 қой әкетіліп отырған.

Алайда табиғи жайылымы жоқ және табысының бірсыпыра аз болуы етті жүнді қой тұқымдарын өсіретін жерлерде қаракөл қой шаруашылығының дамуын едәуір тежеп келді. Ол елдерде қаракөл қойы тұқымдық бағытта өсірілді. Қаракөл қойының аз болғандығына қарамастан, ол кезде Германия мен Австрия өнімі жоғары асыл тұқымды мал өсіріп, сатудың арқасында басқа елдерде қаракөл шаруашылығының дамуына елеулі ықпалын тигізді.

Ал қаракөл қой шаруашылығының Германияда игерілу тарихына қысқаша тоқталып кетер болсақ, қаракөл қой шаруашылығы Германия территориясында алғашқы кезде бағылы тері өндіру шаруашылығы немесе мода талаптарына жауап беру негізінде емес ғылыми-зерттеу негізінде игерілген. Қаракөл қой шаруашылығының негізін қалаушы адам ретінде Галледегі университеттің мал шаруашылығы институтының директоры, профессор Юлиус Кюн есептеледі. Профессор Юлиус Кюн 1863 жылы Галледегі университет жанынан ауылшаруашылық институтын құра отырып, сол институтта мал шаруашылығы саласында жүйелі түрде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді қолға алады. Табиғатта кездеспейтін немесе өте сирек кездесетін үй жануарларының тұқымдарын зерттеуді мақсат етеді. Осы мақсатта профессор Юлиус Кюн 1903 жылы өзінің көмекшісі, малды азықтандыратын жем-шөп ісі бойынша маманы Э.Мюллерді араға сала отырып Бұхарадан 4 қошқар қошқары мен 24 қаракөл қой саулығын сатып алады. 1906 жылы Бұхара жерінен тағы 3 қаракөл қошқар мен 34 саулық сатып алынады. Әкелінген малдар Галледегі қорыққа сыймағандықтан 1906 жылы профессор Юлиус Кюн Линдхенде таза қанды қаракөл малдарына арнайы ферма жасақтап, малдарды сонда жайғастырады. Бұхарадан импортталған осы қаракөл қойлары Германия жерінде қаракөл қой шаруашылығының игерілуіне негіз болады. [1] Кейіннен сол кезеңдегі Германияның отары болған Оңтүстік-Батыс Африка жерінде қаракөл қой шаруашылығын ұйымдастырып, дамыту мәселесі туындайды. Осы мақсатта Германиядан қаракөл қойының алғашқы тобы 10 саулық және екі қошқар 1907 жылы Оңтүстік-Батыс Африкаға (Намибияға) апарылады. Осы Германиядан Африкаға жеткізілген асыл тұқымды қаракөл қойлары Оңтүстік Африкадағы қаракөл қой шаруашылығының игерілуінің негізі болды. 1909-1914 жылдары Африка жеріне тағы 200 қошқар мен 700 саулық жеткізілді. Африкадағы жергілікті қылшық жүнді қойлар (рондериб, намаква, тблинхаар т.б.) қаракөл қойымен будандастырыла бастады. Бірінші Дүниежүзілік соғыс қарсаңында Африка жерінде 335 асыл тұқымды қошқар мен 830 таза тұқымды саулық және 21 мың будан қой болды. 1939 жылы қаракөл қойының саны 2 миллионнан, ал шетке шығарылған қаракөл елтірісі 1,7 миллион (жылына) данадан асып түсті.  [2]

Германия жеріндегі Галле мен Линдхенде қаракөл қой шаруашылығы саласында жеткен жетістіктер Германия жерінде асыл тұқымды мал өсіретін және бірнеше фермалар жасақтауға негіз болады. Асыл тұқымды фермалар Силезия мен Померания аймақтарында ұйымдастырылады. Ал, 1906 жылы қаракөл қой тұқымын «Неміс мал шаруашылығы қоғамы» ресми түрде асыл тұқым деп таниды. Осы жылы «Неміс мал шаруашылығы қоғамы» ұйымдастырған көрмеде халыққа таныстырылады. Германия жерінде қаракөл қой шаруашылығы саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын профессор Юлиус Кюннен кейін оның ізбасары С. Фон Натузиас жалғастырады. 1912-1913 жылдар аралығында С. Фон Натузиас Бұхарадан тағы бірнеше қаракөл қойларын алдырады. Бұхарадан Германияға қаракөл қойларының соңғы тобын 1928 жылы Фрелих пен Гольф сатып әкеледі. Жалпы Галледегі қаракөл қойларының санының өсуін төмендегі мәліметтерден анық байқауға болады. Мысалға 1923 жылы 100 мың қаракөл қойы саналса, 1931 жылы 200 мың, ал 1937 жылы 300 мың. 1944 жылы қаракөл қойының таза қанды саулықтары саны 370 мыңға көбейген. [3]  

Қаракөл қой шаруашылығы жоғарыда атап өткендей тек Германия жерінде ғана емес Европаның басқа да елдерінде кеңінен игерілген. Қаракөл қой шаруашылығының Австрия жеріндегі игерілу тарихына қысқаша тоқталар болсақ ол төмендегідей сипатқа ие. Австрия жеріндегі қаракөл қой шаруашылығының игерілу тарихына көз жүгіртсек, Австрияда ешқашан да қаракөл қой шаруашылығы бағытындағы жұмыстар мал басы санын көбейтуге бағытталмағандығын байқаймыз. Бірақ есесіне Австрия жерінде ғылыми негізге сүйене отырып жүйелі түрде жүргізілген ғылыми-зерттеу және сұрыптау жұмыстары нәтижесінде ашылған жаңалықтар тұтынушыларды қазіргі таңда да өзінің бағасын жоғалтпай әлемді қызықтырып отырған қайталанбас жоғары сапалы австрия қаракөлімен қамтамассыз етті. Австриядағы (ол кезде Австро-Венгрия мемлекеті болатын) қаракөл қой шаруашылығын игерудің алғашқы 20 жылдық уақытысында қаракөл қойларын бағатын орталықтар ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. 1984 жылы Босния үкіметі Бессарабия жерінен Босния мен Герцеговинаға бірнеше қаракөл қойын импорттайды. Бірақ әкелінген мал бас санын сақтай алмайды. Сонымен қатар Боснияға қаракөл қойларын мал дәрігері Гаузнер 1897 жылы Бұхарадан әкеліп жерсіндіреді. Венгрия жеріне де қаракөл қойлары осы 1897 жылы әкелініп, жерсіндіріледі. 1899 жылы Шенбрундегі зообаққа (зоопарк) Босния жерінен 4 таза қанды қаракөл қойы әкелініп, көбейтіледі. Жалпы Австрия жерінде қаракөл қой шаруашылығына баса көңіл бөлінгендігіне 1898 жылы Австрия астанасы Венада қаракөл көрмесінің ұйымдастырылуы дәлел бола алады. Австрияда қаракөл шаруашылығы ХХ ғасыр басында да жалғасын тапқан. Венадағы жер ісіне бағытталған жоғарғы мектептің 34 жылға тарта уақыт бойы мал шаруашылығы кафедрасын басқарған профессор Л.Адамец қаракөл қойларын ғылыми негізге сүйене отырып, зерттеуге аса көп көңіл бөлген. Өзінің қаракөл қойларын зерттеу бағытындағы ғылыми жұмыстарын жоғарыда аталған мектептің Гросс-Энцерсдорф фермасында және Моравиядағы өзінің жеке Гросс-Уеллерсдорф фермасында жүргізген. Осы ғылымибағыттағы жұмыстарға сәйкес 1907 жылы профессор Л.Адамец Ресей жеріндегі жоғарғы мінездемеге ие Леонтивичтің «Балта» шаруашылығынан  4 қаракөл қошқары мен 20 қаракөл саулығын алдырып, Гросс-Энцерсдорф тәжірибелік шаруашылығында қаракөл қойларының отарын ұйымдастырады. Үш жылдан соң профессор Л.Адамец өзінің көмекшісі доктор Дюрені асыл тұқымды қаракөл қойларын сатып әкелі мақсатында тіке Бұхараға жұмсайды. Бір маусымды Бұхарада өткізген доктор Дюре және бірнеше қаракөл малын Европаға жеткізеді. Бірақ профессор Л.Адамецтің Гросс-Энцерсдорф фермасында жасақтаған асыл тұқымды, бағалы қаракөл қойлары отары Бірінші Дүниежүзілік соғыс кезінде 1914 жылы жойылып кетеді. [4]   Бірінші Дүниежүзілік соғыстан кейін бұл аймақта Төменгі Австрия, Каринтия, Жоғарғы Австрия, Штирия и Зальцбургте біршама көлемде бағалы елтірі алуға бағытталған шаруашылықтар ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл ұйымдастырылған тәжірибелік жұмыстар өз деңгейінде нәтже беріп, 1936 жылы 22 шаруашылықта 950-ге тарта қаракөл қой жинақталады. 1938 жылы Австрияның қаракөл қой шаруашылығы саласында жұмыс істейтін австриялық қаракөл өсірушілер «Германия қаракөл өсірушілері одағына» мүше болады. Екінші Дүниежүзілік соғыс қарсаңында Австрияда қаракөл мал басы саны 6000-7000-ды құрайды.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 

1.         В.Вуссов «Каракулеводство в Германии, ГДР и ФРГ (Доклад не І международном симпозиуме каракулеводов, Вена, 1967)» 10-бет, «Каракулеводство за рубежом», Сборник переводов статей и обзоров из иностранной периодической литературы 2-й выпуск. Составитель и редактор сборника Н.С.Гигинейшвили. Москва «Колос» 1975

2.         Елемесов К.Е, «Қаракөл шаруашылығы», Алматы.,1986 жыл. 19-бет.

3.         В.Вуссов «Каракулеводство в Германии, ГДР и ФРГ (Доклад на І международном симпозиуме каракулеводов, Вена, 1967)» 13-бет. «Каракулеводство за рубежом», Сборник переводов статей и обзоров из иностранной периодической литературы 2-й выпуск. Составитель и редактор сборника Н.С.Гигинейшвили. Москва «Колос» 1975

4.         Ф.Турек «Каракулеводство в Австрии (Доклад не І международном симпозиуме каракулеводов, Вена, 1967)» 23-бет. «Каракулеводство за рубежом», Сборник переводов статей и обзоров из иностранной периодической литературы 2-й выпуск. Составитель и редактор сборника Н.С.Гигинейшвили. Москва «Колос» 1975