БАНК
НЕСИЕ ПОРТФЕЛІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Сәрсенқұлова
А.С., Тұрар Рысқұлов атындағы Экономикалық университетінің
«Қаржы нарығы және банк бизнесі» кафедрасының аға
оқытушысы
Бүгінде банктер экономиканың нақты секторын
несиелеуден қорқақтайтыны тек банктердің ғана
емес, Үкіметтің де басты проблемасына айналып отыр.
Банктердің нақты секторға несие беруге
құлықты болмауының себебі, банктердің экономиканы дамытуға деген
ықыласының азайғанынан емес, өздерінің
қоржынындағы ресурстар сапасының төмендігіне байланысты
амалсыздан болып отыр. Қоржындағы қаржының сапасы
төмен. Егер несие алушы жеке тұлға немесе заңды
тұлға оны төлеуге қабілетті, сенімді болған
жағдайда ол қоржындағы сапалы ресурс болып есептеледі.
Көптеген несиелердің қайтарымы төмен, банктердің
қолындағы кепіл мүліктер бағасы өспеуде, олар
жөнінде қайта құрылымдау туралы әңгіме
қозғалуда. Яғни мұндай жағдайда банктердің
қоржындағы азды-көпті ресурсты жұмсамай, қолда
ұстап отыруына негіз бар деп есептеледі. Мұндай жағдайда
біріншіден, банктердің несие қоржынын тазалау керек. Кейбір
банктердің несие қоржынының 30-35 % нашар несиеден
тұрады. Экономикалық процестер бойынша, кез келген банк нашар
несиелер бойынша резерв құрады, оны провизия дейді.
Қанша нашар несие болса, сол көлемде резерв ұстап отыруы
тиіс. Ал «Жол картасы» бағдарламасы бойынша жасалып жатқан
жеңілдіктер банктің өзінің қоржынындағы
ресурстар емес, тағы да мемлекет бюджетінен бөлінген ресурс.
Жоғарыда айтылған мәселелер кешенді түрде жүзеге
асқанда, банктер де экономикаға бет бұрады. Статистика
агенттігінің ресми деректері бойынша, инфляция биылғы
қыркүйекте 0,6% құраған. Өткен жылдың
дәл осы айында ол 0,4% болған. Энергия, коммуналдық
төлемдер, қызмет көрсету бағаларының өсімін
қосқанда, биылғы қаңтардан қыркүйекке
дейінгі инфляция 5,2% құрап отыр. Еліміздің жалпы
сыртқы қарызы 2010 жылғы 1 жартыжылдықта фирмалық
берешекті қоспағанда, 3,7 млрд АҚШ долларына төмендеп,
2010 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша 59,4 млрд АҚШ
долларын құрапты. Соның нәтижесінде елдің жалпы
сыртқы қарызы (фирмааралық берешекті қоса есептегенде)
2010 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша 114,6 млрд доллар
болған. Мұның ішінде фирмааралық берешек 48% құрайды. Ал банктердің
сыртқы міндеттемелерінің үлесі
(«Қазақстанның Даму Банкі») 22% жуықтайды. Шағын
кәсіпкерлік субъектілеріне несие көлемі 2010 жылғы шілдемен
салыстырғанда 2010 жылдың тамызында 1728,2 млрд дейін, яғни
0,3% төмендеген. Банктер ақшаны (тәуекелге байланысыты)
несиеге бермей, өздерінде ұстап отырудан көбірек пайда
табады. «Жол картасы» бағдарламасы арқылы субсидия, кепілдендіру,
қолдауға байланысты жеңілдіктер жүзеге асырылуда.
Банктердің нақты секторды несиелеуге бет бұруы үшін
инфляцияны өсірмеудің маңызы зор. Инфляция төмен болса,
ақшаның құны да болады. Жұрт басы артық
қаржысын банктердегі депозитке апарып салады. Банктердің
қаржы қоры өсіп, нақты секторға несие беру
көлемін арттырады. Үлкен дағдарысты бастарынан өткеріп,
енді-енді әл жинап келеміз дегеннің өзінде ертеңі
қандай болатыны беймәлім банктер осы жылдың басында
қайтадан пайда табудың жолына түскен еді. Мысал ретінде
осыдан үш жыл бұрын үлкен дағдарысты басынан
өткерген Альянс Банк елдің депозиті үшін жанталасты бастап-ақ
кенткен еді. Депозиттік салымдарға кейбір банктер 10-11% сыйақы
қоямыз десе, тіпті біреулері оның мөлшерін 15% бір-ақ
тіреп отырды. Депозиттерді кепілдендіру қоры белгілеген деңгейден
асып отырған бұл мөлшерлемелер ертеңгі күні
шынында да салымшылардың қолына тие ме, жоқ па? Үлкен
ставкамен халықтың қаржысын тартып, портфелімізді молайтып
алсақ, қалғанын көре жатармыз деуге болмайтынын
дағдарыс көрсетіп берді. Жалпы, қай нәрсеге де ставканы
банк акционерлерінің директорлар кеңесі белгілейді. Кеңес
рыноктагы жағдайды есепке ала отырып, жылына бір рет талдау жасап,
ставкаларды белгілейтін. Қазіргі кезде ондай талдауды ай сайын жасауы
тиіс. Соған орай, пайыздық ставкаларды да қайта белгілеп
отырған абзал. Кезінде уағыздың күштілігінен
қалың ел қармаққа ілініп, аямай несие алып,
бүгінде өтей алмай қиналуда. Депозит тарту да сол
жағдайды көз алдымызға қайта әкелген секілді.
Ұлттық банк басшысы депозиттік сыйақы мөлшерлемесін
7-8,5% дейін төмендетті. Елбасымыз өзінің биылғы
Жолдауынан кейін банктердің маржасын тексеріп отыруды тапсырды.
Бүгінде банктердің бәрінің дерлік активтерінің
бағасы төмендеп кеткені белгілі. Қарыздырды қайта
құрылымдау жүргізілуде дегеннің өзінде
жағдай әлі мәз емес. Соңғы мәліметтерге
сүйенсек, банктердің сыртқы қарызы 28 млрд АҚШ
долларын құрайды. Соған қарамастан, депозит үшін
талас қыза түсуде. Ертеңгі күні осы банктердің
бәрі халыққа бүгінгі белгілеп отырған депозиттік
сыйақы мөлшерлемесін бере ала ма? Үкімет банктерге
мемлекеттік депозит ретінде ақша бөліп отыр. Былайша
айтқанда, бұл – мемлекеттік несие. Активтер сапасы
төмендеуде. Соған қарамастан, коммерциялық банктер
операциялық шығындарын төмендеткен жоқ.
Бұрынғы қалпында сақтауда. Банктердің алып
ғимараттары, жетекші мамандары мен топ менеджерлерінің алатын
жалақысы мен бонустары, әкімшілік шығын қалыпты
жағдайдағыдай. Ал несиенің пайыздық ставкалары
төмендемейді, қайта өспесе. Шығыстары көбейген
сайын халықтың депозиттік салымдарын кез келген айламен
көбірек тартуға тырысады. Қаржы қашан да ел
экономикасын дамытуға, өркендетуге жұмыс істеуі керек. Ал
бізде оның басым бөлігі жол-жөнекей қымқырылып, тиісті
жерге аз ғана мөлшері жететінін ашық айту керек. Дамуға
бөлінген қаражат біреулердің жинағына айналуда.
Шығын мен табыстың ара қатынасы мүлдем есептелмейді.
Әдебиеттер:
1. Kazakhstan Today агенттігі
2. Айқын республикалық
қоғамдық саяси газеті №191-201, 15-30 қазан, 2010
3. Егемен Қазақстан жалпыұлттық
республикалық газет №450-451, №439-442, 26-30 қазан, 2010