Балтабаева Г.С.

Доцент кафедры казахской литературы КазГосЖенПУ. г.Алматы

Қазіргі қазақ әңгімесіндегі ұлттық идея

Қазақ  прозасының тақырыптық  деңгейі  кеңіп, кеңестік жүйе кезіндегі жазылмақ түгілі айтуға болмайтын «жабық» тақырыптарға қалам тарту мүмкіндігі туды. Алдымен, халқымыздың ұлттық танымын, рухын  көтеретін, өткеніне көз салған тарихи романдармен қоса қазақы ұлттық  мінезімізді, салт-дәстүрімізді әспеттеген әңгіме, повестер пайда болды. Мәселен Т.Шапайдың «Домбыра» әңгімесінде автордың дүниені қабылдау сезімі тұнық, нәзік иірімдерге толы мұңымен көңіл аудартады. Домбыра  жансыз зат деген ұғым жоқ онда. Әсіресе, ұлттық дүниелерге ерекше елжіреп тұрады. Онысы қазақтығының кепілі дерсің. Кейіпкердің домбыраға сағынышы мистикалық сипат алған. Үйіндегі екі домбыраны ол ескі мен жаңаның мәңгілік тартысы, дилемма ретінде алған. «Шығарма сюжетіне, көркем тартыс барысына тың тыныс, көрікті бояу қосатын да осы этнографиялық  детальдар» [1, 79 б]. Кейіпкер шеберден домбыра жасап бер деп сұрағанда, ол әнші домбыра ма, күйші домбыра ма деп айырып сұрайды. Бұл екеуі де деп қалады. Расымен сары домбыра ерекше әуезді үнді болып шықты, шапқан сайын зырлаған Құлагер текті домбыра. Ең кереметі, жаңаға бауыр басқан сайын ескі домбыра құлазыған тәрізді болады, семіп бара жатты дейді. Бұл ненің белгісі? Қазақ халқының ұлттық құндылықтарының символы. Жаңа әлем кеулеген сайын, модернизация мен ғаламдану молынан  енген сайын ескі дүниелер керексіз болып, ысырылып қала береді. Руханиятта да солай. Жаңаның кейде құны жоқ, бірақ оны мүдделі адамдар істейді, сондықтан ескіні шедевр болса да уақытша болсын  лақтыруға бейім тұрады.

Кейіпкер домбыраны үнемі жалғызсырап жүретін алыстағы досына арнатып жасатқан. Өзі оны қолына ұстағанда шабыт кернейді: «Күнде жұмыстан соң саусақтарым шымырлап, бойымды зарық буып, үйге асығамын». «Саусақтарым перне қуалай, көсіп сауғанда, жалғанның жарығына ең бір елеусіз, татымсыз дыбыстың өзін қалт жібермей алып шығатын сезімталдығы қандай!». Автор бұл жаңа домбыраны «тылсым, аққу мойын домбыра» деп атайды. Жаңа домбыраға ескі домбыра қарама-қарсы тұрғандай: «дүмі жарық», «қаңсып қалған шанақ үмітсіз, жарықшақ дауыспен мағынасыз қаңқ-қаңқ етті. Домбырада күй жоқ еді». Автор ескісіне еміреніп, оны текті деп атайды. Тектілік бұл контексте қазақтықтың синонимі. Қазақтықтан алыстаған сайын тектілігімізден де арылып бара жатқанымыз ащы шындық. Мынау прагматизм меңдеген ессіз дүние өз таңдауын жасады. Әңгіменің идеясы осы. Тұрсынжан Шапайдың барлық әңгімелерінде лықсыған мұңнан көз ашырмайтын булығу бар. Оған жалғыздықты түп қазық қылған гротеск қосылғанда тіпті үдеп кетеді.

Бұл әңгімедегі домбыра − тұлға. Ол зат емес, адам бейнелі. Жазушының табысы осы. Домбыра − ұлттық ұғымның символы. Жалпы ұлттық әдебиет- ғасырлар куәсі, бабамыз бен  кейінгі  ұрпақтың  жан   сыры,  келбеті. Ұлтық болмыс, ұлттық  рух,  эстетикалық  күрделі  құбылыс  кейіпкер  сипатына  елеулі  әсер  етті.  Әдебиетімізге Әуезов  дәстүрінен нәр алған   ұлтжанды  кейіпкерлер  тобы келіп жатты.  Ғалым  С.Нұрмұратовтың  пікірінше: “Ұлтжандылық әрбір халықтың ішкі халықтық психологиясынан  туындайтын құбылыс. Ол - жеке адамның (тұлғаның) өз халқына, жеріне  жанашырлықпен, патриотизммен  қараушылығын туындаған көзқарастар мен  іс-әрекеттердің   жиынтығы” [2, 30 б].

Жазушы Қуандық Түменбайдың  «Қобыз мұңы» әңгімесінде де [3, 150 б] ұлттық таным пайымымен  жазылған туынды. Мұнда автордың баса  назар аударатыны жалғыздық мәселесі. Жалғыздық сипатын өзгеше көрсету үшін онда әкелі-балалы екі ұрпақ өкілінің көзқарас алшақтығы негіз етілген. Қала мен дала дилеммасы көне заманнан жалғасқан, Гилгамеш туралы эпоста да бар. Далада өскен қазақ урбанизация – қалаға шоғырлануға көшті. Далалық болмыстың аяғына тұсау түсті. «Қобыздың мұңы» – қазақтың ұлттық шері. Таршылыққа басын салып, асфальтта өскен ұрпақтың санасы жоғалды. Бірақ ішінде бірен-саран тектінің тұяқтары өз болмысын жоғалтпауға тырысты. Әңгіме кейіпкері жас қыздың аты Бэла. Ол әуелде скрипканы оқиды. Желтоқсан көтерілісі кезінде оның ұлттық рухы оянады, ол скрипкадан жеріп, қобызға ауысады. Әңгіменің екінші кейіпкері қыздың әкесі Хайдар Алпамысов органда істейді. Қызы мен әкесі екі түрлі болмыс. Бір қанның екіге жарылуы. М.Мағауин таңбалаған жармақ жаратылыс, ұлтсыздану зардабы. Қыздың әкесі жаны қаламаса да өз қағынан безінуге мәжбүр. Ол бастық, бұйрыққа бағынады. Әкесі кофе ішеді, коньяк жұтады, қызының кенет қобызға ғашық болғанына наразы. Әкесі қобызды жамандағанда еуропалықтың эстеттігімен күстаналайтын тәрізденеді: «Бақсылар тартқан. Ескіліктің қалдығы. Екі аяқтың арасына қысып алып тартады. Скрипканы мойныңа тигізіп... как красиво. Қобыздың тілеуі жаман дейді». Қыз болса қыл қобыздың күңіренген үнінен марқұм анасының үні құлағына келеді. Бэлаға скрипканы Крепс деген кемпірді жалдап үйреткен.  Бірақ ол жат кемпір қазақ қызына бір жібімей кетті. Қыз «Отырар сазы»  ұлт-аспаптық оркестрінен соң қобызды жанына балайды.

 Уақыт желтоқсан көтерілісінен соңғы ызғарлы кезең. Қазақтықты, ұлтқа етене тән дүниелерді айтуға болмайды. Бэла қобызды қоғамдағы қысастыққа қарсы төтеп беру үшін сүйіп таңдайды. Әйтпесе жанын жеген жалғыздыққа  төзу қиын. Әкесінің бас құрамай жүргені де жанына батады. Автор Бэла сияқты адал сүт емген қыздар ұлттың анасы болуға лайық екеніне мегзейді. Қызы тартқан қобыз сарынынан  әңгіме соңында әкесі жылайды. Отанына оралу, жадын жаңғырту киелі қобыз бейнесі арқылы беріледі, ол бабалар рухы.

Автордан көркемдік деталь ретінде алып отырған қобызы –  халқымыздың ұлттық аспаптарының ішіндегі ең көне аспап. Х-ХІ ғасырларда өмір сүрген Қорқыт ата дәуірінен бері қылқобыздың сарыны үзілмей келеді.

Қылқобыз – екі ішекті, ыспалы музыкалық аспап. Жалпы, ұлттық аспаптардың ішінде қобыз үнге бай, киелі, қасиетті деп танылады. Сонымен қатар, қанша ғасырлар қойнауынан жетсе де қобыздың бұрынғы түрі мен қазіргі түріндегі үні бір сарынды. Себебі, оның ішегі ықылым заманнан бері жылқының қылынан тартылып келеді һәм ысқышы да қыл. Оның қылқобыз аталуы да сондықтан.

Әсілі, қобызға ұқсайтын тері тартылған аспап Қытай мен Кореяда да бар. Бірақ, олар қылдың орнына темір ішектер салады. Сондықтан, олар қазақтың қобызындай қоңыр үн бермейді. Қылқобызды халқымыз киелі аспап ретінде қастерлейді. Қазақ қобыздың үні шыққан жерге жын-шайтан жоламайды деп ырымдайды. Ертеде бабаларымыз қобызды төріне іліп қойып, бақсыларға оқытатын болған. Ондай ырым қазір де кездеседі.

Яғни, бұл әңгімедегі кейіпкер жалғыздығы ұлттық сипат алуымен де құнды. Ұлттың жанына түскен зардаптар аңғартылады.

Шығармада желтоқсан оқиғасының лебі бар. Мысалы: әңгімеде шынайы образдар эпизод арқылы болса да айтылады: Қасен Қожахмет пен Қайрат Рысқұлбеков. Отаршылдыққа деген – өшпенділік пен тәуелсіздікке сүйіспеншілік сезімінен туған рух күші шығарманың әлеуметтік айқын бағдары.

 

Әдебиеттер:

1. Шапаев Т. Ой түбінде жатқан сөз. Әдеби-сын мақалалар. - Алматы: Жазушы, 1989. -190 б.

2. Нұрмұратов С.  Ұлттық болмыс пен  ұлттық сана. - Алматы: Жазушы, 1996. – 185 б.

3. Түменбай Қ. Қобыз мұңы. - Алматы. Жазушы, 2008.