Ауелбеков
Ержан Бураханұлы
А.Ясауи атындағы ХҚТУ доценті, п.ғ.к., Түркістан қаласы
Куралбаева Алия Ахметкаримовна
Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ докторанты
БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІНДЕГІ ИНТЕГРАЦИЯЛЫҚ
БАЙЛАНЫСТАРДЫҢ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ БАҒЫТТАЛУЫНА
ЫҚПАЛЫ
Қазіргі
еліміздегі білім беруді жетілдіру кезеңінде педагогика ғылымындағы
интеграциялық байланыстарды одан әрі жақсарту ғылымдардың
интеграциялану тенденциясы жағдайында мектептер жүйесінің
білім мазмұнын айқындаудың басты шарты болып саналады.
Келешек ұрпаққа білім берудегі күрделі мәселелердің
бірі – біртұтас педагогикалық үдеріс кезіндегі сабақтарда
пәнаралық, интеграциялық байланысты жүзеге асыру. Сондықтан
жалпы білім беретін мектептің пән мұғалімдерінің
пәнаралық білімдер мен іскерліктерді игеруі оқу үдерісін
интеграциялау негізінде ұйымдастырудың басты міндеттерінің қатарына
жатады. Оқушыға берілетін білімнің тиянақтылығын
пәндер интеграциясының жүзеге асырылуы арқылы міндетті
түрде қамтамасыз етуге болатындығын алғаш Я.А.Коменский
айтқан. Одан кейінгі дәуірде осы пәнаралық байланыстың
негізін құрған орыс халқының көрнекті
педагогі К.Д.Ушинский болды. Кеңес дәуірінің педагогтары
М.А.Данилов, В.В.Давыдов, Н.А.Лашкарева т.б. еңбектерінде де пәнаралық
байланыс туралы тұжырымды пікірлер айтылып, оның маңыздылығы
мен мәні ашыла түсті. 1960 жылдардағы жалпыға бірдей
орта білім беру мазмұнында біраз өзгеріс болып, оқушыларды тәрбиелеу,
білім беру және дамытудың жаңа міндеттері қойылып, пәнаралық
байланысқа үлкен мән берілді. Қазақстан ғалымдары
мен әдіскерлері де оқушыларды дамыту жолдарының бірі ретінде
пәнаралық байланысқа көңіл бөлді. Бұл
бағыттағы зерттеулерге үлес қосқандар Н.Орасқанова,
С.Мұсабеков, С.В.Илларионов, А.А.Бейсенбаева, А.Муханбетжанова т.б.
болды. Олар пәндер интеграциясы кезінде педагогикалық ситуациялар жасалып
оқушыларының ой желісінің жалғасуына, ұғымды
тиянақты меңгеруге, ойды сақтау мүмкіндіктерін арттыруға
жағдай жасалатындығын дәлелдеп берді. М.Скаткин жалпы білім
беретін пәндерге қатысты өзара байланысты білімнің түрлерін:
негізгі ұғымдар мен терминдер; әр түрлі нысандар мен
болмыс құбылыстары арасындағы байланыстарды және қатынастарды
ашатын күнделікті болмыстық және ғылыми фактілер;
берілген пәндік саланың құбылыстарын түсіндіру және
болжау нысандары мен әдістерінің жиынтығын анықтау жөніндегі
ғылыми білімдер жүйесін қамтитын теориялар; ғылыми және
әлеуметтік идеялар; іс-әрекет тәсілдері, таным әдістері
және білімді алу тарихы, ғылым тарихы жөніндегі білімдер; қоғамдағы
белгіленген өмірлік әр түрлі құбылыстарға қатысты
нормалар жөніндегі білімдер деп қарастырады[1].
Яғни,
пәндер интеграциясы - өзінің мәні жағынан көпмағыналы
педагогикалық табиғаты бар, қазіргі педагогика ғылымының
жан-жақты қарастыратын, зерттейтін мәселесінің бірі.
Демек, пәнаралық байланыс білім берудегі мазмұнды әдістер
жүйесін және ұйымдастыру жұмыстарының түрлерін
сапалылық жағынан қайта бұруға жетелейді. Нәтижесінде
оқытудың дамытушылық, білім және тәрбие берушілік
қызметі объективті түрде кеңейеді. Негізінен, оқу пәндері
әр ғылымның логикасына сүйенетіндіктен, олар
бір-бірінен өз алдына оңашаланып бөлектенбейді. Сондықтан
ғылымның міндеті - өзара байланыстылықты танып білу.
Көптеген
педагогтар мен психологтар пікірлеріне қарағанда, пәнаралық
байланыс шындық өмірдің объектілері, құбылыстары
және үдерістері арасындағы синтездеуге, интеграциялауға
ұшырайтын қарым-қатынасты бейнелейтін педагогикалық
категория ретінде сипатталады. Сол сияқты, оқушылардың түрлі
пәндердегі білімдер мен біліктерді, бейімділіктердің жеке
элементтері арасындағы байланыстарды байқап және қабылдануы
олардың білімдерін жүйеге түсіреді, ақыл-ойына серпіліс
тудырады, таным қызметіне шығармашылық сипат береді. Пәндер
интеграциясы теориялық білімді іс жүзінде қолдануға, ғылымның
түрлі салалары жөнінде кең ұғымы бар тұлғаны
тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Орта мектептерде
сабақтар жүргізуде интеграциялауға мән бермеу оқу
пәндері материалдарының бірін-бірі қайталауға, оқушылардың
көптеген ұғымдар мен заңдылықтарды тар шеңберде
түсінулеріне әкеп соғады. Білім мазмұнын меңгеру
пәндер интеграциясын ескермейінше мүмкін емес. Өйткені ол - өзара
жақын пәндердің бағдарламасындағы оқу
материалын үйлестірудің және іріктеудің маңызды көрсеткіштердің
бірі.
Осыған
сәйкес, бейнелеу өнері мен сызу пәндері арасындағы
интеграциялық байланыстардың маңыздылығы өте жоғары.
Бейнелеу өнері пәні, негізінен, оқушыларға эстетикалық
тәрбие беруге бағытталады. Мектептерде бейнелеу өнері мен
музыка пәндерін, өнер саласының элементтерін пәнаралық
байланыста оқыту оқу пәндерінің эстетикалық бағыттылығын
жүзеге асыруға негізделеді. Дегенмен, бейнелеу өнерінің
өте көп пәндік интеграцияға түсуі әдебиет,
физика, сызу, география, ботаника, биология, анатомия т.с.с. пәндерді оқыту
барысында басым болып келеді. Яғни, бейнелеу өнерінің
интеграциялық ауқымы өте кең. Бізді өте қызықтыратыны
- бейнелеу өнері мен сызу пәндерінің интеграциясы, себебі қоғамымыздағы
даму стратегияларын жүзеге асыру жұмыстары қазіргі техникалық
мамандарға деген сұранысты күшейте түсуде. Ал,
техникалық мамандыққа дайындалу орта мектепте бастау алатындығы
белгілі және оның бірден-бір көрінісі сызу пәнін оқыту,
сызбалық іскерліктерді меңгертуде айқын байқалады.
Мектептегі сызу пәнінің оқытылу мерзімінің, сағатының
мардымсыздығы, оның оқытылу сапасының кейбір жағдайларда
сын көтермейтіндігі, бейнелеу өнері және сызу маман
иегерлерінің тапшылығы т.с.с. проблемалар бұл қайшылықтан
шығудың жаңа жолдарын іздестіруді талап етеді. Сондықтан,
бейнелеу өнері пәнінің оқытылу ауқымы кең
болғандықтан, оның сызу, геометрия пәндерімен
байланысты күшейту, осы пәндер интеграциясының тиімділігін
пайдалану қажет. Бұл жоғарыда айтылған мәселені
шешуге бастау бола алар еді.
Кейбір тарихи дәйектерді
мысалға келтіретін болсақ, заманымыздың әйгілі
суретшілерінің бірі Леонардо да Винчи бейнелеу өнерінің сызу,
математика, анатомия ғылымдарымен етене байланысын айқындап, оны өз
шығарма, туындыларында көрсете білді [2].
Бейнелеу өнері
мен сызу пәндері интеграциясының ең басты белгісі – оқушылардың
кеңістіктік ойлау қабілеттерін дамыту. Осыған орай,
П.А.Сорокун оқушылардың кеңіcтіктік елестету ойлауын арттыру
- олардың бейнелі ойлауының күрделі психикалық үдерістерінің
дамуына ықпал етуші факторы деп есептеді [3].
Көптеген
психологтар оқушылардың дүниенің кеңістіктік қасиеттерінің
игерілуі кешенді түрде болатындығын көрсетті. Суреттерде
заттардың кеңістіктік қасиеттерін анықтау баланың
жалпы өмірлік тәжірибесімен, оның кеңістікте бағдарлау
қабілетімен бөлінбес байланыста болатындығын айқындады. Оқушылардың бейнелеу өнері
пәнін оқу арқылы бойында түзген кеңістікте ойлау қабілетінің
ауқымды әрі күшті болуы оның бүкіл ойлау қабілетіне,
дүние келбетін шынайы түсіне білуіне, дүниетанымын кеңейтуіне
көмектеседі. Бұл ой операцияларының дамуына ықпал жасай
отырып, сызу, геометрия, технология сияқты пәндердегі көптеген ұғымдар мен түсініктерді
қиналмай қабылдап, білім деңгейін арттыруға мүмкіндіктер
тудырады. Оқушылардағы сурет салу және сызу іскерліктерінің
ара қатынасы бейнелеу және графикалық іс-әрекет үдерісіндегі
өзара әрекеттесуі мен ерекшеліктеріне неғұрлым тереңірек
баға берілуін қажет етеді. Осындай мүмкіндіктерді психолог ғалым
Б.Ф.Ломовтың сурет салу мен сызу ептіліктерінің ара қатынасына
арналған көптеген зерттеулері көрсетеді [4, 128-129б.].
Бейнелеу өнерінің сызумен байланысының ерекше маңызды қажеттілік
ретінде қорытындылар жасаған бейнелеу өнері теориясы мен әдістемесін зерттеуші ғалым
В.С.Кузин өзінің «Бейнелеу өнері және оның
бастауыш сыныптарда оқыту әдістемесі» еңбегінде сурет салу үдерісін
терең зерттей отырып, оның оқушылардың бүкіл
дамуына ықпал ету маңыздылығын, күрделі бейнелеу іс-әрекетіндегі
операциялардың баланың тұлға қалыптастырудағы
әсерін талдады, бейнелеу өнері пәнінің сызу пәнімен
байланысын арттыруды қолдады [5].
Н.Ф.Четверухин оқушыларға бейнелеу өнері пәні
сабақтарында қарапайым пішіндердегі кішігірім заттардың
параллель проекциядағы кескін түсіру ептіліктерін ертерек үйрете бастауды ұсынады.
Ол бұл ұсынысты өмір талабы ретінде, яғни қазіргі
заманның ғылыми-техникалық өркендеу кезеңіндегі қажеттілік деп түсіндіреді [6]. Қазіргі
кезеңдегі еліміздегі жоғары оқу орындарында кәсіби
мамандар даярлау мәселесін тілге тиек ететін болсақ, көрнекті
педагог ғалым С.С.Смаилов техникалық жоғары оқу
орындарындағы студенттердің сызу, инженерлік графика, сызба
геометрия т.с.с. кеңістіктік ойлау ептіліктерін, дайындықтарын қажет
ететін міндетті компонентті пәндерден нашар үлгерім көрсету
себебін олардың орта мектептегі политехникалық бағыттағы
бастапқы дайындықтарының тайыздығынан, мектептегі сызу
пәнінің аз әрі нәтижесіз оқытылуынан және кәсіптік
бағдарлау жұмыстарының нашарлығынан іздеп, бұл мәселенің
шешімін табуды мектептегі оқыту үрдісін жақсартумен
байланыстырады [7].
Қазіргі егеменді еліміздің
қарқынды экономикалық даму бағытына, бүкіләлемдік
ғылыми-техникалық өрлеу кезеңінде Елбасымыздың
еліміздегі ауқымды даму шараларын ұйымдастыру жөніндегі жоспарына
сәйкес келешек ұрпақтан білімді, білікті, жан-жақты
дамыған мамандар даярлауда техникалық білімнің қажеттіліктері
басым екендігі белгілі. Ал, оның маңызды бір бөлігі бейнелеу өнерінде
сызу пәніне қатысты білімдер бастамаларын оқытуда қаланады,
яғни бейнелеу өнері пәнін оқытуда сызу пәнінің
элементтерін енгізе отырып оқушыларда күрделі танымдық, ой
желісін дамытуға бағыттау қажет.
Сонымен, оқушыларға
бейнелеу өнері пәнін оқытуда интеграциялық
байланыстарды жетілдіру, бейнелеу өнері мен сызу пәндерінің бастауларынан
оқушылардың ой желісін, кеңістікте елестетулерін, көрнекі-логикалық
ойлауы мен заттардың көлемі, пішіні сияқты қасиеттерін
білуін дамытуға қажетті білімдер беруіміз қажет. Қорыта
келгенде, бейнелеу өнері мен сызу пәндерінің интеграциялық
байланыстарын үдету – оқушылардың танымдық іс-әрекеттерін,
дүниетанымын қалыптастырудың, тұлғалық қасиеттерін
дамыта отырып, оларды қоғамға өте қажетті болашақ
техникалық мамандықтарға бағыттаудың, кәсіби
бағдарлаудың маңызды да кезек күттірмес шаралары болып
табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 . Скаткин М.Н.
Совершенствование процесса обучения. -М.1988.-260 с.
2 . Леонардо да Винчи. Книга о живописи. -М.,
1994.
3 . Сорокун П.А.
Формирование пространственных представлений у младших школьников. -Л. -1988.
4 . Ломов Б.Ф. Опыт
психологического исследования соотношения навыков рисования и черчения. -Л.,
1974.
5 . Четверухин Н.Ф.
Некоторые вопросы методики преподавания графики. Политехническое образования.
-1959. -№12.
6 . Смаилов С.С.
Психолого-педагогические основы повышения эффективности обучения студентов по
техническим дисциплинам. Тараз: ТарГУ. 1999. -129 с.