ҚОЛДАНЫСТАҒЫ ЖАЛҒАУЛАРДЫҢ ЫҚШАМДАЛУ КӨРІНІСІ         

                                                                               

                                                                                              Оралова Г.М.

           С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті

 

 

Ықшамдалутiлдің iшкi даму зандылықтарына жататын тiлдiк құбылыс.

Бұл құбылысты тілдің барлық саласына қатысы жағынан күрделі заңдылыққа жатқызуға болады. Яғни, фонетикадағы дыбыстардың, морфологиядағы қосымшалардың, синтаксистегі сөйлемдердің ықшамдалуына әсері бар.

 Бұл пiкiрдi ықшамдалу мәселесi туралы ғалымдар пiкiрiнiң көбiнен көруге болады. Н.Оралбаева тiлдің дамуында ықшамдалу және күрделену заңдылықтарын салыстыра талдайды. Автордың ойынша, бұл екеуi де тiлдiң iшкi даму заңдылығына жатады. Ал осы екi заңдылықтың екеуiнiң қызметi екi түрлi тiлдiк жағдайға байланысты екенiн байқау қиын емес. Ықшамдалу заңдылығы - ауызекi тiлден орын алады, күрделену заңдылығы - жазба тiлге қатысты (1).

Тiлдiң эволюциялық даму мен ықшамдалу принципiн зерттеген                     Г.К. Суяровтың қорытындысы бойынша, ықшамдалу заңдылығы бiрiншiден, тiл дамуының негiзгi мәселелерiн зерттеуде есептеспеуге болмайтын тiлдiң бiрте-бiрте дамуындағы маңызды бағыттардың (тенденциялардың) бiрi, екiншiден, әр тiлдiк деңгейдiң өзiндiк ерекшелiктерi ықшамдалу құбылысының тiлдiң түрлi бөлiктерiнде (салаларында) калыптасуында өзiндiк көрiнiсiн қалдырады. Үшiншiден, ықшамдалу принципi тiлдегi басы артықтық (принцип языковой избыточности) принципiмен тығыз байланыста болады. Бұл принциптер тығыз байланыста тiлдiк жүйедегi тепе-теңдiктi қалыптастырады. Төртiншiден, бұл мәселенi зерттеудегi ерекше роль орыс лингвистерiнiң үлесiне тидi, сондай-ақ бұл мәселенің маңызды аспектiлерiн зерттеу мен қалыптастыруға өте қомақты үлес косты. Бұл ғалымдардың еңбектерiнен құнды материалдар жинақталды және тiл                                                                
эволюциясының маңызды факторларының бiрi – ықшамдалу принципi ұғымының кеңеюi мен жалпылануында көптеген құнды пiкiрлер мен бақылаулар жасалынды. Яғни, ықшамдалу құбылысы тiлiмiзден орын алған, тiлдiң даму процесiнде елеулi орны бар зандылықтардың бiрi боп саналады (2, 28).

Ықшамдалу тiлдiң iшкi даму заңдылығына жатады, ықшамдалу арқылы тiлде талай өзгерiстер болатынына үнемі көз жеткіземіз. Тілдік деректерге сүйенсек, ықшамдалу заңдылығы тiлдiң дамуына бiрте-бiрте әсер етедi. Бұл ойымызды Н.В. Крушевскийдiң мына пiкiрi дәлелдей түседi: «Постепенность - необходимое условие всякого рода изменений и упрощений, т.к. только при постепенности изменения возможно непрерывность ассоциации, дающей слову значение» (3, 13).

Ықшамдалу - заңдылығы тiлдегi басы артықтықты болдырмауға, сөздердiң айтылуын жеңiлдетуге, ойды тез жеткiзуте ықпал ететiн, уақытты үнемдеуге мүмкiндiк туғызатын, адамдардың күшiн үнемдеуге әсерi бар заңдылық. Осы мақсат орындалу кезiнде тiлде пайда болған өзгерiстер бiрте-бiрте тiлде орнығып, қалыптасып, сол арқылы тiлдiң дамуын iске асырады.

 Өйткені, «дыбыстардың өзгеруiнен   немесе  түсiп  қалуынан   сөздiң  жаңа  тұлғаға   ауысуы – көптеген тiлге ортақ ерекшелiк. Әрi үнемдеу теориясы фонетикалық өзгерiстiң   жан-жақты   салаларын   қамти   алады. Атап айтқанда, дыбыстардың тарихи алмасуы мен сөз тұлғаларының ықшамдалуында   болсын,   жалпы  тiл   механизмi   мен  техникасын жақсартуда    болсын,    шеттен    ауысқан    сөздердiң сол тiлдегi дыбыстардың артикуляциялық құрылымына бейiмделуiнде болсын үнемдеу (экономия) процесiнiң тiкелей әсерi бары анық», - дейдi С.Бизақов (4, 48).

Белгiлi ғалым А.Хасенов «Аффикстер жайлы бiрер сөз» деген мақаласында үнемдеу заңдылығы туралы өз ойын ашық бiлдiредi: «Тiлдегi бұл үнемдеу заңдылығы бүкiлодақтық көлемде көтерiлiп те жүр, бiзде стильдiк ерекшелiк деп танылып, сол тәрiздi сөйлемдердiң мағыналарын түсiндiруден аса алмай келедi. Осы үнем мәселесiн түсуге икем iлiк септiк жалғаулы сөз бен сол тұлғадағы сөзге қатысты тәуелдеулi сөздердi арнайы тексеру қажеттiгiн былай қойғанда, қосымшаларға байланысты тiлге тиек ететiн де уақыт жеткен тәрiздi» (5, 102).

Ғалым Р.Сыздықова: «Тiлдегi әрбiр құбылыстың дәл бүгiнгi таңда норма екендiгiн немесе еместiгiн жеке адамдардың танымынан шығармай, сол құбылыстың (яғни лексикалық, грамматикалық, фонетикалық элементтердiң) табиғаты мен тарихи барысын талдап, оны өзге параллельдермен байланыстыра (салыстыра) отырып айту керек. Мысалы, барғасын, келгесiн деген есiмше тұлғалары қазiргi әдеби норма бола ала ма, жоқ па дегендi айту үшiн, осы сияқты  тұлғалардың ықшамдала түсу процесi өзге тұстарда да байқала ма екен, жалпы осы процестiң болашағы қандай (өсiп бара ма, өшiп бара ма) дегендердi зерттеу қажет болады. Егер күнi кеше барғаннан соң түрiнде қолданылып келген тiркестi бертiн келе барған соң деп айтатын болсақ және оның өзiн норма деп танысақ, бұл тiркестiң әрi қарай ықшамдала түскен (барғасын түрiн) тұлғасын неге кабылдамаймыз. Оның үстiне мұндай ықшамдалу өзге сәттерде де бар екенiн көремiз. Мысалы, осы ғасырдың бас кезiне дейiн үшiн, турасында шылаулары iлiк септiктегi сөздi талап еткен: менiң үшiн, баланың турасында, ал қазiргi қолданыс мен үшiн, бала туралы болып ықшамдалғанын көремiз. Сол сияқты менен шылауының мен болып, - тұғын жұрнағы -тын болып (баратұғын-баратын) өзгерген варианттарын қазiргi норма деп тапсақ, барғасын, келгесiн түрiнде әрi қарай ықшамдалуды неге кабылдамасқа. Бiрақ бұл процеске ұшыраған элементтердiң қай стиль үшiн норма, қайсысы үшiн варианттық сыңары екенiн айыру керек. Бiздiңше, қатты ескеретiн нәрсе-тiлдiк норманы тануда оны функционалдық стильдерге ажыратып қарау принципiн ұстау»,-деп, ықшамдалу мәселесiнiң әдеби нормаға айналудағы функционалдық-стильдiк ерекшелiктерiн ескеру қажеттiгiн ескертедi (6, 52).

Қазақ тiл бiлiмiнде, әсiресе, синтаксис саласында да ықшамдалу процесiн өз еңбектерiнде С.Аманжолов, Р.Әмiров. Қ.Есенов т.б. ғалымдарымыз атап кетедi.

Белгiлi ғалым С.Исаев та iлiк септiгi мен табыс септiк тұлғаларының түсiрiлiп қолданылуы жайындағы пiкiрiн былайша түйiндейдi: «Рас, iлiк септiк пен табыс септiк тұлғалары түсiрiлiп қолданылған жерде бұл тiркестiң, iлiк септiктi сөз бен тәуелдiк жалғаулы сөздiң және табыс септiктi сөз бен сабақты етiстiктiң арасына басқа сөз араластырып қолдануға болмайтындықтан, ол екi сөздiң (iлiк септiк түсiп қалған сөз бен табыс септiк түсiп қалған сөз) грамматикалық байланыс тұлғалары ғана ықшамдалып қоймайды, сонымен бiрге семантикалық жағынан да бiр-бiрiне кiрiге түсiп, лексикалана бастайды, бiр ұғымның атауы ретiнде, бiр ғана сөздiң мәнiнде жұмсала бастап, тұрақты (идиомалық) тiркес, атаулық, терминдiк тiркес, түбiр етiстiкке (құранды) айналады» (7, 135). Бұл жерде ғалым тек грамматикалық тұлғалар ғана ықшамдалып қоймайды, сонымен бiрге семантикалық жағынан кiрiгiп бiр атау (күрделi сөз т.б.) жасалатындығын да ерекше атайды. Бұған ұқсас пiкiрдi Г.Шаһарманның диссертациясынан да кездестiремiз (8, 26).

Сонымен, жалғаусыз қолданыс (жалғаулардың түсiрiлiп, жасырын қолданысы) ықшамдалу заңдылығы себептерiнiң айқын айғағы болады.

Сөйтiп, жалғаулардың түсiрiлiп жалғаусыз (жасырын) қолданысы немесе нольдiк морфема арқылы берiлуi тiлiмiзде бар құбылыс. Бұл жерде түрколог ғалымдардың тiлдегi ықшамдалу заңдылығын дыбыстардың түсiрiлуiмен байланыстырғандығын ескерсек, дыбыс түсiрiлiп, буын түсiрiлiп қысқару – ықшамдалу заңдылығының негiзгi жолдарының бiрi деп саналса, жалғаулардың түсiрiлiп, нольдiк формадағы қолданысын да ықшамдау жолдарының бiрi деп қарастыруға әбден болады. Оған жоғарыда аталған ғалымдар пiкiрлерi бұлтартпас дәлел бола алады. Сондай-ақ, iлiк, табыс септiктерiнiң жалғаусыз қолданыс ерекшелiктерiн арнайы зерттеген Ж.Балтабаева да ықшамдалу заңдылығы мен стильдiк мақсаттағы қолданыс септiк жалғауларының жасырын (жалғаусыз) қолданылуының себептерi деп санайды (9, 12).

Тілдік деректерге сүйеніп, жалғаулардың барлық түрінің ықшамдалуға бейімділігін байқаймыз. Кейде ұйқас пен ырғақ заңдылығына, кейде ауызекі сөйлеу нормаларына, кейде жағдаятқа сәйкес тез жауап беру, асығу психолингвистикалық жағдайына сәйкес жалғаулардың ықшамдалуы көрініс береді.

Өлең жолдарындағы буын саны өлшемі заңдылығымен кейде жалғаулардың параллель ығысуын ажыратуға болады. Мысалы төмендегі өлең жолдарында тәуелдік және ілік септік жалғауларының қатар ықшамдалған көрінісін байқаймыз.

                               Дер кезінде келіппіз біз өмірге,

                               Тілек* бірге халықпен

                               Тізе* бірге,

                               Біз арқылы жан-жаққа шуақ тарап,

                               Біз арқылы мұхиттар* мұзы еруде...

                                                                  (С.Иманасов).

Дәл осы заңдылыққа сәйкес тәуелдік жалғауы мен табыс септігінің үнемделе қолданысына төмендегі мысалдардан көз жеткіземіз.

                            

                              Ертеректеу өмірге келмедім деп,

                              Біздің ұрпақ*  кімдерден кем көрінбек?

                              Әр ісін кейінгілер ардақ тұтар,

                              Ту*  ұстап, тұлпар мінген ерлерім көп...

                                                                       (С.Иманасов).

 

Жалғаулардың ықшамдалуы кейде ұйқас пен ырғақтың ережесіне бағынып, айтылыстың интонациялық жігіне, автордың эмоциялық жағдайынан хабардар етуге сеп болып, стилистикалық мақсаттарды өтеуге де әсер етеді.                       

                                 Қайта бассам –

                                 Кешір, ел*, кейбір ізді,

                                 Күллі дүние –

                                 Таныған пейлімізді

                                                        (С.Иманасов).

         Осындай септiктiң жалғаусыз қолданыстарының түпкі мақсаты туралы Ж. Балтабаева былай дейдi: «Тiлiмiздегi жалғаусыз септiктердiң қолданылуы әрi стильдiк қажеттiлiкпен, әрi тiлдiк құралдарды ықшамдап қолданумен байланысты» (9, 35).

Бұдан шығатын қорытынды: септiктердiң жалғаусыз (жасырын түрi немесе нольдiк морфема) қолданысы тiлiмiздегi ықшамдалу заңдылығына жатады және олар әр түрлі мақсатты жүзеге асырады. Мысалы:

 

                          Қорқыт баба*, Асан-қайғы* бар зарын,

                          Құрманғазы*, Тәтімбеттің арманын,

                          «Арқау етіп»  жетесіне жеткізді

                          Қазақ деген ұлттың барша салмағын.

                                                       (К.Салықов)

 

Осы сөйлемдегi төрт бiрыңғай мүшенiң үшеуiнде iлiк септiк жалғауы түсiрiлiп қолданылған, үш жалғау көрсеткiшiнен үш буын немесе тоғыз дыбыс түсiрiлiп, ықшамдалып тұр. Оларды (бiрыңғай мүшелердi) анықтайтын Тәтімбеттің сөзi iлiк септiк көрсеткiштерi арқылы берiлген. Осы сөйлемдегi Қорқыт-баба, Асан-қайғы зары, Құрманғазы арманы iлiк септiк жалғауынсыз тiркескен, толық түрi Қорқыт-бабаның, Асан-қайғының зары, Құрманғазының зары болуы керек едi. Ол кезде төрт сөз (мүше) де iлiк жалғауы көрсеткiштерiмен қолданылар едi де, сөйлем стильдiк жағынан әдемi шықпаған, ауыр, әрі өлеңнің буындық ұйқасына кері әсер еткен болар едi. Бұл жерде үш буын немесе тоғыз дыбыс ықшамдалуы арқылы сөйлем стильдiк жағынан әдемi құрылған. Яғни, тiлдiк көрсеткiштер стильдiк мақсатта ықшамдалу заңдылығы бойынша қысқартылған да, айтылмаған.

Тiлiмiздегi iлiк, табыс септiктерiнiң жалғаулары (қосымшалары) түсiрiлуге, яки жалғаусыз қолданысқа бейiм септiктер саналады. Сонымен бiрге, басқа да септiктердiң жалғаулы (толық түрi) түрi мен жалғаусыз (қолданыс) нұсқалары тiлiмiзден орын алған.

Поэзиялық шығармалардан септiк жалғауларының түсiрiлiп (жасырын) қолданылуына мысалдарды көптеп кездестiруге болады. Мысалы:

 

 Қолында кен мен мұнай зор табысы,

Туған ел* мәңгі есінде қалды арысы

                                                                  (К.Салықов).

                           Сәкен мен Евней*, Қаныштың,

                           Аттары бұлт* жарып жарқ етті

                                                                  (К.Салықов).

 

       Көз салсақ теңіз*, дала*, бел*, белеске,

      Көш құрған көшпелілер жері емес пе?!

                                                                   (К.Салықов).

 

                            Жиырма* жасың толғанда

                            Қалмақпен соғыс болғанда

                                                             (Үмбетей жырау).

 

Осы келтiрiлген мысалдарда жалғаусыз септiктердiң жалпы мағыналары жағынан жалғаулы нұсқаларынан айырмашылықтары жоқ. Сондықтан жалғаулардың үнемделуі тілдің барлық қабатынан көрінетін, стилистикалық, грамматикалық заңдылықтарға бағына қозғалатын құбылыс деп қорытамыз.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.        Оралбаева Н. Сөздi қосымшасыз қолданудың сыры// Сөз өнерi –Алматы: Ғылым, 1978. –24б.

2.        Суяров Г. Эволюция языка и принцип экономии// Автореферат канд. дисс., Самарканд, 1973. –21 с.

3.        Крушевский Н.В. Очерк науки о языке. – Казань, 1883. –112с.

4.                 Бизақов С. Қазақ тiлiндегi фонетикалық вариантты сөздер//  Кандидаттық диссертация. Алматы: 1971, -154 б.

5.        Хасенов Ә. Тiл бiлiмi. –Алматы: Санат, 1996, -75-76 бб.

6.                 Сыздықова Р. Сөз мәдениетiнiң мәселелерi// Қаз ССР Ғылым академиясының хабарлары, тiл, әдебиет сериясы, 1985 №1. –31- б.

7.        Исаев С. Қазiргi қазақ тiлiндегi сөздердiң грамматикалық сипаты. Алматы: -Рауан 1988, -105-106 бб.

8.        Шахарман Г.П. Қазақ тiлiндегi сан есiм сөздерден жасалған туындылардың мағыналық ерекшелiктерi// канд. дисс, -Алматы. 1998. –32-38бб.

9.        Балтабаева Ж. Семантико стилистические функции неоформленного родительного и винительного падежей в казахском языке //канд. дисс., -Алма –Ата. 1984. –53с.