Құсайынова Ж.А.
С. Сейфуллин атындағы Қазақ
агротехникалық университеті қазақ тілі кафедрасының
доценті
ЛЕКСИКАЛЫҚ МАҒЫНА ЖӘНЕ СУБЪЕКТИВТІК МОДАЛДІЛІК
МӘСЕЛЕСІ
Тіл білімінде орныққан
субъективтік модалділік санатының жасалуы да әр түрлі.
Сөйлем аясындағы құрылымына назар аударсақ,
лексикалық бірліктер де аталмыш санаттың қалыптасуына негіз
болар ішкі амал-тәсілдері болып табылады. Бұл тұста грамматикадағы тұлғадан
мағынаға әсер ету қағидасы бойынша жылжып, жеке
лексикалық бірліктердің мағыналық өрісіне назар
аудара талдауға болады. Жеке сөздердің мағынасы,
әсіресе, эмоциялы-экспрессивтік реңкі бар сөздер
семантикалық ерекшелігіне қарай әр қилы бояу
үстеп, субъектінің көңіл-күйі, бағалауы,
ішкі көзқарасынан хабардар етеді.
Модалді мәнді даралауда сөздер
бастапқы тура мағынада да, сонымен қатар, әр
түрлі сапада түрлене, жаңара қолданылуға бейім.
Яғни, лексикалық бірліктер де мағыналық өрісі
жағынан даму сатысын өткереді. Бұл туралы А. Салқынбай:
«Тілдің дамуы төл бірліктердің ішкі терең
мағыналық дамуымен тікелей байланысты. Мағыналық
жағынан динамикалық даму бар жерде – тіл ғұмыры
ұзақ. Халық дүниетанымында бұрыннан
танылған заттар мен құбылыстардың номинативтік
белгілері жаңадан қолданысқа енген ұғымдармен
мәндес, ұқсас, сабақтас келуі арқылы
сөздің таңбалық сипатына жаңадан ерекше мән
енгізіліп, ауыспалы не келтірінді мағына пайда болады. Сөз
таңбалық сипаты жағынан өзгеріссіз
қалғанмен, мағыналық тұрғыдан жаңа
мән алып, ерекше семамен түрленеді»,– дей келе, ауыспалы
мағынада түрленген сөздердің сөйлеу тіліндегі
орнын даралайды [1, 91 б.].
Сонымен, тілдің сөздік
қорының негізгі көзі болып табылатын лексикалық
бірліктер тілдік жүйені әрі сөйлеу әрекетін жандандыруда
маңызды орынды иеленеді. Сөздер тілдік жүйеде
материалдық көрсеткіш болса, сөйлеу әрекетінде
субъектаралық көзқарастың астарын саралайтын негізгі
семантикалық тіректер болып табылады. Біз қарастырған
модалділік заңдылығына тән семантикалық
мағыналарды ашуда лексикалық бірліктердің екі түрлі
сапада қолданылғанын аңғарамыз:
біріншіден, бастапқы тура
мағынасында;
екіншіден, ауыспалы мағынада.
Қолданыстағы лексикалық
бірліктердің көпшілігі бастапқы мағынасында тұрып
субъектаралық қарым-қатынас, көзқарасты еш
дәнекерсіз айқындауға мүмкіндік береді. Олар тура
мағынасында субъектінің жеке қасиеттерін
бағалауға қатысып, бір субъекті мен екінші субъекті
арасындағы қарым-қатынастың астарын саралайды. Мысалы: Ол – арам адам (Ауызекі)
сөйлеміндегі «арам» сөзінің мағынасы субъектінің
бар болмыс-бітімін, өзге адамдармен қарым-қатынасын дәл
танытқан. Мұндай тілдік белгіні қолдану арқылы автор
өзінің де ішкі бағалауын жеткізеді. Нақтылай
айтсақ, «тілдік белгі мен автор-субъект арасында осы негізде
қарым-қатынас орнайды» [2, 14 б.].
Кейбір тура мағыналы лексикалық
бірліктер қайталана қолданылып, әр түрлі синтаксистік
қызметке ие бола отырып, модалді мағынаның бояуын
әсерлендіреді. Мысалы: Кегім – кек!
Ашуым – ашу! (М. Ә.). Мұндағы лексикалық тіректер
қарсылық, наразылық көрсеткен субъектінің
көзқарасын даралауға сеп болған.
Лексикалық бірліктердің синонимдік
қатары да қолданыстың экспрессивтік бояуын күшейтіп,
субъектінің күйзелісін, өкінішін (берілген мысал бойынша
бекітсек) нанымды суреттеуге мүмкіндік береді. Ойымызды төмендегі
мысалдар дәлелдейді.
Бәрі өтірік,
Бәрі жалған,
Сағынып, өліп-талу сағым,
арман
(И. С.).
Мысалдағы «өтірік», «жалған»
лексикалық синонимдердің қатары мәнмәтінде
«сағым», «арман» бірліктерімен мәндес сөздер ретінде
теңестіріле қолданылып, ерекше дауыс ырғағымен
дараланып, модалді-эмоциялық мағынаның жеткізілуіне негіз
болған.
Модалді мағынаны айқындауда
лексикалық тіректерді не жағымды, не жағымсыз
көзқарасты ашуға тірек болар қызметіне қарай екі
топқа жіктеуге болады. Мысалы:
Айдынына аққу
ұшып, қонса қаз,
Ән
думанын бастайды екен көл сабаз
(И. С.).
Құрмалас сөйлем
түрінде қалыптасқан өлең тармақтарынан тек
жағымды, арманға толы, шаттанған көңіл
тебіренісін аңғарасыз. Осы сөйлем құрылымына
экспрессивтік реңк, эмоциялық түрленуді «аққу»,
«қаз» сөздері үстеген. Субъектінің логикалық
қабылдауында «аққу», «қаз» сөздері
сұлулық, тазалық ұғымдарымен астарлас жатады.
Сондықтан «аққу», «қаз» сөздерін қолдануда
үнемі жағымды реңк басым болады. Мұнда модалді
мағына эмоциямен астарласа көрініс тапқан.
Бұл қатарды төмендегі
«самал», «гүл», «нөсер», «көктем» сөздерінің
қолданысы да толықтырады. Мысалы:
Аңқылдап
әлдеқайдан самал есер,
Мың сан гүл баһар ашып далада
өсер
Жалт ойнап
жаратқанның жанарында
Жарылқар жер
жаhанды қара нөсер
(И. С.).
Қолданыста әсем
табиғаттың жанға жайлы шағы үйлесімділікпен
суреттелген. Оның астарында субъектінің сүйініші, шаттануы,
тілегі, арманы көрінеді. Сөйлемдегі «самал», «гүл», «нөсер»
сөздері арқылы субъектінің табиғатты бағалауы,
онымен астарласқан сезімі, шаттығы, яғни субъективтік
бағалауы жеткізіледі. Мұндай
семантикалық шеңбердегі сөздер ауыспалы мағынасында да
жағымды көзқарастың астарлы мәнін күшейте
түседі. Мысалы: Сенің
басқа барлық қасиетіңді бұрын ұқсам
да, нағыз көктем
екеніңді бүгін түсініп отыруымның бір сыры осында (С.
Д.).
Осыған дейін талдаған
мысалдарда «ай», «күн»,
«гүл», «нөсер» сөздері бастапқы мағыналарында да,
ауыспалы, астарлы мағыналарында да жақсылық нышаны, қуаныш, шаттық символы
ретінде көрінсе, «көлеңке», «мұң»,
«өкініш», «қырсық» т.б. сөздері адам логикасында
қалыптасқан семантикалық белгісіне сәйкес,
жағымсыз реңк үстейді. Соның нәтижесінде,
эмоциялық-экспрессивтік реңкі бар жоғарыдағы
сөздер модалді мәннің шеңберін қалыптастыруда
бір-біріне антитезалық қатынаста қарама-қарсы
шеңбер қалыптастырып, өкініш, наразылық, болжау,
күдікті бояуларды күшейтеді. Мысалы: Сондайлардың арасында өзге жолбикелермен бірге өзі
сырттай сыйлап келген кейбір талантты кісілердің болуы да
Қасымның табиғатында нәзік ақын
көңіліне көлеңке
түсіріп жүр (С. Д.).
Өкпе-налаң
көбейіп кетті ме әлде
Күрмеуіне
келмейтін күнге келте?
(И. С.).
Қыр
соңымнан қалмады қырсық
ұдай...
И. С.).
Мұндай модалді мәндер
«мұң» сөзімен де жалғасады. Бұл сөзді
семантикалық астарына сәйкес өкініш мағынасын айқындауға
қолданамыз. Мысалы:
Шежіремнің
беттерін
Шимайлапты нала-мұң
(Ғ. Е.).
Байқауымызша,
эмоциялық-экспрессивтік реңк үстейтін лексикалық
тіректер модалді мәннің алуан қырлы семантикалық
өрісін қалыптастырады.
Кейбір мәтінде жағымды,
жағымсыз реңк үстейтін лексикалық тіректер бір
құрылым аясында жарыса қолданылып, ақынның немесе
автор-субъектінің күйініші мен сүйінішін шебер шендестіруге,
модалділік санатының көп мәнді құрылымын
даралауға негіз болады. Мысалы:
Мезгілім-ай,
Мекендеген ай қасын.
Қан қақсатып кетті сені қай жасын?
Бір тал гүлді отыратын иіскеп
Қайран,
күнім, хабар бер...
(И. С.).
Ақын эмоциясының
құбылуын және эмоциямен астарласқан субъектінің
өкінішті көзқарасын «ай», «жасын», «гүл»
сөздерінің бір сәтте, бір құрылым аясында
байланыста қолдану арқылы, модалді мән, құрылымның
эмоциялық-экспрессивтік бояуы өз нақышымен көрініс
тапқан. Эмоциялық-экспрессивтік реңк үстеген «ай»
сөзі – арман, «жасын» сөзі – жабырқаған
көңіл, «гүл» сөзі – әдемі сәт
сөздерімен астарласып, субъектінің құбылмалы
эмоциялық күйін жеткізуге тірек болады. Поэтикалық
мәтінде мұндай сөздер әрі эмоция, әрі модалді
мағынаны ұштастыра көрсетеді. Г. Смағұлова
поэтикалық мәтіннің осындай рөлін бағалап:
«Поэтикалық мәтін (өлең мәтіні)
лирик-суреткердің ішкі жан толғанысын ең озық
дәрежеде көрсетеді»,– деген тұжырыммен бекітеді [3, 25 б.].
Тілдегі лексикалық бірліктердің
сөйлеу тілінде түрлену мүмкіндігі өте белсенді.
Бұл ерекшелік, әрине, грамматикалық
заңдылықтардың қатарын кеңейтіп, кейбір
теориялық мәселелердің іргесін дамыта, жалқылай
қарауға негіз болады. Лексикалық бірліктердің
жаңа сапада, жаңа мәнде түрленуі грамматикадағы
транспозиция құбылысымен де байланысты. Ғ.
Қалиевтің тіл білімі терминдері сөздігіне сүйене
отырып, транспозицияны «парадигмалық қатардағы бір форманы
одан өзгеше басқа форма орнына пайдалану» деген түсінікпен бекітеміз
[4, 329 б.]. Яғни, транспозициялану термині аясында тілдік тұлғаның
жұмсалуында көрініс беретін мағыналық ауысуларды
назарға аламыз.
Жалпы, лингвистикада транспозиция термині кең
мағынада қарастырылады. Мысалы, сөздің бір сөз
табынан екінші сөз табына ауысуы, семантикалық тұрғыдан
сөз мағынасының тарылып бастапқы мағынасының
өзгеруі, сөз мағынасының кеңеюі және
тұтас сөйлемдердің қызметінің ауысуы сияқты
мәселелер талдауға өзек болған құбылыстың
ауқымдылығын даралайды. Транспозиция термині ғылыми
айналымға, қолданысқа Ш. Балли, О. Есперсен, А. Сеше, А.
Фрей, Л. Теньер зерттеулері нәтижесінде орнықты.
Бұл құбылыстың ықпал
етуінен «тілдің атауыштық мүмкіндігі, сөздердің
тіркесімділігі артады, әр түрлі мағыналық
реңктерді білдіретін синонимдер жасалады» [4, 329 б.].
Сөздің, сөйлемдердің бір
мағынадан екінші мағынаға ауысуы немесе бір қызметтен
екінші бір синтаксистік қызметті игеруі белгілі ішкі
ықпалдарға тәуелді дамиды. Грамматикадағы транспозиция
– тілдік бірліктердің ішкі қызметтік мүмкіндігінің
молдығын, семантикалық шеңбер аясында мағыналық
жақтан даму сипатының белсенділігін көрсететін
құбылыс. Бұл құбылыстың
қалыптасуында, әрине, сатылы өзгерістер көзге
түседі.
Бір ескеретін жайт, кез келген
құбылыстың, заңдылықтың екінші бір
заңдылыққа әсер ете, байланыста дамитыны белгілі. Біз
талдап отырған транспозиция құбылысын жалаң сипаттамай
грамматикалық заңдылықтармен қатынаста талдау орынды.
Мәселені «ауыспалы қолданыстар (сөз, сөз тіркестері,
сөйлемдер) қаншалықты қажет, олар қалай пайда
болады?» деген сұрақтар ізімен өрбітуге болады.
Тіл, ондағы таңбалардың
мағынасын барлық адам бірдей дәрежеде меңгергенмен,
ішкі ойын, көзқарасын жеткізу сатысында бір-бірімізді
қайталамай, бір-бірімізден көркем, терең астармен
сөйлегенді, тіпті, басқа адамның қолданысында
кездеспейтін тосын сөздермен ойымызды ашуға талпыну үнемі байқалады.
Кейде тілде әбден орныққан дайын
құрылымдардың қызметтік шеңберін екінші
қырынан дамытып, ойымызды айшықтап жатамыз. Мұның
бәрінің астарынан жинақталған тілдік бірліктерді аса
үлкен шеберлікпен, талғампаздықпен сұрыптай
қолдануға ұмтылыс аңғарылады.
Мәселенің бұл тұсы ғылымда арнайы талданып,
тілдік бірліктердің «қолданыстағы сипаты» немесе
«прагматикалық» астар терминімен сипатталады.
Қазақ тіл білімінде тілдік
бірліктердің қолданыстағы сипатын сөйлеу тілі негізінде
арнайы зерттеген З. Ерназарованың пайымдауынша, «...тілдік
мәннің кеңею, өзгеру процестерін прагматикалық
аспектісіз дұрыс түсінуге болмайды» Себебін автордың
төмендегі тұжырымдарымен бекітуге болады: «Коммуникативті-прагматикалық
бағыт үшін тіл бірлігінің қолданылу мақсаты мен
ықпал ету күшінің қалыптасуы маңызды болып
табылады. Ол сөйлеушінің таңбаны қарым-қатынас
үстінде психологиялық, биологиялық, әлеуметтік
көрсеткіштердің ықпалы негізінде қолданысқа
енгізуін зерттейді. Адамның тілді өз ыңғайына
қарай пайдалануы тіл құрылысында оған жауап беретін
бейімділіктің бар екенін байқатады» [5, 11 б.].
Демек, тілдік бірліктердің екінші бір
мағынаны, екінші қызметті меңгеруі, соның
нәтижесінде қалыптасатын ауыспалы мағынаның дамуына
прагматикалық бағыттың, мақсаттың да әсері
бар.
Транспозицияға бағынған тілдік
бірліктер үнемі байланыста қарауда орнығып, кейде дербестеніп
(мысалы, сөздердің бір сөз табынан екінші сөз табына
ауысуы, кейде кейінгі қызметі орнығып, алдыңғы
мағынасы, қызметі көмескіленуі мүмкін),
прагматикалық себептердің ықпалы әсерінен
қалыптасады. Нақтырақ айтсақ, транспозициялық
ауысулар қолданыста өңделеді, қызметі кеңейеді,
жаңарады.
Біздің ойымызша, транспозиция
құбылысының алғаш көрініс беруі жеке сөздер
мағынасының кеңеюі не тарылуымен байланысты
қалыптасқан. Яғни, сөз мағынасының
кеңеюі тіркестік ауысуға түрткі болса, семантикалық
шеңберде сөйлемдердің екінші бір мағынаны
меңгеруі синтаксистік құрылымдардың қызметін
өзгертуге сеп болған. Ал сөз мағынасының
кеңеюін, екінші бір мағынада түрленуін адам танымының
дамуымен астастыра қарастырамыз. Өйткені «сөз –
танымдағы ойды таңбалау үшін қолданылатын атау» [1, 63
б.].
Адам танымына қатысты сөз
мағынасының қалыптасуы, дамуы, біздің ойымызша, екі
түрлі сатыда жүзеге асады:
біріншіден, тілдік таңбалар арқылы
ғалам бейнесін тану сатысы;
екіншіден, қалыптасқан таным
шеңберінде тілдік таңбалардың мағынасын кеңейту
сатысы.
Тілдік таңбалар арқылы ғалам
бейнесін тану – жалпы сипат алатын алғашқы саты. Айталық,
қарапайым «жер» сөзінің ғаламдық бейнесі
барлық тілге ортақ. Сөз мағынасының алғашқы
сатысының қалыптасуын С. Сәменова төмендегідей
сипаттаған: «Адам қоршаған ортаны ой қабілеті
арқылы танып біледі десек, тіл ой қызметін бейнеге, белгілі бір
тілдік үлгіге түсіреді. Адамзаттың шындық болмысты
танып-білуі – барлық халыққа ортақ, себебі таным
түсінік арқылы емес, ми қызметі арқылы жүзеге
асатыны ақиқат. Ми қызметінің нәтижесінде тілдік
бірліктер объективті дүниемен байланысады, сол арқылы адам
дүниені таниды. Ал осы адам танымының нәтижелері тілдік
таңбалар арқылы тілден көрініс табады. Таным – шындық
дүниенің бейнесі. Бұл – ғалам бейнесінің тілден
көрініс табуы. Яғни, ғалам туралы ақпаратты тілдік
таңбалар арқылы айқындау ғаламның тілдік бейнесі
деген ұғымды тудырады» [6, 3 б.].
Ал адам танымы кеңіп, толыққан сайын
алғашқы атауыштық мағынаның кеңеюі
заңды. Осы тұста сөз мағынасының кеңеюі,
ауыспалы мағыналардың қалыптасуы ұлттық
дүниетаным, ұлттық түсінік, ұлттық
нақышпен астаса дамитынын ескерген абзал.
Бұл туралы А. Салқынбай:
«...Ұлттық мәдени ерекшелік сөз мағынасының
өн бойында көрініс табады да, ол мағынаның
денотаттық және сигнификаттық, коннотациялық
компоненттері арқылы анықталады. Сондықтан тілдік бірліктерді
жеке қалпында емес, лингвомәдени аспектіден зерттеу олардың
өзара байланысын анықтауда маңызды саналуы тиіс. Осы орайда,
ұлттық мүддеге негізделген таным мен түсінікті жеке
тілдік құралдар арқылы да анықтауға болады.
Сөз мағынасының дамуы арқылы жасалған атаулар осы
ұлттық таным мен түсініктің, пайымның
деңгейінде жүзеге асады»,– деп саралайды [1, 92 б.].
Сөз мағынасының танымдық
шеңберде кеңеюінен ауыспалы мағыналы тіркестер,
коннотациялық мағыналар қалыптасады. Бұл –
лексикалық бірліктердің транспозициялануының тілдегі көріністері,
нәтижелері. Ендеше, субъективтік көзқарастың берілуіне
тірек болатын тілдегі метафора, метонимия, синекдоха, коннотация амалдары
тікелей лексикалық ауысулардың көрінісі ретінде
бағаланады.
Өйткені олар (аталған лексикалық
ауысулар) ішкі грамматикалық заңдылықтар әсерінен
сатылана дами отырып, бір сөздің мағыналық баламасы
болып қолданыста көрініс табады. Ауыспалы мағыналы
қолданыстардың қызметі де күрделі. Яғни,
сөйлеушінің сөйлеудегі өзіндік мәнерін,
стилистикалық айшықтау астарынан көрініс табатын субъекті
көзқарасын даралау т.б. мақсаттарды өтейді.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.
Салқынбай
А. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Эверо, 2008. – 464 б.
2.
Таусоғарова
А. Өлең мәтінінің синтаксистік ерекшеліктері. – Алматы:
Қазақ университеті, 2004. – 185 б.
3.
Смағұлова
Г. Мәтін лингвистикасы. – Алматы: Қазақ университеті, 2002. –
112 б.
4.
Ерназарова З.Ш.
Қазақ сөйлеу тілі синтаксистік бірліктерінің
прагматикалық негіздері: филол.ғыл.докт. ... автореф. – Алматы,
2002. – 53 б.
5.
Сәменова
С. Заттанған сындардың танымдық және
функционалдық қызметі: филол.ғыл.канд. ... автореф. – Алматы,
2010. – 25 б.