Синоним сөздер – тіл байлығы

 

                                      А.Байтұрсынов атындағы  Қостанай

                                       мемлекеттік университеті

                                       гуманитарлық-әлеуметтік  факультеті

                                       практикалық лингвистика кафедрасының

                                       аға оқытушысы

                                       Абильбекова Б.Т.

                                                                    

 

 «Синонмидер – тіл байлығы» дегенде, біз сөздердің жеке тұрғандағы жай тізбегі деп түсінбейміз, солардың кең қолданысқа түсіп, көңілдегі көрікті ойды мүлтіксіз шебер жеткізудегі мәнді қызметін айтамыз. Мағыналары бір-біріне жақын, өзара мәндес сөздер  синонимдер деп аталады. Синоним – грек тілінің sinonimon  (мағынасы – «қатар атау») деген сөзі бойынша жасалған термин. Синонимдер – омонимдерге қарама-қарсы құбылыс.Омонимдер мағыналары әр басқа, дыбысталуы бірдей сөздер болса, синонимдер мағыналары бір-біріне жуық (өзара мәндес), дыбысталуы  әр түрлі сөздер. Омонимдер де, синонимдер де сөздерден құралады. Ал әр басқа сөздердің синонимдер ретіндер танылуы үшін, олардың мағыналық жақтан бір-біріне жуық, өзара мәндес болуы шарт. Өзара мәндес сөздерден синонимдік қатар құралады. Синонимдік қатардың құрамына екі, кейде одан да көп сөздер енеді.Синонимдік қатарды құрастырушы сөздер бір-бірімен мағыналық жақтан жақын, өзара мәндес болуымен бірге, барлығының бір сөз табына қатысты сөздер жасалуы шарт. Әр түрлі сөз табына қатысты сөздерден  синонимдік қатар жасалмайды. Белгілі бір синонимдік қатардың жасалуы үшін , оның құрамына енетін сөздердің барлығы  да не  бірыңғай зат есім сөздерден, не бірыңғай сын есім сөздерден немесе бірыңғай  етістік сөздерден болуы керек.Синонимдік қатарлар әр сөз табының құрамында бар. Әсіресе зат есім, сын есім, етістік, үстеуден болған синонимдер  жиі кездеседі.

Зат есімнен болан синонимдер: өң – түр – түс – келбет – пішін – ажар – мүсін – көрік - әлпет – кесін – рең – дидар – шырай; уақыт – мезгіл т.б.

Сын есімнен болған синонимдер: салмақты – сабыры- байыпты – байсалды – ұстамды; сұлу - әдемі – көркем – көрікті – ажарлы – кескінді   және т.б.

Етістіктен болған синонимдер: сауығу – жазылу – айығу;  жолығу – кездесу - ұшырасу; жорамалдау – долбарлау  және т.б.

Үстеулерден болған синонимдер: таяуда – жуырда – жақында – жуықта; әрең - әзер – зорға;  тез – жылдам – шапшаң – лезде –сәтте  және т.б.

Синоним сөздердің пайда болуын бірнеше жолмен қарастыруға болады.   Мысалы:

1.Сөздің мағыналық жақтан дамуы, қосымша жаңа мағынаға ие болуы синонимдік қатарлардың жасалуына әсер етеді. Осыдан көп мағыналы  сөздер мен синонимдердің қарым-қатынасы, өзара байланысы келіп туады. Көп мағыналы сөз  әр мағынасында  әр түрлі  синонимдік қатарға еніп, синоним сөздердің шеңберін кеңейтіп отырады. Мысалы,  әр мағынада жұмсалатын бет  деген сөз бір мағынасында жүз, дидар, деген сөздермен синонимдес болса, екінші бір мағынасында  беткей, төскей дегендермен синонимдес болады (мысалы: Мал сонау бетте жайылып жүр, мал сонау беткейде,   төскейде жайылып жүр); енді бір мағынасында бағыт, бет алыс дегендермен синонимдес болып келеді (мысалы: осы бетің дұрыс – осы бағытың дұрыс). 2.Заттар мен құбылыстардың  бірден көзге түсіп байқала қоймайтын айрықша белгілері мен қасиеттері бірте-бірте  ашып, оларды атау үшін   және мағыналардың нәзік реңкін  ажыратып айту үшін, тілде жаңа сөздер жасалып отырады да, тілдің бүтіндей сөздік құрамы даму, баю күйінде болады. Мысалы, жаз бен көк деген сөздер түбін қалпында бір-бірімен синонимдес бола алмайды; ал осы сөздердің  сөз тудыру тәсілдері арқылы  пайда болған  жазғытұрым, көктем тәрізді туынды түрлері өзара мәндес, синонимдес сөздер болып саналады.

3.Әдеби тіл лексикасының  диалект сөздердің есесінен толығу нәтижесінже де синонимдер жасалады. Мысалы:  леген , шылапшын; тақия, кепеш; сіреңке, шырпы, оттық және т.б.

4.Тілде белгілі бір стилистикалық  қызметте жұмсалатын эвфемизмдер басқа бір сөздермен немесе сөз тіркестерімен мәндес келіп, синонимдер жасалады. Мысалы,  өтірік айту дегеннің орнына кейде жұмсартып,  қосып айту дейміз.Төмендегі сөздермен сөз тіркестерін де эвфемизмдердің  қатысы жасалған синонимдердің қатарына  жатқызуға болады: мастық, қызулық, ұрлық – қарлық жасамау, ала жібін аттамау; өлді, қайтыс болды, дүниеден өтті, дүние салды  т.б. Осы синонимдік қатарлардың әрқайсысының соңғы  сыңарлары – эвфемизмдер.

5. Белгілі бір тіл  лексикасы басқа тілдерден  енген сөздермен де толығып, байып отырады. Кейде басқа тілдерден енген сөздер сол тілдің байырғы сөздерімен  мәндес келіп, соның нәтижесінде  синонимдер жасалады. Мысалы, қазақ тіліндегі шекер – қант; тұрба – мұржа; күршек – ілгек; мөшек – қап, қапшық; сіреңке – шырпы деген синонимдердің  әрқайсысының  алдыңғы сыңарлары  - орыс тілінен енген сөздер. Ал дидар – бет, жүз; табиғат – жаратылыс; құрмет – сый; тағам – ас;  есім – ат ;дәреже – атақ; рақмет – алғыс; мейман – қонақ;  деген синонимдік қатарлардың  алдыңғы сыңарлары араб және иран тілдерінен енген.

Синонимдер өзара мәндес сөздер болғандықтан, кейде бірін-бірі ауыстыра алады. Мысалы, байыпты адамды салмақты деп те,  сабырлы немесе байсалды деп те айтуға болады. Сол сияқты  жақында деудің орнына  ыңғайына қарай  жуықта, жуырда немесе  таяуда  деген сөздердің бірі  қолданыла алады. Бірақ синоним сөздер әр уақытта бірінің орнына бірі жұмсала бермейді.Синонимдік қатардың құрамындағы  кейбір  сөздер тек белгілі бір сөздермен  ғана тіркесіп айтылады. Мысалы,  ат, есім  деген  синоним сөздердің  есім  дегені тек адамға байланысты айтылады. Ал мекеме,  қала, өзен, тау т.б  атауларға байланысты ат  сөзі айтылады да (мысалы: өзеннің аты; көлдің аты; Бұл ағаштың аты – ақ қайың), есім сөзі олармен тіркеспейді. Сондай-ақ   көрікті, келбетті, ажарлы, өңді, көркем, әдемі, сұлу,  деген сөздер өзара  синонимдес сөздер болғанмен, қолданылуға келгенде, бірінің орнына  бірі жүре бермейді, олар сөздерге   «таңдап » барып тіркеседі.

Синонимдер тікелей стильмен  байланысты болып келеді. Тіл-тілде сараланған, қалыптасып орныққан бірнеше стильдік тармақ болады.Тілдің даму барысында  оның лексикасындағы көптеген сөз сараланып,  белгілі бір стильге  икемделіп,  әр топқа бөліне бастайды . Мұны бір белгілі синонимдік  қатарлардың ішіндегі сөздердің қолданылуынан да аңғаруға болады.Мысалы,  көк, аспан, деген  синонимдік қатардың құрамындағы  аспан сөзі, жер шары ,  жер жүзі деген синонимдік қатардағы   жер шары  тіркесі көбінесе  ғылыми стильге (астрономияда) қолданылады. Ал 1) теңіз, дария 2) халық, жұрт, әлеумет, халайық  деген синонимдік қатардың  құрамындағы сөздерді  қолдану жағынан салыстырып қарағанда,  бірінші синонимдік қатардағы  теңіз екінші  синонимдік қатардағы  халық, жұрт  жалпылама  қолданыла беретіні байқалады. Осы синонимдік қатардағы  дария, әлеумет, халайық  деген сөздер көбінесе  поэтикалық тілде  қлданылады да  көтеріңкі стильмен  байланысты болып келеді. Тілдегі барлық синоним болмаса да, көптеген   синонимдік қатардың  құрамындағы сөздердің   белгілі бір жанрда,  стильде қолданылуға икемделеді.

Синонимдік қатардың құрамындағы сөздердің  белгілі бір жанрға, стильге икемделіп  және, осыған орай сол жанрда стильде қалыптасып орнығу құбылысы сөздік құрамы стилистикалық жақтан дифференцияланған  тілдерде, мысалы, орыс тілінде, айқынырақ аңғарылады. Мысалы, орыс тіліндегі внезапно – неожиданно, стремительный – быстрый,  испонитель – сделать,  плорицать – упрекать,  взыскательность -  требовательность,  чрезмерно – слишком, обоюдный – взаимный  деген  тәрізді синонимдік топтардың   алдыңғы сыңарлары   ауыекі  сөйлеу тіліне тән.

Кейбір синонимдік қатарға  енетін сөздердің  сапа мен белгіні  білдіру дәрежесінде  бір-бірінен айырмашылықтары болады. Мысалы,  әуес дегеннен гөрі құмар, құмар дегеннен гөрі құштар,  құштар дегеннен гөрі  іңкәр, іңкәр дегеннен гөрі  ынтық, ынтазар  дегендердің сындық,  сапалық дәрежесі әлдеқайда күшті. Аталған синонимдес сөздердің  сапа мен белгіні  білдіру  дәрежесі бірінен-бірі асып түсіп отырады. Бұл тәрізді синонимдік қатарлардың  құрамындағы эмоциональды бояуы қалың, экспрессивті қызметі күшті  сыңарлар (сөздер) көбінесе көтеріңкі  поэтикалық стильде қолданылады.

Кейбір синонимдік қатарларды құрастырушы сыңарлар (сөздер) Бір- бірінен қолдану шеңбері, сөздермен тіркесу қабілеті жағынан ажыратылады. Белгілі бір синонимдік қатарды  құрастырушы сыңарлардың  кейбіреулері көптеген  сөздермен тіркесе береді де, қолданылу шеңбері кең болады; керісінше, қайсыбіреулерінің  сөздерімен тіркесу қабілеті  кем болады,  тек белгілі бір сөздермен  ғана тіркеседі. Мысалы, қарт деген  сөз бен  кәрі деген  сөз өзара мәндес, синонимдес сөздер болғанмен, екеуінің қолданылу шеңбері, жұмсалу өрісі бірдей емес. Қарт деген  адам немесе кісі деген сөздермен тіркеседі де,  басқа сөздермен мүлдем тіркеспейді . Керісінше, кәрі деген сөз  көптеген сөздермен жұмсалып айтыла береді . Мысалы, кәрі деген сөзді  жоғарыда аталған  адам, кісі  деген сөздермен  де  тіркесіп (кәрі адам, кәрі кісі) айтуға, сондай-ақ  жылқы , қой   сөздерімен де  тіркестіріп ( кәрі жылқы, кәрі қой)  айта беруге болады. Бірақ қарт  деген сөзді  кәрі деген сөзбен  синоним бола тұрса да,   жылқы, қой   деген сөздерімен  тіркестіріп айтуға  болмайды.

Орыс тілінде де пожилой, старый деген  сөздер өзара синонимдес сөздер болғанымен, басқа сөздермен тіркесу,  қолданылу жағынан  бір-бірінен ажыратылып шектеледі. Бұл синонимдік қатардың бірінші сыңарының  (пожилой) қолдану өрісі екіншісінің (старый) қолданылу өрісінен анағұрлым тар. Ол адамға байланысты бірен-сараң сөздермен ғана тіркесе алса,  старый  деген сөз жанды,  жансыз зат атауларының  көптеген түрлерімен  тіркесіп жұмсала береді (мысалы: старая лошадь, старый дуб, старый дом). Келтірілген бұл мысалдар синонимдік қатардың  құрамындағы әр түрлі  сыңарлардың  басқа сөздермен  тіркесіп жұмсалу  қабілеті  мен қолданылу  шеңберінің  біркелкі болмайтындығын көрсетеді.

Сонымен, синонимдік қатарды  құрастырушы сыңарлар (сөздер)  бір-бірінен белгілі бір стильге  икемделу жағынан ажыратылып шектеледі. Енді бір синонимдік қатардың  құрамындағы мәндес  сөздер бір-бірінен сапа мен белгіні білдіру  дәрежесі жағынан   ажыратылады.

Шешен де шебер сөйлеудің  бір ұшы  тілдегі  синонимдерді қыбын тауып орнымен  үйлестіріп жұмсай білуде. Дикторға белгілі тексті дауыс ырғағымен әлденеше  құбылтып мәнерлі түрде  оқып беру  қандайлық қажет болса, сөйлеуші мен жазушыға  да  синонимдердің реңктерін   айқын ажыратып, тап бастырып дәл қолдана  білу де соншалықты қажет. Ана тілінің синонимдер  байлығын еркін білу  өз ойыңды  соншалықты дәлме-дәл етіп жеткізе алу деген сөз. Қазіргі кезде тіліміздегі синонимдер мән-мағынасы  мен қолдану аясына  қарай сала-салаға бөлініп, саралана бастайды. Бірақ, бүтіндей  бір-бірімен жігі ажырап  бітті деп әзірге айту өте қиын. Жас буындарды  тілге жетік етіп тәрбиелеу  үшін оларды  жөргегінен тіліміздегі синонимдерді дұрыс пайдалануға баулу керек.

Қолданылған әдебиеттер:

Аханов К. «Тіл білімінің негіздері»

Болғанбаев Ә. «Қазақ тілінің синонимдер сөздігі»

А.Н.Гвоздев «Очерки по стилистике русскога языка»