Б.С.Абдуова, ф.ғ.к., доцент

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Астана

 

Функционалды  стилистика әдістері арқылы мәтінтану негіздемесі

      Функционалды стилистика қандай да бір байланыс саласындағы коммуникативті міндетке тәуелді тіл қызметінің заңдылығын зерттейтін ғылым. Ол бәрінен бұрын функционалды стильдердің айтылу жүйелігі мен өзіндік қызметі және өзге де функционалды‑стильдік ерекшеліктерді, яғни «стиль ішіндегі» жанрлық жағдаяттарды қарастырады. Оның міндетіне тілдің жеке стилистикалық мүмкіндіктерін қарым‑қатынас мақсаты мен міндетіне, мазмұн сипатына, ойлау формасына және әрбір әлеуметтік саладағы қарым‑қатынастың жағдаяттық ерекшелігіне байланысты зерттеу жатады.

      Функционалды стилистикаға тіл қызметі және оны қолдану жатады, яғни оның құрылымы емес, тек тілдік құралдары, сонымен қатар экстралингвистикалық факторлар анықтаған таңдау мен үйлесімдік ұстанымдары жатады. Оның нәтижесінде сөйлеу тілі (сөйлеу жүйелігі) ұйымдастырылады. Функционалды стилистика дегеніміз – әртүрлі қарым‑қатынас саласында, адамның іс‑әрекеті түрлеріне сай қолдану заңдылығын, сонымен қатар функционалды түрлерде, оларға тілдік құралдарды таңдау мен үйлестіруді шоғырландырылған сөйлеу жүйелілігін зерттейтін лингвистикалық ғылым. Сөйлеу формаларының өзгерісі мәтіндегі баяндау формаларына динамикалық сипат береді. Жазушы сөйлеу формалары арқылы шығармада баяндалатын жайларға қандай мән беретінін байқатып, бірде оқиғаны өмірдің өзіндегідей кең, толықтай бейнеленсе, бірде жалпылама сырғыта сипаттайды.

      Стилистиканы танып‑білуде жалпы лингвистикалық әдіс‑тәсілдер қолданылады. Сондай‑ақ, көрнекті ғалым‑зерттеушілердің тұжырымды ой‑пікірлері мен арнаулы жүргізілген эксперимент жұмыстарының қорытындылары бойынша стилистика жайлы, оның ішінде қазақ тілі стильдері мен практикалық стилистика туралы шынайы ой‑пікірлері назарда ұсталынуға тиіс.

      Жалпы стилистиканы зерттеудің әдіс‑тәсілдері екі топқа бөлініп қарастырылады: бірі теориялық таным әдістері, екіншісі теориялық‑практикалық әдістер.

      Стилистиканы қарастырудың тілдік теориялық әдістері: әңгіме, баяндау, түсіну, көркемдік элементтердің қызметін ашу, т.б. пайдаланылады. Тілдік материалдардың ерекшеліктерін таныту бағытында сөйлем мен мәтіндерге жан‑жақты талдау жүргізу, сөйлемдердің ішкі байланыстарын, интонациялары мен мәнерлілігін, стильдік және эмоционалды‑экспресивтік сапаларын анықтап, стилистикадағы тіл стильдерін ажырату көзделеді.

      Тіл стильдері туралы білім мен дағды стиль түрлерін нақты ажыратып қана қоймай, көркем шығарма мәтінін жан‑жақты зерттей білуге де көмегін тигізеді. Өйткені, стилистикалық талдау жүргізу кезінде салыстырмалы әдіс‑тәсілдерсіз белгілі нәтижеге жету мүмкін емес. Ал, белгілі бір мәтінді редакциялау мен жетілдіру әдістері, сөздерді синоним немесе варианттармен алмастыру, суреттеу мен баяндауға байланысты сөйлемдерді нақтылау арқылы белгілі бір стильге сай қысқарта құру, қайта құрау, сөйлем мен мәтінді басқа стиль түрлеріне сәйкес қайта жазу сияқты амалдар тілдік‑стильдік нұсқаның толығуына мүмкіндік береді. Әсіресе қазақ тілінің стильдері туралы жүйелі білім мен дағды беруде осы теориялық‑практикалық әдістер жиі қолданылып, олардың пайдаланудағы тиімділігі байқалады.

      Сонымен, мәтін стилистикасын зерттеп, тану мақсатына сәйкес әдістерді екі топқа бөліп қарастырамыз: біріншісі, тілдің стилистикалық байлықтарын, реңдерін, мәнін ашу, екіншісі, әдеби тіл стильдерінің жұмсалу қызметтерінің ерекшеліктерін табу. Сол мақсатқа орай, тәжірибе жасау арқылы да стильге авторлық өзгеріс енгізуге болады. Ол үшін мынадай тәсілдерді қолданған жөн:

1.     Даяр мәтіннің стилін анықтай білу.

2.     Мәтінге стильдік талдау жасай білу.

3.                 Берілген мәтінді өңдеп, редакциялай білу мақсатына байланысты түзету енгізу.

4.     Даяр мәтінді басқа тіл стилімен өзгертіп, қайта жаза білу.

5.                 Берілген стиль бойынша мәтін құрастырып жаза білу. Бұған қазақ тілі сабағына байланысты практикалық жұмыстар жүргізу арқылы жаттықтыруға болады. Әсіресе, бұл жүйе студенттің білім көлеміне байланысты болмақ.

6.                 Тіл стильдеріне байланысты жазба жұмыстары, шығарма, мазмұндама, іс‑қағаздары, мақалалар, мөлтек сыр, рецензиялар, баяндама жазу арқылы авторлық стильді түсінуге қол жеткізуге болады.

      Мәтіннің стилін анықтау – стиль туралы түсінік берудің алғашқы кезеңі, стилистиканы меңгертудің бастапқы сатысы болып табылады. Сондықтан стиль туралы мәлімет беру, мәтіннің қай стильде жазылғанын анықтау, қаламгердің дара стилін ажырату жұмыстарын тілдік‑көркемдік тәсілдер арқылы, тынымсыз еңбектің арқасында тануға болады.

      Дара стильді анықтау үшін мәтіндегі тілдік элементтердің көркемдік қызметін ашу – басты мақсат болып табылады.

      Функционалдық стильдердің ерекшеліктері бойынша жұмыстар жүргізіп, олардың грамматикалық ерекшеліктерін ашу, айтылу, баяндау мақсаттарын анықтау – көркем шығарманың өзіндік белгілерін тануға көмектесетін амалдар екендігі белгілі.

      Функционалдық стильдердің ерекшеліктерінен қысқаша мәлімет беруді мына бағытта жүргізу тиімді:

1.     Ойды жеткізудегі қолдану аймағы мен жағдайы.

2.     Сөйлемдегі міндеті.

3.     Стильдік ерекшеліктері.

4.     Тілдік құралдары.

      Бұл бағытта функционалдық стильдердің мына сияқты ерекшеліктерін анықтауға болады:

      Ауызекі сөйлеу стилінде:

1. Қолдану аясы: кісілермен, әсіресе таныс кісілермен еркін әңгіме, суреттеу, жанды суретін көрсету, нені айтпақшы болса, соның бейнесін суреттеу арқылы адам сезіміне әсер ету.

2. Стильдік ерекшеліктері: образды, эмоционалды, экспресивті.

3. Тілдік құралдары: ауыспалы мағынада, көркемдік тәсілдерін пайдалану (теңеу, эпитет, метафора т.б.).

      Публицистикалық стиль.

1.     Қолдану аясы: газетте, журналда және жиналыстар мен шерулердегі сөздерді қолданылады.

2.     Мақсаты: көпшілікке әсер ету, заттар мен құбылыстардың, оқиғалардың мәнін ашу, оларға көпшіліктің назарын аудару.

3.     Стильдік ерекшелігі: шақыру, үндеу, нақтылық.

4.     Тілдік құралы: риторикалық сұрақтар, стильдік қайталау, антитеза пайдалану.

      Стильдердің қолданылу аймағы, мақсаты, стильдік ерекшелігі, тілдік құралдары мәтіннің жанрына байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, ғылыми стиль мен көркем әдебиет тілі стилін төмендегі келтірілген мәтіндерден анық байқауға болады:

№ 1  Мәтін

 

Омонимдер – айтылуы, жазылуы бірдей, алайда мағынасы әртүрлі сөздер. Мысалы, ара – жәндік, еңбек құралы, мекен. Ара гүл тозаңынан бал жинайды. Қысқы отынды қол арамен аралады. Осы арада кездескеніне өзі де ыңғайсызданды.

№ 2 Мәтін

 

Жан құрбым! Кездеспегенімізге де көп болыпты‑ау... Сен өзгерген шығарсың. Жан жарыңның тілеуін тілеп, балаларыңды бауырыңа басып, сар далаға сағыныштан телміре қарап жүрген боларсың. Тағдырдың бұралаң белдерінде нәзік иығыңа түскен ауыртпалықтан сүрініп қалмай, қайсар төзіммен алға тартып бара жатқан боларсың. Сен аман болшы... Сен енді сүрінбеші... Сен мықтысың, сен бақытыңды қалап жатқан жансың. Ұшса құс қанаты талатын шалғай бір түкпірде өмір сүріп жүрген мен сенің тілеуіңді тілеймін. Жақсылық болғай әрқашан!

 

№3  Мәтін

 

Еліміздің  екінші деңгейлі банктері шағын және орта бизнеске төмен пайызбен несиелер беріп жатыр. Үкімет мемлекет тарапынан құрылысқа берілетін қаржы көлемін ұлғайтпақ.  Бұдан басқа мектеп, аурухана құрылыстарының өз мерзімінде аяқталуын қадағалауды да күшейтпек. Осы жылдың аяғына дейін республикадағы барлық үлескерлердің басым бөлігі қоныс тойын тойлайды деп күтілуде.

 

      Мұндай мәтіндерді ғылыми еңбектерден, көркем әдебиеттерден, газет‑журналдардан таңдап ала отырып, тілдік зерттеу жүргізген тиімді. Таныс мәтіндердің мазмұнына ғана көңіл бөлу емес, оның стильдік ерекшелігін, тілдік қолданыстарын, жақ, шақ категорияларының қолданысын ашып, тану мәтін стилистикасының алғышарты болады. Сонымен бірге түрлі мәтіндерді күнделікті ауызекі сөздер мен көркем туындылардан тани білу де стильдік ерекшеліктерді меңгертеді.

      Баспасөз құралдарындағы жай хабар, ақпарат беру мақсатында жазылған мақалалардың өзінде де қазіргі кезде көркем стильге тән сөздік қолданыстар жиі кездеседі. Олардың бірнеше себептері бар. Оқырманға бұрыннан таныс, санасында қалыптасып қалған мазмұн желісін жалғастырушы іспеттес сөздер мен сөздік қолданыстар мақалада айтылатын ойды жақсы түсінуге себепкер болатынын қаламгерлер жете түсінеді. Мысалы:

      Қазақстанның қара алтыны көптеген шетелдік инвесторлардың қызығушылығын туғызып отыр.

      Арқа төрінде орналасқан әсем Астана, биікке қол созған «Бәйтерек», теңіздің бір тамшысы іспеттес «Думан» ойын‑сауық кешені, Құрылыс алаңына айналған елорда, шырайлы Шымкент, көне Тараз, қазақ жанының айнасы деген сияқты көптеген тіркестер стильдің барлық түрінде де өзіндік қолданысын тауып отыр.

      Стиль түрлерін анықтауда қиындық келтіретін жайттардың бірі – көркем әдебиет стилі. Көркем шығармалардағы сөздердің барлығы да көркем әдебиет стилімен жазылған деген ұғым дұрыс емес. Себебі, көркем әдебиет тілінде барлық стильдердің элементтері болады. Көркем туындының архитектоникасын жасайтын тілдік элементтердің эстетикалық қуаты күшті, эмоционалды‑экспресивті бояуы қанық болуы – қаламгердің шеберлігіне тікелей қатысты. Мәтіннің қай стильге жататынын анықтау үшін мынадай жетелеуші сұрақтар қойған да тиімді болмақ:

      1.Мәтіндер ауызекі сөйлеу тілінде ме, әлде кітаби жазба тіл стилінде жазылған ба?

      2.Қай мәтін қандай стильде жазылған? Оның себебі не?

      3.Тілдік құралдарында қандай айырмашылықтар байқалды?

      4.Автордың айтайын деген ойы қандай?

      5.Айтатын ойын жеткізу тәсілінің ерекшеліктері неде?

      Тіл стильдеріне сай мәтінді анықтай білу үшін сол стильдердің тілдік ерекшеліктерін таба білу қажет. Көркем әдеби стиль мен ауызекі сөйлеу стильдерін жеке‑жеке салыстыра отырып қарастыру екі стильдің өзара айырмашылығын нақты ажыратуға ықпал етеді. Бұл жерде көркем әдебиетте ауызекі сөйлеу стилі қолданылмайды деген жаңсақ ұғым туындамауы тиіс. Сөз шеберлерінің өз туындыларын барынша әсерлі, терең мазмұнды, тіпті шытырман оқиғалы етіп ұсыну мақсатында өзіндік сөздік қолданыстарды пайдалануға жиі қадам жасайды. Алайда авторлар сөздің мағынасын сақтап, ішінара сөздер мен сөз тіркестерін өзгертіп қолданудан басқа, жаңа сөз «ойлап табуға» да тырысады. Оқырмандарға ой желісі түсінікті болу талабына сай олар өздері тапқан сөздерді де қазақ тілі заңдылығына сай құрастыратыны жасырын емес. Осы тұста көркем әдеби стильдердің үлгілерін автордың баяндау немесе суреттеулерінен, ал ауызекі сөйлеу стильдері үлгілерін кейіпкерлердің сөздерінен, әңгімесінен іздеу қажеттігін ескеру керек.

      Мәтін стилистикасын анықтаудың тиімді әдіс‑тәсілдерінің біріне төмендегі амалдарды атауға болады:

- сөйлемдердегі берілген сөздердің қалай қолданылып тұрғандығын және оның мәнін ашу;

-  мәтіндегі әдеби тіл стильдеріне тән сөз тіркестерін анықтау;

- сөздердің және сөз тіркестерінің қолданудағы стильдік ерекшеліктерін айқындау;

- келтірілген үзінділердің әдеби тіл стильдерінің қай түріне жататындығын анықтау және оның ерекшеліктерін табу;

- көркем мәтіндегі автордың даралық қолтаңбасын қалыптастыратын тілдік‑стильдік элементтердің қызметін айқындау.

      Сонымен, мәтін стилистикасының құрылымы мен бітімі туралы түрлі зерттеулерді салыстыра отырып, стилистика тіл білімінің көптеген заңдылығын қамтитын аса ауқымды аралық пән екендігін танимыз.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Балақаев М., Жанпейісов Е., Томанов М., Манасбаев Б. Қазақ тілінің стилистикасы. –Алматы: «Мектеп», 1974. -191 б.

2. Шалабаев Б. Көркем әдебиет тілі және оны мектепте оқыту.             -Алматы:  «Мектеп», 1982. -87 б.

3. Виноградов В.В. О языке художественной литературы. –М.: 1959.

4. Сыздықова Р. Абай шығармаларының тілі. (Грамматикасы мен лексикасы). –Алматы: «Ғылым», 1968. -334 б.

5. Амиров Р. Особенности синтаксиса казахской разговорной речи. Алма-Ата: Наука, 1972. –с. 180.

6. Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов. –М.: Советская энциклопедия, 1966. –с. 607.

7. Жұмалиев Қ. Стиль - өнер ерекшелігі. –Алматы:  «Жазушы», 1996.  -230 б.

8. Стиль сыры. –Алматы: «Ғылым», 1974. -335 б.

9. Сыздықова Р., Шалабаев Б. Көркем мәтінді лингвистикалық талдау. Алматы: «Мектеп», 1989. -126 б.

          10.  Бондарко А.В. Функциональная грамматика. -Л.:Наука, 1984.-124 с.