Көркем мәтіндегі  фразеологизмдік оралымдардың қолданылуы

 

Испандиярова А.Т., А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік                университетінің аға оқытушысы , филология ғылымдар  магистрі

      

    Фразеологизмдердің көркем әдебиет тіліндегі маңызы мен рөлі туралы тұжырымды ойды біз Х.Кәрімовтің  еңбегінен кездестіреміз. Автордың пайымдауынша: “Әдеби шығарма тілін көркемдеп, жандандырып, нәр беруші амалдардың бірі – халық тіліндегі тұрақты фразеологиялық тіркестер. Олар тілдегі бейнелі экспрессивті-эмоциялы бояуы қанық амалдардың қатарынан орын алады. Олар – ұлттық психикалық өзгешелігінің негізінде қалыптасқан образды ойлау тілінің үлгілері, халықтық даналыққа суарылған өткір құралдар” [1, 134].

        Ә.Қайдаров “Қазақ тілінің өзекті мәселелері” атты жинағында фразеологизмдердің қасиеті жөнінде мынадай ой айтады: “Фразеологизмы – весьма сложные лингвистические образования. Сложность их объясняется не только множеством структурных типов и синтаксических моделей, но и тематической и семантической многоплановостью, а также способностью выражать самые различные эмоционально-экспрессивные оттенки мысли ” [2, 202]. Демек, академик-ғалымның пайымдауынша, фразеологизмдер – бейнелі ойлаудың жемісі.

       Н.Уәлиев фразеологизмдердің дүниенің тілдік бейнесін берудегі рөлі жайлы былай деп жазады: “Халық тілінде байырғыдан келе жатқан тұрақты сөз оралымдарының (мақал,  мәтел, қанатты сөздер, фразеологиялық тіркестер т.б.) сан алуан сыры бар. Олай болатыны халық өзінің өткен дәуірлеріндегі наным-сенімін, түйсік-түсінігін, ой-қиялын, тыныс-тіршілігін аз сөздің аясына сыйдырып, әрі нәрлі, әрі әрлі етіп ерекше өрнектей білген. Көнелікті ең көп сақтаған “жаны сірі” сөздердің небір шоғырлары алдымен мақал-мәтел, фразеологизмдердің құрамында шегенделіп қалған деуге болады [3, 12].

      Фразеологизм дегеніміз формасы жағынан синтаксистік құрылымдармен ұқсас бірақ олардай жалпы заңдылыққа сай сөйлеу кезінде жасалмай, даяр қалпында қайталап қолданылатын семантикалық және лексика-грамматикалық құрамы тұрақты сөз тіркестері мен сөйлемшелер.   

       Фразеологизмдер мағына тұтастығын сақтайды, фразеологизмдердің мағыналық тұтастығы құрамындағы сөздердің жеке мағыналарына тәуелсіз. Фразеологизмдердің мағыналары құрамындағы сөздердің лексикалық мағыналарымен сәйкеспейді, яғни  лексикалық мағыналардың жиынтығы емес.  Фразеологизмдік мағына дегеніміз құрамындағы сөздердің не жеке бір сыңарының лексикалық мағыналарының қайта жаңғыртылған жинақты мағынасы. Сол себепті фразеологизмдер семантикалық жағынан біртұтас тіл бірлігі ретінде қолданылады.  [4, 186].  

       Т.Әбдіков халықтың фразеологиялық байлығын өзіне ғана тән  шеберлікпен қолдана білген.  Оның қаламынан  шыққан  афоризм, нақыл сөздер  халықтық үлгімен құрылған.  Мазмұны терең, тұрпаты  көркем  келіп, жазушының өзіндік дара үнін танытады.  Мысалы: Кенет жүрегім су ете қалды. Бұл қалай  келген хат? Палатада жалғызбын. Кім кіруі мүмкін? Неге мен жоқта келеді?  (5, 13-б).

        Т.Әбдіков шығармаларында да фразеологиялық тіркестер мол қолданылған.  Жазушы қолданған фразеологизмдерді синоним және антонимдік сипаттарына қарай топтастыруға болады. Синонимдес фразеологизмдер жазушы шығармаларында төмендегідей қатарда кездеседі. Мысалы, Ашулану - зығырданы қайнау; тарпа бас салу; қадалған жерден қан алатын кенедей; апшысын қуыру; төбе шашы тікірею; ызғар шашу; тас түйілу; кірпідей жиырылу; қаншырдай қату;

Қорқу - төбесінен мұздай су құйып жібергендей болу; төбесінен жай түскендей болу; зәресі зәр түбіне жету; жан ұшыру; алас ұру; тас төбеден жай түскендей болу; зәресін зәр түбіне жіберу; төбе шашы тікірею; тұла бойы мұздап қоя беру; зәресі ұшу; безек қағу;

Қуану: қуанышы қойнына сыймау; жерден жеті қоян тапқандай қуану;  

Қайғыру: көңілі су сепкендей басылу; қам көңіл;  

Мейірлену: іші жылу; Момындық: қой аузынан шөп алмайтын;

Күту: тағаты таусылу; Күш көрсету: қан қақсату; қамшы үйіру;

Мезгіл мәнді: ымырт үйірілу; өң мен түстің арасында; түн жамылу; қыстың көзі қырауда;

Құмарту, ынтығу: үйір болу; ұршықтай иірілу; көңілі кету;        

Тынышталу: байыз табу; пышақ кескендей тыйылу;

Қырсық мінез көрсету: бүйректен сирақ шығару;

Ұялу: ұрлық қылғандай қуыстану;

Қатты айқайлау: құлындаған даусы құраққа жету;

Тыңдамау: құлақ асқан жоқ; Сөйлеу: тіл қату; Тыңдау: құлақ тігу;

Көзге көріну: оттай басылу; Бірге жүру: жұп жазбау;

Жайсыз тию: инедей қадалу; істіктей қадалу; Жатсырау: көз көріп, құлақ естімеген жат жұрт; көлденеңнен келген көк атты;

Көңілі бұзылу: түлен түрту;Сый-құрмет көрсету: ебелек қағу;

Ажал : ұстараның жүзі; Мекен мәнді: таяқ тастам жер;

      Жоғарыда берілген фразеологизмдердің синонимдік қатарына қарай топтастырғанда қорқу мен ашулануға қатысты фразеологизмдердің жиі қолданылғанын байқауға болады. Әсіресе, қорқу дағдысына қатысты фразеологизмдердің көп болуы жазушы шығармаларының аштық, казактармен соғыс тақырытарына арналуымен байланысты. Жазушы прозасындағы қорқу дағдысы, көбінесе, ажал апатымен, ажал сұсымен яғни ажалдан қорқумен байланысты қаралады. Мысалы, «Бір күні біздерге қарай казактар келе жатыр деген хабар алдық. Зәре қалмады(5, 66-б).  

       Т.Әбдіков шығармаларында мағыналары жағынан қарама-қарсы, антонимдік фразеологизмдердің мынадай жұптары қолданылған. Мысалы: тұла бойың түршігеді-жүрегіміз аздап орнына түсті,зығырданы қайнау- төбесі көкке жеткендей қуанып, зәре қалмады- ішіміз әжептәуір жылып қалды,тісіңнен шығарушы болма-ашық ауыз, жаттау жүзбен кіржиіп- іші бауырыңа кіру т.б.

     1) Кейіпкерлердің қуаныш, шаттық күйін беруде де фразеологизмдер ерекше қызмет атқарады. Мысалы, Бір күні Дүйсен ағайынды үшеумізді жинап алып, сауатымызды ашты. Өкіметтің ұстап отырған саясатынан хабардар болып, ішіміз әжептәуір жылып қалды (5,73-б). Кешкілік Әбекеңнің балалары тары нан жеп, мәре-сәре болып, жеңгеміздің де төбесі көкке жеткендей қуанып, бір көтеріліп қалды (5,82-б).       

   2) Т.Әбдіков шығармаларында фразеологизмдер  кейіпкерді  мінездеуде қолданылады. Мысалы, Менің «бейтаныс құрбым» зымиян адам. Мені сырттан қалт жібермей бақылап жүр(5, 21-б). Қызара білетін жаны жұқа жандардың өн бойынан теңдесі жоқ сұлулықтың, имангершілік пен шыншылдықтың лебі еседі(5, 37-б).

   Жоғарыдағы келтірілген мысалдардың алғашқысында автор «зымиян адам» тіркесі арқылы “Парасат майданы” повесіндегі палаталас құрбысының қу, айлакер мінезін суреттеп, жағымсыз образ жасайды. Екіншісінде мысалда  образға мүлдем қарама-қарсы кейіпкер бейнесі берілген. «Жаны жұқа жандардың» сияқты есім фразеологизм арқылы сұлу, нәзік, мінезі жұмсақ адам мінезделген. Фразеологизмдердің тәрбиелік мәні тұрғысынан келсек, жоғарыдағы кейіпкерлерді мінездеуде автор бірінші бейнеден оқырмандарын жирендірсе, ал  екіншісін  тәрбиелік мәнде қолданған. 

     Осы мысалдардағы фразеологизмдер шығарма кейіпкерлерінің өмір-тіршілігіндегі сан қырлы оқиғаларға ризалық жан сезімін айрықша мәнерлеп жеткізумен бірге, олардың мінезіндегі қат-қабат қырларын ашып, небір нәзік жайттарды айқындай түседі.

    3) Мәнерлегіштік-көркемдік  бояуы  айшықты келетін фразеологизмдерді жазушы портрет жасауда  ұтымды қолданады. Мысалы: “Серікпай шал келіп, өз құлағы мүкіс болған соң, әкеммен айқайлап сөйлейді” (5,70-б).

 “ -Тірісінде құдай болғанның бірі сондай-ақ болар. Қазір сүйегінің қайда қалғанын ешкім білмейді.-Серікпай өзіне қарсы дау шыға ма деп күткенде , кілегей көздерін бажырайтып, үндемей қалды” (5,70-б). “Қожекең басын көтеріп, оның осыншалық сұлу жүзін көргенде тағы таң қалды. «Жасаған, адам баласын мінсіз ғып тудыра береді екен-ау... Неге осынша қаражүрек болды екен?» ” (5, 230-б).

   4) Экспресивті-эмоционалды фразеологизмдер де кеңінен қолданылған. Мысалы: Көздері ұясынан  шыға алақтап, орнынан қалай атып тұрғанын сезген жоқ (5,179-б). Бүкіл зиялы қауым, қалың ел қабырғалары қайысып, қайғыға ортақ болып жатыр екен (5,297-б).

        Жоғарыда келтірілген фразеологизмдер кейіпкерлердің сыртқы мүсінінің айрықша бір сипатын бейнелейді. Құлағы мүкіс, кілегей көздері бажырайған, өткір тіл, құлағы қалқиған, мұртты қара сияқты халықтық фразеологизмдер болып табылады.

         Т.Әбдіков шығармаларында фразеологизмдерді молынан пайдалана отырып, шығарма тіліне мәнерлегіштік, бейнелегіштік нәр берген. Жазушы фразеологизмдерді талдап, таңдап кейіпкердің образын сомдауда, мінезін ашу, портрет жасау, шығарманың идеялық көркемдік жақтарын жетілдіруде тағы басқа толып жатқан мүмкіндіктеріне сай етіп, белгілі бір стильдік мақсатпен қолданады.

                                     Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Кәрімов Х. Қанатты тіл.– Алматы: Санат, 1995.– 144 б.

2.Қайдар А. Тысяча метких и образных выражений. – Астана: Білге, 2003. – 368с.

3.Уәлиұлы  Н.  Фразеология және тілдік норма. – Алматы: Республикалық баспа кабинеті, 1998. – 128б.

4.Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тлінің лексикологиясы мен фразеологиясы. Алматы: «Сөздік- Словарь», 2006. - 264  б.

5.Т.Әбдіков «Әке» Повестер мен әңгімелер жинағы. Алматы «Қайнар»

     2005,384 б