Алибаева Меруерт Сарсебековна

кандидат педагогических наук

КазНПУ имени Абая, г.Алматы

 

Кредиттік технология жүйесінде қазақ тілін оқыту арқылы жан қуаттарын жетілдірудің маңызы

 

 Витагендік тәжірибеге тіл үйренушілердің жинақтаған білімін, қоршаған ортаға деген көзқарасын, іс-әрекетін көрсететін витагендік ақпараттар  жататындықтан, тілдің танымдық, тәжірибелік қызметін айқындауда оқушылардың жан қуаттарын жетілдірудің  маңызы зор.

     «Жан қуаттарының бір тобы (түйсік, қабылдау, елес, т.б.) сыртқы дүние заттары мен құбылыстарын тікелей танып-білуде көрінетін болса, енді біреулері (ойлау, қиял, т.б.) бұлардың арасындағы күрделі байланыстарды, дәнекерлі қатынастарды, сапалы өзгерістерді тереңдей бойлап білуде ерекше орын алады. Адамның сыртқы ортамен (объективтік шындық) үздіксіз жасалып отыратын белсенді байланысында, оның сезім, ерік процестерінде шешуші рөл атқарады»[1,15].  Міне, сондықтан да жалпы оқушы қауымына  тән тілді оқыту әрекетінің психологиялық сипаттары ескерілуі қажет: тілді оқуға деген жағымды мотивтері, қызығушылықтары; тілді оқу мақсаттары мен міндеттерін анықтай алуы;  оны орындаудың тиімді тәсілдері мен амалдарын белгілеуі; өз жұмысының барысын өзі бақылап отыруы және оның  нәтижесін бағалап, тиісті қорытындылар жасай білуі т.б. қалыптасуы тиіс. Былайша айтқанда, осы бағытта олар өз жұмысын жоспарлай білуге дағдылануы тиіс. Тек осылай саналы ұйымдасқан іс-әрекет, еңбек негізінде ғана оқушының қазақ тілін оқу әрекетінің психикасы мақсатты түрде қалыптасады. Демек, оқушылардың дара ерекшелігін ескере отырып қазақ тілін меңгерту тиімді

     «Жан қуаттарының арасында зейін қызметі ерекше орын алады. Ол санамыздың  барлық қуаттарының (қабылдау, елес, ойлау, қиял, т.б.) белгілі объективтік бағытталып шоғырлануы. Зейін психикалық құбылыстардың қай-қайсысында болса да дәнекер болады, оны күшейте, әлсірете де алады; сезім, ерік процестері де оған тікелей тәуелді болады» [1,17]. Демек, бізді қоршаған заттар мен құбылыстардың бәрі де біздің түйсігіміз арқылы жүзеге асады. Алайда осы қабылдаған ақпараттың бір бөлігі біздің санамызға жетеді, ал қалған бір бөлігі жетпейді. Мұның себебі, біз көңіл аударған құбылыс саналы түрде  мида бейнеленуі зейіннің көмегі арқылы жүзеге асады. Ал зейіннің шоғырланбауы қалған құбылыстардың  мидан тысқары қалуына әкеледі. Алайда бұл құбылыстардың  физикалық жағынан санада іздері қалуы мүмкін.

     Мұғалім тақырыптың ерекшелігін, оған ұқсас тұлғалардың айырмашылығын ашып көрсетуі баланың зейінін аударады. Сабақ үстінде баланың зейінін бір нәрсеге аудару оңай жұмыс емес.      М.Мұқанов: “Сабақтың бірінші кезеңінде (ұйымдастыру кезеңінде) оқушы зейінін аудара алмаған мұғалімнің сабағы нәтижелі болуы мүмкін емес. Әрбір сабақта сілтідей тыныштық, тәртіп, құшарлана тыңдау жолында емес – хабардың көбейткіші зейін жолында күрес жүргізу қажет,”- дейді.  Оған мұғалімнің шеберлігі мен білімділігі қажет. Арнайы мамандыққа сай дайындалған мәтіндер, мәтіндерді игертуге арналған тапсырмалар оқушы зейінін үнемі аударып отырады. Мысалы оқушы зейінін аудару үшін төмендегідей мәтін тақырыптары беріледі.

1.     Ақшаның мәні және қызметі. Ақша айналымының заңы.

2.     Қағаз ақша және электронды ақшалар

3.     Инфляцияның мәні, түрлері және әлеуметтік-экономикалық салдары.

4.     Инфляцияға қарсы саясат және оның Қазақстан Республикасында қолдануының ерекшеліктері.

5.     Ұлттық валюта-теңгенің сыртқы конверсиялану мәселелері.  

     Бұл тақырыптарға оқушы зейінін аудара отырып, одан әрі қызығушылығын ояту үшін төмендегідей сұрақтар қою тиімді.

·        Ақша дегеніміз не? Олар қалай пайда болды?

·        Ақша қандай қызметтер атқарады?

·        Несие ақшаны қалай түсінеміз?

·        Инфляция дегеніміз не және оның қандай түрлері бар?

·        Инфляцияға қарсы шаралар: оның бағыттары қандай?

·        Валютаның конверсиялануы дегеніміз не? 

     Мұғалімнің материалды жүйелі түрде түсіндіруі, өткен материалды қорытуы, жаңа материалды тыңдауға, түсінуге оқушының дайындығын тексеруі зейіннің дұрыс  аударылуына себепші болады.

       Түрлі тәсілдер арқылы оқушы зейіннің қасиеттерін тәрбиелеп отыру – мұғалімнің негізгі педагогикалық істерінің бірі. Оқушы  зейіні негізінен сабақ үстінде тәрбиеленеді. Зейінсіз өткен сабақ өз мақсатына жете алмайды.

       Оқушының  жан қуаттарының ерекшеліктерін зерделеуде жоғарыда аталған ғалымдардың көзқарастары негізгі бағытқа алынды.  Ғалымдар да балалардың зейін ерекшелігі  басты мәселелердің бірі екендігін дәлелдей түседі. Зейін - айналадағы нысандардың ішінен қажеттісін бөліп алып, соған психикалық әрекеттерді тұрақтату. Мәселен, оқушы берілген жаттығуды орындау үшін  басқа нысандардан ойын бөліп алып, зейінін  тек осы әрекетке ұйымдастырады. Олай болса, зейін адамның психикалық әрекетінің бір жағы бола отырып, оқушының  өнімді білім алуына, тілді оқып үйрену әрекетінің сапалы әрі нәтижелі болуына көмектеседі.  Әрбір оқушының зейінін сабақта қадағалай отырып, оқытуда зейіннің түрлеріне қатысты тапсырма түрлері беріледі.

       Зейіннің  пайда болуына керекті  шарттар: нысанды бөліп алу, оған назар  шоғырландыру және басқа  тітіркендіргіштерге алаңдамау. Мұғалім оқушы зейінін ұйымдастыра отырып, ең алдымен, қазір олардың не нәрсеге назар аударулары қажет екенін айтып, олардың зейінін бір нәрседен екінші нәрсеге аудара білуі керек. Оқушылардың мамандығына сай мәтіндермен жұмыс  жүргізуде олардың зейінін ойдың дәлелдігіне, тілдің  дұрыстығы мен  айқындылығына, оның білімді толықтыра түсетіндігіне назар аудару қажет.

Кәсіптік білім беретін мектептегі оқушылар жас ерекшеліктері жағынан және өсіп-жетілудегі елеулі өзгерістерімен сипатталады. Баланың бойындағы өтіп жатқан өзгерістер мұғалімдерден бүкіл оқыту-тәрбиелеу жұмысын нақты мақсатқа бағыттауды талап етеді. Негізгі іс-әрекет түрі – оқу. Оқу арқылы олардың таным үрдістері  дамиды.

Демек, кәсіптік мектеп  оқушыларына қазақ тілін жеке тұлғалық танымдық мұқтаждары мен психикалық қабілеттерін дамытатын жетекші іс-әрекетті ─ оқу іс-әрекетін  қалыптастыру қажет. Әрбір сабақ барысында  оқу іс-әрекетін орындау барысында оқушылар өздеріне бұрыннан таныс емес заттарды тануға әрекеттенеді. Кәсіптік мектепте қазақ тілі  сабағында оқушылар ғылым негіздерімен танысып, білімді игеруде түрліше оқу іс- әрекеттерін орындай  отырып өзінің психикалық қабілеттерін жетілдіреді..

       Оқыту ─ оқушылардың  білімін, біліктері мен дағдыларын, дүниетанымы мен танымдық мотивтерін (ықылас, тілек, қызығушылық және т.б.) мақсатты дамытатын іс- әрекеттер барысы,  жиынтығы. Оқыту  үрдісі екі жақтан жүргізіледі, біріншісі - оқушыларға білімді меңгертуде мұғалімнің орындайтын іс- әрекеттері  болса, екіншісі,  белгісізді, жаңа материалдарды меңгеруде оқушының орындайтын оқу іс- әрекеттерінің жиынтығынан тұрады. Кәсіптік мектеп оқушылары оқу іс- әрекеттерін саналы  орындауға төселуі олардың танымдық қызығушылықтарын қанағаттандыруда, дамытуда  жетекші рөл атқарады. Оқыту үрдісінде оқушылардың танымы мен психикалық қабілеттері жан-жақты дамиды. Оқыту мен даму тығыз байланысты. «Зейінділіктің бірінші белгісі – адамның іске кең түрде қызығушылығы. Ештеңеге жөндеп қызықпайтын адамның зейіні нашар болады». [1,37].

     Ол үшін оқушылардың қызығушылығын арттырған жөн.     Көптеген психологтар (И.Зимняя, З.Клычникова, С.Рубинштейн, т.б.) «қызығушылықты» зерттей келе, оған тән жапы белгілерді көрсетеді. Олар:

1)     қызығушылық қажеттіліктен туындайды;

2)     қызығушылық белгілі бір әрекетке тән уәж;

3)     қажеттілік мотивацияның көзі болу үшін танылуы қажет;

4)     қажеттілік адамның ішкі белсенділігіне әсер етеді;

5)     ең алғашқы звено танымдық емес, сезім мен эмоцияға байланыты пайда болатын тікелей қызығушылық;

6)     танымдық қызығушылық – қызығушылықтың ең жоғарғы формасы, жаңа дүниені білуге құмартушы қажеттілікті білдіретін психикалық жағдай;

7)     тікелей қызығушылықтың туындауы адамға күтпеген әсер қалдыруы мүмкін.

           Бұл қазақ тілін оқыту басынан бастап, кәсіби бағытта болу керектігін тағы да дәлелдей түседі. Болашақ маман қазақ тілінің болашақтағы мамандығы бойынша қарым-қатынасына қажет екендігін түсінгеннен кейін, кәсіби қазақ тілін игеруге қызығушылық танытады, себебі тіл кәсіби жоғарылауға да әсер ететін бірден-бір жол. Ал бұл қызығушылық оқушының бойына оқытушының кәсіби шеберлігі арқылы қалыптастырылуы қажет. Егер қазақ тілі оқытушысының кәсіби шеберлігі болмаса, тілдік жадығатты қызықты әрі сауатты түрде жеткізе алмаса, керісінше, оқушының пәнге деген қызығушылығын тудырмайды.

Қызығушылық − жаңа лексиканы нәтижелі игерудің алғы шарттарының бірі. Игерілетін ақпаратты меңгеру қызығушылықпен байланысты жүргізілсе, тиімді де нәтижелі болары сөзсіз.

    

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Жарықбаев Қ. Психология // пед. Училищелерге арналған оқулық. – Алматы: Мектеп, 1992.- 280 б.