Бейсенбекова Гульназ Турлыбаевна

Кандидат педагогических наук, доцент

г.Алматы, КазНПУ им.Абая

 

          «Кәсіби қазақ тілі» оқулығын дайындауға қойылатын талаптар

 

Мемлекеттік тілді оқыту арқылы студенттерді  кәсіби-іс-әрекетке даярлаудың концептуалдық негіздерін әдіснамалық-теориялық тұрғыда дамыту және осы даярлық үдерісін оқу-әдістемелік кешенмен қамтамасыз ету; өзгетілді дәрісханада қазақ тілін оқыту әдістемесіне  байланысты  оқытудың ұтымды әдістемелік жүйесін жасау оқулық дайындаудың басты мақсаты болып табылады.

      Бұл мақсатқа жетуде төмендегідей нақты  міндеттер  жүзеге асырылады:

-         кәсіби қазақ тілін өзгетілді дәрісханада оқытудың ғылыми -теориялық негіздерін айқындау;

-         кәсіби қазақ тілін өзгетілді дәрісханада оқытудың әлеуметтік маңызын анықтау;

-         кәсіби қазақ тілін өзгетілді дәрісханада оқытудың лингводидактикалық моделін жасау;

-         білім беру жүйесіндегі кәсіби қазақ тілін өзгетілді дәрісханада оқытудың негізгі факторларын айқындау;

-         кәсіби қазақ тілін өзгетілді дәрісханада оқытудың негізгі заңдылықтарын белгілеу;

-         Қазақстан Республикасындағы тіл саясатына байланысты қазіргі концепцияның маңызын ашу;

-         кәсіби қазақ тілін өзгетілді дәрісханада оқытудың әдістемелік жүйесін жасау;

-         кәсіби қазақ тілін өзгетілді дәрісханада оқытудың ұстанымдарын, әдістерін, жүзеге асыру амалдарын анықтау;

-         кәсіби қазақ тілін өзгетілді дәрісханада оқытуда  «Тілдік Портфельмен» жұмыс жасау әдістемесінің ұтымдылығын дәлелдеу; оның мақсаты мен мазмұнын ашу.

    Кәсіби бағытта мемлекеттік тілді оқыту арқылы төмендегідей нәтижелерге қол жеткізуге болады: кәсіби қызметте қазіргі компьютерлік технологияларды қолдана отырып,  мемлекеттік тілдің Ұлттық корпусы ресурстарын және т.б. пайдаланудың практикалық машықтары мен дағдылары қалыптасады; кәсіби бағытта мемлекеттік тілді игерту арқылы жоғары дәрежелі, білікті және бәсекеге қабілетті мамандарды дайындай отырып, әлеуметтік тұрғыдан икемделуге қабілетті және кәсіби мәдениетінің деңгейі жоғары кәсіби элитаны дайындауға мүмкіндік туады; мемлекеттік тілді кәсіби бағытта меңгерте отырып,  кәсіби құзіреттілік пен әлеуметтілік мобильділікті қамтамасыз ететін оқу құралдарын дайындау арқылы заман талабына сай мамандар дайындалады; мемлекеттік тілді оқыту арқылы студенттерді кәсіби-педагогикалық іс-әрекетке дайындаудың концептуалды моделін жасау студенттердің  жеке тұлға ретінде  дамуына ықпал етеді.

       Бүкіл дүниежүзілік білім әлеміне кіру мақсатында қазіргі кезде Қазақстанның оқу-тәрбие саласында білімнің жаңа жүйесі қалыптасуда.  Ол әрбір ғылым саласында нақты өзгерістерді енгізумен қатар жүргізіледі. Қазіргі жүргізіліп жатқан түрлі бағыттағы өзгерістер  білім беру қызметіне жаңа қырынан қарауды; сонымен бірге педагогика ғылымындағы табыстарды сын көзбен бағалап, саралауды;   мұғалімнің іс-әрекетін, кәсіби шеберлігін де жаңа қырынан қалыптастырып, бәрін  жаңаша  ұйымдастыруды  талап  етеді.

Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекеттер қатарына қосылғаннан  бері қоғамды ақпараттандырудан туындаған өзгерістер оның  барлық  салаларымен қатар мемлекеттік тілді кәсіби бағытта меңгерту   деңгейіне, өндіріс пен әлеуметтік саладағы ғылымдардың жетістіктеріне және прогрессивті технологияны енгізу мерзімінің қысқартылуына  қойылатын  талаптар күшеюде. Елбасының 2011 жылғы жолдауындағы: «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады»  -  деген сөзі дәлел болады. Осы бағытта жасалып жатқан іс-шаралардың бірі – еуропалық жоғары білім беру аймағына енуді көздейтін Болон үдерісіне қосылу туралы шешімнің қабылдануы  да айырықша мәнді шара. Бұл оқиғаны білім беру жүйесінде көрініс алған елеулі тарихи оқиға  десе болады.

            Ұрпақ  тәрбиелеу ісі қоғам дамуының талабына қарай  өзгеріп отыратындықтан, бүгінгі студентке тек пәнді терең игертіп қана қоймай,  оны болашақ мамандығына бейімдеп оқыту  мәселесі де алға қойылып отыр. Болашақ маман мемлекеттік тілді жетік меңгерген, кәсіби біліктілігі жетілген,  жан-жақты дамыған жеке тұлға болуы керек. Оған жету үшін білім беру үрдісінде оқытудың технологияларын енгізу, сол арқылы студенттің шығармашылық ойлауын, рухани дамуын, интеллектуалдық өсуін қалыптастыру қажет. Соңғы жылдары адам факторының жан-жақты жетілген, көптілді меңгерген тұлғасына, оны қалыптастыру мен тәрбиелеуге ерекше назар аударылуда. Тілші-әдіскерлер тілді қатысымдық тұрғыдан оқыту мәселесіне ден қойып отыр. Қатысымдық бағыт тілді оқытуда тілдік қарым-қатынасты сөйлесім әрекеттері арқылы жүзеге асыруды, мемлекеттік тілді кәсіби бағытта игертуді көздейді. 

     Келешек ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасуында өзгетілді дәрісханада қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін айқындап және оны ұтымды пайдалану – бүгінгі күн талабынан туындап отырған  өзекті мәселе ретінде төмендегідей критерийлерге жауап беруі тиіс:

·    ұлттық білім беру жүйесінің даму бағыттарын айқындай отырып, қазақ тілін өзгетілді дәрісханада оқытуды тың арнаға, жаңа сапаға жеткізу қажеттілігі;

·    білім мазмұнын байыту, оқыту үдерісін жетілдіру, жаңа педагогикалық технологияларды жиі пайдалану;

·    жан-жақты дамыған, рухани жетілген жас маманды қалыптастыру;

·    тіл үйренушілердің қазақша сөйлеуін дамыта оқыту мен тәрбиелеу идеясына негіздеу;

·     мәтіндердегі танымдық, кәсіби, тәрбиелік, ғылыми тұрғыдан қолданылған мәтіндерді игерту арқылы тіл үйренушілердің  сөйлеу дағдысын жетілдіру;

·    тіл үйренушілердің сөздерді орынды қолданып, сөйлеу мәдениетін жетілдіру, сөз байлығын арттыру, әдеби нормаға сай сөйлеуге дағдыландыру; тілді үйренуге деген танымдық қызығушылығын арттыру.

    Міне, осы көрсетілген ерекшеліктерді негізге алған оқулық дайындау мәселесі жалпы мемлекеттiк бағдарламалармен, соның ішінде тілді тәжірибелік тұрғыдан оқытып, дамыту бағдарламасының сұраныстарына жауап бере алатын  өзекті зерттеу болып табылады.

     Оқулық дайындау барысында ұсынылатын тұжырымдар тіл білімі мен әдістеме ғылымдарын теориялық тұрғыдан толықтыра түседі. Зерттеу нәтижесінде қазақ тілін өзгетілді дәрісханада оқытудың ғылыми теориялық негіздерін айқындау; қазақ тілін өзгетілді дәрісханада оқытудың әлеуметтік маңызын анықтау;  лингводидактикалық моделін жасау; білім беру жүйесіндегі тілді оқытудың негізгі факторларын айқындау;  негізгі заңдылықтарын белгілеу; Қазақстан Республикасындағы тіл саясатына байланысты қазіргі концепцияның маңызын ашу оқытудың сапасын арттырады. Қазақ тілін өзгетілді дәрісханада оқытуға қатысты ғылыми-теориялық тұжырымдар оқыту әдістемесінің теориялық жағынан толығып, жетілуіне септігін тигізеді.

      Оқулық дайындау арқылы ұсынылатын әдістемелік жүйе қазақ тілін өзгетілді дәрісханада оқытуға арналған сабақтың сапасын арттырып, тілді үйретуге қатысты оқыту ісін  жетілдіреді.  Ұсынылған  ұстанымдар, әдістер  тіл үйренушілердің қызығушылықтарын арттырып, сабақ барысында белсенділіктерін  жетілдіруге көмектеседі. Сабақ үрдісінде  алған білімдерін күнделікті қарым-қатынаста  ұтымды, орынды қолдана білулеріне мүмкіндік туғызады.