ТАРИХИ КӨРКЕМ БАЯНДАУДАҒЫ ТІЛДІК БІРЛІКТЕРДІҢ МӘТІН ТҮЗУШІЛІК ҚЫЗМЕТІ

                                                                                                                     М.Қ.Қанабекова 

Қазақстан Республикасы

                                                                                                Алматы қаласы

ҚазМемҚызПУ

 

 Қазіргі ғылыми жаңару бағытындағы лингвистикалық зерттеулерде кең көлемде қарастырыла бастаған теориялық пән - мәтін лингвистикасы. «Мәтін лингвистикасына, прагматикасына деген қызығушылық тіл білімінің даму диалектикасынан, тілдің мағыналық, мазмұндық жағына назар аударудан, ғылым мен техниканың түрлі салалары – логика, педагогика, кибернетика, машина арқылы аударма жасаудың қажеттіліктерінен туындайды»(1,12). Демек,лингвистикалық зерттеулер ауқымының кеңеюі мен тілдегі функционалдық, коммуникативтік-прагматикалық бағыттың қарқынды дамуы мәтін лингвистикасының қалыптасуына зор ықпалын тигізуде. Әлі күнге дейін бұл ғылыми саланың әр түрлі атаулармен беріліп, онтологиялық мәртебесі айқын анықталмай келе жатқандығы ғалымдар тарапынан айтылып келеді (мәтін лингвистикасы, мәтін құрылымы, мәтін герменевтикасы).

        Мәтін лингвистикасы, зерттеушілердің пайымдауынша, ХХ ғасырдың 60-жылдарында пайда болды. Алғашқы теориялық негізі Э.Бенвенист, В.Скаличка, С.И.Карцевский, В.Матезиус, Ш.Балли, В.В.Виноградов, З.Харрис, Г. Лакофф, З.Шмидт, Х.Вайнрих, Дж.Л.Остин, П.Сгалл, А.Вежбицкая, Т.М.Николаева және тағы басқа ғалымдардың еңбектері арқылы қалыптасқандығы дәлелденіп, жан-жақты зерттелуде.

Қазақ тіл ғылымында мәтін лингвистикасы әр түрлі мәтіндік үлгілерді ғылыми талдай отырып, оның теориялық негіздерін анықтаумен байланысты қалыптасқан. Мәселен, көркем мәтін лингвистикасын Р.Сыздық, Е.Жанпейісов, Х.Кәрімов, М.Серғалиев, Б.Шалабай, Г.Смағұлова, Г.Әзімжанова, публицистикалық мәтін үлгілерін С.Исаев, Б.Әбілқасымов, Б.Момынова, О.Бүркіт, Қ.Есенова, ғылыми мәтіннің синтаксистік құрылымын С.Әлісжанов, З.Ерназарова, мәтінмен тікелей байланысты текстологиялық талдауды Ғ.Әнес қарастырған.

        Мәтін лингвистикасы мәтіннің түзілу ерекшелігі, оның құрылымдық сипаты, мәтіндегі автор мәселесі, кейіпкерлердің тілдік ұйымдасуы, баяндау типтері т.б. жайттарды қарастырады. Мәтін лингвистикасының. қалыптасуы тіл білімі салаларымен бірге (лексикология, семасиология, морфология, синтаксис, стилистика), жалпыфилологиялық (текстология, поэтика) және филологиялық емес ілімдермен де (философия, логика, психология, эстетика, когнитология) байланысты.

Стилистиканың зерттеу нысаны дамәтін, яғни мәтін стилистикасы. Бұл мәселеге қатысты алғашқы  теориялық тұжырымдар мен пайымдаулар М.М.Бахтин, В.В.Виноградов, Г.О.Винокур, Н.С.Поспелов, Г.В.Колшанский т.б ғалымдардың зерттеу еңбектерінде негізделеді. Мәтін стилистикасында негізінен көркем әдебиет тілі зерттеу нысанына алынады, онда көркем мәтіннің құрылымдық-стильдік ерекшеліктері, мәтіндік бірліктердің түзілуі, тілдік-көркемдік құралдардың қолданылу заңдылықтары т.б қарастырылады. Негізінен әрбір мәтін функционалды стиль түрлерінің тілдік-құрылымдық  белгілерін көрсетіп бере алады. Көркем әдебиет тілінің мәні коммуникативтік және эстетикалық қызметтердің бірлігімен айқындалады.

Көркем әдебиет тілінің стильдік сипаты жайында әртүрлі пікірлер бар. Р.А. Будагов, М.Н.Кожина, М.Балақаев т.б. ғалымдар оны жеке стиль ретінде қарастырса, Н.М.Шанский, Н.А.Мещерский т.б. көркем әдебиет тілінің жеке бір салаға емес, бүкіл ұлт тіліне, оның ішінде жергілікті және әлеуметтік диалектілерге, қатыстылығына назар аударады. Көркем әдебиеттің тілін тек лингвостилистикалық аспектіде ғана емес, коммуникативтік-прагматикалық, функционалдық тұрғысынан да зерттеу ісі қолға алына бастады.

Тарихи мәтін де тілдің сипаттауыш элементтерінің іштей ұйымдасқан, өзара тығыз байланысқан бірлігінен тұрады, белгілі бір тарихи дәуірдің болмысын эстетикалық-танымдық ақпарат түрінде жеткізуде автордың идеялық көзқарасына бағытталған тұтас жүйе ретінде қарастырылады.          Тарихи мәтіндердегі баяндау – көркем шығарманың конструктивтік принципін білдіретін абстрактылы категория. Ол, бір жағынан, өткен дәуірлердегі қоғам, әлеумет өмірін көркем түрде суреттеп, қалың көпшіліктің білік-танымын көтерсе, екінші жағынан, ана тіліміздің бұрынды-соңды сөз байлығынан, образдар жүйесінен  ақпарат  береді. Олай болса, тарихи шығарма табиғатындағы өткен өмір, дәуір шындығын бейнелейтін сипаттауыш тілдік элементтердің мәтінтүзушілік қызметін талдау еш өзектілігін жоғалтпақ емес.

         Жалпы орыс тіл білімінде көркем мәтіндегі тарихи стилизация проблемасы, баяндау перспективасы зерттеу нысанына алынды. Ол еңбектерде зерттеушілер тарихи стилизациядағы автор бейнесі, баяндау типтері, баяндау нормасы, кейіпкер тілі мен автор тілінің қарым-қатынасы. т.б. мәселелердің ғылыми-теориялық жақтарын көрсетсе, бірде стилизациядағы тілдік құралдарды жинақтап, оларды пайдалану жолдарын, қолданылу принциптерін айқындап береді (2,93). Тарихи стилизацияға қатысты мұндай зерттеу тәжірибелер бұл мәселенің аса күрделілігін, көпжақтылығын байқатады. Мәселен, тарихи көркем мәтіндегі баяндау типтері, кейіпкерлер сөзінің тілдік ұйымдасу құрылымын белгілеу, ондағы стильдік құралдардың жұмсалу заңдылықтарын ашып көрсету т.б. болмақ. Айтылған мұндай жайттар тарихи стилизацияның өзіндік ұғым-категорияларын, бітім-болмысын белгілейтін құрылымдық компоненттерін қалыптастырады. Көпке дейін әдебиеттанушы ғалымдар мен лингвистер авторға және оның мәтіндеріне ерекше назар аударып келгенімен, адресат мәселесі, яғни «автор –мәтін - оқырман» құрылымдық ерекшелігі аз зерттелгендігі белгілі.

Жалпы көркем әдебиет стилі  автор мен адресат арақатынасының алуан түрлі формаларда болатын байлығымен, екеуінің де тұлғасы айқын, анық, бейнелі түрде көріне алатындығымен ерекшеленеді. Тарихи көркем мәтіннің тілі, негізінен, екі тұрғыдан  сипаттамалы болып келеді. Онда оқиға желісі жалпыға ортақ әдеби тілмен суреттеле отырып, сол дәуір тілінің де сипаты қатар көрінеді. Бұл екі тілдік құбылыстың көркем баяндауға ену жолдары, әдістері сан түрлі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда зерттеуші-лингвистердің пайымдауынша, тарихи баяндауға ең аз дегенде екі жүйелік құрылым сәйкес келеді. Ең алдымен, авторлық баяндау тұтасымен қазіргі әдеби тілдің нормасына негізделеді де, суреттеліп отырған дәуірдің тілдік элементтері тек қана кейіпкерлер тілінен, кейбір тарихи құжаттардан, хаттардан, естеліктерден байқалады.

Екінші кезеңде сипаттауыш амал-тәсілдердің қолданылу аясы әлдеқайда кеңдеу. Олар кейіпкер тілінде ғана емес, қосүнді сөзде де, авторлық баяндауға да ене отырып, шығарма суреттеліп отырған дәуірдің тұтастай көркем бейнесін, оның тілдік колоритін нақты  жеткізеді. Олар оқырман санасында тұтас бір дәуірді толық суреттейтін сипаттауыш құралдар әрі тарихи көркем баяндауды құрайтын стильдік элементтер ретінде көрінеді. Демек, тарихи стиль тезіне түсірудің мәні, дәлірек айтқанда, мәтіннің тілдік ұйымдасуындағы екінші құрылымында ғана толық көрінеді. Көркем мәтіндегі нормадан ауытқулар белгілі бір стилистикалық мүдде-әрекеттен туындайды және тарихи ақпарат жеткізушісі болады. Қазіргі қазақ романдарының тілін жоғарыдағы тарихи баяндаудың екі құрылымы тұрғысынан анықтасақ, М.Мағауинның «Аласапыран» диалогиясы, Ә.Кекілбаевтің «Үркер», І.Есенберлиннің «Көшпенділер» атты туындылары екі құрылымның да айқын үлгісі бола алады.

Тарихи мәтіндерде суреттеліп отырған дәуір шындығын дәлірек берудегі сипаттауыш элементтердің бірі - байырғы сөздер мен образды тұрақты тіркестер, көркемдеуіш амал-тәсілдер авторлық баяндау құрылымында келіп, стильдік мақсатпен орынды жұмсалады. Мәселен, белгілі жазушы М.Мағауин «Аласапыран» романында көне құбылыстарды, әсіресе қару-жарақ атауларын көркем бейне тудыруда, мәтінге поэтикалық өң беруде  тиімді пайдаланады. Автор мен адресат арақатынасы, тұлғасы бейнелі тәсілдермен(метафора,теңеу, эпитететпен)айқындала түскен: Қандауырдың жүзіндей қайқы кірпіктері; Хан- аға- жақ болғанда,сұлтан- іні-жебе; Қайраусыз қара қанжар, берік түйінді берен сауыт болған мына біз едік- тәрізді экспрессивті эпитет, теңеулерде қару-жарақ атауларын адамзатқа теңеу болса, он сан оқ, аламан оқ, дізе оқ, ши оқ, томар оқ, доғал оқ сияқты тіркестерде бір «оқ» сөзінің қаншама эпитет түрінде жұмсалғандығын, мәтінтүзудегі қызметін толық аңғарамыз. Бұл - Мағауиннің тілдік тұлғасын айқындаудаудағы контекстік, поэтикалық тіркестер.

Сондай-ақ, жазушының тарихи баяндаудағы тағы бір өзіндік құрылым- өзгешеліктері бар. Автор тілінде де, кейіпкер атынан берілетін баяндауларда да өткен дәуірге тән халық тілінің асыл қазынасы - мақал-мәтелдерді, байырғы шешендік сөз үлгілерін, қанатты сөздерді де мол пайдаланады: «Қылыш үстінде - серт жоқ, қымыз үстінде- кеңес жоқ, Аға тұрып іні сөйлегеннен без, төре тұрып қара сөйлегеннен без»  - тәрізді ақиқатқа айналған мақал-мәтелдердің, фразалық  тіркестерінің қолданылуы - тарихи баяндауға қажетті стильдік белгілері әрі мәтін түзудің элементтері. Автор әрбір кейіпкерін өз атақ-дәрежесіне қарай сөйлетуде де, оның іс-әрекетіне баға беруде де, тіпті оның кескін-келбетін оқырманға сенімді түрде де жеткізуде де осындай шұрайлы сөздердің керектігін жақсы түсінген. Біз жазушының дүниетанымы, көзқарасы, сөз саптауына қарай кейіпкерлерінің де  танымдық-мәдени деңгейін анық аңғарамыз. Мысалы, мына бір жолдарға назар аударалық: «...ұсақтан ұтпа, ұзағын күт. Халық - бала, өзін кім жақсы көрсе, құлап түседі. Қарашы бегің - қыран құс, жем үшін ұшады, қызылдан қақпасаң қызыл шолақтың өзін алып береді; ¤кпе арты өштікке ұласатын кез бар, наз арты түңіліске ұласатын кез бар»- дейді Әз-ханым әже. Бұл сол заманның ой ағымы, философиясы. Және ол философия ел анасы - әженің аузымен айтылып отыр.

Суреткерлер тарихи мәтін құрылымындағы баяндау типін жетілдіруде кейіпкерлер сөзінің тілдік ұйымдасуын өзгеше қалыптастырады. Кей сөздерді тек номинатив мағынасында жұмсамай, оларға тарихи семантикалық рең үстеп, өзге сөздермен жаңаша тіркестіріп қолданады. Бейнеленіп отырған дәуірде қалыптаса қоймаған мұндай реңдегі тұрақты тіркестер арқылы өткен заманның мазмұны анық танылып жатады. Мәселен, І.Есенберлиннің «Көшпенділер» романында Абылай ханның Бұқар жыраумен сөйлесуінде айқын көрінеді:... «¤кінішім - үш жүздің басын қоса алмадым: аз елге хан болдым, қазаққа мал емшегін емізгенмен жер емшегін емізе алмадым. ¤зге жаудан қазақтың жерін қорғаймын деп жүргенімде дүние құрғыр өтіп кетіпті ғой  Бұл үзіндіде Абылайдың қайраткер ретіндегі шешендігі танылады. Қазіргі тілдегі жалпы ұғынылатын «мал бақтырғанмен,егін салдыра алмадым» деп жай баяндап айтудан гөрі, автор суреттеліп отырған дәуірге тән арнайы сөздерді, сөз тіркестерін пайдаланбаса да «мал емшегін емізу», «жер емшегі» тәрізді фразеологизмдер арқылы Абылай дәуіріне тән әлеуметтік мәселенің (егіншілікке отырғызу) тарихи мәні ашылып, сол заманның үні естіледі. Бұл - көне заманның мазмұнын жеткізудегі автордың тілдік бейнесін айқындаудың бір амалы.

Сөйтіп, тарихи көркем мәтіннің баяндау құрылымы, кейіпкерлер сөзінің тілдік ұйымдасуы, тілдік бірліктердің мәтін түзудегі ерекшеліктері, әрине, жоғарыдағы шағын дәлелдемелермен анықталмайды, мұндай жанрдағы мәтіннің табиғатын тереңірек тану үшін кешенді лингвостилистикалық талдаулармен қатар функционалдық, коммуникативтік-прагматикалық тұрғыдан да зерттеу ісін жандандыру қажет.    

 

 

Әдебиеттер:

1.     Метс А., Митрофанова О.Д., Одинцова Т.Б. Структура научного текста и обучение монологической речи. М., 1981.

2.     Левин В.Д. Средства языковой исторической стилизации в романах Ю.Н. Тынянова. В книге: Исследования по языку советских писателей . М.,1959.